Қара өлең, қасиетіңнен айналайын!
28.10.2019
1745
0

Қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне (ағылшын, орыс, испан, қытай, араб, француз) аудару жобасы жалға­суда. Өткен аптада қос томдық антоло­гияның орыс тіліндегі нұсқасы Мәскеуде, одан ілгеріде жоба аясындағы жүздесулер Францияда, Англияда, Еуропаның өзге де елдерінде өткенін айтқанбыз. Бүгін белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының пікірін ұсынып отырмыз.

«Тебінгінің астынан ала да балта суырысып, Тепсінісіп келгенде тең атаның ұлы едік, Нәсібеңді артық етсе Тәңірі етті!» деген бе еді, кешегі бекзат бабалар. Басқа басқа сол абзал шерілер басқадан маңдайындағы бағындай тандайындағы сөзі бір елі де пәс емес екенін анық анғарып еді-ау! Міне, бүгін қазақтың осынау асыл сөзі Әлем төрінде салтанат құруда. Адамзат қазынасына қосар қазақ деген ғазиз халықтың да өз гауһары, сөз жауһары бар екенін әйгілеген әдемі сәтті бастан кешудеміз. Қазақ қаламгерлерінің асыл сөзі мен қара өлеңі әлемнің алдыңғы қатарлы алты тіліне бір мезетте аударылып, кітап боп басылып таратылып жатыр. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, президент көмекшісі Аида Ғалымқызы кеше ғана Мәскеудегі қазақ елшілігінде өткен аталмыш аудармаға байланысты қазақ қаламгерлерінің жарыққа шыққан кітаптарының тұсау кесерінде бұл кітаптар бес құрлыққа, 90 мемлекетке тарайтынын және шамамен екі миллиард жеті жүз мың адам осынау шығармалармен таныса алатынын айтты. Құдай-ау, бұл бұрын-соңды болмаған Рухани оқиға емес пе! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастау алып президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жалғасын тауып жатқан қазақ халқы сөз өнерінің екінші тынысы, екінші ғұмыры басталғандай әсердеміз. Ата-баба арманы, ата-баба мұраты тұғырға қонған қарқаләзи сәтке куә болдық. Қара Жер жаралғанда, қара Жердің бетінде Адам Ата жаралғанда он сегіз мың ғаламға айтар қазақ баласының даты бар еді. Қазақ бүгін сол датын айтуға орнынан тұрған секілді…

 МАРАЛТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір