Мейірімге шөлдемесін жер беті
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ертеректе ақиық ақын Мұқағалидың «Бесік басында» атты өлеңін шуақты сезіммен рақаттанып оқушы ек. Өйткені бұл – тек ақынның ғана емес, бейбітшіліксүйгіш, ізгі ниетті, ақ жүректі барша адамның да тілегі. Жалпы адамзаттың асыл мұраты. Ал бүгінде бүкіл әлем үрей құшағында. Өйткені сәбилердің ұйқысы бұзылды, аналардың күлкісі үзілді, әкелердің көңіліне алаң кірді. Лаңкестер дейтін қара ниетті топтар бейкүнә жер бетінде лаң тудырып, уыздай ұйыған тыныштықтың шырқын бұзуға кірісті. Дүмпулер, жарылыстар, атылған оқтар, өзін-өзі ажалға байлаған ессіздер, күл-талқан болған ғимараттар, мезгілсіз үзілген ғұмырлар, босқынға ұшыраған тағдырлар… Өз мақсаттарына жету жолында бейбітшілік пен тыныштық тұнығын лайлаудан, жазықсыз адамдардың өмірін қиюдан еш тайынбайтын лаңкестер деген кімдер өзі?

НАДАНДЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫЛАР
Бүгінде бүкіл әлем бойынша діни экстремизм мен терроризм өзекті мәселеге айналып тұр.
Анықтамалықтарға сүйенсек, латын тілінен енген «экстремизм» сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету, жалпы тәртіпті мойындамайтын, өз пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы деген мағынаны білдіреді екен. Оның басты себебі – надандық. Надан көзқарас. Тағы бір көрінісі – көреалмаушылық, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу.
Экстремизмнің бірнеше түрі бар. Мәселен, саяси ортада пайда болған экстремизм – саяси экстремизм, ал діни ортада пайда болган экстремизм – діни экстремизм деп аталады. Экстремистік әрекеттің тағы бір түрі адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен туады. Бұл орайда психотерапевт ғалымдар: «Күдікшіл адамдардың басқалар туралы жаман ойлайтын себебі: оның санасы басқаларды өзіне жау көреді» деген анықтама береді. Жалпы, лаңкестер дегеніміз – өздерін тура жолдағы адам санап, басқаларды адасушыларға жатқызатындар.
Заңға сүйене айтсақ, халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм, оның ішінде діни экстремизм – халықаралық қауымдастыққа және жалпы адамзатқа қауіп төндіріп отырған халықаралық сипаттағы қылмыстар.
Ал «терроризм» сөзі латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіреді. Терроризм дегеніміз – саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану.
Оның да бірнеше түрі бар: саяси терроризм, діни терроризм, этникалық негіздегі терроризм, т.б.. Саяси терроризмнің басты мақсаты – саяси билікке қол жеткізу болса, діни терроризмнің басты мақсаты – саяси билікке жету арқылы тек діни террористік идеологияға негізделген мемлекет құру. Ал этникалық негіздегі терроризмнің басты мақсаты – жақын орналасқан «этникалық негізі туыс» мемлекетке қосылу. Осылардың ішінде діни экстремизм – діни терроризмге ұласуға және оның туындауына жол ашатын саты екен.
Терроризмнің негізі – террористік идеология. Ал діни терроризм діни террористік идеологияға сүйенеді. Діни экстремизм болса өзіндік діни экстремистік идеологияға негізделеді.
Саяси террористік ұйымдар мынадай эволюциялық тізбек бойынша қалыптасып, дамиды: саяси радикализм – саяси экстремизм – саяси терроризм.
Жалпы, терроризм – ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүркін-дүркін күш қолдану арқылы көрініс табатын әрекет. Террористер аманатқа алу, қоғамдық маңызы зор ғимараттарды басып алу, жарып жіберу, ұшақтарды алып қашу, т.б. әрекеттерге барады. Террористік әрекеттер қашанда жариялы түрде жүреді және қоғамға, билікке әсер етуге бағытталады.
Терроризм XX ғасырдың соңынан бастап ғаламдық өзекті мәселеге айналды. 1960-1970-жылдары Италиядағы солшыл экстремистік пиғылдағы «Қызыл бригада», Германиядағы «Баадер-Майнхоф» сияқты топтардың әрекеттерімен байланысты терроризм толқыны Батыс Еуропаны дүр сілкіндірді. 90-жылдардың басында Ресейге қанды террористік зомбылықтың түнегі төнді. Кейіннен оған ислам экстремизмі, шешен сепаратизмі қосылды.
ӘЛЕМДІ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕ
Дереккөздерге сүйенсек, қазіргі кезде дүниежүзінде 500-ден астам лаңкестік ұйым мен экстремистік топ әрекет етеді екен. Лаңкестік – даму және таралу қарқыны мен салдары жағынан адамзаттың ең өзекті қоғамдық-саяси және моральдық мәселелерінің біріне айналып отыр. Лаңкестердің ядролық, бактериологиялық, химиялық уытты қаруларды қолдану мүмкіндігі ғаламдық қауіпсіздікке зор қатер туғызуда. Саясаттанушылар былай дейді: «Лаңкестіктің дамуына мынадай факторлар әсер етеді: саяси-әлеуметтік және экономикалық дағдарыс, халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуі, жұмыссыздықтың өсуі, ұлттық және діни қайшылықтардың шиеленісуі, т.б.». Олар лаңкестіктің алдын алу шаралары ретінде мынадай жолдарды ұсынады: қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылығын, азаматтардың экономикалық, саяси, ұлттық, діни, т.б. құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету; адам құқығы жөніндегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық органдардың жұмысын жетілдіру; қоғамда жоғары саяси және құқықтық мәдениет қалыптастыру; қару-жарақ нарығына, соның ішінде жаппай қырып-жою құралдарына мемлекеттік және халықаралық бақылау жасау, т.б.
Осыған дейін Дүниежүзілік қауымдастық лаңкестікке қарсы бірқатар халықаралық-құқықтық құжаттар қабылдапты. Атап айтсақ, Әуе кемелеріне жасалған қылмыстық және басқа да әрекеттер туралы конвенция (1963); Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция (1971); Лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес туралы конвенция (1999), т.б. 1994 ж. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 49-сессиясында қабылданған «Халықаралық лаңкестікті жою шаралары туралы» декларацияда Лаңкестікпен күрестегі халықаралық ынтымақтастық шаралары белгіленді. Ал ТМД мемлекеттері арасында көпжақты келісімдер жасалып, Лаңкестікке қарсы орталық құрылды (2000). Орта Азия мемлекеттері 2000 жылы Ташкентте өткен саммитте «Лаңкестікпен, саяси және діни экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қатерімен күресте бірлескен іс-әрекет туралы» келісімге қол қойды және т.б.
АҚТӨБЕДЕГІ ЛАҢКЕСТІК ОҚИҒА
Терроризм мен діни эктремизмнің таралу қаупі біздің елімізді де алаңдатып отыр.
2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе қаласында болған террорлық акт қылмыстық оқиғасы тыныштығымызды бұзып, бәрімізді дүр сілкіндірді. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аталған қылмыс бойынша 29 жеке тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралып, 2016 жылғы 28 қарашада шешімін тапты. Террористік топтың құрамында террорлық акт жасауға қатысқан қылмыстық топтың басты мүшелері ретінде 7 адам өмір бойына бас бостандықтарынан айырылып, 2 адам ұзақ мерзімге қоғамнан оқшауланды. Он сегізі террорлық шабуылдың болатыны жөнінде анық біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін түрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ, қылмыскерлерді жасырғаны үшін 2 адам жауапқа тартылды.
Жалпы, ҚР1999 жылғы 13 шілдедегі № 416-І Заңының түсіндірмесіне сәйкес: терроризм дегеніміз – халық арасында үрей туғызуға, жеке адамға, қоғамға, мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану; жарылыс жасау, өрт қою және өзге де қылмыстық іс-әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету тәжірибесі.
Терроризм мен экстремизм үшін қылмыстық жауаптылық ҚР ҚК-нің 255-260 баптарында көзделген. Соның ішінде терроризм актісін жасау, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе террористік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік, террористік не экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру, террористік немесе экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауаптылықтар заңмен қарастырылған.