ЖАЛМҰҚАН – АҚТОҚТЫ БАЯНЫ
08.10.2019
1238
0

1980 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде, Біржан Салдың 150 жылдығы қарсаңында Көкшетауға келіп, қазақтың классикалық әнінің ұлы атасының аңызға айналған ғажайып өмірін зерттей бастадым. Осы жұмыстың үстінде Ақан Сері жайында да қым-қиғаш сырлар қозғалды; әсіресе, оның Ақтоқтымен байланысты беймаза тағдыры, бұрын тек «жағымсыз кейіпкер» ретінде датталып келген Жалмұқанның азаматтық келбеті таң-тамаша етіп ашыла түсті; оның біз білмейтін беймәлім жайлары көп екен.

Ілия ЖАҚАНОВ, жазушы, композитор

Қарауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан Сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс қылады. Бұл елдің адамдарымен ол жөнінде сөйлесу оңай емес, ыңғайға келе бермейді.

Ертеде осы Қызылағашта Ғабит Мүсі­реповтің «Ақан Сері – Ақтоқты» пьесасы қойылады дегенде қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қорламаңдар! Жалмұқан мен Ақтоқтының өміріне дақ салмаңдар, бүйтіп! Өніп-өсіп отырған жазықсыз әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» – деп, артистерді қабылдамай, қуып шығыпты.

Мен үшін бұл сөз Ақтоқты–Жалмұқан ауылына баратын жолдың үстіне жатып алған арыстан секілді бір сұмдық сұс боп, Көкшетауға тиіп-ақ тұрған Қызылағашқа еш мойын бұрғызбады. Бірақ, ел сөзіне ден қойсам, Жалмұқан – негізі жарыған, қуса жететін, қашса құтылатын, айдарынан жел ескен кесек бітімді, өрісі де, өресі де кең, аршынды, алапат адам.

Ал, айт-айтпа, Ақтоқты есімі әнде аңыз боп қалып қойды. Ол Ақан Серінің:

Ой, қалқа, тілің тәтті, лебің балдай,

Қаламқас, ителгі көз, жазық маңдай,

Түсінде Бағылан патша ғашық болып,

 Секілді сүйген сұлу Күләндамдай, –

дейтін «Ақтоқтының сипаты» әнінде,

Ақтоқты, Айға бітсе сендей көрік,

Жатпас па таулар балқып, тастар еріп.

Тамақтан үлбіреген бір иіскетсең,

Кетер ед бойдан қуат, ойдан ерік, – дейтін

«Ақтоқты» әнінің бірінші түрінде:

Ақтоқты, кеткенің бе, шыныңменен,

 Тар жерде бал беруші ең тіліңменен.

 Кез болдық дарияның қайраңына,

Зарланып ән шырқаймын үнімменен,

деп келетін екінші түрінде,

Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан,

Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма екен,

Айырылып кете барар руынан, –

дейтін «Ақтоқтының аужары» әнінде,

Манар таудың басында – қайың, арша,

Оң жағында әкемнің болам қанша?

Сүйген жармен кете алмай арманда боп,

Өмір, шіркін, өткені осылайша, – деп шер төккен «Ақтоқтының зары» әнінде Ақтоқтымен болған махаббат хикаясы, міне, осы бес әнде осылайша шертіледі. Бес ән!

Ақан Сері Ақтоқтыдай сұлулық періш­тесін сүйді. Ол анық. Өйтпесе – осындай кере­мет әндер шығар ма еді? Бірақ бұл тағдыр Ақтоқтының маңдайына тағы бір асыл арыс – Жалмұқандай ерді жазған еді. Ол содан айнымады. Ал оны Жалмұқанға ұзатылар сәт – қызойнақ үстінде Ақан Серінің алып қашуы ессіз махаббаттың көзі тұнып кеткен жанкешті әрекеті еді. Жолы жіңішке, дәрмен­сіз қыз не істесін? Елдің намысты азаматтары араласпаса, Ақан Серімен кете барар еді. Жеме-жемге келгенде, шырқыраған Ақтоқты Жалмұқаннан айырылмайтынын айтқанда, бұл сөзге сенерін, сенбесін білмей қаны қарайған Ақан Сері: «Басыңды Сарымида кесіп алсам!..» – деп амалсыз тосылып, тағы да тағдыр тәлкегіне түседі. Жүрегін ұйытқан осы мұңнан ол өмір-бақи айыққан жоқ. Көрдіңіз бе, Тәңір ісін – бір Ақтоқтыны екі жігіт дүррі – Ақан Сері мен Жалмұқан сүйді. Екеуінің де сүюге қақысы бар. Сол үшін екеуі де жазықты емес. Ол – екі жүректің әмірі! Екі жүректің әрекеті! Екі жүректің қалауы!

Күндердің күнінде Жалмұқанның бір аяқ асқа алғысыз сорлы боп, қолдан жасалған әдебиетте «жағымсыз кейіпкер» атануы кімнің каперіне келген? Жалмұқан сондай бейбақ па еді?

1999 жылдың қараша, желтоқсан айларында Көкшетауда Ш.Уәлиханов атындағы университетте екі рет болып, ректор, физика ғылымының докторы, профессор Абай Айтмұхамедов есімді жан-жақты білімпаз азаматтың тілегімен «Сал-серілер мектебін» ұйымдастырдық. Студенттердің арасындағы әдебиетке зерек жастарды зерттеушілік өнерге баулуды мақсат еттік. Бұған ғалымдар, оқытушылар мен талантты жастар қатты қызықты.

2000 жылдың маусым айының он сегізі күні мен, қасымда белгілі әнші (Қайрат Байбосыновтың шәкірті) Ербол Айтбаев бар, Көкшетауға келдім. Университетте сал-серілерге арналған ғылыми конференция, әдеби-музыкалық кеш өткіздік. Міне, осы кеште сал-серілердің өмірінен жарты жыл ішінде қыруар дерек жиған ұстаздар еңбектерінде, студенттер жасаған баяндамалар мен әңгімелерде, жазылған курс жұмыстарында Жалмұқан – Ақтоқтының көп құпиясы жарқырап тұрып ашылып, бұған өзіміз де тебірене таңғалдық.

Ертеңінде ректор Абай Айтмұхамедов өзі басқарып, Талғат, Аманжол сияқты ұстаздар қоса жүріп, Көкшетау ауданындағы Қызылағаш ауылына қарай жол тарттық. Бұл жан-жақты жарақталған (видеокамера, магнитофон, диктофон, фото-аппаратуралар) фольклорлық экспедиция еді. Жолшыбай машина ішінде Ербол күндей күркіреген кең тынысты жарқын үнімен Ақан Серінің «Мақпал», «Сырымбет», «Шәмшіқамар», «Ақтоқты» әндерін айтып, қиялымызды сан-саққа жүгіртті.

Әрқилы ойға салған Ақан Сері әнінің әсерімен Қызылағашқа қалай жетіп қалғанымызды байқамадық та. Бір ауылдың тұсынан өте бергенде жол екі айырылды. Қайсысына түсерімізді білмей дағдарып тұрғанда бір қызыл «Ауди» кезіге кетті. Біз сәлемдесіп, жол сұрай бергеніміз сол еді: «О, Илья аға!» – деп, еңгезердей екі жігіт машинадан шыға келді.

Біз де ма­шинадан түсе қалдық. Бойы теректей тіп-тік, қара­торы, құс мұрынды, қыран көз, сымбат­ты жігіт: «Ағалар, жол болсын, мен Жалмұқаннан туған Уәлидің баласы Жәмен­нің ұлы Балташ деген ініңіз болам. Ал мына шашы тікірейген дәу сарының есімі – Ибрагим. Өзі – мұғалім. Батыраш – Қотыраштың тұқымы. Біз «Жалмұқан атамыз бен Ақтоқты әжемізге күмбез тұрғы­замыз» деп, Көкшетау мен екі ортада шапқылап жүр­ген жайда едік. Ал, енді Тәңір иіп, үлкен жолдың үстінде кездестік. Әне, сонау орманды алқаптың төріндегі ауыл – біздің Қызыл­ағаш. Ауылға келіп тұрсыздар, жүрің­іздер. Жалмұқан мен Ақтоқты әулеті­мен танысасыздар…».

Қыз бұры­мындай бұраңдаған қара жолда зырғытып отырып, көк белеске шықтық та, тоқтай қалдық. Жан-жаққа көз салдық. Мүлгіген көк орман. Шоқ-шоқ қайың. Қызылды-жасылды толқыған көк майса. Лып-лып еткен жібек самал даланың хош иісін желпиді. Төбемізде аққудың мамық төсіндей ақша бұлттар қал­қиды. Біздің оператор жігітіміз табиғаттың осы бір қайталанбас ғажап көрінісін видеоға түсі­ріп жатқанда, Балташ: «Ақ­тоқты әже­мізді өзі­нің бұ­ланай ұлы Жалмұқанға атастырып, келін ғып түсірген Сүтемген бай дейтін бабамыздың ата­қонысы – осы жер. Тағ­дыр­дың небір қо­қайын көрсек те, Қызыл­ағаш­тағы жылы орны­мыз суы­ған жоқ. Осы жер­де о бастан тамыр жайып, өніп-өсіп келе­міз. Ал ендігі әңгіме ауылда болсын, ағалар», – деді.

Біз әп-сәт­те ауыл­ға да келдік. Машинамыз кең қақпалы сәулетті үйдің алдына кеп тоқтағанда, қимылы тез, елгезек Балташ: «Бұл – біздің әулеттің қара шаңырағы, Жалмұқанның Сұлтан дейтін баласының ұлы Сабыр ағамыздың үйі. Міне, ағамыздың өзі де алдымыздан шықты. Қане, төрлетіңіздер!» – деп бәйек бола ізет көрсетті.

Жалмұқан мен Ақтоқты баяны осы үйде шертілді.

Ақтоқтының келін боп түскен жері – Жақсылық елі. Бұл – жамырасып жатқан әнші ел – қалың Қарауылдың іргелі атасы.

Енді шежірені таратып көрейік: Қара­уылдан  – Жақсылық, Жақсылықтан – Есенбай, Есенбайдан – Баян, Баяннан –Қожамбет, Қожамбеттен – Жалмырза, Жалмырзадан – Сәмен, Сәменнен – Сүтемген.

Әріден бақ-дәулеті үзілмей келе жатқан жуан тұғыр, сіңірлі тұқымның айбарлысы, арыстаны – осы Сүтемген бай. Бай болғанда да, пешенесі жазық, пейілі кең, «алаған қолым береген» дейтін құрығы ұзын, діттеген жерінен тауы шағылып көрмеген, ұйымы мығым, берекелі жан болған. Кейбір дүниеқоңыз көр пенделер сияқты сасық ырыспен емес, көшелі кісілігімен күллі Арқаға даңқы жеткен адам. «Менмін» деген ірілер Сүтемгенмен құда, сүйек жақын, ілік-шатыс болуды көздеген. Оның ақ ордасында ел ардақтаған шешендер мен көсем сөзді билер, әнші-ақындар кеңес құрған. Арқаны әнмен тербеген Біржан Сал да кезінде осы Қызылағашты дүбірлете шалқыған. Сүтемгеннің дарқандығы, үлгілі жолы балаларына дарыған.

Сүтемген екі әйел алған. Екінші әйелі – Науан қырғыздың қызы екен. Осы Науаннан – Бекен мен Жалмұқан туады. Бекеннен ұрпақ жоқ.

Жалмұқан, Ақтоқтыдан – Тоқмұқамбет (Тоқан), Уәлиахмет (Уәли), Әбусапия, Мұ­қам­бетқали ( ел жайлауға шыққанда туған соң Жайлау атанып кеткен), Сұлтанахмет және Майра, Қанипа. Бес ұл, екі қыз. Майра ұзатылайын деп оң жақта отырғанда кенет қайтыс боп кетеді де, оның орнына Қанипа ұзатылады.

Сүтемгеннің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол «бай баласымын» деп шолжаңдап, ойына не келсе – соны істеп, ағыл-тегіл ырысты рәсуа қылып, текке шашпаған. Қарағайдан әшекейлеп үйлер салдырып, ішін көз жауын алған жиһаздармен безендіріп, орыс қалаларына сауда керуенін жүргізіп, ауылға өрелі мәдениеттің қалпын енгізген. Арғы аталарынан жалғасқан имандылық қасиетті қастерлеп баққан. Медіресе салдырып, діни кітаптар жиып, терең білімді молдалар ұстап, балаларды Алланың ақ жолына, ізеттілік пен ізгілікке, ақ-адал еңбекке тәрбиелеген. Ішкені – мас, жегені – тоқ тоғышарларша шіренбей, мал-жанын баққан қарапайым жандарға жылы қабақпен қарап, олардың тұрмыс-тіршілігіне сәулесін түсіріп, сол бейнеттің ішінде білек сыбанып, өзі бірге жүрген. Кем-кетік, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, балаларын медіресеге оқытқан.

Жалмұқанның алапат істері көп. Соның бірі – орыстар Сырымбет өңіріне дендеп кіріп, қаймағы шайқалмаған елді атақонысынан айырып, жан-жағын жыландай жалмап, Ақтоқтының дәулетті әкесі Бақтыбайды да өз жерінен ығыстырғанда, Жалмұқан осы бір ашкөз, құтсыз «қарашек­пендермен» талмай сілкілеседі. Ақыры орыс өктемдігі басым боп, Бақтыбай ежелгі мекенінен айырылады. Жалмұқан қайныатасының мал-жанын шығасын шығармай, ырғалтып-жырғалтып өзінің осы Қызылағашына әкеліп орнықтырыпты. Бір-біріне лайық Сүтемген мен Бақтыбай құдалық ибасы жарасып, бал жаласып ғұмыр кешіпті.

Ақтоқтының Жалмұқанмен баянды өмірі Жақсылық еліне ерекше көрік берген. Ақтоқты есік аттаған күннен бастап, атасы Сүтемген, енесі Науан ажарына ақылы сай келінінің пейіліне көңілі толып, Жалмұқан екеуіне бар тауқыметтің екі шылбыр, бір тізгінін ұстатыпты.

Ақтоқты нәзік сезімді, ән мен жырға зерделі, оң саусағынан өнері тамған іскер, шаруаға тиянақты, өте сабырлы, көпшіл, дастарханы кең, ықпалды әйел болған. Ол Жалмұқанның жан-жақты тірлігіне дем беріп, оның кейбір қызба мінезін әдеппен, еппен басып, сабасына түсіріп отырған. 

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір