Жолдау — жетістікке бастар жол
18.10.2019
1153
0

Мәдениет қызметкерлерін қолдау.

Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.
Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас ма­ман­дар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуалдың салдарынан осы кәсіптің беделі түсіп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерле­рінің еңбек­ақысын көбейтуі
тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салала­рын­­дағы міндетті әлеуметтік жеңіл­діктер мәде­ниет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

(Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
Қазақстан халқына Жолдауынан)

Роза КАБИЕВА, Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ОҚЫРМАНЫ КӨП КІТАПХАНА – РУХАНИЯТ ТІРЕГІ

Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Алматы қаласы Орталықтанды­рылған кітапхана жүйесі ұжымының қызмет­керлерінің арасында қызу талқыланып, пікірлер ортаға салынды.

Жолдауда Мәдениет қыз­мет­кер­лерін қолдау турасында және мәде­ниет саласындағы кітапхана қызмет­керлеріне жеткілікті түрде көңіл бөлін­бей отырғандығы жайлы айтылды.

Нақты айтсақ, соңғы жылдары кітапханашылардың ең­бекақысының мүлдем көбей­мегендігі, осыған байланысты жас мамандардың осы ма­ман­дыққа деген сұраныс­тары­ның төмендеуі кадрлардың тап­шы­лығына әкеліп соғатыны анық.

Қасиетті қазынамызды көз­дің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітап­ханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық ие­ле­рі. Кітапханашылар білім-ғылымның, өнер мен мәде­ниет­тің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге ай­на­луы­мыздың негізін қалау­да. Кітапханашылар қауымы – бар­лық жұртшылық үшін рухани жаңалық, жаңа леп, жай­саң көзқарас жаршысы. Адам­заттың дамуы барысында қалыптасқан ақыл-ойын, рухани жетістіктерін жүй­е­лі түрде жинақтап, сақтау мен оны халық игілігіне жаратуда кітапхана қызметкерінің үлесі зор.

Болашақта біздің мамандық­тың беделі артып, 2020 жылдан бастап еңбекақымыз көбейеді деген үміттеміз. Бұл – Пре­зидент Қасым-Жомарт То­қаев­тың елдің руханиятын тү­лету үшін жасаған маңызды қадамы. Себебі, кітапханасы бай, оқырманы көп елдің болашағы зор. Мәдениеті төмен елдің, экономикасы да дамымайды.

Қазіргі уақытта «Алматы қаласының Орталықтан­ды­рыл­ған кітапхана жүйесі» 25 кітап­ханадан тұрады. Олардың қатарына А.П.Чехов атын­дағы қалалық орталық кі­тап­­ханасы, Жамбыл атындағы қала­лық жас­өспірімдер кітап­ханасы, С.Бегалин атындағы қала­лық орталық балалар кітап­­ханасы және 23 кітапхана фи­лиал­дарының ішіне И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасы, Қазақстан жазу­­­шылары кітапханасы, 13 көпшілік және 7 балалар кітап­ханасы кіреді.

ОКЖ кітапханаларының материал­дық-техникалық база­сының нығаюы үшін, пай­даланушының заманауи қажет­­тіліктерін қанағаттандыру үшін оңтайлы жағдай жасалуда. 2017-2018 жыл­дар аралығында Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы толық модернизациядан өтсе, осы жылдың соңына қарай біз­дің жүйенің 5 кітапханасында заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде модернизация жұмыстары аяқталады деп отыр­мыз. Мұның бәрі елдің игі­лігі үшін керек. Кітапханасы бай халық – мықты, десе де, оқырманы аз кітапхананың келе­шегі кемел болмақ емес.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Алматыдағы С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты

МУЗЕЙДЕГІ МҰРА – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Президент биылғы Жолдауында – мәдениет саласында қызмет атқарған азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгендігін өте орынды қозғады. Кітапхана, музей, театрға қатысты өзекті мәселелер шаш етектен екені қаншама рет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтерілсе де,  нақты істер кейінге ысырылып отырды.

Біз ұзақ жылдар бойы ең алдымен экономиканы ілгерілетеміз деп, мәдениет пен өнер саласына көңіл аударуды босаңсытып алдық. Бұл, ең алдымен, олардың еңбекақысының ең төменгі деңгейде қалып қоюынан байқалды. Осы Жолдауда Мемлекет басшысы бұған арнайы тоқталып, шұғыл шараларды қолға алуды тапсырып отыр. Мәселен, мен өзім ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан музей саласын алайық. Музейлер – біздің жадымыз, тарихымыз, өткеніміздің шежіресі, талай ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құндылықтарымыздың қазынасы. Музейлердегі әрбір жәдігер шаңын сүртуден бастап, шежіресін таратуға дейінгі тиянақты жұмыстарды ұдайы атқаруды талап етеді.

Бұл саладағы ең басты олқылық – әлі күнге дейін Музей туралы Заңның қабылданбауы. Мәдениет туралы Заңда музейге қатысты баптар бар, ал Ғылым туралы Заңда музейдің аты да аталмайды. Мәселен, әдеби музейлер (республикамызда олар баршылық) ең алдымен ғылыми орталыққа айналдырылуы керек еді. Біз әлі күнге дейін, музейді танымдық, ағартушылық, насихаттық тұрғыда қызмет атқарушы мекеме ретінде қарастырудан ұзап шыға алмай жүрміз. Әдеби музейлердегі ең басты құндылықтар – кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттер мен хаттар. Оларды зерттеу, ғылыми айналымға түсіру басты бағыт болуы тиіс еді. Ол үшін әдеби музейлер жұмысының басым бағыты – ғылыми жұмыстар болуы керек. Осы орайда біршама қиындықтар туындайды. Әрбір көне кітаппен, қолжазбалармен жұмыс істеу – музей қызметкерлерінің жұмысына үстеме ақы төлеуді қажет етеді. Уақыт өткен сайын кітап, қолжазба беттері сарғайып тоза бастайтыны өз алдына, оларды ашып, оқудың денсаулыққа зияны арта түседі. Ендеше, архив қызметкерлері сияқты, музей қызметкерлеріне де денсаулыққа зиянды жұмыс атқарғандары үшін қосымша ақы төленуі тиіс. Екінші бір мәселе, музейлер ғылыми орталыққа айналуы үшін оған ғылыми қызметкерлерді, ғылыми атақ-дәрежесі бар ғалымдарды көптеп тарту керек. Бұл ретте, оларға да ғылыми қызметтері үшін қосымша ақы төлеудің жоғары мүмкіндіктері қарастырылмаған. Соның салдарынан «ғылыми қызметкер» деген қызметтің аты бар да, атқаратын қызметіне қарай ақы төленуі жоқ. Бұдан соң музей ісін зерттеу, ғылыми жұмыстар жүргізу ақсап тұрғаны анық байқалады.

Тағы да бір ойымызды он саққа бөлетін мәселе – музейлердің заманауи технологиямен жабдықталуы. Қазіргі технологиялық жетілген үдерістер кезеңінде музейлердің дамуы көңіл көншітпейді. Музейге келген әрбір адамға әрбір жәдігер қазіргі тілде сөйлеп, тіл қатып тұруы керек. Яғни, мониторға қарап тұрып, бір түймені басып бір сауалыңа, екінші түймені басып екінші сауалыңа толық, нақты жауап ала алуың керек. Бұл – музей қызметкерлерінің, экскурсоводтардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды, мол ақпарат алудың ең тиімді жолы болмақ. Рухани қазынамыздың қайнары музейлердегі мұраларымызда жатқанына, оны келер ұрпаққа аманаттап тапсыруға салғырт қарамасақ екен.

Асхат МАЕМИРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, 
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры

Жолдау – жетістікке бастар жол

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы  – қоғамда қордаланып қалған өзекті мәселелердің тамырын дөп басты.

Жолдаудың ең басты құндылығы сол, Президентіміз өзекті мәселелердің шешілу жолдары мен іске асыру механизмдерін түсіндіріп, соның негізінде ұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ, Жолдауда жарияланған бастамаларды қаржыландыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Оның ішінде Ішкі істер министрлігін реформалауға, педагогтар мен мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға нақты қадамдар жасалған.

Мәдениет пен өнер – ұлттың рухы десек, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақсы туралы мәселелер сан рет қоғамдық талқылауға түскен еді. Ел руханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын серпілтіп тастады.

Жолдаудың төртінші бөлімінің «Мәдениет қызметкерлерін қолдау» деп аталуы – үлкен қуаныш. Алдағы жыл Қ.Қуанышбав атындағы Қазақ Мемлекетік академиялық музыкалық драма театры үшін де айрықша болмақ. Бұйырса, мерейтойлық ХХХ маусымды жаңа, кең, әсем ғимаратта қарсы алмақ ниеттеміз. Театрдың құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. 2020 жылдың шілде айында Елорда күніне орай, «Абай» трагедиясы жаңа ғимаратта қойылмақ. Бұған қоса, «Ұлттық театр» мәртебесін алуды, жаңа театр ауласына 20 сахна саңлағының еңселі ескерткіштерін қоюды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Қадиша Бөкеева, т.б. майталмандар тастұғырға қондырылмақ. Бұл енді тек қана театр ұжымына ғана емес, Елорданың халқына, әсіресе өнер сүйетін астананың тұрғындарына қуаныш сыйлайтынына ешқандай күмән жоқ. Сондықтан мұны Елбасының, Президентіміздің өнерге құрметі, өнерді қолдауы деп қабылдауымыз керек.

Осындай игіліктерімен бұл Жолдау – түйткілді мәселелердің шешімін көрсеткен құжат болды. Ең бастысы, халықтың санасына үлкен серпін берді. Осы құжаттың ішінде жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолжетімді баспаналарды ұсыну туралы тармақтардың да бар екені қуантады. Оның барлығын әкімдерге, атқарушы органдарға шегелеп тапсырды. Әсіресе, жастарға қолдау танытқаны ерекше серпіліс. Жастарды қазірден қолдау – олардың келешекте үлкен нәтижелі дүниелерді жасауына мүмкіндік береді. Қазір біздің қоғамның тең жартысы – жастар. Негізгі күш, жауапкершілік солардың мойнында.

Президентіміз Қ.Тоқаев Жолдауында түрлі мәселелер, соның ішінде мемлекеттік тіл, мемелекеттік қызмет, азаматтық қоғам, этносаралық татулық сияқты бірқатар тақырыптар қозғады. Сондай-ақ, келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталғандығын айта келе, келер жылы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық, ұлы ойшыл Хәкім-Абайдың 175 жылдық мерейтойларының үлкен деңгейде өтетінін ерекше атап көрсетті.

Жаңа көкжиекке шыққан Тәуелсіз Қазақстан әлемдік саясат сахнасындағы жетістігімен жер-жаһанның назарын аударып келеді. Мемлекет басшысының тағылымы мол, танымы терең тарихи құжаты жарқын ойға жетелейді. Қазақ­станның уақыт керуеніне ілесіп, желкенін жайып, алға қарай жүзіп келе жатқаны – үлкен жетістік.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір