Өтінемін, ондай сөз айтпа бізге…
23.10.2019
2300
1

Жастыққа тән шалықтау болады. Оны бәріміз де басымыздан кешірдік. Бірақ… Бірақ… Кішіпейілділік, ізет, әдеп деген бар емес пе? Қазір: «Мен Абайдан астым!»  деген сөзді екі жас ақынның бірі айтатын болды.

Тұрсын Жұртбай

Алдыңғы айтқандарының жасы елуге келді, кейінгісі отыздан асты. Ей, сонда: Сол жазыпты, Абайдан асырып жазыпты! – дегізетін өлеңі қайда? Жасында «кімнің данышпан болғысы келмейді» (Жарасқан). Осы «көзі тірі классикпін» деп жүргендердің барлығы да данышпан болғысы келген. Иә, болғысы келген. Бола алмады. Оның үстіне, Абай бола алмайды, Әуезовпен иық тірестіре алмайды, Ғабиттің қалқасында қалады. Ендеше, бұл  еліре елегізу  –    еліре  елегізудің қай сатысына жатады?

Мені алаңдатқан және профессор Блок Шайкеновтың бізден пікір білдіруді талап етіп, жазуға мәжбүрлеп отырған мәселе: біздің ұлт өкілдерінің өзінің – әдебиетке, руханиятқа алыс-жақындығына, үлкен-кішілігіне, білімді-білімсіздігіне, ұл-қызына қарамай, Абай туралы ойына келгенді қысылып-қымтырылмай, орынды-орынсыз, еш парықсыз ашық жазуға  әсіре әуестігі еді. Әрине, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Бірақ Абайдың мүйізіне жармаса кету үшін де, әуелі өзіңде мүйіздің тұқылы болуы керек қой.

Сондай бір шалықтап отырған сәттерде салыстырмайтын нәрсені салыстыруға бой алдырып, санамыздың ұшығын жалынға шалықтатып алатынымыз бар. Маған данагөй профессор Блок Шайкеновтың аптыға ашуланып қолыма ұстатқаны – «Қазақ әдебиетінде» (2019, 20 қыркүйек)   жарияланған Файзолла Төлтайдың «Жалғыз Абай кімге жетеді?»  деген ойтолғауы  екен. Оқып шықтым. Жазушы, оның ішінде жас қалам үшін жарасып тұрған «ультиматумдар» мен «кредолар», даналық «сілтемелер» мен «дүбара даналардың» (яғни, әлі танылмаған, мойындалмаған, аударылмаған, тек автордың өзі пір тұтып, өзі оқыған, өзі ұнатқандардың) тізімі және сілтейсалды тамсанулар. Біз де ХХ  ғасырдың  соңына дейінгі әлем әдебиетінің тарихымен, барлық әдеби ағымдардың өкілімен бүге-шігесіне дейін танысып, әр елдің әдебиеті туралы Мәскеуде дүниежүзі әдебиеті институтында сынақ тапсырған адамбыз. Тізімдегілердің дені таныс. Оларға еліктеп-солықтайтын дертке қазақ әдебиеті 1956-1976 жылдардың арасында «ұшырап», сексенінші жылдары жазылып үлгерген.

(Оқи отырыңыз!)

Жалғыз Абай кімге жетеді?

Осында аты аталған, Сәтімжан Санбаев пен Мырза Ғапаровтың кинематографистер институының сценаристер курсында қатар оқыған досы Мұхамед Салихтың өлеңдерін мен сонау сексенінші жылдары қазақ тіліне аударған да болатынмын. Өзін тәкаппар, тұйық тұлға ретінде ұстайтын Салихтың сол кездегі және қазіргі көзқарасы, көркемдік ұстанымы, бұрын және қазір қандай бағытта, қандай мағынада, ырғақта, көлемде өлең жазып жүр, одан тәп-тәуір мағлұматым бар. Мұхамед Салихтың да кезінде өзбек, одан түркі халықтары әдебиеті туралы «от шалған» сұхбат-пікірлері болған. Ондай үрдістер қазақ әдебиетінде де орын алды. Бірақ өрісі ашылмады. Жасырмайын, менің де: Файзолланың мақаласындағы сияқты сөз, ырғақ, өлім туралы бейнелі сөздерді тізген «Күнделігім» де, тіпті, тура осы Файзолла Төлтай сияқты шалықтап жазған мақалам да бар. Онда мен де көр-жердегі оқығаным мен білгендерімнің тізімін келтіріп, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкеевтерге бір сөзбен сілтейсалды ақыл айтыппын. Мақаланы Сағат Әшімбаев «Жұлдызға» жариялағысы келді. Ал оның қызметкері Жарасқан Әбдірәшев мені оңаша шығарып алды да: «Біздің де данышпан болғымыз келген. Сенің де данышпан болғың келеді. Кімнің данышпан болғысы келмейді? Бірақ біраз сабыр сақтап, ойыңды суытып ал. Кейін өкінбейтін бол. Мақаланы мен ұстай тұрайын», – деді. Сонысы дұрыс та бопты.

Қазір заман, талап, жарияланым мүмкіндігі, ақылақ-әдеп басқа. Файзолланың бір өлеңін оқымағаным, оқысам да есіме сақтамағаным өкінішті. Үлкен мін. Ал: бір жинағы шықпай тұрып әлемді уысына сап, уатуы да (сондағы ойды қорытуға шағымы жетпесе де), салыстырмайтын нәрсені (от пен суды, темір мен көмірді) салыстырып, ой қорытуға ұмтылғаны да, ой салғаны да, сол арқылы өзінің «ессіз ізденістерін» оқырманға жеткізуі де маған ұнады. Жастық шалығымды есіме ала отырып, сүйіндім де. Ал күйінгенім не? Иә, тағы да сол Абай.

Абайдың даналық ойлары дүние даналарының қайсысымен, қандай тақырыпта, қандай пікірмен тоғысады екен деп, әр ойшылдың жазғанын қатираға түсіріп жүретін әдетім бар. Соларды өзімше салыстыра отырып: (Даналықтың ұйыған мәйегі – бір. Олардың әр заманда, әр қоғамда, әр қандай оқиғаға, әр діндегі әр түрлі адамға қарата берген бағалары мен қолданған сөздері басқа болғанымен де, сол кездегі көңіл-күйлерінің ауандары мен түйіндері мағыналас келеді екен» деген тұжырымға келіппін. Ондай салыстырулар жинақталған қатираның өзі де бес-алтаудан асып кетіпті. Менің бұл талпынысым дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Бірақ шығармашылық психологиясы пәніне таптырмайтын мысалдар. Ал менің Файзолла бауырым, керісінше: «Абайға дейін өмір сүрген шығыстың софылық тарихаттағы ақындарының ана өлеңін, мына өлеңін Абай оқымады-ау! Оқыса – бұдан да данышпан болып кетер еді. Әттең!» – деп өкінеді. Егер мен Файзолланың орынында болсам, солар – Абайды, Абай оқыған ақындарды оқымады-ау! – деп өкінер едім. Себебі…

Файзолла Төлтай

Осы мақаласында масаттап: мағрифат, танзимат, жәдид (жедіт те, жәдід те емес – у`су`сул-жа`дид) танымын ұстанған әдеби ағым қазақ әдебиетінде болмады, бір ғасыр кешігіп қалды. Абай ол бағытты білмеді – деген емеуірін танытады. Кешір, бауырым, қатты қателесесің. Абай – жәдидтік ойлау жүйесін, жәдидтік әдеби ағымды, жәдидтік қоғамдық өмір сүру формасын қазақ ұлтының санасына, әдебиетіне, саяси қоғамтану ойына әкелген және сіңірген адам. Сен сүйеніп отырған танзиматшылардың барлығы да ол бағытты Шаһабуддин Маржани, Жалалиддин Ауғани, Мұхаммед ҒабдуҺу бастаған ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы жәдидтік қозғалыстың ықпалымен ақындық инсанына айналдырған таланттар.

Ал Абай 9 жасында, Ахмет Ризаның мешітінде Шаһабуддин Маржанидің тұңғыш шәкірті әрі серігі Камалиддин (Камариддин) хазіреттен қазіргі колледждің деңгейінде дәріс алған. Абайдың әлеуметтік-ұлттық сыншылдығы мен діни танымы, міне, тікелей, осы жәдидтік ілімді оқу арқылы қалыптасқан. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтер негізін қалаған Алаш идеясының рухани ұйытқысы да Абай болып табылады. Оны бұл дегдарлардың бәрі де мойындаған. Поэзиясында символизм мен софылық сарыны қатар өрілген Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш – сол танзиматшылар мен манзуматшылардың нақ өзі. Медресені, содан кейін дипломы Университет дәрежесімен тең саналатын «Ғалияны» (ислам университеті) бітірген Мағжан – бағыт-бағдары толық анықталған сол ағымның озық өкілі. Демек, тұманың көзін ашқан, бастаудың басында тұрған адамға: Бұлақтың төменгі ағысында тұрып, әттең, неге таза су ішпеді екен! – деуге болмайды. Ал Б.Майлин, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіровтің еш танзиматшылардан өресі төмен емес. Тек оларға қазақ қоғамы мен ұлттық дәстүрдің ерекшелігі тұрғысынан қарау керек. Сен айтқан «экзистенциализм» де солардың «Шұғаның белгісі», «Қорғансыздың күні», «Күнікейдің жазығы» «Шолпанның күнәсі», «Күй» шығармаларынан басталады.

Сонымен, профессор Блок Шайкенов ғұламаны шам­дандырған сөз – Файзол­ланың: «Дегенмен мен Абайды қазақ руханиятына орасан зор еңбек еткенімен де, шекарадан шығып Шығыс шайырларының ортасына түскен уақытта өз алдына ешқандай жаңалығының жоқ екенін көремін. Әрине, бұл менің субьективті көзқарасым, келіспеуіңізге әбден болады», – деп басталатын бұлдыр пікірлі толғамы болса керек.

Блок ғұлама, сонымен қатар Абайдың өмір танымына қанық маған мәлім мұ­қым зиялы қауым Файзолланың бұл «субьек­тивті көзқарасына» орынды шамданып отыр, Файзолламен жай ғана «келіспейді» емес, оған мүлдем қарсы. Бірінші, сөзіміздің тігісін жатқызу үшін, сөйлемдегі бұлдырлықты стильдік-мағыналық тұрғыдан сейілтіп алайықшы. Файзолланың өзі: «шекарадан шығып Шығыс шайырларының ортасына түскен уақытта», – деп қай ортаны, қай уақытты айтып отыр? Шет елге барып, танысқан «шығыс шайырларының ортасына түскен» соң, яғни, Абай дүниеден қайтқаннан кейін туған ақындардың ортасында отырып, олардың өлеңдерін оқып, Абайды менсінбей қалып тұр ма? Абай олардың өлеңдерін осы заманға келіп қалай оқиды? Олардың поэзиядағы «жаңалығын» қалай біледі? Егер, Абай заманына дейін өмір сүрген шайырларды емеурін етіп отырса, онда Файзолла олардың ортасына қалай түседі? Әлде, сол заманға барып, шайырлардың ортасында отырып, Абайдың «ешқандай жаңалығының жоқ екенін көрген» соң, бұ дүниеге қайтып келетін мұғжизалық қасиеті бар ма?

Абаймен иықтаса сөйлесу үшін: ең бірінші, кіммен және қай заманның адамы ретінде кімнің ортасында, қай жерде оларды көріп, кіммен сөйлесіп отырсың, соны анықтап, отырған, көрген орыныңды белгілеп алған жөн. Содан кейін барып: ойың ұғынықты, хал-ахаулың дұрыс, айтарың нақты әрі түсінікті болуы керек. Ақыл-ойың бір сөйлемнің ішінде ауыс-күйіс адасып жүріп, Абайды түзетемін деу – аусарлық.

Бұл мәселеге қайтып оралмас үшін және Абайдың білім өресін көрсету мақсатында Абайдың дәріс алған ғылыми мектебі мен ұстазы Шағабутдин Маржани туралы өзіміздің ілгеріде жазған еңбегімізден мына үзіндіні амалсыз келтіруге мәжбүрміз:

Шаһабутдин Маржани «көне қолжазба­лардағы деректерге сүйене отырып түркі-татар тарихын бір жүйеге түсірді. Жалпы мұсылман тарихы, түркі тарихы, Шығыс пен Батыстың тарихи көзқарастары, Жошы ұлысы, Алтынорда, Қазан хандығы, Аштархан хандығы, Қасым хандығы, Сібір хандығы, бұлғар-татарларының шығу тегі, Дешті қыпшақ пен Орта Азия тарихы, әр хандық пен хандардың әлеуметтік-саяси орыны, көзқарастары мен тағдыры, қалалардың, жер аттары мен ауылдардың тарихы деректер арқылы баяндалды. Соның ішінде Қазаннан Бұқараға бара жатқанда және қайтқан кезінде үш айлық жолды басып өткен қазақ жері мен елінің тарихы да ғұламаның көз қырына ілінген. Оған дүниеден озардан екі күн бұрын өзінің сенімді шәкірті Хабибназар әл-Утякиге мақсатты шығармасы «Мустафад әл-ахбарды…» – «Өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» ретінде тапсыра отырып, «содан кейін бірнеше беттік қолжазбаны ұсынып: «Мынау Семей қаласы туралы деректер. Сол қаланың сыйлы адамдарының бірі, ахун Ахметуәли, менің өтінішім бойынша маған жіберіп еді … Мұның барлығын «Мұстафад әл-ахбардың мәнеріне түсіріңдер!..» – деп аманаттапты. Демек, Ахмет Риза медіресесінде дәріс берген, Абайдың ұстазы, жәдидтік мектептің ілімін қазақ еліне тұңғыш таратушы әрі Бұқарада Маржанидің өзімен он екі жыл қатар дәрістес те, әріптес те болған Камариддин хазірет арқылы қазақ руханиятын да назарда ұстаған. Жәдидтік мектептің ту ұстары Камариддин хазіреттің «жаңа оқуымен» танысқан Құнанбай: «Мына жас молданың оқуы дұрыс екен», – деп Абайды Абдолла атты молдадан алып, Камариддин хазіретке табыстағаны өмірлік нысаналы шындық.

Міне, Абайдың «Батысым – Шығыс, Шығысым – Батыс болды» – дейтіні де осы Маржани тәлі­мінің тағылымы. Абайдың «әуелі түрік оқуын жетік меңгеріп, содан кейін араб, парсыға ауысса… білім бойына сіңгенде … дағуасын (сырын, күресін) білу үшін орыс оқуын оқыса да болады», – деген пікірі Маржанидің жәдидтік бағытымен тікелей ұштасып жатыр. Маржани: бастауыш баспалдақты ана тілінде бітірмеген, араб, парсыны меңгермеген шәкірттерді орыс мектептеріне қабылдауға үзілді-кесілді қарсы шығып, В.В.Радловтың өзіне дес бермеген. Маржанидің шығармаларымен жақсы таныс және ол туралы пікір білдірген бірден бір қазақ ғұламасы М.Әуезов:

«Шығыста да Батыстың қысымына қарсы қозғалыс болған. Бұл ескі режимді қайта құру негізінде болды. Дінді қолдарына ту етіп ұстады: «Еуропаның өнерінен қашпау керек. Бірақ оны алғанда, исламды (абайша айтқанда «дағуасын) күшейту үшін алу керек», – деді. Мысырдан Мұхамед Ғабдуку шықты… Абай Шығыс елдерінің бағзы замандағы тарихымен ғана танысып қойған жоқ, ол сонымен қатар Таяу Шығыстың өз тұсындағы мәдениетін де өте жақсы білді. Татардың тұңғыш просветитель-ғалымы Шаһабутдин Маржанидің еңбектері де оған жақсы таныс еді. Абай сол кезде туа бастаған панисламшыл жалған діни-саясат ағымының ықпалы (М.Әуезовтің «жалған бағыт» деп бағаламасқа кеңестік «кер заманда» амалы да жоқ еді. Ең басты мақсаты – бүркемелеп болса да бұл бағыттан хабардар ету болатын – Т.Ж.) қалай күшейе бастағанын сезіп, біліп отырды. Египет жазушысы Мұхамед Ғабдуку, Жалаладдин Ауғани таратқан панисламизм ағымындағы идеясы бірте-бірте өршіп, бұл ағым Ресейдегі мұсылмандар арасына жайылды», – деп емеуірінді сілтеме жасады.

Камариддин хазіретті Семей мешітінің қадымшыл діншілдері мен «Саркәтіптің» (Ильминскийдің) ырқындағы мүфтият қудалауға ұшыратып, Баянауылға қоныс аударуға мәжбүр етті (Хазіреттің тағдыры М.Тәжмұратовтің «Астана» журналының 2010 жылғы №2 санында жарияланған «Камариддин хазірет. Көрінбестің көлеңкесі» атты мақаласында егжейімен баяндалған). Ол оқытқан медіреседен Мәшһүр Жүсіп бастап, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан қостап, Ақжан Машани мен Шафик Шокинге дейінгі аралықтағы отыздан астам академик тәрбиеленіп шықты. Осы жорта шолудың өзі-ақ, Маржанидің қазақ рухани танымынан алатын ерекше орынын анықтайды».

Екінші, осыдан кейін Файзолланың ой-орамы ажыратылмаған ұзынсонар шұбалаңқы пікірлер тіркесі басталады. Оқырманға түсінікті және жауабымыз нақты болуы үшін оны бөліп-бөліп жіктеп талдаймыз: «Бірақ, кейде осы Абай Құнанбаев «улум-и наклие» ілімін меңгергенімен де, «Ана-әль Хах» (Мен – Құдаймын): [Халлаж Мансұрдың поэзиясындағы емеуірін бойынша дұрысы: Мен – Хахпын, Шындықпын, Бармын, Солмын, Распын – Т.Ж.] деген сөзімен тарихта қалған, тіпті, осындай пікірі үшін дарға асылып, ол аз десеңіз, аяқ-қолы кесіліп, көз-құлағын ойып, отқа жағып, күлін шашып жіберген Халлаж Мансұрдың өлеңдерін» … Абай оқымаған», – деп күдік алады.

Менің ойымша, Абайдың білім мектебі туралы жоғарыдағы мағлұматтан кейін «әйгілі күфіршіл» (діннен безген) Халлаж Мансұрды біле ме?» – деп күдік келтіру де күпірлік сияқты. Дегенмен де, Халлаж Мансұрдың «күфірлік жазасын» және оған шариғатқа сүйеніп кесілген үкімді әрбір мүһмин, оның ішінде медреседе «Калам» (дінтану негіздері), мантық (логика), фикх (заң) пәндерін оқыған әр шәкірт жатқа біледі. Абайды былай қойғанда, Абай тумай тұрып орын алған Қодар-Қамқа оқиғасы кезінде Құнанбай осы Халлал Мансұрға кесілген жазаны қолданған. Қодар мен Қамқаның мәйітін жерге көмбей: «Жер де оны қабылдамайды», – деп өртеп жіберген. Орыны әлі де бар.

Әрине: «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас! – деген Абайдың;

«Аллатағала – өзі хақиқат жол. Хақиқат пен растық – қиянаттың дұшпаны», – деген Абайдың;

«Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқатын білсін», – деген Абайдың – Халлаж Мансұрдың «Менінің растығын» мойындай қоюы және оның күфірлік-софылық поэзиясынан үлгі алуы неғайбыл, тіпті, мүмкін емес.

Керісінше, өзінің ақындық-софылық тәркі дүниелік көзқарасын уағыздау үшін жұрттың алдына шығып: «Хах – менмін, шындық деген – менің өзім, мен бармын, демек мен бар жерде растық бар, ал өлең – менің уағызым, қалғанының бәрі жалғаншыл шайырлар», – деп, өз жырын мадақтаймын деп менмендікке берілген, абырой мен мақтан арқылы халықты адастырмақ болған күпірлік поэзиясының өкілдеріне, соның ішінде, Халлаж Мансұрға да:

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,

Ылайла – ылай оймен тұнығыңды.

Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,

Ол білдірмей ұрламақ қылығыңды.

 

Адам – ғапыл, дүниені дер «Менікі»,

«Менікі» – деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не «Сенікі»? –

деп жауап беріпті.

Сөйтсек, Халлаж Мансұрдың: «Мен – Хахпын» дегені – топыраққа сіңіп, шіріп кететін ет пен тері, сүйек, яғни, тән ғана екен. Ол Мәңгілік рухтың байыбына бармапты, Мәңгілік кеңістікке жетпепті. Демек, Абай – Халлаж Мансұрды оқымақ түгілі оның күпірлік-сопылық ойының түте-түтесін түтіп, теріске шығарыпты. Файзолла бауырым алдыңғы сөйлемді аяқтамай:

«Ізін ала вакфе (уақыптық шығар – Т.Ж.) сопылық жолын айтқанда ең алғаш ойға оралатын Ей Нифферидің шығармасын, «Екі кісі арасында, бірі екіншісіне: «Ей», «Мен!» демегенге дейін махаббат жоқ» деген Сырры ес (ас)-Сакатиді, Мешшай философиясын былай қойғанда», – деп дем алмай шұбыртады.

Ал біз тыныс алып, тыныс белгісін қоямыз да: уақып (вакфе) – топ, ұйым, бірлестік, қауымдастық, қазіргі халықаралық мағынада алғанда – одақтастық деген ұғым екенін еске сала кетеміз. Софылық ойлау жүйесінің өзі күрделі әрі бейберекет ағымға толы, жолы – бір шиыр емес, мың шиыр. Өйткені әр сопылық одақтың, ұйымның, топтың, тіпті, әр сопының, әр сопылық ұстанымдағы шайырдың жолы басқа. Мысалы, Ләйліге ғашық болған Мәжнүн ақынның ғашықтығы, бұл дүниеге – фәниге тән ғашықтық емес, о дүниеге – бақиға тән ғашықтық. Олар о дүниедегі бақытты аңсап, бұ дүниедегі бақыттан – қосылудан бас тартады. Абай «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын да, ақын Мәжнүнді (ессіз махаббат иесі) де, Ләйлінің (Лә-ил-лә – түн, демек – Түнсұлу) зәңгінің қызы екенін де, олардың ұстанған софылық танымының қате екенін де, бақида олардың қосылуына жол жоқ екенін де білген, білгендіктен де:

Қол жетпеген некені,

Сүйіп өткен жан екен.

Көзің неге жетеді,

Қосылмақ онда бар ма екен?

 

Шыны ғашық жар болса,

Неге өлдім деп налымас.

Онда екеуі кез келсе,

Бірін-бірі танымас, –

деп, екеуінің бірі үшін бірі жан бергеніне налымайтынына сене тұра, о дүниеде қосыламыз деп босқа армандағанына наз білдіреді.

Жоғарыда аттары аталып өткен Ей Ниффери де, Сырры ес (ас)-Сакати де, Мешшай да дүниеауи таным жолында міндетті түрде ескерілуі тиісті Яссауи сияқты жеке тарихаттың иелері емес, софылық поэзиядағы «мың шиырдың ішінен таралған» бір шиыр. Дүние, жаратылыс, шындықты тану, иманды іздеу жолдары «Қалам» ілімінің шеңберінің ішінде.

«Екі кісі арасында, бірі екіншісіне: «Ей, «Мен!» демегенге дейін махаббат жоқ» – дегеннің астарында не жатыр?

Алла мен адамның арасындағы махаббат па, жоқ, ғашықтық па? «Қалам» ілімі бойынша, махаббат – адамның тумысына тиесілі ұғым, ал ғашықтық – көріп, сезіп, танып, ынтызарлық арқылы туатын сезім. Егер, Сакати, сол арқылы Файзолла алғашқы ұғымды, яғни, Алла мен адамның арасындағы махаббатты, ол екеуінің арасына қылау түспейтін өзімсінген сенімді мегзесе, онда Абайдың:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті, –

деген өлеңіне бір көз жүгіртіп шықса бітті, бәрі де түсінікті болмақ.

Алла мен адамның арасына тек пайғам­бар ғана елшілік ете алады. Сондықтан да ол екеуінің бір махаббаттан жаралған тұтас болмысын таныта отырып: «Ей, Сен де сүй!» – деп бұйрық райда шекарасыз еркін сөйлейді.

Ал енді бұл арадағы адам мен адамның, яғни, ер мен әйелдің арасындағы ғашықтық сезімнің еркіндігіне келсек, онда «Қыз сөзін», «Жігіт сөзін», «Татьянаның Онегинге жазған хаттарын» оқып шықса, ар жағын қазбалауға өзінің де ықыласы ауа қоймас:

Талапсыз, бақсыз мен сорлы,

(Сен үшін) Еріксіз аттап ұяттан.

Қорлыққа көндім бұл құрлы (сен үшін)…;

***

Тіршілігім – құрбандық,

Шыдамай сені көргенше.

Тәңірімнен келген бұл жарлық,

Ием сенсің – өлгенше!;

***

Тілегімді бермесең,

Амалым не жерлесең?

Үйір қылма бойыңа,

Шыны жақсы көрмесең.

 

Қайғың болар – шермен тең,

Қара көңілім жермен тең.

Сенсіз маған – жат төсек,

Болар бейне көрмен тең!

Әлгі, Сакатидің: «Екі кісі(нің) арасында, бірі екіншісіне: «Ей», «Мен!» демегенге дейін махаббат жоқ» – дегендегі «Ей» мен «Меннің» түпкі еркін емеуірінінен, қыздың: «Еріксіз аттап ұяттан: Ием сенсің – өлгенше… Сенсіз маған – жат төсек, Болар бейне көрмен тең!» – деп мойындауының қай жері пәс түсіп жатыр! Ал бұдан артық қандай орынды анайылық, назды еркелік, ерке емексіту, «ей» мен «меннің» шекарасы керек?!.

Файзолла осы сөйлемді: «Ишрак фило­со­фиясының негізін қалаушысы Шахабеддин Сүһревердиді, «Біз ішінде өмір сүрген уақыт ешқашан бір орында тұрмайды, олай болса, уақыттың ақиқаты – сәт» –деген Махмуди Шебустериді», – деп жалғастырады.

Жетпей тұрған: «Оқыса» – деген сөзді біз қосайық. Біздің ойымызша, Абайға Шахабеддин Сүһреверди мен Махмуди Шебустериді оқудың қажеті де жоқ болатын. Себебі, олар айтқан кеңістік пен уақыттың мағыналық өлшемі мен парқын Абай:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Қалайша өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут – бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек…

 

…Сағаттың өзі ұры – шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айланбас, бұрылмас

                         бұлдыр заман…

…Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,

Жыл жиылып, қартайтып қылғаны бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір Тәңірім кеңшілік қыл, –

деп 1896 жылы жазып қойған.

Файзолла тамсанып айтып отырған Махмуди Шебустеридің: «Біз ішінде өмір сүрген уақыт ешқашан бір орында тұрмайды», – деген сөзін Абайдың осы өлеңіндегі: «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Қалайша өмір өтпек – ол білдірмек», – деген екі жол толық жеткізіп тұр. Ал оның: «Олай болса, уақыттың ақиқаты – сәт», – деген ойын Абайдың: «Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті, Қайта айланбас, бұрылмас бұлдыр заман…», – деген қос тармағы, уақыттың ішіндегі «сәтті» түбірімен қопарып ап, көз алдыңа сәт-сәтімен көрсетіп тұр емес пе. Ендеше, «бұларды Абайдың білмеген-ай» деп өкінудің орыны жөн бола қояр ма екен?

Осы сөйлемнің жалғасы: «Сол сәт атаулысын өлім мен өмірдің ортасын бөлуші барзаһ әлеміне ұқсатқан Ибн-Араби сынды ақын-жазушы, философтардың шығармаларын парықтап отырып, «осыларды Абай оқыған ба екен?» – деген ойға қаламын, «Оқыса – шығармашылығы қалай болушы еді?» деймін ішімнен», – дейді Файзолла.

Бірден кесіп айтайық, оларды оқыса да, оқымаса да, Абай өзінің осы деңгейінде қалар еді. Себебі, Ибн-Арабидің шығармасындағы «барзаһ» категориясын Абай медреседе оқып жүргенде «Қалам» философиясы тұрғысынан талдап тұрып оқып, бүгінгіше айтқанда, сынақ тапсырған. Бүгінгі біз қолданып жүрген сегіз бұрыштың сөзбен айтылатын мағынасы – «барзаһты» сол замандағы медреселердің барлығы оқытқан. Абай сол «барзаһтың» шекаралық мағынасын:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе – өлсін, оған бекі!

Шырақтар, ынталарың «Менікін» де,

Тән құмарын іздейсің күні-түн де.

Әділеттілік, арлылық, махаббат пен –

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, –

деп өлеңмен түсіндіреді.

Ибн-Арабидің «барзаһ» шекарасы дегені осы: тәнің – шекараның бер жағындағы көрде қалады, қабірден әрі өткендегі үй жолдасың – өзіңмен еріп баратын Әділеттілік, арлылық, махаббат! Бұған тұшынбасаңыз, «Отыз бірінші», «Отыз төртінші», «Отыз алтыншы», «Отыз сегізінші» сөздерді оқыңыз. Бар жауапты содан тауып аласыз.

Қош, сонымен, Файзолла «оқымады» деп айтқан шайырларды Абай оқыпты. Оқығанда да, тіпті, оқымаса да, өз ойын олардан асырып, тереңдетіп, қазақ қауымына ыңғайлап ашып айтыпты. Егер біз айтқан уәжге иланса, онда Файзолла енді: «Абай Шығыс шайырларын оқыса, шығармашылығы қалай болар еді» – деп іштей күйінбейтін шығар. Иланбаса: «Өз сөзіміз – өзіміздікі».

Ал, әзірше айтарымыз: «Жалынамын, ондай сөз айтпа бізге», – деп Абай айт­қан­дай, ағайын-бауырлар, Абайға абай болыңдаршы. Өздеріңді де, өзгені де босқа күйдіріп, арандатпаңдаршы, жалынамын! Әйтпесе: «Біз түк білмейміз. (Бірақ): «Біз де білеміз!», – деп надандығымызды білімдікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз!» – дегеннің керін құшамыз. Соңғы сөздің Файзоллаға қатысы жоқ. Өйткені ол – білетін адам.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.12.2019 | 09:39

Лох

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір