Илон Масктен асып ешнәрсе таба алмаспыз
05.02.2020
709
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы: Мәдина ОМАРОВА, жазушы, драматург

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Мейірімді жүрек.

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Ер-азаматтық болмысын сақтап қалу, ал ер-азаматтық болмыс дегеніміз: адалдық, бір сөзділік, сенімділік.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Бақыт дегеніміз, менің ұғымымда, жан мен көңілдің тыныштығы.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Алиса.

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Қызбалық.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Кино көргенді жақсы көремін.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Жазушы.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Алматы қаласында.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Шипагер болғым келеді, бірақ ол шипагерліктің мен үшін ешқандай салдары болмаса.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Ашуланғанда.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Ғайып деген «жоқ, жоқ болып кету» деген мағынада болса, әлдебір тіршілік иесінің телепартациялық қасиетке ие болу мүмкіндігіне мен сенемін бе, жоқ па десеңіз, әрине, сенемін.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Илон Масктің қиялы мен оларды жүзеге асыру қабілеті таң қалдырады. Одан асып ешнәрсе ойлап таба алмайтын сияқтымын.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Негізі, Алла жаратқан соң, біз бұл дүниедегі оның барлық сипатын (проявление) мойындап қабылдауға тиіспіз. Әлдене жиіркендіреді деп айта алмаймын.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Гитлер.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– Война план покажет.

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Болып тұрады.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

«Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл».

Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Адам ата мен Хауа ана заманынан бері адам бойындағы жақсы мен жаманнан әлі шашау шыққан жоқ деген ойдамын.

– Біздің заманымыз­дың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Оқырман ретінде ғана айтамын: Ардақ Нұрғазының өлеңдері ұнайды. Жазушылардан – Қалихан Ысқақ.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Кемшілік сол: олардың шығармашы­лығынан білім мен рухани тәжірибенің аздығы көрініп қалады. Артықшылығы: жастықтарында. Әлі бәрі мүмкін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір