Жалмұқан – Ақтоқты баяны
15.10.2019
1288
1

(Cоңы. Басы өткен санда)

Жалмұқанның бітім-болмысында текті­лік пен бекзаттық қасиеттің лебі жалындап, ерекше байқалып тұрады. Ол – бір сөзді, кесек турайтын берен, намысқа күйер жерде өзін отқа салып жіберер көзсіз ер. Сенсе, өлердей сенеді. Кетіссе, енді қайтып мойынын бұрмай, қатты кетеді. Әрі-сәрі бұлтаң тірлікке жоқ. Екі сөйлеген алаяқты маңына жолатпаған. Сол ірілігінен болу керек, сол кездерде Арқада серілікпен емін-еркін бұлғақтаған Иманжүсіп пен Балуан Шолақтар Жалмұқанмен жиі араласып, оған көп үйірілген.

Бір хан базарда жал-құйрығы жер сызған, төрт аяғы діңгектей жуан, арқасы тақтайдай жазық қара айғырдың үстінде шірене сөйлеген дөйдің Иманжүсіп екенін біліп, Жалмұқан атының артынан жайлап келіп, құшаққа толар құйрығын оң білегіне орап жіберіп, үн-түнсіз тұрады. Бір мезетте Иманжүсіп жүретін болып, атын тебіне бергенде, аты орнынан мізбақпайды. Иманжүсіп сасқалақтап, артына жалт қарайды. Атын тапжылтпай тұрған қызыл шырайлы, отты көз, сом тұлғалы, еңселі ерді көреді. Жұрт «Жалмұқан! Жалмұқан!» – деп айқай салады. Кейін осы оқиғаны ел «сонда пілдей атты тырп еткізбеген Жалмұқанның саптама етігінің қалыңдығы бір елі келетін былғары табаны жиырылып қалған екен»,– деп гулете аңыз қылған.

(Оқи отырыңыз)

ЖАЛМҰҚАН – АҚТОҚТЫ БАЯНЫ

Жалмұқанның көп жойқын істерінің тағы біріне тоқталайын. Қызылағаштың жан-жағын орыстар алды. Өрісі тарылды. Жалмұқанның жер қайысқан жылқысы орыстардың егініне түсіп кете береді. Ол қым-қиғаш жанжал. Төбелес. Сондай бір шатақтың үстінде елдің жиырма шақты жігіті қызыл ала қан болып, орыстардан таяқ жеп, жылқыларды ала алмай қайтады. Жалмұқан «өз елім, өз жерімде бүйтіп қор болғанша!..» – деп, орыстардың қатар жатқан екі-үш деревнясына жалғыз өзі барып, жігіттерін аттың бауырына алып, бықбырт тигендей қиратып салып, жылқыларды аман-есен шұрқыратып, айдап әкеледі. Бірақ орыстардың ақылды, мейірбан адамдарымен мәмілесі жарасып, ұсталары мен шеберлерін қатты қадірлеген. Қыс болса – орыстарға жасатып алған тройканы, жаз болса – қоңырауы сыңғырлаған фаэтонды мінген. Есті орыстар Жалмұқанды қатты сыйлаған.

Ел іші – қашанда той-думан. Жалмұқан мен Ақтоқты сол жиындарға салтанатты түрде сән түзеп барған. Сонда олардың қасында әнші-ақындары, саятшылары мен атбегілері, палуандары, мешкейлері мен жүйріктері қоса жүрген. Өз елі Жақсылық Қарауылдың екі жас серісі – Үкілі Ыбырай мен Бейсенбайдың Оспанын Жалмұқан «Шырқасаң, Біржан Сал мен Ақан Серідей шырқа!» – деп, дәйім көтермелеп, еркелете шалқытқан.

Ел Жалмұқан мен Ақан Серінің арасын­дағы риясыз сыйластықты осы күнге дейін жыр қылады. Кезінде Ақан Серінің төңіре­гіндегі пысықайлар не Жалмұқанға қырын қарайтын іші тар бейбақтар ел арасына тарап кеткен әндегі:

Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан… – деген сөзді көп құтыртып, екі арыстың қадірлестігіне қылау түсіру үшін отқа май құйып, өсек-аяңды қарша боратқан. Жалмұқан: «Ол ән Ақан Серінің жан ашуы ғой, күйінген жан не демейді?» – деп қана тынған.

Ақан сері

Жалмұқан Көкше еліндегі келелі-келелі жиындарда, ас-тойларда игі жақсылардың ортасында Ақан Серімен дәмдес боп, терезесі тең жүрген. Ақан Серінің жері – Кеңащы мен Көлденең Қаратал, Қоскөл. Жалмұқанның жері – осы Қызылағаш. Арасы қырық-елу шақырым ғана. «Ә!» дегені естілетін әудемжер. Аралас-құралас ел. Рас, Жалмұқан мен Ақтоқты бас қосқан алғашқы жылдарда Ақан Сері жүрегін тілім-тілім еткен арманын ұмыта алмаған. Ақтоқтыға аңсары ауып, талай рет келіпті де. Ақтоқты болса, өз өмірін шайқағысы келмей: «Ақан, енді тұнығымды лайламасаң болады», – десе, Жалмұқан: «О, серім, кел, кел! Әніңді сағындық. Жат масайрап осы ауылда. Мауқыңды бас, серім!» – деп, Ақан Серіні аттан түсіріп алып, ел-жұртты таңғалдыра құрмет көрсетіп, Қызылағашты әнге бөлеген. Ақан сері Жалмұқанның осы ісіне сенер-сенбесін білмей, келе-келе бұл ауылға келуін тоқтатқан. Әлмеғайып Жалмұқанмен кездесе қалса, әңгімелесуден тартынып, кінәлі адамдай пүшайман боп, ыңғайсыз күйге түскен. Жалмұқан болса, Ақанды шын көңілмен ылғи ауылына шақырған. Ел ішінде Ақан Серіге неше түрлі өсек таңып, ақылға сыйымсыз лақап таратып жүрген сусылдаған желбуаздарды Жалмұқан: «Шулаңдар! Гулеңдер! Ақан Серінің бір әнінің садағасы боп кететін өңшең қиқым! Пәни жалғаннан бәріміз де өтерміз. Кімнің артында не қаларын бір Алланың өзі білер. Ал, Ақан Серіде өлмейтін ән бар. Ол – мәңгі тірі!» – деп қағып тастайды екен.

Жалмұқан мен Ақтоқты орыс шебер­леріне оюлап салдырған ағаш үйде сәнді, салтанатты тұрмыс құрып, бес ұл, екі қызын әлпештеп өсірген. Шетінен бағы­лан дерлік балаларының ең үлкені – Тоқмұқамбет (Тоқан) Көкше елінің сол кездегі ғұламасы Науан қазіреттің алдынан дәріс алып, сөзі дуалы терең молда боп шықты. Тектілігі мен адалдығына кінәрат жұқтырмады. Сол себепті жұрт оны әулие тұтты.

Жалмұқанның Жайлау деген ұлы жөнінде мына бір жайды айта кеткен жөн: Жалмұқанның есік пен төрдей атақты бір қара айғыры болады. Оны ол қыста дәйім қасқыр соғуға мінген. Осы Жайлау (Мұқанбетқали) бір күні ешкімге айтпастан сол жесірлік айғырмен Көкшетаудағы Науан қазіретке тартып отырады. Сонда «мынаған не болған?» десіп күңкілдескен ағайындарына Жалмұқан: «Хақ жолына түскен баланы кінәламаңдар, түге! Тәңір қолдасын. Жайлау ақылсыз емес, былқ етпеңдер. Қара айғырды сатып, пұл қылады. Ол оған біраз уақытқа нәпақа. Сүтекемнің немересі тарықпайды. Жайлауым Науан қазіреттей данаға шәкірт болса, Құдай ісін оңдады де!» – деп, баласының осы тірлігін теріс көрмеген. Сүйініш еткен. Жайлау да әке сенімін ақтап, елге ғұлама молда боп оралған.

Жеті атасынан сарқылмай жеткен мол ырысты Сүтемген қалай күрпілдетіп ұстаса, Жалмұқан оны сабасынан бір елі төмендетпеді. Осы мал-жан, бақ-дәулеттің ықтиятты, қажырлы иесі етіп Сұлтан деген баласын баулыды. Кеңес өкіметі келгенше Жалмұқанның бес ұлы – дүркіреген бес ауыл еді. Айбары да зор еді. Кедей-кепшік, кем-кетікке қайырымы да мол еді.

Кеңес өкіметі келе сала барды да, жоқты да күйдіргідей күйдіріп өтті. Жалмұқанның мал-жаны таланып, кәмпескенің талапайына ілікті. Жалмұқан мен Ақтоқты бас сауғалап, олай-бұлай қашты. Тіпті, айласы құрығанда өздерімен «тамыр» орыстардың тауық қорасына тығылды. Кейде ауылды төңіректеп жасырынып жүргендерін сезіп қалған шолақ белсенділер оларға ит қосып қуды. Тоқан мен Жайлауын «молда» деп қудалады. Бірақ есті жұрт оларды қиянатқа қимай, өздері арашалап алды. Бұлардың үй-жайлары тәркіленіп, қоймаға, кеңсеге айналды. Жалмұқан мен Ақтоқтының сәулетті үйін мектеп етті.

Қызыл қырғын әлегін әкелген өкіметтің усойқы саясаты осы бүліншілікпен бейкүнә елді әбден тұралатып, отыз екінші жылдың азалы ашаршылығына бір-ақ тіреді. Көкше елі баудай түсіп, қырылды.

Сол қасіретті жылдың қазан айында Жалмұқан мен Ақтоқты арып-ашып, әбден титықтап, ауыл шетіндегі Сұраған қыстауында иесі өлген бір боз үйді паналайды. Орыстардан алған азығы түгел таусылады. Тіске басып, талшық етер ешнәрсе қалмайды. Екеуі өзегі талып, қаңырығы түтеп, көздері қарауытып, әлден айырылады.

Бұлардың осында екенін біреулерден естіп-білген Тоқан мен Жайлау жанұшырып, жетіп келеді. Бәрі бір-бірімен көрісіп, жыласып-сықтасады. Сөйлесуге әл жоқ. Тек нұры тайған шүңірек көздері бір-біріне үнсіз сүзіліп, қаны қашқан жүздерінен жас сорғалайды. Ес жиған бір сәтте Ақтоқты екі ұлына «шыға тұрыңдар» деп ишарат білдіреді. Тоқан мен Жайлау сыртқа шыққан соң аяғын зорға басқан Ақтоқты төрге екі ақ жайма жаяды. Жалмұқанның сақал-мұртын әдемілеп басып, аяқ-қолының тырнақтарын алып, жуындырады. Сөйтіп, ақ жаймаға арулап жатқызады. Сонан соң өзі жуынып-шайынып, ақ селеудей селдіреген ақ шашын салалап тарап, өз бойын өзі сылап, екінші ақ жаймаға келіп өзі жатады. Әуелі Жалмұқан көз жұмады. Сәлден соң опасыз жалғаннан айдай сұлу Ақтоқты өтеді.

Тоқан мен Жайлау түн жамылып, әкесі мен шешесін ауыл іргесіндегі ескі қорымға әкеп жерлейді. Екеуінің басына самаурындай екі сары тасты белгі етіп қояды. Бітті енді, күні кеше ғана Көкше жұртына аңыз болған дулы өмірдің тірлік үні!

Бұл – Жалмұқан мен Ақтоқтының жұртқа белгісіз тылсым хикаясының тек елесі ғана.

Сұлтанның баласы Сабырдың үйінде жылдар бойы көкіректерінде шер-шемен боп қатқан осы құсаны ақтарған немере-шөберелері, Ақтоқты әжесінің емшегін емген, қазір жетпістегі Шайнұр апай, Жайлаудың ұлы –Ғұмар, Жәменнің ұлы – Балташ, осы әулеттің басқа да адамдары көп жайдың бетін ашып берді. Сөз арасында осы тұқымның бір өнерпаз баласы Бораш Ақан Серінің «Сырымбет», «Қараторғай»,                      «Балқадиша», «Әудемжер», «Майда қоңыр», әндеріне қоса менің «Еділ – Жайығымды» толқыта шырқады. Үй иесі – менімен түйдей жасты Сабыр: ««Еділ – Жайықты» айтса, Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов айтсын. Және Батыс жақта Александр деген орыс жігіті айтсын! Баяғыда Ақан серілер осы Қызылағашта әндетіп жүргенде, соңында желкілдеген қыз-қырқын, жас арулар, жігіт-желеңдер жүреді екен, лек-лек боп. Ел-жұрт дүбірлеп, оларды бар сый-сияпатымен көкке көтеріп, қарсы алады екен. Ал мына заманда мен мына Ілекеңе не сый-құрмет көрсете алам? Жалмұқан атам секілді сондай топты дүбірлетіп, Ілекеңнің қасына жинай алам ба? Ой, Құдай-ай, бір ғазиз басынан талай қасіретті өткерсе де, бұл мешеулікті көрмей кеткен Ақан Серілер бақытты екен:

Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,

Сонда да қызығыңа бір қанбадым, –       дейді ғой, қайран сабаз!

 Біз пендешілік оймен әжеміз Ақтоқтыға ғашық болған Ақан Серінің жігіттік ісін намыс көреміз. Адам деген Құдайына қарап, тәуба қылу керек. Егер Ақтоқтыны ән сұңқары Ақан Сері алып кетсе, намыстың көкесі сонда болар еді. Ақтоқты біздің әулетке бұйырды ғой. Иншалла, Ақан Сері әннің пірі болса, Жалмұқан – жігіт сұлтаны! Жаңа біздің мына Бораш Ақан Сері әндерін әуелеткенде, қандай адам баласы Ақан Сері мен Жалмұқанның арасына араздық пен қызғаныштың отын жаға алады деген ойға келдім», – деп толқи сөйлеп, көзінде жас кілкілдеді.

Осы жайға тебірене қалған Абай Айтмұ­хамбетов маған ойлана қарап: «Сіз бүгін Ақан сері мен Жалмұқан әулетін қайта қауыштырып, жылдар бойы оңалмай келе жатқан пендешілік наз-наланы тарқатып, ағайын арасын жарастырып, әділеттің шын, тура сөзін айтқыздыңыз. Не көрмеген халықпыз… Бүлінген тарихты жөндеу қандай қиямет еді. Оның ішінде әдебиеттегі қолдан жасалған «жағымсыз кейіпкерлердің» тағдыры…» – деді.

Шай үстінде Жалмұқан мен Ақтоқтының ұлдары тағы да көз алдымыздан өтті… Ең үлкен ұлы – Тоқан жетпіс тоғыз жасында қайтқан. Әкесімен бірге кәмпескеге іліккен Сұлтан айдалып, Қиялы деген жерде қуғында жүрген. Ол кісі 1983 жылы сексен жеті жасында дүние салды.

Жайлауға 1986 жылы тоқсан жеті жасында уақыт жетті. Сұлтанның бәйбішесі – Ғайнижамал. Бұл кісінің құрсағынан – осы көзі мөлдіреген Шайнұр апа және Сабыр туған.

Бізге ғайыбынан кездесіп, осы ауылға алып келген мына Балташтың атасы Уәли кезінде Сұлтанмен қатар жүріп, орыс қалаларында сауда-саттық жасап, жан-жақтан білікті молдаларды әкеліп, балаларды оқытып, медресе үшін зәулім үйлер салдырған. Өзі сал-серілерге үйір боп, өнерге құлай беріліп, өз қолымен скрипка да жасаған. Бірақ ерте қайтқан. Әрқайсысы – бір-бір тұлға, бір-бір бітім! Кейбірінің көп ісі ұмытылған. Ескерусіз, елеусіз қалған. Осының бәр-бәрі сел-сел әңгіме боп, Ақан Сері, Жалмұқан мен Ақтоқты, олардың осы бес ұлы, екі қызының аруағына бағышталып құран оқылды.

Көкшетауға қайтар шақта ауыл шетіндегі ескі қорымға барып, екі төмпешік боп қатар жатқан Жалмұқан мен Ақтоқтының басына дұға жасадық. Екі бейіттің қасына түсіре бастаған қызыл кірпіштерді көрсеткен шөбересі Балташ: «Ақан Серінің күмбезін «огнеупорный» кірпіштен салған. Жалмұқан атам мен Ақтоқты әжеме де сондай мықты кірпіштен күмбез орнатамыз», – деді. Біз: «Ниет қабыл болсын!» – деп хош айтысып, жолға шықтық.

Күн еңкейіп, кіші бесіннің самалды лебі білінгенде «Мәдениет» ауылының іргесіндегі Ақан Сері күмбезіне келіп, дұға қылдық. Одан Сарыкөл мен Қоскөлдің жағасын жағалап, Ерболға Ақан Сері әндерін айтқызып, бағанағы шертілген көп тарихты тағы бір еске түсірдік. Бұл жер – Ақан серінің көз алдында қырмызы гүлдей құлпырған Сырымбет сұлуларының ішінде қара басы «қыз патшасы» дерлік Ақтоқтының өшпес әнге айналып, аңызға іліккен жері.

Біз ат басын Көкшетауға бұрғанда жол бойы жүрегімді Ақан серінің арманды шері толқытты да отырды.

Ілия ЖАҚАНОВ

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.10.2019 | 18:43

Бұрын біз білмейтін Жалмұқанға қатысты және Ақтоты сұлудың кейінгі тағдырына қатысты деректерді оқып риза болдым. Өткен тарихтың біз білмейтін парағы көп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір