Е. Обаев. Мен қазір шырақшы секілдімін
03.12.2019
1260
0

Осы апта басында Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісін «Бәрі, бәрі есімде…» тақырыбында театр режиссері, Қазақ КСР Халық әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаев өткізді. Дәріске әдебиеттанушы ғалымдар, жазушылар мен оқытушылар қауымы және ЖОО студенттері қатысты. Кездесу басталмас бұрын Есмұхан Обаев мырзаның «Бәрі де, бәрі де есімде!» атты сиясы кеппеген кітабының тұсаукесері болды. Салиқалы әңгіме тыңдауға жиналған жұрт естеліктің ыстық лебі ұрған өткен кезеңнің қызықтарына бірде күлсе, бірде қайтып келмес уақытты қимағандай әсерге бөленді.

ТӨЛЕГЕНОВАНЫ ҚЫЗҒАНАМЫН ДЕП ІШІП КЕТТІМ

 Осындай ұлылар дәріс оқыған жерге келгеніме қуанып отырмын. Мұндайда ел бағына туған тұлғалар еріксіз еске түседі. Жазған кітабым да көлемді емес, шағын кітап. Анда-санда қолыңа қалам алып отыра қалсаң, ұлылармен өткен естелік өзі-ақ ойыңа оралады. Сондықтан өзімді ең әуелі ұлыларға қарыздармын деп есептеймін.

 Мен бақытты режиссер болдым. Әлі де жұмыс істейміз. Жағаласып жүріп елге тізгін бермейтіннің қатарынан емеспін. Бұйырған пьесаны қойып, жүріп жатқан адаммын. Алпыс жыл режиссер болу – әрине Құдайдың берген бағы.

Өзім Алматы облысы Кеген ауданында, қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкеміз бен шешеміз – қараша қазақтар. Енді сондай қарапайым отбасының баласы мәдениет адамдарының ортасында не істеп жүр десеңіздер – ол пропаганда әсері. Ол кездегі идеологияның жақсы жері – ауылға ылғи да әртістерді жіберетін еді. Бірде ауылымызға Бибігүл Төлегенова келген. Осы кісі менің алғашқы махаббатым болды. Ән айтқанда қасында бір дәу адам жүрген, содан қызғанам деп ішіп кеттім (күлді).

Қалжың қалжыңымен, ауылымызға өнер адамдары көп келгеннен шығар, сол кісілердің энергиясын алған болармыз деген ойым ғой. Сосын, біз тау баласымыз. Жоғарыға көп қараймыз.

 Бірде, шопыр ағам «консерватория студенттер қабылдап жатыр» деп келді. Алматыға «бензавозбен» жеттім. Келіп Асқар Тоқпанов деген кіснің қолында оқыдым. Тағдыр айдап әкелді, білем. Әйтпесе, «әкем» әнші еді, шешем биші еді деп жатады ел-жұрт. Менің ата-анам кәдімгі қара қазақ еді. Театрға келуімнің өзі Тоқпановтың арқасы.

Мен оқуға келген жылдары қазақ режиссурасын дайындау керек болып жатқан кез еді. Біз, оқуды 26 адам бітірдік, соның ішінен алдыңызда сарнап отырған жалғыз мен ғана режиссер болып қалдым. Олардан алты Халық әртісі шықты. Қазір солардың шырақшысы секілді шәкірттеріме естеліктерді айтып отырамын. Сол кездерді аңсаймын, сағынамын. Байқасам, елдің бәрі естелік кітаптар жазып жатыр екен. «Мен Нұрлан Оразалиннен кем бе едім?» – деп ойладым да, кітап жазуға кірісіп кеттім. Біразы газетке де шыққан еді.

 МҰҚАҒАЛИДЫ БІР-АҚ РЕТ КӨРДІМ

 Мен ұлылардың көзін көру бақытына ие болған адаммын. А.П.Чеховтың «Дядя Ваня» деп аталатын пьесасы бойынша дип­лом қорғаған едім. Сөйтсем, шетте Шәкен Айманов тұр екен.

– Слушай, Дядя Ваняда кто тебе помогал? Ты абсолютно перевоплотился! –деді де, кетіп қалды. Мен өзі  қазақтың ірі  тұлғаларының көбінен бір-бір ауыз сөзден болса да мақтау алған адаммын. Маңдайыма жазғаны сол ма, кім білсін…

 Мұқағалимен де бір-ақ рет кездестім. Оның өзі 24 секунд. «Алматы» қонақ үйінен түнгі серуеннен басым сынып шығып келе жатсам, «Мұқаң келе жатыр», – деп ел шулады да кетті. Біз субұрқақтың қасына тұра-тұра қалдық. Үстіне аппақ жейде киіп алыпты. Келді де, маған қарап:

Әй, сен өзі қайдасың?! – деді.

– Семейде…

Семейде?.. Абайды сабаған Семей сені тірі қоя ма? Қайт ауылыңа! – деді сөзін іле.

 Бір-ақ сөз. Кейін «мені қайдан біледі?» деп ойланып қалдым. Жазушылар одағына кейде шөлмек іздеп, не өлең тыңдауға барып тұратынбыз. Сол кезде көріп, есіне жаттап қалған екен.

 ШӘКІРТТЕРІМНІҢ АЛДЫ – ХАЛЫҚ ӘРТІСІ

Қазір кәрілерден үшеу ғана қалдық. Ең үлкені – Сәбит Оразбаев, одан кейін – Асанәлі Әшімов, сосын – мен. Әзірше алжыған жоқпыз. Қарттық өзі алжу үшін берілмесе керек. Балалармен қалжыңдасып, күліп жүріп жатырмыз. Шәкірттерімнің алды – Халық әртісі. Ғазиза Әбдінәбиева, Тілектес Мейрамов, Досхан Жолжақсынов деген секілді. Айтжанов Берік атты шәкіртім түрлі киноларға түсіп жүр. Мен режиссер қабылдамаймын. Қорқамын! Себебі, режиссерлердің дәуірі туып келеді. Менің ең сүйікті ісім – актер оқыту. Қазір 58 театрдың 38-інде менің шәкірттерім бар. Бақыт деген сол екен!

 СЕМЕЙДЕ ӨТКЕН 20 ЖЫЛ

 Қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы театрда режиссер болып жұмыс істеп жүр едім. Сол жылдары «Шұғаны», «Қашқар қызын» қойғанмын. Сосын мені іс-сапармен бір жылға Семейге жіберді. Семей зиялылары театрға қатты мән берген кез. Ол жақтың халқы сөз түсінетін, қалжыңбас, жылы жүзді боп келеді. Солай барған Семейде аттай 20 жыл, 1 күнге қалып қойдым.

 Ол кездері Н.Ә.Назарбаевқа бата берген Шәкен Әбенов, тағы өзге де шалдар тірі екен. Өңшең мықтылар. Бір күні Медеу Сәрсекеев «Бұл Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді үш алыптың жері. Абайдың еліне барып тағзым ету керек. Жұмысқа сосын кіріс», – деді. Мен келістім. Ол жаман бір «ГАС 59»-ге отырғызды да, бір шалдың үйіне алып келді. Әлгі шал плащ киіп алған, шөп лақтырып жүр екен:

Мынауың кім? – деді.

Театрдың жаңадан келген директоры, есімі – Есмұхан Обаев. Елді, жерді көрсеткелі алып келдім,– деді Медеу.

– Ел көретін кім ол сонша?

– Өзі Жетісудің баласы…

– Е-е, есекке мінген үйсін бе?– деді. Жақтырмайды өзі. Сөйтіп, Семейден кеткенше «есекке мінген» деген айдар тағып жүрдім.

 Барғаннан классикалық пьесаларға кірістім. Мұқаңның туындылары толықтай қойылды. Ол кісі кей жерлерде Шекспирден асып кеткен. Сосын Сафуан, Қалтай шығармалары қойылды. Бертін келе жас жазушылар конфедерациясын ашқанмын. Ол шақта драматургияға Оралхан, Нұрлан, Асқарлар келе бастады.

 Кетерімде «Бала Обаев боп келіп, шал Обаев болмай, дана Обаев боп кетіп барады», – деп Қайым Мұхамедханов ағамыз шығарып салды. Бір шабаданмен кетіп ем, бір камаз боп қайтып келдім.

Бір жылға барған Семейде жиырма жылға неге қалып қойды дейсіздер ғой? Махаббат деген нәрсеге алдын-ала тапсырыс беріп күте алмайды екенсің. Құдай ұрып, бір найманның қызына ғашық болып қалдым. Сосын шаңырақ көтердік. Екі баламның анасы, немерелерімнің әжесі, дүние салғанына он екі жыл болды. Сол он екі жылдан бері сол кісіні таңертең бір, кешке бір еске алып отырамын. Бар көрген жақсылығым, рахатым сол кісінің арқасында.

ЕРТЕҢ АЛАМ ДЕСЕ  ДЕ, ҚАРСЫЛЫҒЫМ ЖОҚ

 Өзім музыкамен ауырамын. Адамның ең жақын досы музыка болуы керек. Адам неге ыңылдағанда мауқы басылады? Адам күрсінсе, музыка да күрсінеді. Өнердің құдіреті – қарапайымдылық, дарын, отан! Соларлың ішінде бақытты боп шауып жүрміз. Құдайым қанша өмір береді, өзі біледі. Ертең алам десе де, қарсылығым жоқ. Біраз дүние көріп, бірталай іс тындырдық. Шамамыз келгенше қоғамымызға қызмет еттік. Зиян тигізген жоқпыз. Тілегіміз түзу. Күнде жатар алдында дұға қылып: «Уа,124 мың пайғамбар, 33 мың сахаба, құдіреті күшті Құдай, қолдай гөр, демей гөр, кеш… Еліме тыныштық бер, ұрпақ аман болсын, өнер мәңгі өмір сүрсін» деп тілесем, Құдайға дұрыс «заявка» бергендей көңілім тасып қалады. Тап бір Құдай тілегімді қабыл етіп: «Әй, осы неме жүре берсінші» дейтіндей.

ОРНЫҢНАН АЛУ ҮШІН ӨСІРІП ЖІБЕРЕДІ

 Семейден келген соң «Өнер академиясында» ректор боп қызмет еттім. Болайын деп болғам жоқ, мен Семейде жүргенде сыртымнан тағайындап қойыпты. Театртанушы, сыншы Әшірбек Сығай бір күні хабарласып, «Еркеғали Рахмадиев деген министрмен сөйлесесің», – деді. Сөйтсем, екеуі отырып ақылдасып, мені ректор етіп тағайындауға шешім қабылдаған екен. Мен де қарсыласқам жоқ.

Ол жерде маған таңсық жұмыс болмады. Әртіс, режиссер дайындау керек. Жоспарымыз кино саласын дамыту еді. Мен шамама қарамай, осы іске барынша атсалыстым. Екі институтты біріктіріп, «Театр және кино институты» деп атын өзгерттім. Осы шаралардың басы-қасында жүргеніме қуанамын. Солай төрт жыл, сегіз ай жұмыс істедім. Мені ешкім қуған жоқ. Ректордың орны біреуге керек болды, білем, мені жоғарылатып жіберді. Ол кезде орныңнан алып тастау үшін өсіріп жіберетін. «Министірдің бірінші көмекшісі боласыз», – деді Әшірбек.

 ҚҰДАЙ БАҚ БЕРГЕН ТЕАТР

 Қазір М.Әуезов атындағы театрдамын. Енді осы театрда жүріп аттанып кетсек арман жоқ… Бұл Құдайдың бағы қонған театр деп ойлаймын. Тап осы театр әртістерінде адам сыйлау, жауапкершілік, ұлттық болмысқа бойұру жақсы байқалады. Шетінен патриот, кәсіби білімдері жоғары, қадірлі адамдар. Бұл театрдың ең үлкен бақыты – режиссурадан жолы болғаны. Мәмбетовтей ұлы тұлға отыз жыл бір орында отырды. Театрды театр ететін – осындай режиссерлер. Кейінгі жылдары режиссура ақсаңқырап тұр. Жыл сайын шет жақтан төрт-бес баланы спектакль қоюға шақырып тұрамыз. Соңғы рет талантты, ақсақал режиссеріміз Нұрғанатты шақырып «Қобыландыны» қойғыздық. Неге екенін қайдам, бұрынғы «Қобыландыға» жетпейді. Сол пьеса, сол сахна, кесілген жері жоқ. Демек, актерлердің сезінуі аз ба екен, тәрбиеден қате жібердік пе деген ойлар келеді. Әйтеуір, бір сыры бар. Қазақстанның барлық театрында – осы проблема. Елу сегіз театрдың кез келгенін алып қарасаңыз да, режиссері мықты дегенін таппайсыз. Меніңше, режиссер болғысы келетін жастарды шетелдерде дайындау керек.

Шетел театрларына жиі шығып жүрміз. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Былтыр Лондондағы бірталай театрларды көріп, таң-тамаша боп қайттық. Жағдайлары өте жақсы жасалған екен. Техникалары жаңа, заманауи.

Жақында өзіміздің театрға жөндеу жұмыстарын бастағалы жатырмыз. Әуезов театры – тарихи ғимарат, сондықтан жөндеуді абайлап, ерекшеліктерін ескеріп жасамаса, құртып алуымыз мүмкін.

Дайындаған
Думан ТЕРЛІКБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір