Қасірет пен тағдыр өрілген роман
29.01.2020
11457
8

ӘЛҚИССА…

Кітап қолымызға тиген бетте оқып шықтық. Шығарманы тапжылмай оқуымызға туған аймағымыздағы таныс алапат барысын сипаттайтын оқиға себеп  болды.

Ғұмырымыздың тұтастай бес сағаты үзіліссіз осы кітапты оқуға арналды…

Көркем шығарма аяқталғанша, Аяулымның тілеуін тіледік.

Соңында терең тыныс алып, сол кейіпкердің тағдырына тәу етіп, қол жеткізген бақытына қуаныштан көз жасымызға ерік бердік. Балаша қуанып, арқа-жарқа болдық.

Тілі шебер, жазғанын жан-жақты баяндап бере алатын  жазушылар бар. Тілі көркем,  оқиғасына эстетикалық бояуды қалың қабаттап қосып, оқыр­манын оқиғадан  алыстатып, мезі ететін жазушылар бар…

Ал Сәуле Досжан қандай жазушы? Жазушы тілі көркем әрі артық эстети­калық бояудан ада. Табиғи әрі шынайы. Осы шынайылық бізді шығармаға жіпсіз байлап, кітапты көз алмай оқып, бітіруімізге еркімізден тыс матап тастады. Жазушы Сәуле Досжанның «Қасіреті мен тағдыры» көз жасына ерік бергізіп, күйзелтті.

Сәу­ле апайымыздың қырағы әдебиеттану­шы мен кәсіби жазушының өзі ғана сезіне ала­тын, оқырманды қамшы салдырмай өз оқиғасына ілестіріп отыратын роман жанрының қыр-қатпарларын дәл, нақты қолдана білген, суреттеу штрихтары анық, оқиғасы шынайы, стилі дара жазушы екендігін «Қасірет пен тағдырдан» көрдік.

ЖАЗУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
ЛАБОРАТОРИЯСЫ

Жазушы өзі атағандай, көркем шығарма роман жанрына қойылатын принциптерді ашып көрсете алды ма? Деректі роман жанрының талаптары толық қамтылған ба?

Әдебиеттану ғылымында роман жанры да, оның жазылуы да күрделі. Роман жан­­ры – бүгінде қазақ әдебиеттануының бір қомақты зерттеу объектісі. Романның анық­­та­масын берудің қажеті шамалы. Десек те, жасалу ерекшеліктеріне қарай, әлемдік әдебиеттануда: «Роман – бұл адам тәжірибесі мен шығармашылық байланысты   суреттейтін, белгілі бір күрделі ой-өрісті баяндау.   Романның жанрының ауқымы кең,   түрі мен стильдік ерекшелігіне қарай: пикареск, эпистолярлық, готикалық, романтикалық, реалистік, тарихи болып бөлінеді. Оқиғалар ерекшелігіне қарай фантастикалық, деректі сияқты кең спектрлерді қамтиды», – деп көрсетіледі.

 Жазушы С.Досжанның шығармасы жанры­на қарай біз атап көрсетіп отырған роман жанрына жатады. Романның құрылысы мен жазылу ерекшелігіне қарай – «documentary novel», яғни «деректі роман».

Дәл қазір алдымда Кешірім Бозтаев аға­мыздың, Медеу Сәрсеке ағамыздың кітапта­рымен бірге полигон туралы азды-көпті архив деректері, әр уақытта жарияланған осы тақырыптағы газет-журналдар материалдары  жатыр. Бұл дерек көздері – зерттеушілік бағытымызда қалыптасқан «факт» мен «дерек көздері» деген ұғымдар романды оқу барысында кездескен мәліметтерді қайтара шолу үшін қажет болды. «Деректі роман» жанрының  негізгі принциптері болып саналатын  шынайы өмір мен көркем оқиғаның бір-бірімен байланысы, кейіпкерлер образы, кейіпкерлер прототиптері жазушының шығармашылық лабораториясына сай қамтылған.

Тілдесуіміз барысында көз жеткізгеніміздей, әрі кітапта  «тайға таңба басқандай» көрсетілген мәліметтер бойынша жазушының Семейдегі Медицина университетіндегі,  Өлкетану және басқа да музейлердегі, әрі жергілікті  тұлғалардың жеке архив деректерінен, сонымен қатар сұхбаттардан көркем шығарманы дүниеге әкелу машақаты ауыр болғаны айтпаса да түсінікті.

Роман жазудағы жазушының шығар­машылық лабораториясы ауқымды. Десек те, қамтылмаған мәліметтер мен полигон жолында тер төккен, полигонның жабылуына үлес қосқан, әрі аталған тақырыпта қалам тербеген, Семей өңіріндегі бірегей тұлғалар туралы,  олардың еңбектері туралы кейбір мәліметтер аз қамтылған.

«Біз дүние жүзінде ядролық қарудың аз болуы, ал алдағы уақытта мүлдем болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге  тиіспіз. Адам өлтіру үшін еш нәрсе жасалмауы керек.  Адам өмір сүру үшін туады және қорқынышсыз,  жақсы, еркін, ар-ождан,  ақыл-ой бойынша өмір сүргісі келеді. Ондай өмір үшін ешқандай  қарудың қажеті жоқ, ал ядролық, химиялық, бактериологиялық қаруларды Құдай көрсетпесін. Бірақ қару-жарақсыз, еркін өмірде де адамдардың  Әлемді, Табиғатты, заттар мен құбылыстарды  танып-білуге деген құштарлығы  қалады».   Бұл – «Семей полигоны», «Қайнар қасіреті» кітаптарының авторы Кешірім Бозтаевтың естелік жазбасынан.

Семей жеріндегі қасіреттің отын өшіріп, алапаттың ұшқынын мәңгі сөндіруге зор үлес қосқан сол кездегі Семей облысының басшысы, Аягөз өңірінің тумасы Кешірім Бозтаев екенін жер­гілікті халық ұмытқан емес. Бұл есімнің жасаған полигонды жабуға деген теңдессіз үлесі  атадан балаға ауызша тарап, аңызға айналып қала бермек. Бозтаев туралы айтып отырған себебіміз: халық жадында сақталған тұлға есімінің «Қасірет пен тағдырда» аз қамтылуы. Алдағы уақытта бұл кітаптың екінші бөлімінде Бозтаев есімінің ескерусіз қалмайтынын жазушы апайымыздың өзінен естіп, қуанып қалдық.  Сонымен қатар  сол кездегі партия комитетінің идеология бөлімін басқарған М.Шайжүнісов, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Т.Тоқтаров  есімдері көркем шығармадағы кейіпкерлер ортасынан ойып орын алуға болатын тұлғалар екендігін олардың сол полигон жабылудың алдында өткен аласапыран басқосуларда сөйлеген сөздерінен, архивте сақталған стенограммадан көз жеткізе аламыз. Кейіпкерлерге  прототип  ретінде осы және басқа да азаматтар айтулы істерімен көркем шығармада тарихи кейіпкерлер ретінде орын алуы қажет деп ойлаймыз.

 

ӘЛЕМДЕГІ  ПОЛИГОН ТАҚЫРЫБЫ

 Полигон – қасірет. Қасіретті қағазға түсіру қандай шығармашылық иесіне де қиын әрі шынайылықты талап етеді. Қылқалам шебері, жазушы, ақын, мүсін өнері шеберлері үшін бұл тақырып бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған емес.  Сөз өнерінің шеберлері әр жанрда әлемдік деңгейде қалам тербеп келеді.

Компаративистикада қарастырсақ, В.Прон­яев­тің, А.Лазуткиннің,  С.Гансовскийдің фантастика, әңгіме жанрларындағы түрлі шы­ғар­малары бар.  Жапон жұртының өзекті бір мәселесі де – осы полигон тақырыбы. Фэнтезиде  кескінделген жапон комикстері бүгінде әлемге танымал. 

Иә, әлемде де, өзіміздің қазақ әдебиетінде де полигон тақырыбында қалам тартқан сөз өнері иелерінің шығармалары көп. 

Ай мен Ләйләнің соңғы тілдесуін, бүлдіршін бейнесінде қалып, өспей қалған  қасіреттің құрбанына айналған кейіпкер Ләйләнің тағдырын сипаттайтын жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі», дүниеге  кемшілікпен келген жануарлар мен адам тағдырын жан-жақты суреттейтін Рымғали Нұрғалиұлының «Аяқталмаған трагедиясы» (полигон әңгі­мелері) әңгіме жанрындағы қазақ әдебиетінің бірегей, төл туындылары.

Лейкоз, мешел, анемия, Даун синдромы сынды көптеген алапаттарды Қайнар, Абыралы, Қарауыл жерлеріне қолмен еккен полигон – айтуға ауыз бармайтын, күллі адамзат баласына ортақ қасіретті тақырып.  Бұл тақырыпты Семей жерінен белгілі жазушы Медеу Сәрсеке ағамыз жан-жақты талдап, тарихи хикаятты дүниеге әкелді.

Медеу Сәрсеке ағамыздың «Семей қасіре­ті» деректі тарихи хикаяты – осы уақытқа дейін елге беймәлім болып келген, жарыққа шықпаған  талай архив материалдарының топтасқан,  полигон тақырыбын терең қамтыған тарихи хикаяттардың төлқұжаты.

 Жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдырының» бұл туындылардан ерекшелігі – жанрының өзгешелігінде. Көркемдік құндылықты ақиқат өмірмен сабақтастыруда ұлттық ментальділікті мистикамен сәтті байланыстыруында.

        

ҚАСІРЕТПЕН ӨРІЛГЕН ЖЫЛДАР

 1939 жылдарда белгілі физик Нильс Бор, Энрико Ферми салыстырмалы теория авторы Альберт Энштейнмен бір шешімге келуді мақсат тұтып, адамзат қауымын  құртуды көздеген ғалымдардың әрекеттеріне тосқауыл қоюды ойлады. Осыдан санаулы жылдар өткенде бөгде адамның кіруіне қатаң тиым салынған  Семей-21 деген құпия қалада ширек ғасырға созылған өлім алаңын салуды бастады. Қаланың бейресми атауы Курчатов екендігі де кейіннен мәлім болды.  

Берн қаласында Альберт Энштейн  үйі мен музейі бар. 2019 жылдың желтоқсан айында Швейцариядағы  сапарымызда  ғұлама ғалым Энштейннің музейінде жеке мұрағатымен танысуға мүмкіндік алдық. Ғалымның өзі атап көрсеткендей, өзі ойлап тапқан теория адамзат баласына ізгілік сыйласа екен деп арман еткен екен. Ізгілікті өз мүддесіне көздеген адамзат пейіліне не дерсіз?..

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ОҚЫРМАНЫН ӨЗ ОҚИҒАСЫНА СЕНДІРЕ БІЛУІНДЕ

Романда репликалардың берілу тәсілі де, оқиғалардың шиелінісі мен шешім табуы да өзгеше. Бұл – біз жоғарыда айтып өткеніміздей, жазушының стилінің дара екендігі. Деректі роман жанрына сай дерек көздері халықтық мистикамен біте қайнасып, оқырманын оқуға оңай жетелеп отырады.

Мәселен, Аяулымның Әмірдің денсаулығы туралы  оқиға өрбігенде алдын-ала жер сызған қабірде жатуы, гидроцефалия диагнозымен дүние есігін ашқан сәбиі туралы қызыл қызғалдақтың  қап-қара болып солып кетуі, Гүлімайдың Бөрімен тілдесуі – бәрі-бәрі көркем шығарма оқиғасының нанымды көрсетілуінде қолданылған мистикалық акценттер. Ал алғашқы реплика  роман жанрының негізгі талабына сай сәтті жазылған. Оқиға Семей жерінде өтеді де, келесі оқиға Аяулымның туған өңірі Алматы облысында оның балалық шағымен жалғасады.

Оқиғаның тағы бір шынайы көрініс табатын жері  – бұл «Заман-ай» әнінің орындалуы. Ұлықбек Есдәулет, Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов… Расында да, кезінде бұл өнер иелерінің таланты еңсесі езілген халықтың рухын көтеруге зор үлес қосып еді.  Серік Ақсұңқар ағамыздың өлеңі  интертекстпен орынды ұсынылған. Абай музейінің директоры қызметін атқарған Болат Жүнісбеков ағамыз прототип болатын оқиға әсерлі әрі шынайы суреттелген.

Романдағы  сәтті, шынайы ұсынылған құжаттың бірі  – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы, 29 тамыздағы №409 Жарлығы. 

Иә, көркем шығарманың құндылығы –  оқырманың өз оқиғасына сендіре білуінде.   

 Жазушының шығармашылық ой шеберлігі – таза, саф, шынайы. 

Семейдің әлі ғасырлар бойы тартар азабын көркем тілмен өрнектей білген Сәуле Мағазбекқызының бұл шығармасы – терең  тарихқа жетелейтін шығарма. Әдебиет зерттеушісі ретінде бұл тақырыптағы  көркем талдауларымыз жалғаса  берер, әйтсе де, енді елімізді қасіреттің қара бұлты торламасын, Қасірет мәңгілік келмеске кетсін деп тілейміз.

 

Арай ЖҮНДІБАЕВА, 

әдебиет зерттеушісі,

қазақ  тілі мен әдебиеті бойынша

философия докторы (PhD)

ПІКІРЛЕР8
Қонақ 29.01.2020 | 21:23

Осы мақаланы оқығаннан кейін кітапты оқуға деген ынтам арта түсті.

Қонақ 01.02.2020 | 02:18

Арай, Семей полигонын жабу күресін нартәуекелмен бастап, Горбачевқа полигонды басқа жаққа көшіру керектігін талап ете хат жазған Адам, Азамат — Семей облыстық партия комитетінің 1-секретары Кешірім Бозтаев болса, ол туралы, жалпы полигон туралы тұңғыш рет жазған — Ғаббас Қабышұлы. Әуелі «Жас алаш» гәзетінде, одан соң Бигелді Ғабдуллин шығарған гәзетте, атын есіме түсіре алмай отырмын, мақалалары шықты. Ол одан кейін де бірнеше мақала, К.Бозтаевтың ерлігі туралы «Жанпида», «Қарапайым қаһарман» деген хикаяттар жазды. М.Сәрсеке және басқа қазақ, орыс журналшылары мен жазушылары содан кейін қозғалды. С.Досжанова ол туралы жазды ма, жоқ па, кім білсін. Оспан.

Қонақ 02.02.2020 | 21:51

13.50- де жазған қонаққа.
Мен автор -Сәуле Досжанова. Сіз алдымен романды оқып шығыңыз, содан соң оның кемшіліктерін нақты айтыңыз. Қызғанышпен айтқаныңыз көрініп тұр. Батыр болсаңыз аты-жөніңізді жазыңыз.

Қонақ 26.03.2021 | 11:19

Сәлеметсіз бе! Кітапты қалай алсам болады

Қонақ 29.03.2021 | 00:09

Мен осы кітапты оқиын деп Таба алмадым қай жерден алынуға болады

Қонақ 13.09.2021 | 14:51

Кітаптың » Қасірет пен тағдыр», » Үзілмеген үміт» кітаптарының электронды нұсқасын kaznebтен бас ала алмай оқыдым. Керемет шығарма! Шығармадағы Кәріпбек жерлесіміз. Рахмет Сәуле апай! Жазарыңыз көп болсын!

Қонақ 30.09.2021 | 11:55

Осы кітапты толық қалай оқысам болады ?

Қонақ 28.10.2021 | 09:02

Кітапты телефоннан қалай оқуға болады

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір