Тиянақсыздыққа ұрындыратын дерт
Науқаншылдық – кеңестік заманды бастан өткерген халықтың қанына сіңген әдет. Марксизм – ленинизм идеологиясымен қаруланған коммунистік партия үгіт-насихатқа ерекше көңіл бөлгені тарихтан белгілі. Моноидеология мен бір партияның үстемдігі, көсемшілдік, жеке басқа табыну сияқты саяси үрдістер бұқара халықтың жаппай бас шұлғып, мақұлдауына, шешімдерді «бірауыздан қолдауына», бесжылдық міндеттемелерді ұрандата орындауына апарып соқты.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
саяси ғылымдар докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
саясаттану кафедрасының профессоры
Қызыл террор кезінде болған кәмпескелеу, ұжымдастыру, саяси репрессия сияқты науқандар халықты қанқақсатты. Ұлттың бетке ұстар зиялы қауымы атылып-асылып, түрмеге қамалып, қалың қазақ қаймағын сыпырып алған сүттей күйге түсті. Бас көтерер ер-азаматтарынан айырылған қараша халық билікке қарсы келу ойына да келмейтін зәрезап бағыныштыларға айналды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін науқаншылдықтан қазақ халқы алапат ашаршылыққа ұшырап, қынадай қырылды. Бұқара халық бастамашылық жасау, сөз бостандығы, өз ойын еркін білдіру сияқты құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құлықты болмады, енжар орындаушыға айналғанын сезбей де қалған болатын.
Алайда, 1980 жылдардың ортасында өрістеген саяси науқандардың бірі – қайта құру дәуіріндегі жариялылық, сөз бостандығы, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың өрістеуі бұзылмас тас қамалдай болған Кеңестер Одағын тас-талқан етті. Осылайша науқаншылдықты ту еткен КСРО-ның түбіне ақыры сол науқаншылдық жетіп тынды. Жан Бодрийардың «В тени молчаливого большинства, или Конец социального» атты еңбегінен үзінді келтіре кетейік: «Бір кездері бұқара енжарлығы билікке тиімді секілді көрінген. Басшылықта халық неғұрлым селқос болса, оны соғұрлым басқару оңай деген көзқарас қалыптасты. Билік орталықтанып һәм бюрократия ушыққан кезеңде, дәл осы ұстаным белең алды. Алайда уақыт өте келе бұқара енжарлығы билікке қарсы жұмыс істеп, мемлекеттің жүйесін күл-талқан етті», – деген. Ж.Бодрийардың субъективті пікірі дегенімізбен, оның мәні ақиқатқа жақын. Қорқытып-үркіту арқылы халықтың аузын жауып, ерік-жігерін құм етіп, халықтың саясатқа, ел мен жер тағдырына, болашаққа деген немқұрайдылығы мен бөгделену сезімі арта түсері даусыз. Немқұрайды халықты басқару оңайырақ, олар өз ойларын ашық айтпайды, сынап-мінемейді, наразылық көрсетпейді, дау-жанжал тудырмайды. Билік басындағы көсем бір идея айтса болды, дұрыс-бұрысына қарамастан, «Ләббай, тақсыр!» деп қоштай жөнеледі, оны «сөзсіз орындауды» науқанға айналдырады. Ел өмірі түрлі науқандармен өтті.
«Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, Кеңестер Одағының ыдырағанына ширек ғасырлық уақыт өтсе де, посткеңестік адамдар дағдыға айналған науқаншылдықтан әлі арыла алмай келеді. Бұл саясаттануда «саяси стереотип» деген саяси-психологиялық терминге ие болған. Науқаншылдық дерті бастаған істі аяғына дейін жеткізбей жатып, басқа бір жаңа мақсат-міндеттерді «жүзеге асыруға» асығатын тиянақсыздыққа ұрындыратыны жаман.