Алматыда көшесі жоқ Тоқаштың…
29.01.2020
811
0

Қазақ әдебиетіне айтарлықтай емес, айтуға тұрарлықтай олжа салған бір ақын болса, ол – Тоқаш Бердияров. Ақиық ақын қазақ өлеңінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп қана қойған жоқ, от пен оқтың ортасында қару мен қаламды қатар ұстай жүріп шыңдалып, поэзиямызға өз даусымен, өз қолтаңбасымен келген жаңашыл, көпқырлы ерен талант иесі болатын. Дене бітімінің шынашақтай шағындығына қарамастан, жүрегі Алатаудай кең еді. Өзінің өжет те өршіл мінезімен, сырлы да мұңды шығармала­рымен оқырмандардың жүрегіне ізгі жол салған ақынды қалай мақтасақ та, онымен қалай мақтансақ та әбден жарасады.

Негізгі мәселеге көшпес бұрын көрнекті ақынның ғұмырбаянынан аз-кем хабардар етіп өтейік. Тоқаш Бердияров 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Торқысбек екен, айналасы еркелетіп Тоқаш деп кетіпті. Осылайша, бұл есім оның өмірбойғы бойтұмар серігіне айналған. Тұрмыс тауқыметін көп көрген қаршадай бала бес жасында Ташкенттегі балалар үйіне түсіп, №6 мектеп-интернатта тәрбиеленген. Ел басына күн туып, сұрапыл соғыс басталғанда ол небәрі 17 жасар бозбала болса керек. Жастығына қарамай қанды майданға өзі сұранып аттанған. Төртінші Украин майданы құрамында көптеген қанды шайқастарға қатысқан. Ерлік істерімен көзге түсіп, екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» сияқты төсбелгілермен марапатталған. Жеңістен кейін ол әскер қатарында қалып, төрт жыл бойы Қызыл тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызмет атқарды. 1949 жылы ғана денсаулығына байланысты әскери қызметінен босап, елге оралған. 1950 жылдан өлең жазуға біржола бет бұрған жас ақынның шығармалары осы кезден бастап баспасөз беттерінде жиі жариялана бастайды. 1958-1962 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жемісті қызмет атқарғанын айта кетсек, артық емес.

Ақынның «Шалқы теңіз» деп аталатын алғашқы өлеңдер жинағы 1952 жылы жарық көрді. Осы беташар кітабымен-ақ сол кездегі әдеби әлемді елең еткізді. Одан кейінгі уақытта поэзия мен проза жанрында бірдей қалам тербеген Тоқаң ойлы оқырман құзырына «Мен өмір сүремін», «Тораңғы», «Оқ және гүл», «Ескі поровоз», «Сөнбейтін оттар», «Шынар», «Күндер, күндер, күндерім», тағы басқа отыз шақты кітабын тарту етті. Қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алған оның тамаша туындылары аға ұрпақ жадында ұмытылмастай жатталып қалды. Ол кітаптардың бәрі де өз кезінде сыншылар тарапынан жоғары бағасын алып, жұртшылыққа кеңінен мәлім болды. Сондай-ақ көптеген шығармалары орыс, өзбек, болгар, эстон, тағы басқа шет ел тілдеріне аударылды. Өзі де аударма өнерімен айналысып, орыс ақындары – С.Есенин мен Ф.Тютчевті қазақша сөйлетті.

Тоқаш Бердияров ұлы ақын ғана емес, ұлы ақындардың ұстазы да еді. Мұны шәкірттерінің өздері де айтып өткен. Хантәңірінің мұзбалағы атанған қазақ поэзиясының алыбы – Мұқағали Мақатаевпен ақіреттік дос болғанын әдебиетіміздің аға буын өкілдері осы уақытқа дейін аңыз қылып айтады. «Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеужан Ысмайылов, Өтежан Нұрғалиев, бүгінгі көзі тірілерден – Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушан, Аманхан Әлім секілді көптеген тегеурінді таланттар Тоқаңның соңынан ерген, тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері еді», – дейді көз көргендер.

Енді осы үшбу хатты неге жазып отырмын, соған келейік. Ол үшін төмендегіше сауал қойып алсақ, түсініктірек болады деп ойлаймын. Қазақ өлеңіне өзіндік тың өрнек салған, жаратылысы бөлек осынау бірегей шайырдың есімін біз лайықты ұлықтай алып жүрміз бе? Ашығын айтсақ, ұлықтай алып жүргеміз жоқ. Оқта-текте, ілуде бір өтетін кішігірім еске алу кештері болмаса, соғыстан кейінгі кезеңдегі «қазақтың бірінші лиригінің» (Өтежан Нұрғалиев) есімін ұлықтау шаралары біртіндеп ұмыт қалып бара жатқандай. Олай дейтініміз, басқа қалаларды айтпағанда, бүкіл саналы ғұмырын өткерген, айтулы шығармаларын дүниеге әкелген, қызығы мен шыжығын қатар көрген Алматының өзінде ақын атында не мектеп, не көше, не тұрғызылған ескерткіш жоқ. Ол ол ма, тіпті ақын тұрған үйге ескерткіш-тақта да орнатылмаған. Кез келген адамға бұйырып жатқан мұндай мемориалдық тақтаның Тоқаңдай ұлы ақынға орнатылмауы, қалай дегенде де, жаныңды жабырқатпай тұрмайды екен. Осындай келеңсіздіктерге қарамастан, ұлт ақынына айналған ақынның есімі оқырмандар жүрегін әлі тербетумен келе жатыр. Орайы келгенде еске салатын нәрсе, өмірінің соңғы жылдарында Тоқаң Алматының Т.Жароков көшесіндегі №199 үйдің 20-пәтерінде тұрған екен. Міне, дарабоз дарын иесінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін осы өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату туралы мәселені көтеріп, тиісті орындардың алдына қойып келе жатқанымызға жиырма жылға таяды. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін сағызша созылып, сиырқұйымшақтанып, шешімін таппай отыр.

Осындайда орыстың ұлы жазушысы Н.Гогольдің «Өлгеннен кейінгі даңқ қана аруақтың жанына жақын. Ал көзінің тірісіндегі даңқ, әсіресе, қолдан жасалған даңқтың құны көк тиын» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Олай болса, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, үстіміздегі жылдың күзінде қазақтың классик ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқаш Бердияровтың туғанына 95 жыл толады. Бұл – еліміздің әдеби-мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. «Құлдан да бір тілек» демекші, осы мерейтой қарсаңында ақын есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен біз көп жылдан бері айтып келе жатқан – өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату туралы мәселе өз шешімін табады деп ойлаймыз және бұған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза қолдау көрсетеді деп сенеміз. Бұл жалғыз менің ұсыныс, тілегім емес, жалпының қалауы деп қабылдауыңызды сұраймыз.

 Ақынға көрсетілген құрмет – әдебиетке көрсетілген құрмет. Әдебиетке көрсетілген құрмет ешқашан із-түзсіз кетпейді. Лайықты тұлғаларға қойылған ескерткіштер халықты әрқашан елдікке, ынтымақ-бірлікке шақырып тұрады.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

ақын, Тоқаш Бердияров мұрасын зерттеуші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір