Жаңа заман жемісі
14.01.2020
843
0

2014 жылы Ресейде ақын, жазушы Андрей Орловскийдің бастамасымен «Живые поэты» аталатын Ресейдің жас ақындарының поэзия антологиясы жарық көрген болатын. Антологияны Алматыдағы «Меломен» кітап дүкеніне түскенін көріп, бір деммен оқып шықтым. Әрине, сіздің көкейіңізде «Ресейдің жас ақындарына көңіліңіз толды ма?» деген сауал тұрған болар. Бірақ бұл сауал жөнінде әңгіме етуден бас тартқым келеді…

Ресейде оқыған және бірнеше рет болған жылдарда жас ақындарымен кезігіп, бүгінгі әдебиет жайлы әңгіме-дүкен құруға әуестігім артты. Сол мақсатпен біршама ақын достар таптым. Байқағаным, ондағы жастардың ой орамдары еркіндік рәмізі секілді. Тіпті дүниенің шеті мен шегі, басы мен соңы барына күмәнмен қарайтындай көрінді. Әрине, Есенин, Маяковский, Блок сарындары жоқ емес, алайда жастар поэзиясында соңғы жылдарда Бродский мен Мандельштам әуезі көбірек көрініс тапқанын аңғаруға болады. Әсіресе, олар Бродский поэзиясының саябағында жиі серуендеуге құштар көрінеді…

Бүгінгі Ресейдің талантты жас ақын қызы, Стефания Данилова (суретте) есімі көпшілік ортаға танымал. Дарынының бұлағы тым ерте ашылған Стефания жас та болса, он кітаптың авторы атанған. Оның «Ұстамсыздық», «Өлім алдындағы куәлік», «34 моншақ», «Сұхбат», «Мені өзіме қайтар» атты жыр-жинақтары орыс жастарына жақсы таныс.

«Бүгінгі түн суық сондай,

ұмыт қалып жаным да осы.

Мен отырмын. Папироспен,

түнерер түн жамылғысы.

Туыс айтты жетесіз деп,

«кінәлі өзің!»

достар да әйгі.

Жауап қаттым:

«мен сүйемін, түс көрмеуді аспан жайлы»

Стефания өлеңдері еркін ырғаққа, кейде абсурдқа, жаңашылдыққа құрылған. Ол бірде дүниедегі шахмат тақтасындай әрбір затты, әрбір қоғамды адам қолы түзете аларын, Құдайдың заңынан өзге барлық нәрсе ауыспалы екенін айтқысы келеді. Бірде шытырман сезімдері арқылы адам миындағы жалған бағаналарды бұзуға күш салады.

Мен бабымдамын: қыңырлықпен һәм туралықпен қорғаймын тыныштық бетін,

Әлем ессіз айналады жылдамдықпен бөтен.

Қоршар бейне көп дыбыстар: айқай-сүрең балалықтар,

Доптың үні асфальттағы, тақырыбы жаңалықтың…

Стефания Данилова – жаңа заман ақыны. Жаңа қоғамның, жаңа уақыттың адамы Әрине, әрбір жас ақыннан Лорканың стилін талап ету әбестік болар еді.

 

Б.Бөріханұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір