ЕЛІН СҮЙГЕН«БАЛУАН ШОЛАҚ»
Әр ұлттың өзін-өзі тануы жолында тарихи тұлғалар өмірінен сыр шертер ұлттық киноның атқарар рөлі зор. Биыл сондай тағылымды дүниелердің бірі – «Балуан Шолақ» фильмі көрерменге жол тартты. Халық композиторы, балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының қазақ киносындағы тұңғыш экрандық бейнесін жасаған – режиссер Нұргелді Садығұлов.

Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деп, үлкен міндет қойған болатын. «Балуан Шолақ» – дәл сол міндетті арқалаған, тарихи жадымызды жаңғыртқан фильм.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген бұл фильмге Алашқа ән оздырған дүлдүл композитор, әнші, ат құлағында ойнайтын шебер Нұрмағамбет Баймырзаұлының – атақты Балуан Шолақтың өмірі арқау болған. Сценарийі белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» пьесасының негізінде жазылған. Режиссер Нұргелді Садығұлов: «Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік қасиеттер және алып қара күш бар. Оның еліне, жеріне, Отанына деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Меніңше, бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуге тиіс. Жалпы, мен фильм арқылы Балуан Шолақтың ұлтжандылығын, еліне, жеріне деген махаббатын көрсеткім келді. Балуандығын, Ғалияға деген сезімін бірді-екілі көріністерге сыйғызуға тырыстық», – дейді. Өзінің айтуынша, режиссер сценариймен таныса келе Балуанды ел азаматы ретінде танытқысы келгенін айтады. Жас режиссер: «Көркем фильм болғасын біраз нәрсені ойдан қостық, бірақ, тарихтан ауытқымауға тырыстық. Сценарий жазу барысында Сәбит Мұқановтың шығармасына, Балуан Шолақтың өзінің әндеріне жүгіндік. Өзге де ақылдастар болды. Мәселен, Мәмбет Қойгелді ағамыздан көптеген тарихи мәліметтер алсам, Ерлан Төлеутай ағамызбен әндеріне қатысты ақылдастым. Диалогтарға байланысты Бақыт Беделханның көп көмегі тиді. Балуандығы бойынша Бейбіт Ыстыбаев секілді жігіттер білгенін аяп қалмады. Деректер жинастыруда атамыздың ұрпақтары – Қайролла, Шайдолла Шолақовтар да көп көмек берді», – дейді. Отаршылдық саясатқа қарсы шыққан қайсар қазақ туралы баяндалатын бұл кинотуынды көпшіліктің жылы пікірлеріне ие болды.
Түсірушілер фильмнің бас кейіпкері – Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Бірінің дене пішіні сәйкес келмесе, екіншілерінің образ жасауда шеберлігі жетпеген. Көп сынақтан соң басты рөлге актер Еркебұлан Дайыров бекітілген. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он келі салмақ қосыпты. Ал, Балуанның саусағының шолақтығын графикамен, т.б. жолдармен келтірген.
Режиссер Балуан Шолақтың портреттік бейнесіне қатысты, негізінен, Әбілхан Қастеевтің «Балуан Шолақ» картинасына жүгінгендерін айтады. Өйткені бүгінгі күнге атамыздың фотосуреті жетпеген.
Жалпы, «Балуан Шолақ» – жүздеген адамның еңбегінің жемісі. Сосын фильмнің басы-қасында тек қана қазақтың қыз-жігіттері жүргенін айта кетуіміз керек. Бұл – сөзсіз, «Балуан Шолақтың» сүбелі жетістігі.
Дайындаған Жанар Есім