Үйімдей болған үшінші қабат
13.12.2019
1077
0

Кезінде байқала қоймаған сияқты, дегенмен, шынында да, өтпелі кезеңде өшіміз кетті. Әдебиет әлеміне әдемі өрнегін салатын уақытта жастық жалынын қарабастың қарбаласы жұтып, арпалысқа түскен буын бойдағы бары мен нарын көрсете алмай қалды. 90-жылдардың басында басталған баянсыз беталыстар бағдары белгісіздеу бағыттардың жемтігіне айналғандай болды. Жастар жағы улап-шулап көшеде қалды. Шарасыздық шымылдығы ашылып, шайпау тірлік шегін көрсете бастағанда, Алматыдағы құрылысы бітіп, бос тұрған үйлердің пәтерлеріне рұқсатсыз баса-көктеп кіре бастаған жастар тіпті заңдылық пен заңсыздықтың екі арасын айыра алмай қалып еді.

Н.Оразалин мен Т.Ахметжан

Әділдіктің ақ туын көтерген, бозбалалық босағасынан енді шыға бастаған, осы күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрмеген жастардың бір легі қаланың жоғары жағындағы Әл-Фараби даңғылының аржағына киіз үй тігіп, «жер басып аламыз» деп жоғарыға талап қоя бастады. Ала жазғы үргін-сүргін әдемі күздегі жер бөлу жұмыстарына ұласып, ақыр-аяғында қаланың шет жағында «Шаңырақ» елді мекендері пайда бола бастады.

Ер бағыты түзу болғанмен, ел бағыты бұлыңғырлау болып тұрған күндердің өзінде «Қазақ әдебиеті» газетінде рухы мұқалып сағы сынбаған бірталай жас журналистер мен ақын-жазушылар жүріп жаттық. Бас редакторымыз бекзат болмысты белгілі қаламгер – Төлен Әбдік, бас редактордың орынбасары кермаралдай керілген аспанкөктің адамы – Оралхан Бөкей, жауапты хатшы – адам баласын алалап көрмеген ақкөңіл де аңғал Тұтқабай Иманбеков – бәрі жастарға үлкен үміт артқан алдымыздағы арқасүйер ағаларымыз болды. Ордабұзар отыздың о жақ-бұ жағындағы қаламдас әріптестерім – Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Жаңабек Шағатай, Талаптан Ахметжан, Дос Қапас, Гүлзат Шойбек, суретші-ретушер Несіпхан Есеев бәріміз бір рулы елдей болып, ортамыз толып жүруші едік.

Алдымыздағы аға буыннан ертелеу-кештеу газетте істеп кеткен сатирик-жазушы Сайымжан Еркебаев, фототілші Сайлау Пернебаев, публицист-жазушы Шакизада Құттаяқов, ақындар: Иранбек Оразбаев, Несіпбек Айтов, жазушы Дидахмет Әшімханов, театр сыншысы Әлия Бөпежанова, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Исраил Сапарбаев, жазушы Қуаныш Жиенбаев, ақын Қайырбек Асанов, сатирик Еркін Жаппас, публицист-жазушылар: Қайыммұнар Тәбеев, Зейнолла Абажан мен Әмірхан Меңдеке бар, арқасүйер адамдарымыз, шүкір, жеткілікті еді. Сырттай ештеңе байқала қоймағанмен, Әдебиетшілер үйінің үшінші қабатының қара қазаны өз қызығы өзінде – қыз-қыз қайнап жататын.

Жанымызда іргелес жайғасқан «Жұлдыз» журналының шаңырағында болып жатқан қызықтар біздікінен де ерекшелеу көрініп тұратыны тағы бар. Онда бірі ерте, бірі кеш қызмет еткен жазушылар: Рамазан Тоқтаров, Адам Мекебаев, ақындар: Рафаэль Ниязбеков, Мырзан Кенжебаев үшінші қабаттың залын толтырып, баяғыдан келген арыстардай болып маң-маң басып жүруші еді.

Арқа-жарқа болып, алаңымыз қалмай ақтарыла сөйлеп, күліп-ойнап тұрғанда мысы басым Мұхтар Мағауин екінші қабаттан ойлы жүзбен көтеріліп келе жататын. Ондайда бір сәт шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнай қалады. Бәріміз жапатармағай сәлемдесіп, «Жұлдыздың» Бас редакторын бөлмесіне дейін көзбен ұзатып саламыз.

– Әй, Асқар, бері келіп кетші, – деп, кейде ортамызды ойып алып сөз тізгінін бермей тұратын жазушы Асқар Алтайды «Жұлдыздың» жауапты хатшысы, жазушы Ахат Жақсыбаев ағамыз шақырып алады. Түс қайта болып жататын осындай қызықтарымызға екінші қабаттан екпіндей келіп араласа кететін ақын Нұрлан Мәукенұлының орны тіпті бөлек еді.

Әдебиетшілер үйінің сыртындағы тауқыметті тірлік, көшеден бастала кететін сұрқай өмір, тіпті сол уақыттарда Алматы аспанын да есеңгіретіп тұрғандай көрінетін «шашылып» жатқан шаруалар – басқа дүние де, іштегі аура соның бәрін шайып кететін ғаламат бір бөлек әлем болатын. Көңіліңді бөлмейін десең де, кіріптар қылатын күнкөрістің қамыты Одақтың табалдырығын аттаған сәттен-ақ мойыныңнан сыпырылып түскендей, бойымыз жеңілдеп сала беретін. Шынымды айтсам, өз басым үйден жұмысқа жеткенше асығып тұрушы едім. Жалпақ әлемде жетім күй кешкен қараша үйдің қарадомалақтарындай болып, бірімізден кейін біріміз ішке кіріп келе жататынбыз. Күні кеше сенім артып келген өкіметіңнің қалпағы қайырылып, қайда барарын өзі білмей есеңгіреп қалғанда, жалғыз құтқарушымыз – осы Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» редакциясы сияқты көрінетін. Не үйде, не түзде айта алмайтын іштегі сыр-мұңыңды тарқататын да, мойныңа қос аяғымен артылып, тынысыңды тарылтқан тауқыметтің тізгінін босататын да, шынын айтқанда, осы қара шаңырағымыз еді.

Осы жастардың ішінде пәтер жалдап тұрып жатқан Талаптан Ахметжан екеуміздің жағдайымыз ұқсас болатын. Отыз төртке келгенде жеті баланың әкесі атанып, Құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп, соған мәз болып жүрген шағым. Үй қайда, күй қайда, редакцияға келсем болды бәрін ұмытып, Сырдың суы сирағымнан келмей, байдың ерке баласындай ыржиып, кеудеме нан піскендей болып қаламын. Мұндағы ағаларымның арқамнан қағып, төбесіне көтергеніне қарным тойып, өзімнен-өзім марқайып қалушы едім. Көңіл шіркін ғажайып дүние екен ғой, редакциямыздағы ағаларымыз бар-жоқты білдірмей, асып-тасып, атжарысқа айналған аламанның арасында қасқайып тұратын.

Талаптан екеуміз келсең жете алмайтын, барсаң қайта алмайтын «Шаңырақтан» жер телімін алып, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей болып, бір қиырға қияндап кеттік. Сол уақыттарда біздің редакцияда бар-жағымызды білдірмей, жұмыстан шашау шығармай «артымызды жауып» жүрген әріптестеріме әлі күнге дейін риза боламын. Тіпті, Орағаңның өзі:

– Сендер Талаптан мен Әнібарбекті іздеуші болмаңдар, олар үй салып жүр, – деп, оқта-текте жігіттерге ескертіп те қоятын. Ол кісі мені еркелетіп «Әнібарбек» деуші еді.

Орағаңды айтсам, еске түсер әңгіме көп қой. Бір күні лездемеде газетке берілетін суреттердің сапасы, жанры туралы сөз болып жатты. Әңгімеге араласар сәт туып қалды да:

 – Біздің «Шаңырақтың» аспанын құстардың қиқуы әнге бөлеп, әдемі бір көрініске айналдырып жатыр. Газеттің бірінші бетіне сондай көріністерді үлкен етіп тастап келіп жіберсе, керемет шығар еді ғой, – дедім.

– Ой, шіркін-ай десейші! Әнуар ауылды көз алдыма елестетіп жіберді ғой, – деп, бұл сөзіме Құлбек ағам риза болып қалды. Кейіндері де сөз арасында:

– Ауылдың шетінен ағып өтетін өзеннің айналасы – тұмса табиғаты бұзылмаған тоғай, түгін тартсаң майы шығатын көк шалғын. Ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс жаныңды жадыратады, деп, Талаптан екеуміздің ауылымызға одан сайын қызықтырып қоятыным бар. Осындай сөздеріміз көңілінде жүретін болу керек, Орағаң бір күні:

– Талаптан мен Әнібарбектің ауылына ұжым болып «маевкаға» барып, бір күні көгалда демалып қайтайық, – деді.

– Ол тіпті керемет болар еді. Көгалдың үстіне киіз төсеп жіберіп, салқын судың жағасында аяқ-қолды жазып жатқанның өзі неге тұрады? – деп, жігіттер қыздыра түскенмен, кейін бұл әңгімеміз аяқсыз қалып қойды. Арасында ойыма түскен сайын «Орағаңдарды үйімізге бір шақырып жіберуіміз керек еді»,– деп, Талаптанға айтып қоятынмын. Алайда әзер тапқан бір ағашымызды не терезенің үстіне қоярымызды, не есіктің үстіне қағарымызды білмей, анаған бір, мынаған бір жеткізе алмай, «там салғанның тамтығы қалмайды» болып жүрген кездеріміз ғой, бұл ойымыз орындала қоймаған еді.

Соның өзінде, Одақтағы қызықтар ортайып көрмеді. Бір күні Жастар кеңесінің отырысы болды. Сол кездері «Жас қазақ» газетін шығарып, елді бір елең еткізген ақын Ұлықбек Есдәулеттің кабинетінде бәріміз жиналып отырмыз. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе: Жастар сыйлығына бір ақынды ұсыну. Екі ақынның бірін таңдап дауыс беруіміз керек: Қасымхан Бегманов пен Гүлнар Салықбаеваның кандидатуралары қатар түсіп тұр, екеуі де лайық. Қасымхан өзімнің ағам болса да, бес жыл бірге оқыған курстасыма қарай бүйрегім бұрды. Байқап қарасам, дауыс берушілердің көп бөлігі біздің қатарластарымыз екен, басым дауыспен Гүлнар өтті. Өзім іштей: «Мына тірлігіме, көп болса, Қасымхан ағам бір ренжір» деп қойдым.

Ертеңіне редакциямызға келген ақын Қасымхан Бегманов ағамның көңілінде қылаудай ештеңе жоқ. Баяғы арқа-жарқа түрі. Қайдан естігенін қайдам, Жастар кеңесінің отырысы туралы, менің Гүлнарға дауыс бергенімді – бәрін біліп тұр.

– Ой, Әнуар, мен бәрін түсінемін, сен өзіңнің курстасыңа болыстың, бәрі дұрыс. Мен де сөйтер едім. Мәселе онда емес, онда тұрған ештеңе жоқ. Бәрі ойдағыдай болады. Мені политех те ұсынып жатыр, сол жақтан өтермін деген үмітім бар, – дейді. Шынында да, Қасағам өзі бес жыл оқып атын шығарған институттың ұжымы қолдап, өзіне лайық атақтың иесі болды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында да, Одақтың тірлігінде де жастарды қызықтыратын мұндай шаралар жиі өтіп тұрды. Кей-кейде өтпелі кезеңде өшіміз кетті дейтінім, біздің қатарластарымыз шығармашылықта мұнан да биік жетістіктерге қол жеткізетін еді деп ойлаймын. Бүгінде әрқайсысы бір-бір тау болып алыстан менмұндалап тұрған қатарластарымның шығармалары бұдан да биік шыңның үстінде тұрар ма еді деймін.

Ахат Жақсыбаев ағамыз «Қазақ әдебиетіне» Бас редактор болған кезде де басшылықтың маған деген көзқарасы бөлектеу болып тұратын.

– Алдымен Әнуарбекке беріңдер, бірінші соны жіберіңдер үйіне, – деп, жалақымызды аларда Ахат ағам мені кіргізіп жіберуші еді. Ақшамды алып болған соң: «Енді такси ұста да, тез үйіңе тарт! Барып балаларыңды тезірек қуант», – дейді Ахат ағам. Соған өзім кәдімгідей арқаланып қалатынмын. Кейінірек түсініп жүрмін ғой, Бас редакторымыз мені тойлап кетпесін деп ойлайды екен ғой…

Қазір мен басқа басылымда жүрген соң ба, «Қазақ әдебиетінің» редакциясында осы ағаларым мен қатарластарымның бәрі баяғысынша жүргендей болады да тұрады. Әркімнің өз ізі, өз жолы қалған соң, солай көрінуі заңды да шығар.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір