Әлмеректің қара ошағы
12.11.2019
1140
0

Адамзат ұстаздық үлгі-өнегесі үшін сыйлайтын бірнеше іргелі мәдениет бар. Солардың бірі – Египет мәдениеті (б.э.д. 5-інші мыңжылдық – б.э.д. І ғасыр). Египеттіктер антикалық гректерді де көп нәрсеге баулыған, олардың өмірінің, тұрмыс-тіршілігінің жаңа сапаға өтуіне ықпал жасаған. Платон өзінің «Тимей» аталатын диалогында бұл жағдайды мынадай ыммен байқатады. Египеттің Саис аталатын жерінен келген абыз (орысша жрец) грек билеушісі Солонға «Иә, Солон, Солон, эллиндер, мәңгі бала күйінде қалатын шығарсыздар, араларыңда ақсақалдарың жоқ!» дейді. Сонда Солон «Сен неге олай дейсің?» – деп қарсы сауал тастайды. Сонда абыз: «Сендердің ақыл-ойларың бозбаланың ақыл-ойындай, өйткені, сендерде ілгері замандардан бері сақталып, рудан руға, атадан балаға өтіп, көненің көзіндей сақталып жеткен байламды өсиет сөздер жоқ екен», – дейді (Платон. Собр. соч. в 4 т. М., 1994. Т.3, с.426.).

Ал егер осы Платон айтқандай, кемел­ді­лік­тің өлшемі болған көненің сөзін сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мәдениеті бізде қашаннан бар еді? Қытай ғалымдары даярлаған «Ежелгі Үйсін елі» аталатын кітапта қытай елінің елшісі Жан Чян Ғұн елінде тұтқында жүргенде, оларға көрші үйсіндер жөнінде дерек жинайды. Сонда естіген бір әңгімесін келтіреді. Үйсіндер билеушісін «күнби» атаған. Сол тұстағы Елжау бидің әкесі Нәнду би билеп тұрғанда көрші жұрт төтеннен шабуыл жасап, күнбиді өлтіреді. Жас нәресте Елжау күнбиді Бозоқ Ябғұ деген кісі жаудан алып қашып, қалың шөптің арасына апарып жасырып қойса керек. Бозоқ ябғұ балаға тамақ алып қайтып келсе, «оны көк құртқа емізіп», ал үстінде ет тістеген қарғалар… төңіректей ұшып жүр екен. «Бозоқ Ябғу бұл көргенін киенің құдіретіне жориды. Ғұндардың билеушісі жас күнбиді ержеткенше қамқорлығына алыпты. Кейін ержете келе Елжау би әке­сі­нің жұрты үйсіндерге ие болады. Бұл оқиға шамамен б.э.д. ІІ ғасырдың кейінгі жартысына тән (Ежелгі Үйсін елі. Үрімжі, 2005, 13, 31-б.).

Абыз тұлғасының өте көне тарих қойнауында қалыптасып жетілген түрін танып білмей, бүгінгі абыз ұғымының түп мағынасына дендей алуымыз екіталай. Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға ғана абыздық деңгейге жете алған. «Ежелгі Үйсін елі» деп аталатын ғылыми еңбекте Абыз туралы аз болса да саз, өте сирек дерек көздері ұшырасады. Осы кітаптың 271-бетінде «Үйсін елінің билік жүйесі» деген тақырыппен берілген Үйсін мемлекетінің мемлекетті басқару пирамидасындағы ең негізгі 9 сатылы қабат­тан тұратыны, яғни оларды 15 лауазымды ұлық бірлестігі ең биік бүкіл мемлекеттік билік орындарын меңгеретіні жазылған. Бірінші орында тұрған ең биік шешуші орын – елбасы, яғни ол Күнби деп аталады, 2- Дулы (дұғлу) – бас уәзір, 3 – қолбасы, 4 — тайпа басшылары, 5 – Дарту яғни бас жасауыл, 6-шы орында – Абыз (бас бағамдар) 2 адам тағайындалған, 7-Ұлыс бегі, 8-Орда бегі, 9-Атқосшы (әмір сарбазы). Тоғыз дәрежеге бөлінген өкіметтік ұйымды орталықтанған 15 ұлық бірлігі меңгеріп, басқарып отыратын болған.

Осы билік иелерінің ішінде абызға қоғам өмірінің дүниетанымдық, идеоло­гиялық өміріне басшылық ету тапсырылуы себепті, абыздардың өзі өзара «Бас ақылгөй абыз», «Санаткер абыз», «Төреші абыз» деп аталып, олар өздеріне тиісті салаға басшылық еткен. Бас ақылгөй абыз – Күнбиге кеңесші ақылгөй болумен бірге көріпкелдік қасиетке ие еді. Өнер иесі, қоғам­ның келешек тағдырын барлап, қан­дай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз табиғаты шамасы синкретті өнер атаулының бет алысын, даму жолын танып білу жолында бойына біткен өнер­дің күшімен қалың үйсін елінің рухани ұйытқысына айналып, қауымын күнби саясатының маңына сүттей ұйытып отыруға ұмтылған. «Төреші абыз» – қоғамның заңдылығына жөн сілтеп, төрешілік етіп отыруына қарағанда, қазақтың атақты билерінің түп төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан негіз алғанын аңғаруға болады. Әрине, бұлардың бәрі де тәңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп, қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар берсе керек. Өйткені қоғам мүшелерін рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру міндеті қоғамның саяси-әлеуметтік мүддесі үшін шешуші әрі басты парызы ретінде саналған.

Міне, осы кітаптағы Н.Мыңжани жазған мақалада б.э.д. ІІ-І ғ. тән Үйсіннің күнбилер әулетінің шежіресі берілген. Олай болса, бұл келтірілген фактілер жоғарыда аталған тарихи мезгілде үйсін елінде көнеден жеткен сөз. Оны түсінген ақсақал да, оны хош алып қабылдаған жас ұрпақ та, жас ұрпаққа қамқорлық жасай білген үлкендер де болған. Осындай дәстүр болмаған күнде, әрине елде өсіп-өну де болмайтындығы хақ.

Ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуіріндегі тарих, шежіре айту дәстүрі үзіліссіз орта ғасырларға, одан жаңа заманға да келіп жетті. Ал бүгін біз сол шежіре және ауызша тарих айту дәстүрінің жаңа сапаға өту кезеңіне куә болып отырмыз. Н.А. Аристов қазақ этникалық құрамына арналған еңбегінде ботпай руының биі Диқамбай батыр (1876 ж. қайтқан) даярлаған шежіреде Адам-атадан бастап 54 буынның аттары аталатындығын келтіреді (Труды по истории и этническому составу тюркских племен. Бишкек, 2003, с.10). Бұған қарағанда, біз, әрине египеттік абыз айтқан балалық шақпен ілгері замандарда-ақ қоштасқан сияқтымыз. Дегенмен көне көздердің әңгіме, шежіре айту дәстүрі бүгінгі күні де төл тарихымызды жазып, тура түсінуге септігін тигізіп келеді. Ұлт тарихының ерекшелігі де оның осы саладағы дерек көздерінен байқалып тұрғандығы анық.

Ел арасында сақталған деректе Әлмерек абыз бата сұрап келген Райымбек батырға «Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, Ақ сақалым төгілді, ет жүрегім сөгілді. Атаң ардақ Хангелді, тартып туыпсың қасиетті атаңа бәрекелді!» – деп бата береді.

Әлмерек абыздан Жәнібек, Жәнібектен Байсейіт, Байсейіттен – Пұсырман, Пұсыр­маннан – Тазабек. Пұсырман – Тазабек 1846 жылы генерал Вишневский ұйымдастырған белгілі Лепсі кездесуіне Ұлы жүз билеушілері қатарында қатысады. Ал Шоқан Уәлиханов Қашқария сапарында осы Тазабек бидің үйінде болып, дәм татқан.

Албан Әлмерек абыздың жатқан жерін табуға қол ұшын берген – Дінмұхамед Қонаев. Ол жөнінде Димекең жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаевқа мәлімет берген. Төлен Қаупынбаев қарапайым халық әулие тұтқан Әлмерек абыздан қалған 350 жылдың тарихы бар мыстан құйылған қара ошақты да тапқан.

Елінің іргесіне жаудың табанын тигіз­беген, халқының абыройын асырған айбар­лы Сырымбет батыр тоқсан үш жастан асып барып дүние салыпты. Сонда да батырдың азалы қайғысына күллі ел күңіренеді. Бұл тұста бет-беделі мығымдалған, абыройы асқақ, ауызы дуалы қариялардың данасы саналатын, абыз атанған Әлмерек бидің де сексенге қадам басқан шағы екен. Жан серігінен, сырлас-мұңдас жанашырынан айырылу бұл кісінің де қабырғасына батады.

Сырымбет ауылына көңіл айта келген Әлмерек абыз! О, жұртым, асқар таудай айбарлы Сырымбет батыр енді бұл дүниеде жоқ. Бірақ елдің көкейінен оның айбаты өшпейді. Қарама, жұртым, мөлтеңдеп. Аттың орнын тай басады. Ердің жолын ел қуады, даңқын сақтайды. Сырымбет батырдың тұяғы мұқалған жоқ. Ханкелді шырағым, елдің арқасүйер белі енді өзіңсің. Еліңді мөнді-мөнді етпе! Әкеңнен көргенің, үйренгенің бар. Жебеңнің оғын жон, еліңді сақ күзет, Құдай жебесін! Әлмерек абыз енді Ханкелді батырдың өзіне бұрылады. Е, шырағым, өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ. Ер өтеді, ел қалады. Қалған елді өксітпей, берекесін сақтайтын – ер. Қалың еліңнің ендігі қорғаны өзіңсің. Тас бас, асқар ас, маңдайың күнге күйсін, пайдаң елге тисін! Сонда елің Сырымбеттің сипатын сенің бойыңнан, ойыңнан тапсын. Әке жолын ту қып ұста! (Бабалар сөзі. Жүз томдық. — Астана: «Фолиант», 2012. Т. 87. Тарихи аңыздар. 37-38 бб.).

Мәмбет Қойгелдиев,

ҚР ҰҒА-ның академигі,

тарих ғылымының докторы

 Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің профессоры.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір