Ғылым, білім, өнерді бірдей ұстап…
30.10.2019
1594
2

Елінің тарихын түгендеуге, мұрасын әспеттеуге, дәстүрін жаңғыртуға мол үлес қосып жүргендердің бірі – Құныпия Қожахметұлы Алпысбаев. Ол ғалымға лайық парасатты, ұстазға тән ұлағатты, азаматқа жарасатын абыройлы ғұмыр кешіп келеді. Пікірі байыпты, сөзі байсалды, бітімі биязы азамат ортасында сыйлы, ұжымында беделді. Өйткені ол – өнеріміз бен мәдениетіміздің, руханиятымыз бен ғылымымыздың кәсіби деңгейде дамып, өркендеуіне бек мүдделі тұлға. Бекем пікірлі, бекзат бітімді, ұстанымы орнықты, тұрғысы тұрлаулы осы бір жанның сыншылығы, ұстаздығы, шығармашылығы, өнерпаздығы, ағартушылығы хақында айтылар жарасымды әңгіме көп. Ондаған қалың кітап, жүздеген ғылыми мақала, бұқаралық ақпарат құралдарындағы танымдық, тәрбиелік тақырыптағы сандаған материалдар да құнды ойға, қисынды пікірге, азаматтық ұстанымға толы. Демек, қайраткер тұлғаның сындарлы еңбегін, терең тағылымы мен ұлағатын тереңірек талдаудың зәрулігі мол. Асылы, бағасын білгенге бұл аз байлық емес. Қазақ ғылымы мен білімінің, әдебиеті мен өнерінің соңғы жарты ғасырдай тарихы Қ. Қожахметұлының еңбек жолымен шендесіп жатыр. Шендескенде қандай…

1965 жылдың 22 желтоқсанында «Қазақс­тан пионері» газетінде басылған «Біз Отанның ұланы» атты сөзі мен әні, нотасы бар өлеңінен басталған шығармашылық жол өз өрісін тап­­ты, бағытын анық айқындады. Осы орай­да жалықпай өнерін шыңдаған, білімін жетілдірген жас талапкер елге кеңінен танылды, Талай мәрте байқауларда топ жарып, жүлделі болғаны рас. Бозбала шағында босағасын аттаған Қазақ Ұлттық университеті талапты жасқа деген қамқорлығын аяған емес. Әдебиет пен өнерге жаны жақын студент сұңғыла ұстаздарының назарына ерте ілікті. Жас маман жоғары оқу орнының оқытушысы болып қабылданған сол 1974 жылдан табан аудармай туған университетінде отыз жылдан астам жемісті еңбек етті. Сенімді ақтау үшін жанын салды, барын берді, аянбай ізденді. Ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Доцент, профессор атанды. Деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Республикада алғашқы болып ашылған «әдеби шығармашылық» және «көркем аударма теориясы» сияқты мамандықтардың сапалы оқу-әдістемелік кешендері мен бағдарламаларын дайын­дауға бас болды. Он жылға жуық мең­герушілік қызметінде жаңа кафедраның қалыптасуына, өркендеуіне аянбай қызмет етті, кәсіби деңгейі жоғары ұжым құрып, білікті шәкірттер тәрбиелегені көпке аян. Кафедраның ғылыми бағытын айқындауға, әдістемелік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі мол Құныпия Қожахметұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті қызметкері ретінде тарихи құжатта тіркелген. Бұл деректі университет Жылнамасының 139-бетінен таба аласыз. 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінен арнайы шақырту алып, онда 2011 жылға дейін кафедра меңгерушісі, профессор болып абыройлы қызмет етті. 2011-2014 жылдары арнайы шақырылып, жаңадан құрылған Халықаралық Түркі академиясының бөлім бастығы болып істегені, еларалық ұйымның қалыптасуының басы-қасында жүріп, көптеген игілікті іс тындырғаны елге мәлім. 2014 жылдан ЕҰУ-нің профессоры ретінде жемісті еңбек етуде..

Өлең жазудан басталып, өлеңтануға ұласқан, одан тұлғатануға жалғасқан жарты ғасырлық ғылыми шығармашылық ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі мол. Ол ұзақ жылдар бойы сөз өнерінің зәру, ділгір, көкейкесті мәселелерін жүйелі түрде, кешенді сипатта қарастырудан ажыраған емес. Күні бүгінге дейін ізденістерін жалғастыруда. Әдеби құбылыс пен тұлғаның табиғатын тап басып тану, тапқанын заңдылықтармен шендестіре отырып қисынды қоныммен, дә­лелді тұжырыммен саралау – ғалымның өзіндік мәнері мен машығы. Ғылыми ұстаны­мындағы тұрақтылық пен тұтастықты да атап көрсетудің қисыны бар. Еңбектеріндегі ой сабақ­тастығы, пікір жалғастығы, ғылыми-теориялық ықпалдастық сияқты аса маңызды сипаттар туралы арнайы айтуға негіз мол. Өнер өлкесінде өзінің орындаушылық мәнері мен мәдениеті, күйшілік білігі мен қарымы қалыптасқан, музыкалық дайындығы бар әмбебап маманның қазақ әдебиетіндегі өнер тақырыбының игерілуі мен бейнеленуіне назар аударғаны әрі орынды, әрі игілікті қадам болды Жас ғалым осы төңіректегі ізде­ністерін тереңдетіп, кластерлік зерттеулерге бет бұрды. «Ән салсаң Әсеттей сал әуелетіп» (1976), «Күмбірлесе қоңыр күй» (1977) сияқты мақалалардан басталған ізденіс «Ән әуені, әнші әлемі» (1986), «Әуезов және ән» (1987), «Ән мен күй тоғысы» (1987), «Әуезов шығармаларындағы өнер тақырыбы» (1997), «Өлең мен өрнек» (2000), «Сәкен және сұлу саз» (2004) атты іргелі зерттеулерде жалғасты. Зерделі зерттеушінің көптеген теле­ха­барлар мен радиохабарларда өнер мен әдебиеттің сабақтастығы жайлы айтқан сүбелі ойлары мұрағаттарда сақтаулы, бүгінгі күннің игілігіне әбден жарамды. Тек іздеушісі болсын. Ғалымның тағы бір мұқият қарастырған ғылыми нысаны – қазақ поэмасының жанр­­лық табиғаты, көркемдік бітімі, даму үрдістері сияқты теориялық мәселелер. Осы бағыттағы «Поэма және сюжет» (1979), «Поэма және характер» (1983), «Қазіргі поэма өрісі» (1985), «Қазіргі қазақ лирикалық поэмасы» (1989). «Поэма кейіпкері – Райымбек батыр» (2006) атты көлемді зерттеулері ішкі бірлігімен, мазмұндық тұтастығымен, ғылыми теориялық әлеуетімен ерекшеленіп тұрғанын атап айтқан жөн. Ойға пікір қосу, қазақтың сөзін ұрпақ санасына жұғысты ету, ғылыми зердемен сараптау аталмыш басылымдардың құндылығын арттырып тұр.

Ғалымның үңіле зерттеген, сарыла қарас­тырған тағы бір ғылыми арнасын – «қазақ әдебиеті және тарих» деп жалпылай белгілеуге келер. Жүйелі көзқарас, кластерлік талдау негіз болған бір шоғыр зерттеулер әрі нәтижелі, әрі құнды. «Тарих және жазушы» (1998), «Тарихи шығарма: таным және көркемдік» (1999), «Поэзия парасаты» (2006), «Сөз нұры» (2011), «Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым» (2016) атты монографиялар – жоғары оқу орындарында кеңінен қолданыста жүрген, ғылыми ортада лайықты бағаланған әдебиет тарихы туралы зерттеулер. Қазақ романдарын тарихи туынды немесе тарихи тақырыпқа арналған көркем шығарма деп жіктеуі қолдау тапты, кейінгі зерттеулерге бағыт сілтеді.

Көркем шығарма мен әдеби үдерісті зерттеудегі ғылыми ұстаным, деректі ақпарат пен қисынды дәйекке деген ерекше ниет пен ықылас, шығармашылық тұлғаға деген зайырлы ынта мен құрмет – Қ.Алпысбаев еңбектерін ерекшелеп тұратын сипаттар мен қасиеттер. Осының айқын мысалы – «Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым» атты 2016 жылы жарық көрген зерттеу еңбегі. Монография ауқымды мазмұнымен, анық мақсаты және міндеттерімен, қисынды құрылымымен ерекшеленіп тұрғаны анық. Кітаптың төрт тарауының атаулары көп нәрседен хабар бергендей. Алғашқысы – «Тарихи тақырып: дәстүр және жалғастық», екіншісі – «Тарихи тағдыр: сюжет, образ және идея» деп аталған. «Тарихи таным; уақыт, кеңістік және адам» деген үшінші тарауды ғалым жаңа әдеби категорияларды қоса отырып алғашқыларымен сабақтастырған. «Тарихи тағылым: көркемдік және шеберлік», аталған соңғы тарау басылымды тұтастырып тұрғаны сөзсіз. Автордың зерттеу тақырыбын дәл таңдаудағы өресі, ғылыми теориялық берік ұстанымы, өнрелі ойы, тұжырымды толғамы мен дәйекті байламы да құрметке лайық. Оған қоса өзіндік қолтаңбасының шынайылығы, тұжырымдарының ұғымға сіңімді, санаға жұғымды екені байқалады. Әріптесі мен оқырманының санасын сілкінтіп, сезімін серпілтетін, ғылыми ойды даму мен кемелденуге бағыттайтын мұндай зерттеулер – іргелі ғалым үшін де, ынталы жас үшін де бағалы ақпарат көзі, қызықты пікірлер бастауы екені даусыз.

ХХ ғасыр ұлттық әдебиеттер арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға ерекше серпін бергені мәлім. Әдеби-мәдени байланыстарға кең өріс ашылды. Әдеби компаративистика іргесін бекіте бастады, өйткені сөз өнеріндегі ауыс-түйістердің қазақ әдебиетінің дамуы, толығуы, молығуы үшін маңызды екені мойындалды. Елдер мен ұлттар арасындағы интеграцияның ішкі, сыртқы түрлері нығайды, осы бағыттағы үдерістер жүйелі, жоспарлы сипат алды. Осы мәселелерді зерттеуге белсене араласқандардың ішінде Қ. Алпысбаев та бар. «Манас жыры қазақ ғалымдарының зерттеуінде» (2006), «ХХ ғасыр басындағы қазақ-татар әдеби байланыстары» (2012), «Ғ.Ибрагимов және қазақ әдебиеті» (2011), «Түркі мұрасы және қазіргі қазақ әдебиеті» (2011), «Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі» (2011) сияқты сындарлы зерттеулердің ақпараттық ауқымы, ғылыми-теориялық деңгейі айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар «Абай дәстүрі және Ғ.Мұстафин», «Абай және Ғ.Мүсірепов», «Абай мұрасы және Ж.Кәрменов», «М.Әуезов және Ш.Айтматов» сияқты мақалаларда әдеби байланыстың ішкі, сыртқы түрлері орнықты пайымдалған. Ғалым Татарстанда, Башқұртстанда, Түркменстанда Түркияда, Қытайда, Қырғызстанда, Әзербайжанда, өткен ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Шетелдік әдебиетшілермен тығыз шығармашылық байланыстағы ғалым әлі де талай компарати­вистік зерттеулер ұсынатынына сенім мол. Жаратқан ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз.

Қ. Алпысбаевтың ғылыми-методикалық еңбегі де арнайы сөз етуге лайықты. Ол әдіс­кер, ұстаз ретінде республиканың орта мектебінің мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына кеңінен танымал. 1991 жылы жарық көрген «Көркем шығарманы жанрлық жағынан талдай оқыту» атты оқу-әдістемелік басылымдағы әдістемелік ұстанымдар «Көркем шығарманы талдау жолдары» (1995), «Көркем мәтінді әдеби талдау» (2011) сияқты оқу құралдарында ауқымын мейлінше кеңейтті, жаңа амал, тәсілдермен толықты. 2008 жылдан бері республика оқу орындарында кеңінен қолданылып жүрген «Қазақ әдебиеті» кітабы да осы басылымдардың қатарында. Ғалым-ұстаз жалпы білім беретін және арнайы орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті оқулығын әзірлеуге белсене араласуда. Ол 7, 10, 11 сыныптарға арналған оқулықтарды дайындаған авторлар ұжымына басшылық жасаған. Ғалым жоғарғы білікті мамандар дайындауға да үлес қосып жүр, оның ғылыми жетекшілігімен тоғыз кандидаттық диссертация сәтті қорғалған. Докторанттары мен магистранттары тағы бар.

Ғалым танымдық ақпаратқа бай энцикло­педиялық мақалаларыменде көпшілікке жақсы таныс. Әдеби портрет жасауға да шебер. Дулат, Махамбет, Мәшһүр Жүсіп, Садықожа, Шарғын, Таңжарық, Үмбетәлі ақындар туралы мақалалары сәтті шыққан. «Алаштың ардағы» (2006) атты жинақтағы Төле би, Тауке хан, Кенесары, Құрманғазы, Шоқан, Ә.Бөкейханов, Әміре, Ә. Қастеев жөніндегі мақалалар өте құнды. М.Мақатаев, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, И.Байзақов, Б. Тышқанбаев, Д. Рақышевтің шығармашылық портреттері тың дерек пен соны пікірге бай.

Жақсы шәкірт болғаннан жақсы ұстаз шығады дегенді тағы бір қайталау қажет болып тұр. Құныпия Қожахметұлы өінің ұстаздары Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Х.Сүйінішәлиев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, З.Ахметов, М.Сер­ғал­иев, Р.Нұрғалиев, А.Сейдімбек жайында жазған жүрекжарды естелік-эсселері үлкен құрметке, сырлы сезімге толы.

Ол – ҚР білім беру үздігі, ЖОО-ның үз­дік оқытушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Диалог Евразия плат­формасының мүшесі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, Ұйғыр ауданының құрметті азаматы, Құлжа педагогикалық университетінің құрметті профессоры.

«Құрмет» орденінің, «Күлтегін» медалінің, «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі. Басқа марапат, алғыстары да аз емес. Демек, ғылыми еңбектерінің тағылымы, ағартушылық қызметінің ғибраты, азаматтық ұстанымы да көңіл тоярлықтай осы тұлға қандай құрметке де лайық.

 Темірғали ЕСЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы,

 әл-Фараби атындағы Қазақ

Ұлттық университетінің

 профессоры

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 31.01.2024 | 16:18

Керемет жан еді,ағамыз жүрегім астан кестен болып отыр. Бұгін міне өмірден өткенін естіп…
Едіге бауырым бақыл бол!!! Ақбөпе жеңгеме де ауыр ,әр не бірге бала шаға жақсылығын бөлісіп жүрсе … арман ұанша … жақсы адамның артында ,жақсы ұрпақ қалды .. аман болсын. !!!!

Аноним 31.01.2024 | 21:19

Профессор Темірғали Есембековтің мына жазбасын оқыған сайын қайран Құныпияның тірі бейнесі, оның адамдық кішпейілдігі тебіндеген кісілігі мен кіршіксіз дос-адамдығы жадымыздан шыға қоймас деп пайымдаймыз! Топырағың торқа болсын жан досым!!!
Тәкен Молдақынов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір