Ел үмітін арқалаған Елдос
21.11.2019
834
0

«100 жаңа есім» жобасына жас жазушы, әдебиет зерттеушісі, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай ұсынылып жатыр екен. Шығармашылық кредосы –  шынайылық, өмірлік ұстанымы – Алаш заманы екен. Ол Алаш туралы жазғанда я айтқанда, бейне бір сол дәуірде өмір сүріп, Алаш қайраткерлерімен бірге  жүргендей жан-тәнімен еніп кетеді.

Елдос туралы айтпағымызды  даңғайыр жазушы,  кемеңгер қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің – Тахауи  Ахтанов туралы «Елден өткен ерек-ті» деген мақаласындағы мына бір эпизодтан бастағанды жөн көрдік. «Кремль ауруханасында операциядан дүние салған аяулы ұстаз Мұхтар Әуезовтің ауруханада жатып жазған ақтық хаттары «Қазақ әдебиетінде»  жарияланған. Олардың біреуі Ахтановқа арналған-ды. Сөйтсе, науқастанып жатып «Махаббат мұңын» оқып шығыпты. Алған әсерінің ізін суытпай әлгі хатты жазыпты. Онда: «Менде бір қуанған, сүйсінген ойлар ұдайы қатар жарысып отырды. Ол: сенің өзіме сонша етбауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, кең тынысты романыңның да («Қаһарлы күндерді» айтып отыр —  Ә.К.) кей бояуларынан «осы менімен туыстас-ау» деп ойлап жүруші ем. Кейде тіпті өз сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, риза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал ол өз жүрегіңе ұқсап соққан жан-тамырыңды жанбауырыңдай сезбеске шараң жоқ», – деген мойындауды ала отырып, «Мұхтар Әуезовтей ұлы оқырманды осынша үздіктірген автор болу қандай бақыт!» – деп тамсанады.

Бұл үзіндіні алғандағы айтпағымыз –  Тахаң секілді Елдостың да Алаш арыстары туралы мақалалары, кешегі қанқұйлы қасап заман туралы әңгімелері оқырманын өзімен бірге жылатып, бірге қуантып, өз әлеміне енгізіп алып кетеді. Елдос ғылыми деректерді адал, әділ, ширақ та дәл бере отырып, шұрайлы әдеби тілмен түсінікті жазады. Шындығында, бізге осындай түсінікті әдеби тілмен жазылған тарих керек. Ғалымдардың өздері «ғылым тілі» деп атайтын, өздерінен басқа түсіне бермейтін, тіпті, өз шәкірттерінің де, бәрінің бірдей санасына сіңбейтін жалаң дерек, қасаң тілмен жазылған еңбектерін бойымызға сіңіре алмай, өз тарихымызға бойлай алмай келеміз. Нақты оқиғаны Елдосша әңгіме түрінде  шұрайлы тілмен берсе, ана сүтіндей нәрлі болмақ. Сонда әркім де өз елін, өз тарихын шынайы түсініп, анасындай сүйеді. Өзгеге де сүйгізеді. Бұған дәлел – Италия, Грекия, Франция, Англия, Россия тарихын дүние жүзі біледі. Тарихты жеке адамдар жасайтынын ойға алсақ, тарих ғылымы ел жүрегіне сүйікті кейіпкерлері арқылы жол табады. Бала кезімізден «Ертедегі гректер» т.б. секілді кітаптарды бала ұғымына сай көркем әдебиет түрінде оқып, кейіпкерлеріне еліктеп, бойымызға сіңіріп өстік. Елдос, міне, тарихты елге кеңінен жеткізу үшін осы бір шүйгін жолды таңдады.

Қазақстан порталының «Адамзатпен сұхбат» атты өнегелі тұлғаны зерттеуге арналған ақпараттық жобасы өз жұмысын Елдос Тоқтарбаймен сұхбаттасудан бастады. Осы сұхбатта Елдос: «Жер бетіне сыймай кеткен Алаш арыстарын кеудеме сыйдырып, жүрегіме жерледім», – деп көзіне жас алғанда, мен де жанарымдағы жасқа ие бола алмадым. Сонымен бірге, Елдостың сөз саптауына, көсіле сөйлейтініне, жалықтырмайтын қоңыр дауысты шешендігіне  әбден риза болдым. Осы тұста әдеби жиналысқа қатысып, мінбеге шығып сөйлеген сөзінен білімдарлығы мен біліктілігін байқап, әдебиет жампозы – Тахауи Ахтановқа Елдостың тағы бір ұқсастығын таптым. Елдосқа және бір риза болатыным – санасының сергектігі, қандай да бір қате көрсе, басымен түсіп кетіп, «қолымдағы істі бітіріп алайын, содан соң кірісемін» демей, екі жұмысты қатар қолға алып, жол-жөнекей жөндеп отыратын ұшқырлығы.

 Елдостың «Баянжүрек жазулары» цикліндегі аңыз-әңгімелері керемет. Бұл – өрілімі өзгеше әңгіме түріндегі тарих екен. Мұны қызықты хикаят қана емес, этно-географиялық танымдық дүние десе де болады. Баян мен Сайынбөлектің қашпақ болып межелеген бағыттары – тау-төбе, сай-сала, өзен, көл. «Баян құлап өлген тау – Баянжүрек, ғашығы өлім құшқан асу – Сайынбөлек, Баянның әкесі Қапалдың қонысы – Қапал»  деген сияқты әңгіме түріндегі бұл тарих  – саяхатшыларға  жер атауы мен тарихи оқиғаны қызықты әңгімелеп беруі тиіс жол бастаушыларға да таптырмас құрал. Ал «Ақ қауырсын» бәйгесін алған «Киелі топырақ» әңгімесі қаралы қапас кезеңнің бейнесін көз  алдыңа мөлдіретіп әкелетіні сондай, қаша көшкен жұрттың жол азабын көтере алмай қайтыс болғандарын ақ жуып, арулап жер-ана қойнына тапсыруға да мұршасы болмай өзенге ағызып жібергені, оқырманын оқиға ортасында жүргендей әсерлендіреді.

     Елдостың ғалымдығын – А.С.Пушкиннің: «Халықтың тарихы айналып келгенде ақынның үлесіне тиеді» дегені мен «Ақын және ғалым ұғымдарының аражігі кеше ғана ажыратылғанын неге ұмыта береміз», – деген Олжастың пікірімен шегендесек болады.  Ғылымға да, тарихи деректерге де адалдығына тәнті болдым. Хамитбектің поэмасын арашалап, қасиет-киеміздей Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегіне қиянат жасатпаған талапшылдығына тәнті болдым.

Елдостың  Алаш заманына осынша ден қойып, Ахаңның: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзін бағдаршам етіп алып, кешегі тарихты бүгінгі жастарға, келешек ұрпаққа ұлттық идеологияның алтын діңгегі ретінде мұртын бұзбай, шашпай-төкпей, дүмбілез бұрмалаудан аршып алып, қаз-қалпында жеткізу үшін жанкештілікпен еңбектенуіне нендей мойын бұрғазбас күш түрткі болды екен деп жүретінмін. Ойымдағы осы сұрақтың жауабын Елдостың  «Сөз сәуле» кітабынан таптым. Мұнда ол: «Менің жүрегіме ерекше әсер еткен бір оқиға – Алаштың дегдары, қадірлі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген киелі Сартүбек атырабы, Ақкөл ауылына барғаным еді. 2013 жылдың мамырында  ұстазымыз Айбек Қалиев Міржақып Дулатов атындағы бірлестік мүшелеріне арнап Арқалық – Амангелді – Торғай – Ақкөл – Қарасу бағытында экскурсия ұйымдастырды. Басты мақсат – АркМПИ-на студент тарту, мектеп бітіруші түлектерге  үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Қасиетті Ақкөлге барып, Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйге кіріп, бабалар қорымына тағзым еттік. Дегдардың балалық шағы өткен қоңыр мекен – Сартүбекті тамашалап тұрған сәтімізде: «Ал, балалар! Ұлы Ахаң дүниеге келген топыраққа аунаңдар. Қазақтың бір жақсы ырымы – бұл!», – деді. Жігіттер жағы аунап-қунап, жақсылыққа баладық. Саф алтыннан қымбат бір уыс топырақты құтыға салып алған  едім, анда-санда бас ауырып, балтырым сыздағанда, матаға салып, сипап қоямын. Ұлылар еліне барып келген соң, ұстазым: «Елдос, Ахаң туған топыраққа аунадың! Енді Алаш аманатына адал бол!», – деп ізгілік жолына салған-ды. Алашты тану, Алаш мұрасын зерттеу осылай басталған-ды. Бұл – қабылан азаматтың ақ жолды нұсқаған шағы еді», – дейді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегеннің айқын үлгісі осы болса керек-ті.

 Елдос Тоқтарбай – соңғы жылдары республикамыздағы түрлі жоғары оқу орындары мен колледж, мектептерге, Ұлттық әскери құрамдарға Қазақ тарихы,  Тәуелсіздік тағылымы туралы лекция оқып, қоғамдық ортаға ұлттық сананы сіңіріп, мемлекеттік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген жазушы, зерттеуші, қоғам белсендісі.

Кешегі Алашшылар отызға жетпей-ақ орда бұзып, қырқында қамал алды. Қазақ елі үшін қанша іс тындырды. 

Қорыта айтқанда,  Елдос Тоқтарбай «100 жаңа есім» жобасының ақжолтайы болуға әбден лайықты.

Зәмза ҚОҢЫРОВА,

Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі         

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір