«ТУПИКОВАЯ» КӨШЕСІНДЕ ТҰРА БЕРЕМІЗ БЕ?
17.01.2020
672
0

Өткен жылы жол түсіп Шолпан-Ата шәріне бардым. Қырғыз бауырлар Ыстықкөлдің жағасындағы жасыл қаланы аралатып, аста-төк дастархан жайып, қонақ қылған. Сонда көрдім: Шолпан-Атадағы ең әйдік, ең ұзын көше утопист-социалист, «қазан бұзған» төңкерісшіл – Лениннің атымен аталады екен. Әлгі көрініске кейіп: «Ей, ағайын, мыналарың не?!» – дей жаздап тілімді тістей қойдым. Фурмановтың өзін әспеттеп әрең дегенде Назарбаев жасаған біздің елде Лениннің ескерткіштері төбесімен көк тіреп, көшелер соның атында тізіліп тұр емес пе?..

Міне, кешелі бері қалың қазақ Қарағанды жаққа құлақ тігіп, елеңдеп отыр. Өйткені «күн көсем» жылжып жыр көсеміне жылы орнын бермек көрінеді. «Қара алтынымен» бәз біреулерді шылқа байытып, байтақ әлемнің ошағындағы отын маздатып жатқан Қарағандыда қалың бұқара жиылып дауысқа салғанда Абай атамның аты озып, тоны тозған Лениннің аты көшеден көшетін болыпты. Ал бұндай жиынға кеншілер қаласының тұрғындары кейінгі 10-20 жылдың жүзінде жиылып-теріліп келмеген екен. Сайттар, әлеуметтік желідегі белсенділер «мыңдаған адам мәселе талқыға түскен сарайға сыймай сыртта тұрды» деп жазады. Соның дені, әрине, көше атауының өзгеруін қолдаған аспаралы ағайынға ұқсайды. Әйтсе де, қасарысып, қарысып қарсылық танытқандар да тайлы-таяғымен жетіпті. Соның бірі Лидия Горбачева дейтін кәртамыш: «Мен барлық атауларды өзгертуге келісемін. Бірақ Ленин көшесі – Қазақстан тарихы!» – деп бажылдапты.

Тағы бір дүлей: «Мен Қазақстан азаматы ретінде салық төлеймін. Ол ақшаның көше атауын өзгертуге жұмсалғанын қаламаймын. Бұл ақшаға қалада жабық, жылы аялдамалар жасауға болмай ма? Немесе мүгедек балаларға, жетімдер мен аз қамтылған отбасыларға көмектессін. Бұл туралы ойланған жоқсыздар ма? Көше атауын ауыстырып үлгереміз. Атауларды қалада басқа мәселе қалмаған кезде өзгертейік. Бұл – біздің қаржымыз, олар оны көше атауын өзгертуге жұмсап отыр. Мен – қарсымын», – депті. Бұны айтқан Қарағандының Нұржан есімді «қара орысы» екенін білдік. Е, мейлі… білген б…н жесін!

Орынбордан Қарағандыға жер ауып келіп пана тапқан, жанын баққан, жақсы жағдайға жеткен Нина Серова дейтін кемпір: «Мен – Орынбор қаласын тұрғызғандардың ұрпағымын. Ата-бабам бұл жерге соғыстан кейін Қазақстан мемлекетінің іргесін қалауға келді. Қазақстанда біз сияқты қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балалары мен немелері көп. Мұнда біреу өз еркімен, енді біреу қазір бәрі жатсынатын мемлекеттік партия шешімімен көшті. Қазақстанды, Қарағанды қаласын әскери тұтқындар, жапондар, сырттан көшіп келгендер салды. Бұл – қала тарихы. Мен Лениннің арқасында тудым. Ленин көшесінің атауын өзгеріссіз қалдыру керек», – дегенді айтып бұрқылдапты.

Мүмкін, Лениннің арқасында дүниеге келсе, келген шығар. Себебі, дүниені дүрліктірген большевиктер революциясының тарихы мен Лениннің өмірбаянын зерттеушілер «көсемнің» әйелдермен көп әуейі болғанын, көлбеңдеген көйлектілерді көлденең жібермегенін жария етуде. Әйтсе де, бірақ Нина кемпірдің «Лениннің арқасында туғаны» үшін біз көше атын өзгертпей тұра алмаймыз ғой. Тағы біреу тағы біреудің арқасында туғанын бұлдай берсе, және оның бәрі ескеріле берсе, біздің елдігімізден жұрнақ қала ма? Қой, құрысын, беті аулақ! Алайда Лидия, Ниналардың сыңаржақ түсінігі мен байламына байланысты тарих ғылымдарының докторы, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Зәуреш Сақтағанова сыпайылап былай депті:

– Владимир Ильич Ленин, сөзсіз, жаңа мемлекет құрған ұлы адам. Тарихқа теңдік идеясына негізделген мемлекет құру утопиясын енгізуге тырысты. Ленин көшесінің атын өзгеріссіз қалдыруды талап еткендер көбіне Лениннің 1920 жылы тамыздың 26-сы күні Қырғыз (Қазақ) ССР-ін құру туралы декретке қол қойғанын дәйек ретінде келтіреді. Бірақ оған дейін 1920 жылы көктемде қазақ зиялылары құрған, екі жыл жұмыс істеген қазақтардың тұңғыш Алаш автономиясының жойылғанын ұмытпауымыз керек. Белгілі саяси қайраткердің атындағы көше қазақ әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшылдың атымен аталғаны дұрыс деп ойлаймын. (Жарыссөздер azattyq.org сайтынан алынды).

Рас, бұл – сыпайы, орнықты жауап. Еліміздің түстігі мен батысындағы ағайынға салсақ, олар лениншілдерге әлгіндей жауаптың көкесін айтар еді.

Жә, осымен тоқталық. Мені ойландыратын мәселе бұл емес, – басқа мәселе. Көше атауын жаңалаймыз ба, қаланың атын қайта қоямыз ба, оған қарсылықтың немесе жалау көтеріп жақтасудың болып, болмауы заңды құбылыс делік. Әйткенмен де, бұл не қылған бітпейтін, аяқталмайтын, шаршамайтын қарсылық? Неге бұлай? Сонда біздің «Бір – халық – бір ел – бір тағдыр» деп таңқаңдап жүргеніміз қайда қалды? Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, халықтар достығының жасампаздығын паш еткеніміз қайда қалды? Қала берді, орыс тілді баспасөздің алдына алтыннан ақыр тосып, «арпа-бидай» төгіп отырғанымыз қайда қалды? Ау, Абайдың кім екенін, қазақ тарихының қандай екенін Нұржандар мен Ниналарға ұғындыруға ұмтылмаса, ондай БАҚ-тың бізге не керегі бар? Қазақ, қазақ баспасөзі өзімізге қажет дүниені күнде жаза берерміз, бізге орыс тілді БАҚ-тың да бір жағымызға шығысып, елді елдікке, бірлікке үндеуі керек емес пе? Әсілінде, орыстілді БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыс беріліп, Үкіметтен қаржы бөлінсе, ол алдымен ағартушылық бағытқа жұмсалуы керек. Әйтпесе, бүгінгі күннің әлаулайы бітпейді. Бітпейтін әлаулайдан бүгінгі жұрт әбден запы болды. Осының бәрін қорытындылай келгенде әм жоғарыдағы пікірлердің ауанын түйіндегенде, мемлекеттік машинаның мемлекеттің тұтастығы үшін, тағдыр басын қазақ жерінде тоғыстырған азаматтардың ауызбірлігін арттыру үшін жұмыс жасамағанын кезекті рет түсіндік. Әйтпесе, қаймана біреу қазаққа қымсынбай қарап тұрып: «Мен барлық атауларды өзгертуге келісемін. Бірақ Ленин көшесі – Қазақстан тарихы!» дей алар ма еді?

Айтпақшы, Қарағандыда «Тупиковая» деген көше де бар екен. Бұл көше «тупикке» – тұйыққа тірелетін көше болса керек. Ойланайық, қашанғы ул. «Тупиковаяда» тұра бермекпіз?..

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір