«Қазақтың отбасы фольклоры»
Қазақтың салт-дәстүрі –халықтың рухани болмысын, арғы тегін танытатын, ұлттық келбетін айқындайтын, келешегінің айнасы сынды темірқазығы. Салт-дәстүр – ел тұрмысындағы, ұрпақ тәрбиесіндегі, ұлттық болмысымыздағы күллі асыл дүниелерді сақтай отырып ата-бабадан бүгінге жеткен мәңгілік асыл мұрамыз.
Бұл – Кенжехан Іслямжанұлының «Қазақтың отбасы фольклоры» атты монографиясын оқығанда туындаған ойлар. Қазақ үшін аса құнды зерттеуде отбасылық ғұрып арнайы нысанаға айналып, кең көлемде әрі тереңдей, қазақтың өзге дәстүрлерімен байланыста зерделенген. Атап айтқанда, отбасылық ғұрыптардың тарихы, терминологиялық жүйесі, поэтикалық құрылымы этнографиялық байланыстар типологиясы деңгейінде қарастырылған.
Кенжехан Іслямжанұлы «Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарын» жүйелеуді сонау 2007 жылдары қолға алған екен.
«Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі нұсқалардан бастау алатын қазақ отбасы фольклорының тарихы тамырын тым тереңнен тартады.
Олардың ішіндегі отбасылық әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер жөніндегі этнографиялық деректер өз алдына бір төбе. Өйткені көне деректердің тереңіне бойлаған сайын этнографиялық деректер мен фольклорлық үлгілердің арасына шек қою қиындап, бір-бірінен ажырамастай тұтас құбылысқа айнала береді. Бұл, әсіресе, отбасы фольклоры тәрізді кіндігі халықтың тұрмыс-салтына байланған жанрлық түрлерге тән өзекті ерекшелік».
Осылай дей келіп, автор ауыз әдебиеті ұғымын кең мағынасында – отбасында атқарылатын ғұрыптарға байланысты сөзбен өрнектелген поэзиялық, прозалық (арбау, ұшықтау, алыстау, байлау, бата, алғыс, т.б) драмалық (ойын-сауықтық) шығармалар үлгілерімен байытқан.
Кез келген халықтың өзге жұртқа ұқсай бермейтін өмір-тіршілігі болады. Оның біреуде жоғары, біреуде төмендеу болатыны да заңды құбылыс. Қазақ халқы – мазмұны бай, түр жағынан сан алуан болып келетін ежелгі көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Қазақ – өзінің дәстүрлі мәдениетін ұмытпай, өрісінен жаңылмай, сабақтастығын үзбей, салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан жетелі халық. Ежелден бері тіл бірлігін, мекен бірлігін, жазу бірлігін және салт-дәстүр, әдет-ғұрып бірлігін мығым сақтаған ұлт. Бір тайпасы мен екінші тайпасының арасы айшылық жол болса да, ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр кең даланы мекендей жүріп, жоғарыда аталған бірліктерін сақтап келгеніне шетел зерттеушілері де қайран қалған. Осыдан 160 жыл бұрын (1860) қазақ ауыз әдебиетінің екі томдығына жазған алғысөзінде орыс ғалымы В.Радлов былай толғайды: «…Мен жариялап отырған бұл томдағы әдебиет үлгілері осы халық дүниетанымының жан-жақты көрінісі бола алады. Қазақтар – әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт… Қараған, басқа да бұталары аралас келіп отыратын бұйра қыраттар арқылы керіліп жатқан ұлан-ғайыр кең дала алып келбетін қалай өзгеріссіз сақтаса, оның тұрғындары да тіл мен салт-сана жағынан біртектес. Тіпті, шет жайлап, ен-шалғай шығып кеткен тайпаластар да өздерінің ерекше халықтық сипатын берік ұстанады…» ( В.Радлов. «Ел қазынасы – ескі сөз». 6-бет).
Жоғарыда біз қазақты басқалардан әлдеқайда жоғары, жетелі халық дедік. Ендеше, дәлел, деректерге бет бұрайық.
Әр халықтың өзіндік той-томалаққа қатысты салты және өлім өткізу дәстүрлері бар. Солардың ішінде «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай хакім айтқандай, қазақтың бүкіл өмірін өлеңге бөлеп өткізуін елден ерек деп айтуға болады. Той-томалақ пен мәйіт жерлеу салтының ұлттық бояуының қанықтығын, түрінің мол, мазмұнының бай екенін, жол-жоралғысының көптігін түсіндіріп жату қажет бола қоймас. Оны өзгелер де байқап, бақылап жүр. Біз бұл жетістіктен жаһанданудың қолтығында кетіп, айырылып қалмауымыз керек. Өйткені ондай күн туса, «Дәстүрінен айырылған ел – қамалы құлаған ел», «Салт-дәстүрін білмегеннің жарық күні түнмен тең», «Рухани тірегінен айырылған халық – ел емес, құл», «Дәстүр тозса – ұрпақ азады» дегеннің кері келері сөзсіз. Ал салт-дәстүрге жүйрік адам – бес қаруы бойында тұрған жауынгер іспеттес.
Салт-дәстүр ұлт мінезі мен болмысын тануға көмектеседі. Халықтың өзін-өзі қорғай алатын жауынгерлік мінезі мен ұлттық қалыбын орнықтырады.
Салт-дәстүрді тану – кешегі ұмыт болғанымызды тірілтіп, бүгінімізге қанат бітірер, болашағымызға сенім ұялатар көнеден келе жатқан тарихи тағылымдарды тану. Ең маңыздысы – балғын ұрпақты ұлт құндылықтарын бекем ұстауға баулу. Рухани жаңғыру деген, міне, осы. Өзін-өзі тани жүріп, «Мәңгілік Ел» болу жолын қатаң ұстану. Яғни, ұлттық құндылықтарымыздың қалыбын бұзбай, уақыт шаңынан ұмыт болғандарын түгендеп, ұлттық сана мен ұлттық ойлау жүйесін жетілдіру – бүгінгі Сіз бен Біздің ортақ міндетіміз, ұрпаққа жүктелген Тарих аманаты.
Аталған шығарма авторы бұл үдеден шыға білген. «Отан» деген ұлы ұғым отбасынан басталады десек, отбасылық ауыз әдебиетінің маңызы дәстүр-салтымызбен қабыстырыла әрі танымдық негізде қарастылырылған бесік жырлары, сәбилік салт жырлары (шілдехана), бата беру, аластау жырлары, тұсаукесу жырлары, мәпелеу жырлары, қуырмаш, құда түсу, тойбастар, жар-жар, сыңсу, аушадияр, беташар, арыздасу, естірту, көңіл айту, жоқтау жырлары әралуан жанрларға бөлініп, ғылыми анықтамасы беріліп, орындалу мәнері, тарихы терең айғақталған. Қазақтың кім екенін танытқан көлемді ғылыми еңбекте көтерілген мәселелер монографиядан талап етілетін барлық канондар бойынша жүйелі түйінін тапқан. Бұны, әрине, зерттеушінің жетістігі деп бағаладық.
Данияр Әлбозым,
этнограф, жазушы