«Үш бәйтерек мұраты»
04.10.2019
1125
0

Қазанның 3-і күні «Ғылым ордасы» РМҚ Орталық ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына арналған «Үш бәйтерек мұраты және әдеби дәстүр сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
   М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған тағылымды шараға Мугла Сыткы Кочман университетінің (Түркия) профессоры, доктор Мехмет Нажы Онал және отандық ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушы-профессорлар, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері қатысты.

    Ғылыми жиында сәкентанушы-ғалым Күләш Ахмет («Сәкен Сейфуллин мұрасының зерттелуі»), филолог-ғалымдар Серік Асылбекұлы («Қазақ әдебиетіндегі модернизм және постмодернизмнің туу, даму және қалыптасу кезеңдері»), Айгүл Ісмақова («Алаш әдебиеттануы мен поэзиясындағы Ілияс Жансүгіров орны мен рөлі»), Нұрдәулет Ақыш («Бейімбет Майлин прозасындағы суреткерлік ұстанымдар»), Светлана Ананьева («Новые переводы поэзии Сакена Сейфуллина и Ильяса Жансугурова на иностранные языки, как фактор продвижения казахской литературы в мире»), өнертанушы ғалым Амангелді Мұқан («Үш бәйтерек және қазақ ұлттық театры»), фольклортанушы Дүйсенгүл Жақан («Сәкен Сейфуллин және фольклор»), PhD докторант, жазушы-драматург Әлібек Байбол («Бейімбет Майлин драматургиясындағы конфликт мәселесі»), гуманитарлық ғылымдар магистрі, әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы («Ілияс Жансүгірұлы шығармашылығының көркемдік поэтикасы») баяндама жасады.

 Жиын соңында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің әдеби мұрасын зерттеуге зерттеуші мамандардың, оның ішінде, жас ғалымдар назарын жіті аудару, шет тілдеріне аудару және ғылыми әрі публицистикалық, көркем шығармаларын халық арасында кеңірек насихаттау мәселелері сөз етілді.

Айнұр АХМЕТОВА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір