«ТОМИРИС»ФИЛЬМІНДЕ ҚАНҚҰМАР КИРДІҢ БАСЫН ЖАСАДЫМ
30.09.2019
1331
0

Театр және кино актерлеріне  өзі сомдайтын кейіпкерге түр-келбеті жағынан ұқсауы үшін грим жасалынатынын көбіміз білеміз. Әйтсе де, бұл он саусағынан өнер тамған шеберлер – грим мамандары­ның еңбегі екенін елеп-ескере бермейміз. Жалпы, грим деген не? Грим жасау – тек қана бояу жағу ма? Осы тектес сұрақтарға жауап іздеп, кино және тележобаларда сан алуан образдарды тудырып жүрген суретші-гример Жазира Әбілқайыровамен сұхбаттасқан едік…

БІЗДІҢ КЕЙІПКЕР

Жазира Әбілқайырова 1980 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Тоғызбұлақ аулында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясын «сцено­графия және суретші-гример» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде  Ж.Елебеков атындағы респуб­лика­лық эстрада-цирк коллед­жінің оқытушысы және кино саласының грим маманы.

– Қазақ арасында сирек кездесетін гример мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

– Бала кезімнен театр саласын жақсы көрдім. Әрі сурет өнеріне жақындау да болдым. Сол себепті, академияға құжат тапсырғанда актер Ораз Дүйсенов атамның кеңесімен осы мамандықты таңдадым. Елу жылдан астам уақыт М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында грим маманы болып қызмет еткен белгілі грим шебері Виктор Щербаковтың шәкіртімін.

– Сізбен сұхбаттасу оңай болмады. Екі-үш айдай түсірілімнен келуіңізді күттік. Айлап, апталап сыртта жүру қиын емес пе?

– Иә, кино саласының тыныс-тіршілігі осындай қиын әрі қызық. Фильм қай жерде түсірілсе, түрлі затқа толы қобдишамызды көтеріп, біз де сонда жүреміз. Көбіне айлап кетеміз. Түсірілім уақыты ең ұзаққа созылғаны «Томирис» фильмі болды. Ақпан айының аяғынан басталған. Шілденің ортасында бітірдік. Қыста Қапшағайда бір апталық түсірілім өтті. Қалған түсірілімдер «Қазақфильм» аумағында, Қапшағайда, Шонжыда, Көкшетауда жүрді.

– Бүгін тұсаукесері өткелі отырған «Томирис» фильмінде грим маманы ретінде қандай жұмыстар істедіңіз?

– «Томирис» жобасында тоғыз грим маманы жұмыс істедік. Фильмдегі гримнің қиын түрлері менің қолымнан шықты десем, артық айтқаным емес. Мәселен, жасанды шаштар (парик), амазонка қыздардың денесіне татуировкалар жасау және т.б. Мен фильмде Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Клара Әбілжанова, Асхат Үрпеков, Дәулет Досбатыров сынды артистерге грим жасадым. Асхат Үрпеков төрт кейіпте шығады: жігіттік, орта және егде жастағы шағы, сондай-ақ соңында кейіпкерінің өртенетін сәті. Осыған орай күйген тері жарақаттарын жасау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Сонымен қатар силиконнан шабылған бастардың муляжын, соның ішінде тарихтан белгілі қанқұмар Кир патшаның да басын жасадым. Мұндай жұмыс Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған. Режиссер Ақан Сатаевтың осындай күрделі жұмыстарды маған сеніп тапсырғанына рақмет айтамын.

– Грим жасауда не нәрсеге сүйенесіз?

– Тарихи кейіпкер болса, міндетті түрде тарихқа жүгінеміз. Мәселен, тарихи эскиздер, фрескалар, жазба деректер. Режиссерлердің де өз айтары болады. Тарихшы кеңесшілермен сөйлесеміз. Бұлардан бөлек, грим маманының да өз көзқарасы болуы керек. «Тар заман» телехикаясында халыққа жақсы таныс фотосуреттер арқылы грим жасалынды. Пластикалық гримге жүгінбей-ақ, кастинг арқылы таңдап алынған, кейіпкерлерге түр-келбеттері ұқсайтын актерлерге шаш үлгісі мен сақал-мұрттарын заманына сәйкес жасадым.

– Ең алғашқы кәсіби гриміңіз есіңізде ме?

– Ең алғаш «Алдар көсе» телехикаясында түсірілімнің басынан-аяғына дейін жалғыз өзім жұмыс істедім. Сонда қатты қиналғаным есімде. Образ жасау жағынан емес, жалғыз өзім болғандықтан физикалық тұрғыдан шаршағанмын. Осы орайда режиссер Дин Махаматдиновтың көп көмегі болды. Кезінде марқұм Батырхан Шүкеновтің бейнеклиптерін түсірген, Ресейде тұратын қазақ азаматы. Түсірілімге дайындық кезінде не істеуім керектігін нақты айтып қойды. Грим жасатуға үлкен актерлер келгенде аздап қобалжыдым да. Десе де, өздері маған сеніммен қарап, жылы шырай танытып, жұмыстың жақсы жүруіне жайлылық орнатты. Негізі, академияда оқып жүргенде грим, постиж сабақтары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтетін. Сол себепті ол кісілер бізді студент кезімізден білетін. Мәселен, Саят Мерекеұлы, Мұрат Нұрәсілов, Болат Әбділманов ағалар. Аты-жөнімізді білмесе де, түр-түсімізді таниды. Көбіне бізді «Виктор ағайдың қыздары» деп атайды.

– Бір грим жасауға қанша уақыт кетеді? Ең ұзақ жасаған гриміңіз қанша уақытқа созылған еді?

– Ең қиын гримім екі сағаттай уақытқа созылған. Негізі, жасанды шаш, сақал-мұрт жапсыру жұмыстары болса, кемі 30-40 минут уақыт кетеді. Қазір жеңіл жұмыстарды көбіне көмекшілерім істейді.

– Грим жасау кезінде актерге қандай талап қойылады?

– Актер грим жасау кезінде қозғалмай отыруы керек. Әйтсе де, академияда оқыған кезімізде ұстазымыз: «Сендер, әрі, кетсе төрт сағат түрегеп жұмыс істерсіңдер. Ал, актер бір тәулік бойы халықтың алдында тұруы мүмкін. Сондықтан оларға кедергі жасамаңыздар, шаршатпаңыздар», – дейтін. Сол себепті алдымызға келген қай актерге де құрметпен қарап, жақсы көңіл күймен кетуі үшін барымызды саламыз.

– Өзіңіз грим жасаған артистердің ішінен ерекше шыдамдылығымен таңғалдырғандары болды ма?

– Болды. Актриса Алтынай Нөгербек. Ол кісі жұмыс кезінде өзінен бұрын сіздің жайлылығыңызды ойлап отырады. Ал осы жаздың аптап ыстығында актер Сағындық Жұмаділ, Болат Ұзақов ағаларымыз күрделі сақал-мұрттар желімдеу кезінде соншалықты шыдамдылықтарымен тәнті етті. Жалпы, үлкен актерлер шыдамды, сабырлы келеді. Жасаған гримдерімізге күтіп қарайды.

– Грим ұзақ уақыт бүлінбей сақталуы үшін актерлерге қандай талаптар қойылады?

– Бет-аузын себепсіз ұстамау, ретсіз тамақ ішпеу. Түсірілім кезінде міндетті түрде камераның қасында гримнің бұзылмауын қадағалап тұрамыз. Жалпы, гримнің бүлінбей сақталуы актердің шыдамдылығына байланысты. Актер ұқыпты болса, грим түсірілімнің басынан аяғына дейін – күні бойы өз қалпын сақтап тұрады.

– Грим арқылы адамды танымастай етіп өзгертуге бола ма?

– Әрине. Грим маманы грим арқылы жас адамды қартайтып, қарт адамды жасарта алады. Бәрі де ізденіске байланысты. Актердің кескін-келбетіне қарап отырып жарасымды да қызықты образдар тудыруға болады. 2016 жылы «Билайнның» жарнамасында автобустарға жабысып алатын қорқынышты кейіпкерлер (зомбилер) бейнесін жасадық. Тәжірибе ретінде өзіме өте қызықты болды.

– Грим сәтті шығуы үшін грим маманының бойында ең алдымен қандай қасиеттер болуы керек?

– Суретші болғаны дұрыс. Жай ғана суретші емес, ізденіс жолындағы өз ісінің шебері. Әйтсе де, ең басты талап – талғамның жоғары болуы. Грим маманы актерге жарасымды, ал халыққа ұнамды образ жасай білуі керек.

– Өзіңіз әлі де сурет салумен айналысасыз ба?

– Шынымды айтсам, академияны бітіргеннен кейін сурет салмаппын. Әйтсе де, бүгінде аздап мүсін өнерімен айналысамын. Мәселен, «Томирис» жобасындағы силиконнан жасалған муляждар мүсін өнеріне өте жақын. Сондай-ақ, күйген теріні жасағанда ермексаздан (пластилин) қажетті бөлшектер дайындап алдым. Соларды актерге жапсырып, үстінен бояп, гримдедім.

– Болашақта грим арқылы кімнің бейнесін жасағыңыз келеді?

– Жалпы, бүгінде армандарым біртіндеп орындалып келеді. Режиссерлер күрделі образдарды сеніп тапсырып жатыр. Мәселен, «Тар заман» телехикаясында бүкіл Алаш зиялыларының, «Біздің қаламгер» телехикаясында 60-70 жылдардағы ақын-жазушыларымыздың портреттік бейнелерін жасадым. Сондай-ақ, режиссер Мұрат Бидосовтың желтоқсан айында жарыққа шығатын «Орбұлақ шайқасы» телехикаясында қазақ батырлары мен жоңғарлардың бейнесін жасадым. Бәрі де бір-біріне ұқсамайды. Қай-қайсысына да өзіне жарасымды сақал-мұрт, шаш үлгілерін дайындадым. Қалыпты өлшемдерге жүгінбей, өзіндік тәжірибе жасадым десем де болады.

– Гримді бірден адамға жасайсыз ба, әлде алдымен муляжға жасап жаттығып аласыз ба? Дайындық кезеңіне қанша уақыт беріледі?

– Мен бірден адамға жасаймын. Өйткені уақыт тапшы. Дайындыққа көбіне өте аз уақыт беріледі. Актерлердің фотосуреттеріне қарап отырып шаш, сақал-мұрт, т.б. алдын ала әзірлеп қоямыз. Жұмысымыз дайын болғанда бейнебайқау өтеді. Сол кезде жасағандарымызды алып барып, актерге жабыстырып, грим жасап көреміз. Соңында режиссермен ақылдасу арқылы актерлерге таңдау жасаймыз. Қандай грим қажеттігін де сол жерде нақтылап аламыз.

– Режиссердің таңдауымен келіспейтін кездеріңіз бола ма?

– Болады. Режиссер өз таңдауын айтып, дауысқа салады. Біздің ұсыныс-пікірімізбен актерлерді ауыстыратын да кезі болып жатады.

– Өз саламда қолтаңбамды қалыптас­тырдым деп ойлайсыз ба?

– Толықтай қалыптастырдым деп айта алмаймын. Сол деңгейге жету жолында ақырындап алға басып келемін. Өз ісінің шебері болу – қай саладағы да маманның арманы ғой. Біздің жұмысымыз көрерменге кино арқылы көрінеді. Театрда ұмытылып қалады, залда отырған көрермендерге дұрыс көрінбейді. Негізі, тарихи портреттік бейнелерді жасауға жиі шақырады. Қазір режиссер Сатыбалды Нарымбетовпен бірге жұмыс істеп жатырмын. «Жаңғырық» атты фильм. Ондағы міндетім – Кенесары батырдың, бай-сұлтандардың, Адольф Янушкевичтің портреттік образдарын жасау.

– Жасаған гримдеріңізден өзіңізге ерекше ұнағаны қайсы?

– Жұмысымды алғаш көргенде сын көзбен әрі ұнатпай қабылдаймын. Әйтсе де, соңғы кезде өзіме «Тар заман» телехикаясындағы жұмысым ұнап жүр. Режиссер Мұрат Бидосовтың талғамы жоғары болды. Актерлер де соған лайық деңгейде еңбектенді. Бұл телехикаяда грим аса білінген жоқ. Жалпы, грим білінер-білінбес болғаны жөн. Бір қарағанда сырт адамға байқалмауы керек. Екінші қарағанда ғана білінуі керек. Грим маманына қойылатын басты талап – «Аз бояумен жоғары нәтиже көрсете білу».

Ең күрделі гриміңіз қайсысы болған еді?

– Мен үшін барлық грим маңызды. Қай-қайсысына да өз дайындығымен келесің. Жоба сайын жаңа актерлер қосылып жатады. Жақында бір роликке шақырды. Режиссер: «Шашыраған қанды жасап берсеңіз ғана болды», – деді. Алайда түсірілім алаңына екі сөмке көтеріп бардым. Өйткені адам біреумен жұдырықтасқан кезде қаннан бөлек міндетті түрде тер, шаң болады. Оны режиссерлердің көбі ескере бермейді. Мықты режиссер ғана бәрін нақты айтады.

– Түсірілім кездерінде алдын ала ескертілмегендіктен аяқастынан жасаған гримдеріңіз болды ма?

– Болды. Қазір аздап тәжірибе жинақтағаннан кейін «осыны сұрап қалады-ау» деген оймен қосымша дүниелер дайындап барамын. Мәселен, «Томирис» жобасында күю деген бастапқы сценарийде болмаған. Кейін қосылды. Түсірілім арасында өзім дайындап, жасап көрсеттім. Режиссерден бастап, түсірілім алаңындағылардың бәріне ұнады.

– Еліміздегі грим жасаудың шеберлері ретінде кімдерді атар едіңіз?

– Ұстазым Виктор Щербаковты. Қалада біраз грим мамандары бар. Бірақ алға суырылып шығып, күрделі грим жасап жүрген ешкім жоқ. Шетелдік «Марко Поло» телехикаясының бірінші маусымының түсірілімі біздің елімізде өтті. Сол кезде «Батыл жүрек» фильмінде актер Мел Гибсонге шаш үлгісін жасаған белгілі постиж шебері, «Оскар» сыйлығының иегері Пол Патинсон келді. Негізі, түсірілім кезінде он гример жұмыс істегенбіз. Солардың ішінен дайындаған сақал-мұрттарымызды қарап отырып, менікін ұнатып, өзіне көмекші етіп алды. Патинсонмен бірге шәкірті – «Хоббит», «Сақиналар әміршісі» киножобаларына грим маманы ретінде қатысқан Дэби Уотсон да келген. Екеуі де жұмыстарыма оң баға берді. «Енді Азияға келе жатқанда кімге хабарласатынымызды білеміз. Ісіңді тоқтатпа», – деп қолдау білдіргендерінің өзі маған қанат бітірді. Жақында Ақан Сатаев «Елбасы. Астана» атты жаңа фильм түсірді. Сол кезде «Темір ханшайым» фильмінде Маргарет Тэтчердің бейнесін жасаған, екі рет «Оскар» сыйлығын алған Марк Кулье дейтін белгілі пластикалық грим (силикондар арқылы адам келбетін өзгерту) шеберін шақырған. Сол кісі де жұмыс кезінде басынан аяғына дейін жанында жүруіме, суретке түсіріп алуыма, жасаған заттарын ұстап көруіме мүмкіндік беріп, ақыл-кеңестерін айтқан.

– Академияда оқып жүргенде тобыңызда қанша адам болған еді? Қазір солардың бәрі де грим маманы ма?

– Тобымызда он екі адам болған – он бір қыз, бір ер бала. Алайда академияны бітірген соң көбі басқа салаға кетті. Қазір алтауымыз ғана осы салада жүрміз.

– Гример мамандығы қаншалықты табысты?

– Өзіңізді көрсетіп, дәлелдей білсеңіз, табыс өзі келеді. Жай ғана опа-далабыңызды арқалап жүрсеңіз, сізді ешкім шақырмайды.

– Оқытушылық қызметіңіз жөнінде айтып өтсеңіз.

– Мен колледжде болашақ әншілер, бишілер мен цирк әртістеріне, актерлерге өз-өздеріне грим жасай білуді үйретемін. Мәселен, гастрольдік сапар кезінде, көпшілік сахнаға қатысқанда гримді өздері жасай алуы керек. Өйткені үлкен театрлардың өзінде грим мамандары ең көбі төрт адамнан аспайды. Олар, негізінен, басты рөлдегі артистерге грим жасайды. Сондықтан артистің бұл істен хабары болуы кез келген жағдайда грим мамандары үшін де, өздері үшін де үлкен жеңілдік туғызады.

– Кей адамдар визажист пен грим маманы дегенді бір мамандық көріп, шатасып жатады. Жалпы, екеуінің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

– Визажист пен грим маманы екеуінің бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей. Негізі, «грим» сөзінің ауқымы өте кең. Грим – көне итальян сөзі, «әжімді» деген мағынаны білдіреді. Францияда «грим» дегенді «күлдіргі атай» немесе «театрдағы кәсіби бояулар» деп атайды. Сақал-мұрт жапсырып алып, адамдардың көңілін көтеретін атай. Ағылшынша – «мейкап». Еуропада «грим» сөзінің мән-мағынасы бүкіл еуропалыққа түсінікті. «Грим» сөзін орыс халқы да өз тілдеріне аудармай, сол қалпында қолданады. Жалпы, грим маманы – ауқымды дүниені жасай алатын адам. Ал, визажистің негізгі міндеті – адамның бетін әрлеу.

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір