Бұл әңгімені күйініп отырып жаздым
08.02.2020
907
1

— Аға, «Өмір ғой» әңгімеңізде Ахмет есімді зейнеткер кісінің айналасына көз тастауы арқылы қала өмірінің, халық өмірінің әлеуметтік психологиясын дөп басып жеткізесіз. Жалпы, әңгіме идеясы, қоғам болмысын осындай тәсілмен бедерлеу идеясы қалай туды?

 — Тұтастай әңгіме болмысына байланысты қойылған сауал. Оқиға өмірден алынған. Қала тақырыбы. Әрине, автордың қиял өндірісі (вымысел) болмай шығарма өмірге келмейді. Зиялы шалдар бейнесі әдебиетте бұрыннан бар. Мен Бейімбет, Тәкен, Сайынды, тіпті Чехов пен Тургеневті аттап кетіп, кейбіреулер сияқты Кафка мен Сартрға, Кобэ Абэ мен Муракамиге ауыз салмаймын. Өз әдебиетімді еміп өстім. «Өмір ғой»-дың оқиғасы өткен жерде Абай ескерткішіне жасалған келеңсіздіктерді көріп, 102-ні басып, полисай шақырдым. Олар «Құрамында қылмысы жоқ іске неге бізді әуре қыласың?» – деп өзіме бас салды. Аяқ астынан істі боп кете жаздадым. Аудан әкімімен кездесуде де осы көріністі айттым. «Баяғы жартас – сол жартас». Кезінде Сталин М.Шолоховтың «Адам тағдырын» оқып, «соғыс тұтқындары жоқ, Отанын сатқандар бар» деген теоремасын өзгертіп, Шолоховқа алғыс айтып, талай тұтқынды жазадан босатқан екен. Менің көздегенім – көркем шығарма арқылы объектіні әшкерелеп, биліктегілерді тоқ соққандай селк еткізу еді.

Қуандық Түменбай. Өмір ғой

– Туынды мазмұнындағы қаланың элитный аймағындағы ахуал барысында, ондағы азаматтардың, «әкімдер көп жүретін жер» деп қара жерге қылау жұқтырмауға тырмысып жүрген аула сыпырушы жігіттің, ойын балалары мен жастардың, аға лейтенант Отыншиевтің ішкі түсінігі мен сыртқы әрекеті қабыса отырып, тұтас бір ұлттың түйткілді тұстары көрініс береді. Қазір «шығарманың кейіпкерлері кішкентай адамдар болуы керек» деген мәндегі түсінік те жиі айтылып жүр. Бұл үрдісті сіз қалай түсінесіз? Уақыт тынысын тап басудың қандай оңай әрі күрделі тұстары бар?

– Гогольдің «Ревизорын» сүйемін. Жақында Лермонтов театрынан 7- рет көрдім. Менің әңгімемдегі оқиға өтетін жер де талай Хлестаковтың табаны тиген мекен. Басшы келетін күні ол жерде рухани жаңғырудың сынаптай да көрінісі болмайды, субұрқақтар тоқтатылып, бүлдіршіндердің өзі қатаң бақылауға алынады. Сонда күткен әкім келе қойса… Тәуелсіздік алғалы «Өз жақсымызды жаттай сыйламайтын» бір кеңқолтық күйге түстік. Анау Абайдың тас мүсінін каталка-сырғымамен ойын алаңына айналдырғандардан мен неге қорғай алмаймын.Үлкен қызметте үлкен тұғыр бар, әдебиетте кішкентай адам жоқ. Ол екеуі де қоғамда соцреализмнен кейінгі кезеңде әйтеуір бір күні сайрап қоя береді. Қазір маған күрделі шығармалардағы кезекші кейіпкерлерден гөрі, аш болса да, кедей болса да тілін тартпаған жанама кейіпкерлер ыстық көрінеді.

– Таңертеңгілік сейілге шығып, «көңілін өзен суымен жууды» әдетке айналдырған қарияның галстук тағып, кеңседе отырған кездерін есіне алып, сол тұстағы әрекеттерін таразылай келіп, «қиянатым аз, жақсылығым көп», – деп өз-өзін жұбата бастауы кейіпкер шынайылығын танытады. Сіз әдетте өз кейіпкерлеріңіздің бойынан бірінші кезекте шынайылықты іздейсіз бе, әлде шығарма идеясын маңызды санайсыз ба?

– Бұл жерде Ахмет шал да ешкімге зияны жоқ пенде. Ол да зуылдап бара жатқан өмірін ойлайды. Кеңседе отырып галстук таққандардың сауы жоқ. Мен оны тазартуға талантым жетпеді. Осы шақта оның аузына қараған кемпірі о дүниелік болса, жалғыз ұлы Ауғанда жан тапсырды. Пәруәнәнің өзіне-өзі есеп берер кезі келді. Бұл жердегі кілт — ескерткішке түнеген молақ жігіттің Ауғанда болуы, бұл бас кейіпкердің жанды жері. Шығарманың лейтмотиві де осыған келіп тіреліп тұр. Бәлкім, ол Ауғанда болмаса шал басқа әрекетке барар ма еді…

 – Өзіңіз де айтып өткендей, әңгіменің ең өзекті тұсы – Абай ескерткішін тұрағына айналдырған кезбенің әрекеті мен сөздері. «Өмір ғой», әрине. Дегенмен, салыстырмалы түрде айтқанда, Абайды көп оқыған, Абайды сүйетін адамның ішкі ділі неге мықты болмасқа деп ойлаймыз ғой.

– Сотталушы жігіт Абай туралы көп айтар еді, бірақ оны ешкім де тыңдамайды. «Қайран сөзін ездерге қор қылғысы» келмейді. Қазір Абай туралы сайраған науқаншылдар көп, жігіт ондайдың сортынан емес, қырғын көрген қаны суық жан. Ол кімге де болса «Өмір ғой» деп қысқа айтады. Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисінде» кейіпкерлер аузынан «Ақырзаманның адамы ғой»; «Ақырзаманның күні де жел, түні де жел, бір жадырап ашылмады-ау; «Ақырзаман болғанда мұсылманнан дуа көтеріледі деді ғой, сол рас. Қазір де қанша қарғасаң да ешбір кәр қыла алмайсың» деген сөздерді оқисың. Бұл — колхоздастыру кезеңі, жігітке де өз кезеңінің қамшысы қатты тиген, өтірік сөйлегендерге илана алмайды. Қазір өмірде әдеби персонажға мысал көп, ал оны шеберлікпен алып шығу қиын.

– Қарияның Ауғанда кеңес әскерінің құрамында болып келген «айыпкерді» Сот құрығынан өзі өтініп арашалап, баласындай көріп, «екі жарты бір бүтін» болуға бекінген ұйғарымы да әңгімені ұтымды қорытындылап тұр. Әу бастан осындай шешімді көздедіңіз бе, әңгіменің жазылу барысы өздігінен осы қорытындыға алып келді ме?

– Ауған тақырыбы жаныма жақын. Кеңес дәуірі кезінде «Адам» деген әңгіме жазып «Ауған құпиясын ашқаным үшін тиісті орындарға жауап бердім, баспасөз біраз балағаттады. Мына жерде екі дәуірдің екі адамы бір өмірге сиысуға әрекет жасайды. Олар бірін-бірі түсінді. Осыны каталка-сырғымамен атылып кеп Абай ескерткішінің тас тұғырын үгітіп жатқан болашаққа қарап тұрып ойладым.
 Саябақтағы он бес шақты зиялының ішінде «Қазақ әдебиетін» жаздырып алатын біреуі бар. Енді сонан пікір күтем. Өмір ғой.

 – «Субұрқақтың арасымен өтуді қызық көрген кішкентайларды алға жібермей әлек болған қоғамдық тәртіп сақшылары өзге бір адамның Абай ескерткішінің тұғырына ұйықтауына қалай мұрсат беріп қойды?» деген сұрақ та туындайды екен оқырман тарапынан?

– Бар мәселе де осында ғой. Абай мүсіні қараусыз қалуда. Сол тұрақты кешке таман келіп қарап көріңізші, тап бір спорт алаңына айналған ба деп қаласыз.

Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.02.2020 | 02:50

Қуандық мырза, данагөй жыраулары, шет елдердің данышпан ақындарынан философ-ақындығы кем емес, кейде артық Абайы, көркем ой-сөздің өнегесі, мәселен, Мұхтар Әуезові бар қазақтың кейбір ақын-жазушыларының шетелдік қаңсықты таңсық көретінін түсіне алмадым. Жә, әркім өз бетімен ғой. Екінші айтарым: Сталин мен Шолохов достық қатнаста болған, алайда Шолоховтың «Адам тағдырын» оқумен Сталиннің шешім жасағаны туралы дерек — әлдекімдердің әңгімесі ғана. Тарихи деректердің айтқаны: фашистерде тұтқында болғандардың 70 пайызы мұқият тексеруде ақталған, фашистерге қызмет істеген, көмектескендер ғана қылмыстары құжат бойынша аықталып сотталған. Ал Шолоховтың Сталинге әсер еткені — Дондағы аштық туралы жазған хаты. Сол хат бойынша Шверник бастаған комиссия құрылып. тексеріп, шындықты ашып қайтқан. Донда аштықты әдейі жасағандар атылған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір