Қара жер қабығыңды азық қылар
14.10.2019
1664
1

Мақсат Әлсейітов


 Аққу кім?

Шөжедей  жұмыртқадан жарып шығар,

Бір қүні кеудені Жан тәрік қылар.

Шыққанда «жұмыртқадан»  сыртқа Жан,

Қара Жер қабығыңды азық қылар.

 

Жер дейтін Ұямызда алақандай,

Жүмыртқадай бірөңкейміз – қарасаң жәй.

«Жұмыртқалық» мерзімің аяқталса,

Ішінен Жаның шығар балапандай

 

Күн аққу шайқап Жермен алма-кезек,

Қорғайды оған дейін арға бөлеп.

Аққу кім, құладын кім?

Аян болар,

Тән-қабықтан шыққанда Жан шөже боп.

Құпия

Не деген  тылсым еді адам жаны,

Еш пенде жанды көзбен көре алмады.

Келеді шешілмейтін жұмбақ болып,

Адамзат жер үстінде жаралғалы.

 

Жалғаннан қара да өтті, төре де өтті,

Қара Жер қанша адамды қорек етті.

Қайтейін, сормаңдайлар көре алған жоқ,

Кеуденің ішіндегі кереметті

 

Біледі құрттай ғана пенде нені?

Қойнауы қара жердің кеулегені.

Еш ғалым, еш данышпан таба алған жоқ,

Жан деген құпияны кеудедегі.

 

Жер

Күнді  айналып ұшып жүрген алып шар,

Арқасында адам деген халық бар.

Қайдан шықты,

Қайда кетіп барады?

Оған менің жауабым жоқ анық дәл.

 

Қайдан шықты,

Қалай қарай беттейді?

Оған менің шолақ санам жетпейді.

Бір білерім – Арғымағым айналып,

Күн дей-тұғын қазығынан кетпейді.

 

Шын мен Жалған

Сөз тамса, майдай болып тілден жалған,

Тұтанып шайтан оты гүрлеп жанған.

Айқасып өтірік сөз өршеленер

ақ сөзбен – әппақ нұрдай ділден тамған

 

Осылай алысады шын мен жалған,

Шын деген – әппақ нұр ғой ділден тамған.

Отынан ібілістің қүш алса да,

Түбінде жеңіледі күл боп жалған

 

…Бола ма пейіш сырын меңгеруге?

Жалғанға шайтан оты дем беруде.

Айқасып бірін-бірі ала алмай жүр,

Жер деген дөңгеленген шеңберінде.

 

Бапкері екеуінің – діл менен тіл,

Сықылды кезек жығар күн менен түн.

Төреші Уақыт мырза сабыр сақтап,

Айтуға асықпайды жүлдегер кім?

 

Тояр емес

Миллиардтаған құртақандай құрт-пенде,

Менсінбейміз, көзге ілмейміз жұртты өңге.

Бүгін миллиард,

Ертең миллиард,

Миллиардтап ―

Жемтік болып жұтыламыз Жұт-Жерге

 

Домаланған жуан құрсақ Жер жерік,

Жеңсік асы – миллиардтаған пенде-құрт!

Тояр емес секунд сайын жемтігін,

Жеткізсең де «ағаш атқа» өңгеріп.

Қомағай жер адамзатқа болған аш,

Басқа затпен аш өзегін жалғамас.

Патшасың ба, пақырсың ба, – бәрібір,

Ақынсың ба,

Азғынсың ба – талғамас!..

 

***

Дән болып құмға егілсе мыңдаған тән,

Деп жүрміз: «өтті бұлар бұл ғаламнан»

Жүз мың жыл….

Бәлкім, миллион жыл өткенде,

Дән-дене қайта көктер құмда қалған.

 

Су басып жатар, бәлкім, мыңдаған жыл,

Қайтадан құмға айналар құрғаған қыр.

Әйтеуір, адам өсіп шығар бір күн,

Көмілген адам тәні құмнан әрбір.

***

Әмудария – жойқын еді ол кеше,

Жөңкіп еді қара дүлей «жөң» кеше.

Бүгін көрсең, жетім бота тәрізді…

Әму сондай,

Сен кім едің, ендеше!?

 

Арал қайда?

Атқылаған аспанды.

Айдаһарша қырық бөлініп тасталды.

Арал сондай,

Сен кім едің қасында!?

Қой, көңілім,

Сабаңа түс, тасынба!

 

***

Алтынға тамды менің кіндік қаным,

Айтпайды кіндік шешем сыр ғып бәрін.

Қазағым, мезгілінен кеш білерсің,

Сөзімнің құрамында шындық барын.

 

Сөзім – құм, шындық – алтын, дұрысы нақ,

Көрген жоқ бота құмдар жылы шуақ.

Айдаһар бауырына алтын басқан,

Қойғандай сол ботаның ырысын ап.

 

*  *  *

Қызылқұмға қашып едім бас алып,

Қара көзге қан аралас жас алып.

Шынжырлаулы нарлар шықты алдымнан,

Кете алмаған өз еркіне босанып.

 

Шынжырлаулы нарлар жатты ыңыранып,

Құбыладан дауыл соқты жынданып.

Көз алдымда шаң-тозаңға айналып,

Көшіп жатты…

Босып жатты…

Құм ғәріп.

 

РАҢ  КӨГІ

Көктемде құмға шыққан раң көгі,

Ананың уызындай құнарлы еді.

Көктемде құмды аралап кезіп кетер,

Қойлардың ішіп-жеген құмар көзі.

 

Құмдардың алпыс екі тамырынан,

Сүт болып сыртқа шығар ағып раң.

Бұлақ боп уыз раң ағып жатыр,

Құмдардың бұта мүйіз бауырынан.

 

Көгілдір көк дарияша раң тасып,

Алдыңнан ағып өтер бұраңдасып.

Ұсынып омырауынан уыз раң,

Мейірін мейірбан құм тұрар шашып.

 

***

Жын-шайтанды байлап, матап тастаған,

Іздеп едім Сүлейменнің жүзігін.

Сөйтсем, жоғым көктен іздеп таппаған,

Көзінде екен көршіміздің қызының!

 

Зекет алып қам сүт емген пендеден,

Шайтан малғұн салған кезде әуресін.

Мөлдір көзден көрдім бе екен әлде мен,

Көктен түскен сол жүзіктің сәулесін.

 

***

Көктем, көктем тарта тұршы ат басын,

Тағы да бір ойнатып өт от-жасын!

Тамызыққа ұшқын алып қалайын,

Қағар сәтте сары күздің қақпасын.

 

Жал-құйрығы жарқылдаған сары нұр.

Күн көзіндегі періштелермен «қаны» бір –

Көк тұлпарын күлдір-күлдір кісінетіп,

Көктем, көктем құйғытып өт тағы бір!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.10.2019 | 21:04

Ойлы, философиялық лирикалар екен. Мақсат Әлсейтовтің жоғарыдағы өлеңдерінен оның жаңа арнаға қарай бет алғанын байқауға болады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір