Абайтанудың М.Әуезовке дейінгі кезеңі (1889-1934)
03.09.2019
3895
0

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Хәкім Абайдың «Толық адам ілімін» қажымай-талмай зерттеп келе жатқан абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жақында редакцияға хабарласып, өзінің жазылып, дайын тұрған, еш жерде жарияланбаған кітабынының толық нұсқасының қолжазбасын берді. Біз хакімнің ой-дариясын тереңінен қаузаған ғалымның сол еңбегінен үзінділер жариялауды құп көрдік.

Абай мұрасын танып, бағалауда жиырмасыншы жылдардың басы мен отызыншы жылдардың аяғында саяси-әлеуметтiк жағдайға байланысты туындаған әрi айқын көрiнiс берген үш түрлi бағытты байқаймыз:

1. Тұрпайы социологиялық танымдағы ағым
Орталықтағы пролеткультшылдар ұстанған тұрпайы социологиялық таным әдебиет саласында да өз жалғасын тауып жатты. Өткен заманның әдебиет өкiлдерiне және олардың шығармаларына мұра ретiнде қатынас жасағанда олардың шыққан та­бы мен әлеуметтiк тегi негiзге алынды. Олар­дың туындыларына баға бергенде де осы тұрғыдан қаралды. Бұл тұстағы Абай мұрасын танып бағалауға ат салысқан әде­биетшiлер ақын мұрасын зерттеуде, негiзiнен, тұрпайы социологиялық танымдағы өлшемдi ұстанды. Абай шығармаларының идеялық-әлеуметтiк сарындарына назар аудармай, оны танып, бағалауда ақынның шыққан әлеуметтiк тегiне тiкелей байланыстыра қарастырғандықтан үш түрлі арнаға түсті:
а) Абайды феодал табының ақыны, соның сойылын соғушы идеологы ретiн­де танытып жатты. Абайды байшыл фео­дал табының ақыны ретiнде танып, бағалаушылар: С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Ә.Шарафи, Қ.Қуанышұлы, М.Ақынжанов, М.Қайыпназаров, Р.Жаманқұлұлы т.б. Мысалы профессор Ә.Шарапи Абайды та­рих сахнасынан шығып бара жатқан фео­дол табының тағдырымен байланыс­ты қарағандықтан, Абайды ескiлiктi жақтаушы, жаңаны жатырқаушы, кертартпа ақын ретiнде танып, бағалауы себептi: «Абай ғы­лым­ды, мәдениеттi, прогрестi жаңа көз­бен көре алмады. Абайдың «ғылымы» ескiлiкпен, дiнмен, Құдаймен шумақтасып, матасып жатыр. Абай неге ескiлiкпен қош­та­сып беттi жаңалыққа бұрып, тiк тартпайды. Себебi, Абай – феодал өкiлi. Сырдың бәрi сонда жатыр»,– дейдi. Бұл көзқарасты жақтаушылар тобының қорытынды ойы: «Абай – бұқарашыл емес, феодалшыл ақын. Оның шығармалары өз табының тарих сахнасынан кетуiне байланысты пессимизмге толы, жаңашылдыққа қарсы, ескiлiктi көксеген кертартпа мұра»,– деп қарады.
ә) «Абай – феодал табының буржуазиялана бастаған тобының ақыны» деп таныта бастады. Олардың танымында Абайды бүтiндей бiр таптың өкiлi ретiнде көрсетпей, оны бiр таптың белгiлi бiр тобының (слойының) ақыны ретiнде жiңiшкелеп танытуға тырысты. Бұл көзқарасты жақтағандар: С.Мұқанов, I.Жансүгiров, М.С.Сильченко т.б. болды. Бұлар Абайды «буржуазияланған дворян» тобының өкiлi ретiнде танытқанда, сүйенер дәлелi Абайдың орыс классиктерiн аударуымен байланыстыра қарауында жатты. Абай өзiне әлеуметтiк шығу тегi жағынан туыстас болғандықтан, орыстың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрiздi ақындарының шығармаларын аудару сыры Абайдың буржуазиялана бастаған либералдық топтың iшiнде болуында жатыр деп көрсеттi. Мысал ретiнде алар болсақ, I.Жансүгiровтiң: «Абайға Некрасовтан гөрi орыстың ақсүйек дворяндарының жазғандары ұнаған. Абайдың нысанасына бұлардың iлiнуi Абайдың бұларға тап жағынан шендесуiнен деймiз, мұның тамыры Абайдың қазақ iшiндегi дворянствосының мәдениеттi либералы екендiгiнен деп тану керек», – деген көзқарасы айғақтап тұр.
б) Жаңа туып келе жатқан ұлт бур­жуа­зия­сының өкiлi болуы себептi де Абай буржуазияшыл ұлтшылдық әдебиеттiң ақыны, қазақ қоғамындағы буржуазияшыл ойдың атасы деген көзқарасты I.Қабылов, Ы.Мұстанбаев, Ғ.Тоғжанов, Ә.Лекеров, С.Асфандияров, Ә.Мәметова т.б. ұстанды. Мысалы, Ғ.Тоғжанов Абай шығармаларын: «…әбден капиталдасқан қазақ байының тiлегiнен туған жыр» деп танытты. Абай қазақ даласындағы жаңадан туып, қалыптасып келе жатқан буржуазиялық топтың идеологы деген көзқарасты отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетiнiң сын жанрында кең көлемде насихаттап таратуда Ғ.Тоғжановтың әрекетi басым жатты. Абайтану тарихында тұңғыш монографиялық «Абай» кiтабын жазған Ғ.Тоғжановтың зерттеу еңбегi айта қаларлықтай құбылыс болса да, ол тұрпайы социологиялық танымның шеңберiнен шыға алмады.

2. Абай мұрасын тануда компаратавистiк танымның белгiлi дәрежеде орын алған кезеңi болды
Бұл танымды ұстанған зерттеушiлер ақын Абай мен ойшыл Абайды бөле қарады. Осы себептi олар Абайды iрi ақын ретiнде таныса да, әлсiз ойшыл деп қарап, оның рухани ұлттық болмыстан туындаған тума ой танымдарын келiмсек ой танымның көрiнiсi ретiнде танытты. Абай мұрасын компаратавистiк таным тұрғысынан танып, пiкiр бiлдiрген топтың қатарында I.Қабылов, Ы.Мұстамбаев, I.Жансүгiров т.б. болды.
Абай мұрасын компаратавистiк таным тұрғысынан танытудағы ортақ пiкiрдi I.Жансүгiровтiң: «Абайдың дiнi болсын, фәлсапасы болсын өз жанынан шығарып, тыңнан тапқан пiкiрлерi емес… Абайдың пiкiрлерiнiң, ақылдарының (афоризм) барлығы да ескi сөздер, ескi көздер, iлгерi шығыс батыстағы… дiншiл, шариғатшыл, санашыл пәлсапалардың пiкiрiнiң соқпағы» деген ой танымы дөп басып айғақтап тұр деген байламға келедi.
Абайдың әдеби мұрасының зерттеу тарихында қырқыншы жылдар соңына дейiн орын тепкен тұрпайы социологиялық, формалистiк, компаратавистiк жат таным­дағы ағымдардың үстем болып, билiк жүр­гiзуi ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып бiлу жолында басты кедергiге айналып, абайтану көшiнiң тарихи тура жол­ға түсуiнде айтарлықтай кедергiге ай­налғаны да рас. Бiрақ осы жат танымдағы идеологиялық танымдардың арасында осы жат құбылыстан iргесiн аулақ салған әрi келешектегi абайтанудың тарихи көшiнiң дұрыс жолға түсiп, жаңа бағыт-бағдар алуына әсер еткен жазушы М.Әуезовтiң «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласы мен профессор Қ.Жұбановтың «Қазақ әдебиетiнiң классигi» және Есен Тұрсын (Таһир Шағатай 1934 жылы «Яш Түркістан») журналында жарияланған «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнан­байұлы» мақаласының қатар басылым көрген зерттеу еңбектерi абайтану тарихында ой танымы жағынан ерекше дараланып тұратын бітімі бөлек туындылар.

«АБАЙ: ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІ»
атты кітабынан
(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір