Бәріміз Жомарт дейтінбіз
18.09.2019
1660
0

Зейнеп Мүсілімқызы БАЗАРБАЕВА,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

 профессор

 

Өмір өткелдеріне көз жүгіртіп қарар болсаң, жалындаған жастықтың керемет шағы көз алдыңа келеді. Осындайда қойнауы тарихқа толы өткен өмірдің ұмытылмас сәттері еске түсері анық… 

 ӘКЕЛЕРІМІЗ ДОС ЕДІ…

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік жұмыстан қолы босағанда жазып, әр жылдары сыйға тартқан «Под стягом независимости», «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации», «Преодоление», «Свет и Тень», «Слово об отце» (Әке туралы ой-толғау), «Reflections at the United Nations» атты кітаптары менің сөремде басқа да құнды кітаптармен бірге сақталып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазу стилі – жеңіл әрі тартымды. Оған мұндай жазушылық қасиет әкесінен, яғни детективті-таңғажайып жанрының атасы саналған танымал жазушы Кемел Тоқаевтың талантынан дарыған болу керек.

Кемел аға біздің әкеміз Мүсілім Базарбаевтың ең жақын досы болды. Олар жас кезінен етене жақын араласып, бір-бірінің үйіне қонаққа баратын, сол себепті біз, балалар бір үйдің баласындай жақын болып кеттік. Қасым-Жомартты бәрі Жомарт деп атайтын еді. Ол балаларының ішіндегі тұңғышы. Інісі Бақытбек пен екі қарындасы Салтанат, Ләйлә және менің әпкем Жаннат барлығымыз бірге әртүрлі ойындар ұйымдастыратынбыз. Сол кезде ортамыз өте қызықты әрі көңілді болатын.  

Кемел аға басқа балаларына қарағанда Жомартқа ерекше көңіл бөліп, сол кездің өзінде «болашақта дипломат болады», – деп отыратын. Шындығында, Жомарт бала кезінен-ақ өзін әрбір сөзіне мән беріп сөйлейтін және өте сыпайы әрі ақылды дипломат ретінде өзін ұстай білетін. Баланың мінез-құлқы бес жасқа дейін қалыптасатынын ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Меніңше, бойындағы сол мінезі қазірге дейін өзгермеген секілді. Қандай жоғары лауазымда жүрсе де, әрқашан қарапайым қалпын сақтап, адами қасиетін жоғалтпады. Оның бойынан мақтаншақтық мінезді көрмеппін. Шынайлық пен әділдік оның қанына сіңген қасиет.

Біздің ата-аналарымыз жастық шақтарында уақыттарын көңілді әрі қызықты өткізетін. Ал біз, балалар басқа бөлмеде ойын ойнайтынбыз. Ол бір керемет заман еді. Балалық дәурен де мектеп кезеңіндей зымырап өте шығады екен. Жомарт бұрынғы Калинин-Дзержинский, қазіргі Қабанбай-Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы 25-мектепті бітірді. Мектепті үздік бітірген оқушылардың арманы Мәскеуде оқу болатын. 

Жомарт жастайынан алдына қойған мақсатына жетуге тырысатын. Осындай қасиетімен ерекшеленген ол бүкіл одақтағы ең беделді жоғары оқу орны Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқуды қалады. Бұл оқу орнында дипломаттардың, мемлекеттік қайраткерлердің және Мәскеудің байырғы тұрғындарының ғана балалары оқитын еді. Оларға бәсекелес болу шалғайдағы Алматыдан барған бозбалаға оңайға соқпағаны анық. Жомарт сол оқу орнында оқимын деген бала кездегі арманын іске асыруға ұмтылмаса, Қасым-Жомарт болып қалыптаспаған болар еді.

МӘСКЕУГЕ БІРГЕ АТТАНҒАНБЫЗ

Ол емтиханды өте жақсы тапсырып, Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына қабылданды, ал мен М.Торез атындағы Мемлекеттік шет тілдер институтына оқуға түстім. Ата-анамыздың бізді Мәскеуге қалай шығарып салғаны әлі есімде. Осылайша студенттік өмір басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Преодоление» деген да: «Студенттік өмірді нағыз қызық әрі алаңсыз кезең дейді. Бірақ, ойлап қарасам, уақыт қамсыз өтпепті. Оқу көңіл көтеруге мүмкіндік бермейтін. Шет тілі мен семинарлық қоғамдық пәндер сабақтарына дайындалуға көп уақыт кететін. Әсіресе, оқудың алғашқы курсында уақыттың көбі оқу залында өтуші еді. Маған кітапхананың өзіндік ерекше иісі мен тыныштығы (әңгімені тек сыбырлап қана айтатын) менің бойыма тағы бір жақсы қасиетті – төзімділікті дарытты», – деп еске алады.   

Мұны сол кезде Мәскеуде оқып, оқу орнын үздік бітірген студенттер ғана білетін болар. Ал қызық қуып, романтикаға берілген студенттердің көпшілігі сабақтың қиындығы мен талаптың күштілігіне төзе алмай, Алматыға қайтып жатты. Бұлай істеу біз үшін намыс әрі ата-анамыздың үмітін ақтамағандық болып саналатын.

Бірақ, соған қарамастан, Жомарт достарымен араласуға уақыт табатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, көңілді басқосулар болып тұрды, алайда, ол өмірдің негізгі мәні емес. Осыдан-ақ, оның оқуды әрқашан бірінші орынға қоятынын байқауға болады.

Кеңес одағы кезінде мерекелер мен демалыс күндері екі күннен аспайтын. Қысқы сессиядан кейін алматылық студенттер үйлеріне тезірек қайтуға тырысатын. Қысқы демалыс 26 қаңтардан 7 ақпанға дейінгі аралықты қамтитын. Қала сыртында немесе басқа елде тұратындарға сабақтан бір-екі күнге кешігіп келуге рұқсат берілсе де, екінші семестрдің басталуына екі-үш күн қалғанда Жомарт Мәскеуге қайтып келетін. Тәртіп пен жауапкершілік болашақ мемлекет қайраткерінің басты ұстанымы еді.

 

«ЖАСМИН ИІСІ АРАЛАСҚАН ҚЫТАЙ АСХАНАСЫ»

Оқу орнын бітірген соң, түлектердің көбі Алматыға оралды, ал Жомарт қайтқан жоқ. Пекинде тағылымдамадан (стажировка) өтіп, дипломатиялық жұмысын Сингапурда бастады. Ол өзінің алғашқы қадамы жайында былай деп жазады: «Қытай астанасы мені ашық аспанымен, жасмин иісі араласқан қытай асханасының аңқыған дәмімен, велосипедшілердің көптігімен және бірдей киім үлгісімен қарсы алды». Оның қаламгерлік қабілеті, тіпті, шебер жазушылар да қызығанатындай деңгейде еді.

Сонымен қатар, ол тарихты да жақсы білді: «Елшілік аумағында орналасқан, сауда өкілдігінің ғимаратында, орта мектеп пен тұрғын үйлерде, шын мәнінде, тарихтың салған ізі бар еді. Өйткені бұл жерде XVII ғасырдың ортасында қытай әскері қытай-орыс шекарасындағы орыстың Албазин қамалын құлатып, тұтқынға алған орыс монахтары тұрған. Осы орыс православиелік аумағы большевиктерден қашқан кейбір патша отбасыларына қорған болыпты. Мұнда II Николайдың немере жиені жерленген екен», – деп жазады Тоқаев.

«БЕРИ ШИНЕЛЬ, ПОШЛИ ДОМОЙ»

Қасым-Жомарт Тоқаев КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкері ретінде көп жыл бойы шетелде және Мәскеуде дипломатиялық қызмет атқарды. Ол өзінің шығармасында Н.Назарбаевпен сол кездегі кездесуін және Елбасының «бери шинель, пошли домой» деген танымал өлең жолдары арқылы Қазақстанда жұмыс істеуге шақыруын ерекше сезіммен, әсерлі етіп жазады. Міне, дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлының еліне қызмет етуі осылай басталған еді. Алдымен сыртқы істер министрі, сонан соң министр, Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Парламент Сенатының төрағасы қызметтерін атқарды. Өзінің таланты мен табандылығының арқасында дипломатиялық саладан басталған өмір белестері оны еліміздің Президенті деңгейіне дейін көтерді.

1995 жылы біздің әкеміз Мүсілім Базарбаев дүниеден өтті. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы әкеміздің жерлеуіне қатысып, оның есімін мәңгілік сақтау үшін қалалық билікке ұсыныстар жасады.  

«Әке туралы ой-толғау» деп аталатын кітабында: «Кемел Тоқаев пен Мүсілім Базарбаевтың көп жылдық достығына құрмет көрсеткім келді. Екеуінің бір-біріне деген бауырмалдығы сондай, кезінде олардың есімдері егіздей көрінетін. Әрқайсысының қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасы бар. Қызығынан қиындығы көп өмірлерін әдебиетке арнаған тұлға, өз істерінің майталманы ретінде екеуі де замандастарының есінде қалды», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыдан-ақ оның көңілінің таза екенін әрі үлкенге деген құрметін, әсіресе әкесінің достарына деген ілтипаты ерекше екенін көруге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаевты бала кезден білетін болғандықтан, мен оның мейірімділікке толы шынайы болмысы есейген сайын кемелдене түсті деп айта аламын. Оның сыртқы болмысы жұмсақ көрінгенімен, өзіне және айналасына талапшыл әрі қатал. Өзімшілдікті, менмендікті, мақтаншақтықты жаны сүймейді. Әділдік пен шыншылдық, еңбекқорлық – бұл оның ең негізгі ұстанымдары. Ол осындай ұстанымдарынан ешқашан айныған емес.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бойында жазушылық және дипломаттық қабілеттен бөлек, ғалымдық таланты да бар. Ол саясаттану ғылымдарының докторы, халықаралық қатынастар жөніндегі көптеген монография мен мақалалардың авторы.   

Жоғары билікте отырғанда Қасым-Жомарт Тоқаев достарын өз кабинетінде қабылдайтын. Бала кезден бірге өскен, бірін-бірі жақсы білетін достарымен кездескенде, олардың көзбояушылығы жоқ шынайы әңгімелері әртүрлі тақырыпта өрбитін.

 «Преодоление» деп аталатын кітабының алғысөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлемдік деңгейде дипломат болып қалыптасуына ниеттес болып көмектескен ата-анасына, ұстаздарына, сол жолға түсуіне ерекше ықпал еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысын білдіре отырып, «1985 жылы мені болашақ тәуелсіз Қазақстанның президентімен кездестірген, табыстырған тағдырыма соншалықты ризамын. Осындай таныстықтан басталған қысқа ғана уақытта өз еліме оралып, танымал адамға айналуыма себепкер болған, Қазақстанның мәртебесін биіктетуге қабілеті жетеді деп маған сенім білдірген жүрегі кең адам Нұрсұлтан Әбішұлына алғысым шексіз», – деп нағыз ер-азаматқа лайықты риясыз ойын айтып өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет қайраткері болып қалыптасуына тұлғаның еңбекқорлығы, мақсаткерлігі, ізденімпаздығы негіз болды деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануы оның еліне деген адал қызметінің, кіршіксіз тазалығының көрінісі деп білемін. Мемлекет басшысы ретінде оның сабақтастық, әділдік, өрлеу деген ұстанымдары Қазақстанның көркейіп, одан әрі дамуына және өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір