ТУРГЕНЕВТІ ТҮРТСЕҢ, ТОЛСТОЙ ОЯНАДЫ.АЛ, БІЗДЕ ШЕ?..
13.02.2020
701
0

Нобель сыйлығының сахибы Кэндзабуро Оэ реңсіздеу адам. Содан… қалқиған құлағы милығында едірейіп тұратын маймұрын замандасын Юкио Мисима баспасөз бетінде келекелеп жазуды әдетке айналдырып алса керек.

Мисима

Мисиманың мазағына қалған Оэ редакция басшыларына: «Мен өлген соң не десеңдер о деңдер, бірақ мен тірі тұрғанда бұлай қорламаңдар. Мисима шектен шығып кетті», – деп ескертіп, хат жазып отырады екен. Алайда әбден құтырынып алған «Алтын ғибадатханының» авторы бас терісі келіспеген Оэ байқұсты келемеждеуден тиылмапты. Әйтсе де, оған қарап, текке күйініп отырса, Оэ Оэ бола ма, қаламын сертке ұстап, ғажап туындыларын бірінен соң бірін төгілдіріп жазудан еш танбайды.

Кэндзабуро Оэ мен Юкио Мисиманың арасын­дағы алаөкпенің қайдан шығып, неден болғанын зерттеушілер кейінгі кезде екі жазушының сырт көзге көрінбеген сыралғы достығы туралы жаза бастады. Әрине, жайдақ көптің бірі емес, жас­тайы­нан танылған, алғашқы әңгімелерімен-ақ оқырман қауым мен әдеби ортаны жалт қартқан Оэ де Мисиманы оңдыра қоймағаны белгілі. Ол да әріптесін сынап бақты, шығармаларын іске алғысыз етті… ақырында екеуара сын жапон әдебиетінің пайдасы мен қос қаламгердің жарыса жазып, соңдарына жауһар дүниелер қалдыруына септігін тигізді. Кек тұтыспай келіп тоғысқан кешірім жолында Оэ: «Жауың өткен күндердің ызасына бой алдырып, батпаққа батқанда, сен оған қолыңды соз. Бұл тегі көңіл күйіңді теңшеудің табиғи заңы болар», –  деді.

Оэ

Қазақ жазушылары да қырбайласудан, бір-біріне жауығып, өш болудан ешкімге есе жіберіп көрмеген. Олар да бір біріне сын садағын керіп тұрды. Оңтайлы сәтте аянып қалғаны кем. Әлі де солай. Өкінштісі сол: қазақ ақын-жазушыларының қайшылықты көзқарасына әдебиетте болатын, болуға тиіс әдеби пікір алмасулар, шығармашылық сын емес, саясат араласты. Көркем туындыларды саясат сын мәселесінде тапқа бөлді, таптық деңгейдің тұрғысынан қарады. Баға да, бәсіре де таптық талғам мен талап бойынша берілді. Сол таптық жік кейін ауыл-аймақ, ру, жүз шеңберінде көрініс тауып, қазақ әдебиетіне әбден салқынын тигізді. Осы күні әлдебір жазушымыздың шығармасына байланысты әдепкі бір сыни пікірге әдеби апталығымыздың бетінен орын берейікші, әлекедей жаланған топ   аруақ күңірентіп, айқай салып, атойлап шыға келеді. Туындының көркемдік сипаты, кемшін тұстары жайына қалып, сені немесе газетке сын мақала жолдаған бейшара авторды әлгілер жау көріп жаныға түседі. Осыдан соң «аш құлақтан тыныш құлақ»; жайыңа қарап, жамбастап жата бергің келеді. Әлбетте сын болуы керек. Соған орай сынды түсініп, қабылдайтын, қабылдай алмаса, қарсы мақала жазатын әдеби орта да болуы керек. Мисима сияқты қарсыласыңның қас-қабағын, репетін сөз қылма, жазсаң шығармаға байланысты пікірің мен ойыңды жаз. Әрине, бүгінгі сын өсті, есейді, кемелденді. Ойға байыды. Сыншы сынға тұрмайтын шығарманы емес, сынына толатын дүниені ғана қолына ұстап, сөйлейтін болды. Осылайша әдебиетке әдеби пікір айтудың әдебі қалыптасуда. Ал сондай сын, сынның сондай мәдениеті кейде артық, кейде кем болғанымен, біз білетін орыс әдебиетінде бұрыннан бар. Сондықтан да біз рулық, таптық, жершілдік мәселесі қоздап кететін қазақ әдебиетіндегі тұлғалардың арасындағы қырбайлықтан гөрі, мысалы, Маяковский мен Есениинің жаулығын сөз еткенді жөн көреміз.

Есенин һәм Маяковский… Бірі дерев­няның ақыны, екіншісі – революционер-футурист. Заманында Владимир Маяковский Сергей Есенинге қарағанда сәнге айналған, үкілі ақын болған-мыс. Екеуі Әдеби-көркем иниституттың ашылуында жарыса өлең оқып, сайысқа түседі. Қатты егеседі. Оған дейін де ажары келіспей жүрген ақындардың арасы әлгі егесе жыр оқудан кейін, тіпті, ашылып кеткенге ұқсайды.

Әдебиет әлеміндегі антагонистік тұлғалар турасында әңгіме бола қалса, әлі күнге жұрт  Маяковский мен Есенинді айтады. Алайда олар бір біріне соншалықты жауықпаған. Біздің кісілер сияқты «бет жүзіңді көрмеймін» деп, кетіспеген. Бір-бірін сотқа сүйремеген. Бар болғаны поэзияда жолдары түйіспеген, сондықтан сын мен өзара сынның шегінде қала берген. Оны айтасыз, кей кейде Есенин Маяковскийді, Маяковский Есенинді мақтап, дәріптеп сөйлеуден де тартынбаған. Владимир Маяковскийге Есениннің қара басы емес, оның поэзияда ұстанған жолы – имажинист ағымы ұнамаған. Әйтседе төңкерісшіл ақын газеттердің біріне берген сұхбатында: «Из всех них останется лишь Есенин» (яғни, имажинистердің ішінде тек Есенин ғана қалады), –  дейді.

Есенин дүниеден қайтқанда, Маяковский:

 Нет, Есенин,

                      это

                            не насмешка.

В горле

              горе комом —

                                        не смешок.

Вижу —

              взрезанной рукой помешкав,

собственных

                         костей

                                      качаете мешок.

— Прекратите!

                           Бросьте!

                                           Вы в своем уме ли?

Дать,

         чтоб щеки

                            заливал

                                            смертельный мел?!

Вы ж

          такое

                    загибать умели,

что другой

                    такое

                               на свете

                                               не умел, – деп байлам жасайды.

Л. Толстой

Афанасий Феттің үйіне қонаққа келіп, жата жастанып, ертеңгі астың үстінде түкке тұрмайтын мәселеге бола жауласып кеткен Тургенов пен Толостойды да біздің қазақы орта (кейінгі зерттеулерді індетіп оқымаған соң сол) бітіспес жау санайды. Иә, солайы солай болған. Бірақ бұл екі алып та тек аса мәртебелі әдебиеттің құрметі үшін пікір алуандығының алманында атой салды. Ғажап туындылар жазды. Әлемдік әдебиеттің алыптарына айналды. Соны өздері іштей бек жақсы білді… сосын, жарасты.

1878 жылы Ясная Полянда Толстой­дың құрметті мейманы болған Тургенов: «Қымбатты да құрметті, Лев Николаевич, мен сіздің замандасыңыз болғаныма қуаныштымын. Байтақ орыс жерінің қаламгері, досым менің, жазушылық өміріңізге оралыңыз», – деп хат қалдырған екен. Ал, Толстой болса, «Мен сізді сүйетінімді сезіндім. Сіз менен бұрын бақиға кетсеңіз, мен қатты қианаламын ғой», –  деп жауап қайырады. Көрдіңіз бе, орыс әдебиетінде тургеновтерді түртсеңіз толстойлар оянады.

… Біздің әдебиетте де тек әдеби сын және осындай тұлғалар болса екен дейміз. Таптық әдебиеттің табы қалаған қазақ әдебиетінен, бірақ, бұндай нышан байқалмай тұр әзірге. Өкіншті.

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір