Эпос әлеміндегі эрудит
Қазақ фольклортану ғылымында әлемдік эпостану жүйесі, эпостанудың кеңестік кезеңі, қазақ әдебиеті және эпостану тәжірибесі деген күрделі түсініктер жиынтығы қалыптасқан.
Бұлардың әрқайсысы жеке-дара алғанда пайым-пардасы ұзаққа сілтейтін салалар. Жалпы, эпостану, соның ішінде «Эпос және этнос» деген тың жазира туралы түсінікті бір мақала төңірегінде толық тарқата салу мүмкін емес. Әрісі Еуропа мен Ресейдің, берісі өзіміздің Қазақстан ғалымдары арасында айналып келіп мұның аясына пікір қоспай кеткен фольклортанушылар жоқтың қасы, дегенмен кесімді ой айтып, пікірлерін тұжырымдама етіп түйіндегендер шамалы.
Қандай құбылыстың да бастау-бұлағы мен ортақ заңдылық аясында түйісер тұсы болады. Ғылыми таным адырнасын осы түйінді тұсқа туралап тартқан адам – эрудит ғалымдар қатарында. Жалпы, бұл лектен табылу үшін белгілі бір салада ғана білімді болу тым тапшылық етеді. Оған дедуктивті логика, жабық мәліметтерді таным таразысына тарта алатын тереңдік, көкжиектерді кең қамтып ой айтатын кітәби ғалымдық және жан-жақтылық деген қасиеттер жиынтығы қажет.
Сол үшін де ғылымда көп адамның жүрегі дауалай бермейтін шым-шытырық тақырыптар қазір де жетіп-артылады. Бейнеті белден келетін бұл саланың өзінің өрелі мамандары болады. Фольклортанудағы сондай бір күрделі тақырыпты ұзақ жылдар бойы негіздеп, ақыры дәлелін тауып, белгісін бекітіп, бүгінде әдеби айналымға ендіріп, дәуірлердің даулы жүгін жалғыз көтеріп, ғылыми шаршы алаңда өз ойын дәлелдеп шыққан ғалымның бірі – Тынысбек Қоңыратбай.
Әңгіме арқауы саналы ғұмырын фольклористика мен өнертанудың күрделі салаларына арнаған жан-жақты білімпаз, сол жайсаң аға туралы.
Бұл өзі тым әріден – фольклортанудың кеңестік кезеңінен басталған түйткіл, содан бері басынан дүдамал пікір, сан түрлі қисын арылмай келе жатқан күрделі мәселе. Өткен ғасырдың 90 жылдарындағы Ғылыми Кеңестердің аужайы естеріңізде шығар. Жазылған диссертацияның көтерген ғылыми жүгінен гөрі соңындағы пайдаланылған әдебиеттер тізіміне шұқшия қарап, өзінің аты-жөнін іздеп отыратындардың да шет-шепірін сонда көргенбіз. Ғылымда жарытып жаңалық ашпаса да, бас шұлғып отырудың арқасында жағдайын жасағандарды біздің қазақ «қосақ арасында қосыла шапқандар» дейтін. Әрине, Кеңес Одағы тұсында етек ала бастаған авторитаризм дертінің асқына келе күллі эпостану ғылымының өрісін тарылтып, өресін кемітетінін ол кезде кім білген? Кейін, сол қолдан жасалған қуыршақ ғалымдар жіберіп алған қателіктерді қалпына келтіру үшін бірнеше буын ұрпақтың тер төгетіндігі де ол кезде ешкімнің қаперіне кіріп-шықпағаны белгілі.
Әсіресе «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жоспарлардың конвейерлік үзіліссіз жұмысы тұсында белгілі бір зерттеу тәсілі жайдан-жай пайда бола салмайтын. Оның астарында мың бұрап ширатылған көзге көрінбейтін, тым алысты көздеген бағдарлы саясат ілесіп отыратын. Соның барлығының тасасында алып Одақтың аясына біріктірілген жүздеген ұлттардың шынайы тарихын бүркемелеуге бағытталған шовинистік пиғыл жатқанын әлгі қосақ арасындағылардың дені ақырына дейін білмей, сеніп өткені де анық. Себебі, оны білдірмей, тігісін жатқызып тұтас жүйе, алып механизмдер жұмыс жасап тұрды.
Кеңес Одағы тұсында жабық тақырыпқа айналдырылған қазақ эпостану ғылымындағы этникалық сипат мәселесі де күні кешеге дейін мүйізі қарағайдай ғалымдардың арасындағы түрлі ғылыми көзқарас, тұжырымдамалар мен зерттеу әдістемелерінің келіспеушілігі ретінде түсіндіріліп келді. Өйткені, бір орталықтан басқарылатын алып империя мүддесі үшін бұратана саналған халықтардың жады арқылы жетіп, ұлттың өзегін ұстап тұратын басты тірек – эпос сияқты күрделі рухани мұраның астарына жасырылған «қасиетті тарих» деректерін аршып алу – онша абырой алып беретін шаруа емес еді. Сол үшін де олар айла-шарғының неше түрін ойластырып, жымысқы ниеттерін іске асырып, ақиқатты барынша бүркемеледі. Шындық үшін шырылдаған жандардың ғылым түгілі қарапайым өмірде де бағы тайды. Тек саяси идеологтар сызып берген шеңберден шықпағандардың ұпайы түгел болатын. Ғұмырын ғылымға арнаған талай ғалымның басынан осындай күндер өткен…
Бұл әуелде Әукеңді – қазақ әдебиетінің тарихын түгендеушілердің бірі, профессор Әуелбек Қоңыратбаевты көп толғандырған тақырыптың бірі еді. Оң шешімі табылмай шиеленісіп келе жатқан осы күрделі мәселемен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының тарих және теория факультетінде оқып жүрген баласы Тынысбектің айналыса бастағанын білгенде Әукең, әуелі қуанып, артынан күдіктенген. Қаламына иелік еткен мұрагер ұлдың қарым-қабілетіне емес әрине, тарих үшін тайталасқан тұлғалардың талайының тағдырынан хабары болғандықтан. Кешегі аласапыран уақыттарда «неміс-жапон шпионы», «алашордашыл»деген жалған жаланың құрбаны болып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Әлібек пен Қалжан Қоңыратбаев сияқты бауырларының тағдыры оның ойындағысын толық айтқызып, қабілеті жеткен шаруаларды да түгел жасауға мұрша берген жоқ.
Ақыр аяғында Қоңыратбай әулетінің қоңыр әуеніне айналған ұлт тарихына қатысты осы мәселе Тынысбек Әуелбекұлы арқылы өз шешімін тапты. Сондықтан да біз Тәкеңнің бұл саладағы ұшан-теңіз еңбегін жай ғана кезекті ғылыми жұмысының бірі дей алмаймыз. Тынысбек – бір әулеттен шыққан талантты ғалымдар шоғырының аманатын арқалап, оның шешімін тауып, жеріне дейін жеткізіп, қазақ игілігіне айналдырған, эпостық мұраның қалтарыстарында қалған ұлттың ауызша тарихын қаңғалақтатып, басқа бағытқа алып бара жатқан кеңестік кезең ғылымының көне арбасының көшін қазақтың төл тарихына қарай бұрып, игі жұмыстарға мұрындық болып келе жатқан ой форматы өзгеше жаңашыл ғалым, дегдар қалпынан бір айнып көрмеген қарапайым жан!
Кеңестік кезең тұсында қазақ-кеңес эпостану ғылымы эпостық шығармаларымызды түрлі нұсқалар мен текстологиясын салыстыру, халықтық сипатымен стадиялық кезеңдерін анықтау, поэтикасы мен тарихи-типологиялық ерекшеліктерін салыстыруға қатысты эстетикалық сипаты жағынан біршама зерттеді. Сөйтіп, эпостың тарихы мен әлеуметтік ерекшеліктерінен гөрі көркемдік табиғатын зерделеу тәсілі басымдыққа ие болды. Ал эпостағы тарихи-этникалық үрдістің көріністері – тарихи ономастикалық атаулар, олардың тарихи-этникалық үрдіспен сабақтастығы, түрлі тарихи жағдаяттарға байланысты тұрақтылық қалпын сақтауы мен өзгермелілігі, этимологиясы мен семантикасы, жалпы тарихи-этникалық фон мәселесі ғалым Тынысбек Қоңыратбайға дейін арнайы зерттеу нысанасы бола қойған жоқ. Оның бұл саладағы еңбегінің басым ерекшелігі де осында.
Эпостарымыздағы ономастикалық атаулардың, яғни этноним, антропоним, топоним, гидроним, оронимдердің тарихи тегіне үңілу арқылы этникалық сипатын саралай отырып, эпикалық дәстүр мен этникалық үрдістің арақатынас сабақтастығын ашып көрсеткен фольклортанушы Тынысбек Әуелбекұлының бұл бағыттағы ғылыми ізденістері тың көзқарастарға толы айрықша таным түріне жатады. Аталмыш еңбегі арқылы Тәкең қазақ эпосын тек поэтикалық сипаты, яғни көркемдік жүйесі мен тарихи-типологиялық негіздері арқылы ғана толық тани алмайтындығымызды айтып, сөзін дәлелдеумен келе жатқан жалғыздардың қатарында. Ол эпостың этникалық ақпарат жеткізуші тарихи, мәдени, рухани-әлеуметтік құбылыс екендігін, батырлық жырдағы ономастикалық атаулардың этникалық негізде ғана жасалатындығын, қаһармандық эпостан түрлі этнос пен этникалық топтардың тарихи тегі мен географиялық қозғалысының көрініс табатындығын, бір сөзбен тұжырымдап айтқанда: эпостың тарихи-этникалық дереккөз екендігін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп шыққан бірегей ғалым.
Бұл жайында «Эпос және этнос» деп аталатын монографиясының кіріспесінде ғалымның өзі: «…Бұл күрделі ғылыми міндеттердің қаншалықты терең әрі дәлелді шешілгендігі уақыт, мамандар, одан қалды, оқырман қауым еншісіндегі мәселе», – деп жазады. Әрине, сыпайылық деген өте жақсы қасиет болғанымен, шындығында, уақыттан да бұрын, шығарманың әуелгі төрешісі автордың өзі. Ал Тынысбек сияқты қазақтағы саусақпен санарлық фольклорист маманның сулы-жабағы еңбек жаза алмайтындығы – көп дәлелді қажет етпейтін ақиқат!
Фольклортану ғылымындағы эпос және этностар тарихын зерттейтін ғылыми әдістемелер қай уақытта да бірізді болған емес. Содан да болар, Орта Азия мен қазақ халқының рухани ортақ мұрасы ретінде ауыспалы сюжеттермен жырлана беретін «Қорқыт ата», «Манас», «Алпамыс», Көрұғлы», «Қобыланды» сияқты эпикалық мұралардың астарындағы тарихи-генетикалық, этникалық байланыстар мен сол халықтарға ортақ наным-сенім, таным-түсініктер туралы ғылыми жарағы толық Тәкең, мәселенің әуселесін тым әріден – ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы мүйізі қарағайдай ғалымдардың арасындағы келіспеушіліктерден болған ғылыми пікірлердің алашұбарлығынан бастайды.
Бірінің айтқанын екіншісі місе тұтпай, топ-топ болық жік айырысып, бір-біріне шекетамыр соғып жатқан мүдделестер мен ұзақ жылдар бойы қазақ ғылымындағы соны көзқарастарды тұралатудан басқа пайдасы шамалы ит-ырқыл даудың басында тұрған ғалымдар тұжырымдамасының алауыз ойларын оқып отырып, амалсыз жағаңды ұстайсың. Содан соң саясат пен ғылымның аражігіндегі тылсымнан ортақ тін таба алмай қиналасың. Ақыр аяғында қазекең айтқан: «даудың басы – боқжеме» деген көне тәмсіл еске түсе береді.
«Тарихи мектеп» тәсілін жақтап, орыс халқының тарихын фольклордан, соның ішінде былина табиғатынан іздеген Л.Н.Майков, В.Ф.Миллер, А.П.Скафтымов, М.Н.Сперанский; аталмыш мектеп қағидаттарына сын көзбен қараса да, оның өміршең тұстарын қайта жаңғыртқан Б.А.Рыбаков, М.М.Плисецкий, Н.И.Кравцов, Л.И.Емельянов, С.Н.Азбелев; эпостың тарихилығын оның поэтикалық ерекшелігінен іздейтін жаңа зерттеу әдістеме – «поэтикалық мектеп» қағидаттарын қалыптастырған В.Я.Пропп пен оның шәкірттері Б.Н.Путилов, В.П.Аникин еңбектеріндегі бірін екіншісі қыжыртып отыратын кәдімгі пендешілік пікірталастарды зерделей келе, келмеске кеткен кеңестік кезеңнің жымысқы айла-шарғыларынан кәдімгідей аяқ тарта бастайсың. Содан соң «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» мұндай дәрежедегі «ұзын арқан, кең тұсау» әдісті ойлап тауып, жүздеген ұлтты өзінен алыстатып алмай, тым жақындатып та жібермей қарғылап ұстап отырудың мынадай тәсіліне тәнті боласың.
Мейлі, олар не десе де Тәкеңнің – Тынысбек Қоңыратбайдың ұстанымы берік: «Орыс былиналарында кездесетін тайпа, ел, халық атауларының негізгі ерекшелігі – катайконимдік тұлғада көрінуі болса, қазақ эпосындағы ру-тайпа атауларының басты белгісі – этнонимдік тұлғада жасалуы… Орыс былиналарының тарихи сипаты болса да, этникалық арқауы жоқ. Ал қазақ эпосынан мұның екеуі де айқын көрініс тапқан. Олай болса, орыс былинасы мен қазақ эпосының арасына теңдік белгісін қойып, оның біріне қатысты айтылған ғылыми пікірлерді қаз-қалпында екіншісіне қолдану ойлануды қажет етеді», – деп, ұлттық көзқарас негізіндегі ордалы ойларымен ойқастап, өзіне дейінгі ғылым көшінің шұбалаң жолын бір орап, көген кескендей етіп өте шығады. Ғалымның осылайша білім жарыстырып, тұжырым жасап, қазақ эпосын зерттеуге байланысты ұсыныс ететін зерттеу әдіс-тәсілдерін зерделеп отырып қазақ фольклортану ғылымының кенжелеп қалған жылдары үшін кәдімгідей қынжыласың. Егер сол кезде, ғылымда ой еркіндігіне кезек берілгенде, бүгінде қазақ эпосы әлемдік фольклористикада талай биік белестерді бағындырып-ақ тастаған болар еді. Бірақ жоққа жүйрік жеткен бе…
Мен осыдан біршама жыл бұрын, Тәкең докторлық диссертациясын қорғаған күнді есіме алып, сондағы көргенімді көз алдымнан көктей өткіздім. Сол жиында да оны құрақ ұшып қабылдап, ол ұсынған тиянақты тұжырымдамалармен риясыз келісе кеткен ғалымдарды көрмеген едім. Ал мүлдем келіспеуге Тәкең ұсынған танымдық талдаулардың сол жерде отырғандардың көбісінің көкейіндегісін тап басып тұрғаны анық еді. Енді ойлап отырсам, ол да бір келмеске кетіп бара жатқан кеңестік кезеңнің салқыны басыла қоймаған кез екен ғой. Өйткені, қазақ эпостану ғылымына Қоңыратбай әулетінен келген пайдадан басқа, шеккен зиян туралы естіген ешкім жоқ.
Фольклортанушы Тынысбек Қоңыратбай атап көрсететін көп салалы қазақ эпосындағы көркемдік, тарихи-этникалық, тарихи-археологиялық, этнографиялық, ономастикалық желілерге қоса поэзия мен музыканың ажырамас бірлігін толық басшылыққа алғанда ғана эпос сияқты күрделі құбылыс тарихи-этникалық дереккөз ретінде ұлт кәдесіне жарап, қазақтың тарихта кеткен есесін қайтара түспек. Бұл күнде оған көз жетіп, көңіл сеніп, халықтың ойы да орныға бастаған…
Жасыратыны жоқ, біз ғасырлар бойы «жазуға сенген жаңылшақ» деген қағиданың рухында тәрбиеленіп, жазба әдебиетімен кейіндеу қауышқан, соны ескерместен ауызша тарихтан – байырғы бабалар рухани азық еткен эпикалық жырларымыздан, сол қымбат қазынаға астар ретінде өзегіне қоса өрілген жырдың этникалық сипатынан көз жазып қала жаздаған халықтардың қатарындамыз. Олай болса, тарихи жадымызды қайта жаңғыртып, осы жолға бар саналы ғұмырларын арнап жүрген ат төбеліндей қазақтың арда туған азаматтарының алдында қарызымыз шаш-етектен. Сондықтан мадақ пен марапаттың қандай түріне болсын солар лайық, мен қазақпын деген жақсы мен жайсаңдардың төрі де солар үшін. Өсер елдің есі бүтін ұлдары бірін-бірі осылай ұлықтаған болар еді.
Өйткені, арамызда соған лайық ғалым бар…
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.