Хандық дәуірдің поэтикасы
Асанқайғы мен Абай аралығында жатқан асыл сөз, сарқылмас қазына – ұлт ұлылығын айқындайтын ерекше көрсеткіш. Арғы-бергі рухани мұрамыздың тұңғиығына сүңгіп, маржан сөз терген қазақ үшін әр әріптің өз салмағы, өз караты, өз унциясы бар екені ұғынғандай. Ана сүтімен бойға дарып, қанмен берілетін бұл ерекше құбылыс, бұл сұп-сұлу арудың аты – Өлең. Қазақ даласында қуаныш пен шаттықты былай қойғанда, өлімнің өзін Өлеңмен жеткізу шынында да таң қаларлық әрекет. Таң қаларлығы – сөйлеушінің алғашқы сөзі-ақ тыңдарманды ерекше күйге бөлейді. Бұл күй – жүрек күйі, ақыл күйі, сезім күйі. Дәл сол күйді шынайы сезінгендер Поэтика шындығының шыңына шығып, шыңырауына құлағандай болады.
Өйткені, екі дүниенің арасын байланыстырып тұрған дәнекер – сөз. Сондайда: «Одан сөз артылған ба?!» дегеннің өзі терең мағынаға ие секілді көрінетіні бар. «Сөзге тоқтау» деген ұғымның әлемде баламасы жоқ екенін түсінесіз.
Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле шайтан-пері.
Шал ақынның шалқыма өлеңі сонау көнеден күмбірлеп жеткен күй емес, дәл бүгін, дәп қазір айтылғандай әсер қалдыратыны несі екен?! Аттың үстінде отырып-ақ адамзаттық ойды қозғаған шайырдың әр жолында бір оқиға, біз білмейтін бір тарих бар. Бірақ ол құпия тарих өзіне ғана мәлім!.. «Бұларда тарих жоқ. Болмаған! Қаңғырған қазақта қалайша тарих болуы мүмкін?» деп шулағандардың қарасы мол екені айтпаса да белгілі. Қазақ Көктүріктердің ұрпағы, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы екенін археологиялық зерттеулер мен сөзбен жазылған тарих-ақ дәлелдесе керек-ті. Жылнамашылар жарыса жазған тауарихты, жазбаларды өртеп, өшіріп, қолды еткенін ол ағайындар мойындай қоймас. «Халық – Құдайдың екінші аты» екені рас болса, бұндай қылмыс жазасыз қалмайды және ақиқат ертелі-кеш үстемдік құратынына сенеміз. Біздің негізгі қозғайтын тақырыбымыз – «тарихы жоқ қазақтың» хандық дәуіріндегі поэтикасы…
Хандық дәуіріндегі жыраулық поэзияны Бұқар жыраусыз елестету әсте мүмкін емес. Абылай ханның әдеби бейнесін жасағаны өз алдына, ел басына күн туған шақта жауынгерлік рухты жасытпас үшін алмас қылыштай жалт-жұлт еткен жырларын тудырды. Қиян-кескі шайқасқа шығар алдында, соғысқа аттанарда имандылықты ту етіп, әдеп, мораль, ізгілік атты адамға ең қажетті рухани аспектілерді жырлай білді. Себебі, бүгін ардан аттаған сардар ертең өз елін де сатып кететінін түсінді. Көрегендігін өлеңмен көмкере білген жыр сәйгүлігі – Бұқардың «Тілегін» оқысаң көзіне жас келеді. Қиын-қыстау заманда аталы сөз айтып, азамат басын қосып, ұлтты ұйыстыратын адам қажет болды. Дәл сол қызметті Бұқар бабамыз абыроймен атқара білгені – көптеген кесапаттың алдын алып, кесірден сақтай алды.
Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалыңмалы арзан деп,
Жаманнан қатын алмаңыз!
Айтқанымды тексермей,
Алды-артыңды тектемей,
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Ақылымды ескермей,
Жаманнан қатын алсаңыз,
Топқа түсер ұл тумас… –
Жырау ұлтты ұстап тұрған алтын діңгек – тектілік екенін, қан бұзылса арты жақсылыққа апармайтынын, елдің күш-қуаты, әл-дәрмені әлсірей түсетінін он жетінші ғасырда-ақ ескерткен. Бүгінгі қазақтың генофондына қауіп төнгенін білсе, бабамыз не күй кешер еді деген де ой келеді…
Ханымыз отыр аһ ұрып,
Халқымыз отыр бас ұрып.
Сабаны әкел ордаға,
Құран оқыт молдаға. –
Жырау өлеңдері іс-әрекетке құрылып, әркез қозғалыс үстінде жүруі дала драматургиясының ерекшеліктерін айқындай түседі. Өлеңдегі кей сөз, кей ой айтылмай құпия түрде қалуының өзі шығарма поэтикасының қуаты мен әсерін, эффектісін күшейте түсіп, оған қайталанбас бояу, ерекше реңк, сырлылық сипатын дарытып, жаугершілік уақыттағы батыр намысын жанитын қайрақ бола білді. Бұл – тек жыраулар поэзиясына ғана тән ерекшелік.
Қарға бойлы Қазтуғанның:
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы менен тайы тең,
Жары мен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай, –
деп басталатын жырында өз кезеңінің теңдік рухы мен Отан-Ана, «Еділ жұрты» дегенде емешегі езілетінін сәтін ғажап сипаттайды. Қазтуған теңеулеріндегі адуындылық, қаһарлылық пен сөз сұлулығы – «ұстаса Қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығының» поэтикалық салмағы ауыр екенін түсінесіз.
Бұлт болған Айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің,
Арасын өтіп, бұзып дінді ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған! –
деген жолдардағы автордың өзін мадақтауы эгоның, «меннің» көрінісі емес, керісінше, ұлттың өзін-өзі көтермелеуі, өзін-өзі қамшылап, жігерлендіруі деген тоқтамға келеміз. Себебі, жырау – халықтың екінші аты. Толғаулардағы ішкі толқыныс, жан дірілі айтушы екпініне екпін қосып, қара домбыраның қағысы, ат тұяғының дүбірі, жердің дүрсілі, жел тұрғандағы шөптің тербелуі, киіз үй есігінің сықырлап ашылуы, жебенің суылын естігендей боласың.
…Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес!
Қолбасшы әрі жырау Ер Доспамбеттің отансүйгіштік, күрескерлік, ерлікті насихаттайтын жырлары келер ұрпақты да рухтандырып, жаңа бастамаларға шабыттандырары хақ. Жаһандану аш бөріше жан-жағымыздан анталаған заманда тіліміз сұйылып, ата дәстүрі, әке жолын ұмытып, діңімізден алшақтай түскен уақытта жыраулар поэзиясының Ахаңның «Масасынша» ызыңдап, ұлтты ояту жолындағы мән-маңызы зор-дүр. Доспамбеттің «Азаулының Стамбұлдан несі кемі» еш жерге алмастырмайтын туған топырақ пен алты қырдың астынан Күнге шағылысқан алтын түстес күмбезінің жарқылы көрінген бөтен елді салыстыру кезінде қолданатын тұрақты тіркеске айналғалы қашан. Соншама ұғым-түсінік пен соншама сөз-сөйлемнің ішінен Сенің «шұбар жыланың» өз орнын тауып жатса, бұдан асқан бақыт жоқтай көрінеді. Өлім алдында Отанды жоғары қоюдағы жырау философиясы барша ұлтты «Шаһид кешсем, өкінбен!..» дегенге шақырады. Ер Доспамбет дәл осы өкінбестік сарынын – «дұспан аттым, өкінбен», «дулыға кидім, өкінбен», «қоныстар қонған өкінбес», «арғымақ мінген өкінбес», «көбелер киген өкінбестікпен» жалғайды… Дала пәлсафасындағы бақи мен фәни, рух, жан, ар, иман, ұрпақ, Отан, арман-қиял, келешек, барлық категорияларын жыраулық дәстүр өзгеше қырынан аша түседі. Бұндағы Баласағұни дидактикасы, «Зар заман ақындарының» запыранға толы жырлары мен Иассауи, Иүгінекилердің діни-мистикалық, сопылық әдебиетімен салыстырғанда түр-түсі, ритмикасы, мазмұны, тақырыбы бөлектеу. Егер байқай түссек, Махамбеттің билік апаратын сынау арқылы халық сөзін сөйлеудегі жасындай жырлары мен Сүйінбай поэтикасы рухы жағынан Ер Доспамбеттің ырғағы, мелодизмімен сарындас келеді. Бірақ көбіміз Махамбет феноменін өңгелерден бөлек қарастыруға тырыссақ та бір айта кететін дүние – Өтемісұлы жыраулар поэзиясына жаңа дем бергенін, жаңаша түрлендіріп, жаңаша жаңғыртқан дала шайыры. Аталмыш тұлға біздің тақырыптан сәл арылау жатқанын ескере отырып, әдеби сабақтастық жөнінде аз-кем сөз қозғай кеткіміз келіп отыр. Махамбеттің «Асқар, асқар, асқар тау», «Мен, мен, мен едімі», Доспамбеттердің «Сере, сере, сере қар», «Тоғай, тоғай, тоғай суы» секілді сөздің қайталауына құрылған әуен, әуез, ырғақ өлеңді кие дәрежесіне жеткізіп, ұлы ритм Біздің қанымызға сіңіп, уағында өлең тілінде сөйлейтін ұлт деңгейіне дейін көтерілуіне септігін тигізді. Бұл сөзіміз қаншалықты пафосқа толы шықса да айтуға рұқсат етіңіздер – жыраулар поэзиясы бұл әлем әдебиетіне қосылған пошымы, болмысы бөлек арна. Саған алғысымыз шексіз баба жыраулар, дана жыраулар, алдыңда басымызды иеміз! «Халықты тілмен қорғаған» Сүйінбайлар заманында өлең мен тыңдарман, сөз өнері мен автор бөлінбестей ұғымға айналған-ды. Ол уақытта әдебиетке құрметпен қарап, «қара сөздің қаймағын сүзгендердің» өз пантеоны, өз Олимпі болғаны шын жүректен қуантады. Себебі, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайы» соғыс психологиясын нақ ашатын классикалық шығарма екені өз алдына, адамның өсу, даму, қалыптасу кезеңдеріндегі ер деген ұғымды соншалықты нәзік, зергер секілді дәлдікпен бере білгені ғажап нәрсе. Ердің ішкі, рухани трансформациясын, түрленуін, түлеуін батыр, қолбасшы емес, әйел заты айтқандай әсерде қаласың. «Тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей», «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай», «Түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай» секілді теңдессіз, жауһар теңеулерінің арғы жағында өр әрі мұқалмас рухпен қатар адамның адам болып қалу идеясы жатыр. Хандық дәуірінің орталық тақырыбы – Отанды қорғау, Отанды сүю, Отан-Ананы бәрінен жоғары қою екенін ескерсек, XXI ғасырдағы қазақ қоғамы әдебиетке қайта оралуға міндетті. Өйткені, әдебиет алдындағы қарызымыз үйеңкідей үйіліп-үйіліп парызға айналатындай уақыт өтті…
Жыраулар поэзиясының айбалтасы – Ақтамбердінің жастайынан, он жеті жасынан қанды қырғынды көріп, соғыстың бел ортасында жүргені дала шайырының жігерін жани түседі. «Күлдір де күлдір кісінетіптегі» жауға деген ашу-ызасы мен өзінің арман-аңсары алмасып, туындыны әсерлі етіп, ерекше бір поэтикалық атмосфера қалыптастырады.
Балпаң, балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас,
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас.
Жыраудың «Отан үшін отқа түсуге» (Б.Момышұлы) даяр батырларға қоятын талабы ерекше. Бұнымен өжет болу аздау екенін ұғынасыз. Яғни адам ажал алдында өз көлеңкесін көріп дірдек қаққан көжектей күйге түсетінін де астармен жеткізеді. «Жеті жарғыда» көрсетілгендей, ауыр қылмыстардың қатарында «соғыс алаңынан қашу» саналатынын айтпаса да белгілі. Майданда біраз қалмақтың басын қаққан Ақтамберді:
Жалтара шапсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың,
Жаудан аяй көрмеңіз,
Ғазірейіл тура келмей жан алмас!
Жыраудың XVIII ғасырда айтылған бұл сөзі бүгінгі жігерсіз ұрпаққа арналғандай көрінетіні несі екен?! Сөз өнерінің өміршеңдігі деген осындай бір өлшемдермен өлшенсе керек. Әр сөзді әркім өзіне қабылдайтындай немесе соны терең ұғынып, қабылдай алатындай дәрежеде болғанымыз жөн сияқты. Әдебиет – шаң басқан, мұражайда қат-қат жатқан сары қағаз емес, тірімізде тіршілікке аса қажет ауа, су және наннан кейінгі қажеттілік. Сәуегей-жыраулар соны алдын-ала көргеніне, болжампаздығына таңырқайсың…
Билік пен әдебиет бетпе-бет келгенде, алғашқысы соңғысының пікіріне құлақ асатындығының жарқын үлгілерінің бірі – Жиембет пен Есім хан мысалы. «Атадан жалғыз мен емес, Хан ие, ісің жол емес, Жолбарыстай Жолымбет, Құрбандыққа қол емес» дей келе орнынан тұрып, ашуға міне бастаған ханды «Қаһарыңды басқалы, Қалың елім жиылды» деп сол орнынан қайта жайғастырады. «Халық» деген фактор ол заманда, фактордан гөрі таза факт еді. «Жотасы биік Дендерім?! Қайырымсыз болған хандарға, Тиер ме екен бір күні, Жолбарыстай шеңгелім!» деген жыраудың өкініштен өксік ата шыққан бұл сөзі көптің жүрегіне инеше қадалғаны белгілі. Дей тұрғанмен, Жиембет бабамыздың арзу-арманы – халықтың көңіл-күйі, халық мұң-наласы, халықтың шері болды. Жылағанда жұбатқан, қуанғанда құшағын жая білген қайран жырауларым-ай. Бір жағынан хан, бір жағынан соғыс, бір жағынан елдің ертеңі сияқты дилемма тұрғанда Есенқұл айтпақшы, «теректей басы теңселіп», ой орманының ішінен жауап іздеуге сүңгіп кететіні сондықтан ғой. Шалкиіздің «Мен ісімді Хаққа тапсырғанмын һәр жерде» деуінде адамзаттық ой жатыр әрі ұлт әр кез Алланы аузынан тастамай, ең соңғы үміті, ең соңғы сүйеніш-тіреуі – Жаратқан Жалғыз Ие екенін ел есіне салады. Жырау этика, иман мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, аз сөзге көп мағына сыйдыратыны – поэтика сиқыры. Мақаланы қорытындылай келе, жыраулық дәстүр әдебиетіміздің алтын көпірі арысы – Махмұт Қашқари, Сүлеймен Бақырғани, Асанқайғылар, берісі – Шортанбай, Ыбырай, Абай, Әсет, Ақан, Тұрмағамбеттердің тууына септігін тигізді. Құнарлы топырақтың құны жоғары болатыны сияқты, ұлылар қалдырған толғауларды көңілге тоқып, жырларын жаттап өсуіміз керек. Бұқардың Абылай ханға, Жиембеттің Есім ханға, Махамбеттің Жәңгір ханға сын айтуы тұлғалық сипаттан, жеке бастың сөзінен гөрі қос дүниетанымның, әлемге деген көзқарастың текетіресіне ұқсайды. Дегенмен де, Қаблиса жыраудың «Халықпыз біз, қиынбыз» деуінде терең мағына жатыр. Өйткені, жырау, ақын, шайыр, жалпы өнерді тудырушы тұлға елдің еркесі, халықтың перзенті! Бірақ оның талап-тілегі де аз емес. Сөз өнері сонысымен құнды!..
Әлібек БАЙБОЛ