Мына күйімізді Ғабаң көрсе, қайтер еді?..
03.09.2019
967
0

Сағынышқа айналған сонау бір жылдары ортамызда мүйізі қарағайдай болып, маңғаз басып, алыптардың өздерін де, көздерін де көріп, үлкен әдебиетке үзеңгілес келіп, ой ошағын маздатып Социалистік Еңбек Ері Ғабит Махмұтұлы жүретін. Ғабаң бастаған жұлдызды топқа Тәкен Әлімқұлов, Сафуан Шаймерденов, Кемел Тоқаев қосылатын. Марқұмдар Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ жиі-жиі бас сұғар еді.

Көріскен сайын аға-іні болып, қат­ты сыйласып, шүйіркелесіп қала­тын­быз. Сөйтіп жүргенде бір күні Ғабаң (Ғ.Мүсірепов «Ұлпанды» аяқтап қал­ған) бәлсініп, көлгірсімей, бір топ жас қаламгердің шығармасын (ішінде Д.Досжан, О.Бөкей, А.Нысаналин және басқалар бар) аямай сынап, «сойып» салды. Менің де сыбағамды беріп, мірдің оғы маған да тиді. Қанша бұртиғанмен, амал нешік? Кейін қабырғаммен кеңессем, кей жазарманның Ана тіліне салақ қарап, оны қалай болса, солай қолданғаны үшін жаны ауырып, қалам сілтеген екен. Қайран Ғабаң қазақ сөзіне қамқорлық білдіріп, жанашырлық танытыпты. Ғабаңның ғажап ғибраты бұл. Әлде ол Конфуцийдің «Қолымда билік болса, ұлттың тілін тәртіпке салар едім» дегенін еске алды ма екен?
Содан бері не өзгерді? Тәуелсіздік, Тәуелсіздік деп жүріп, тәуекел теңізіне қомағайланып қойып кетіп, тіршіліктің тегеурінді толқынына төтеп бере ал­май, біртүрлі ауырып, сары жұртта қалған­дай­мыз әлі. Тілтекелер (жынысы жоқты қызтеке деп жатамыз ғой, сол сияқты Ана тілін білмейтіндер), көзқамандар мен орқаздар (шүлдірлеп орысша-қазақша қойыртпақтап сөйлейтіндер) мейлінше көбейді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Шетелден кіріп, жекеше түрде тұ­ратын сөзді «лирикалар», «кинолар» деп барысына бармай күлді-бадам сөй­лей­тін болыппыз. Тым ұсақталып бара жатқандаймыз. «Ашамайды соқтырды» дейді біреу, ашамайды соқтырмайды, жа­сай­ды, «Атты жабулап» қалай құлақты кес­пейді? Атқа жабу емес, жалпош жаба­ды. Қор болған тіл байлығы-ай!..
Егер Ғабит Мүсіреповтің көзі тірі болса, тіл қоры мен тазалығы үшін жүріп жатқан мылтықсыз майдандағы ұлы күрестің алғы шебінде қасқайып тұрып, барын салып араласар еді-ау деп ойлаймын. Әттең, опасыз дүние!..
Қазақ тілінің бүгінгі күнгі мүшкіл халін көрсе, ол, шынында да, қайтер еді? Бір жаз­багер ақын Е.Ібітанов ауылындағы қуші­кеш, әзілқой, сөзуар кейіпкерін «Әр сөзі түйеден түскендей», – деп кейіптейді. Әу! Оны доғал, дөкір, сөзі сөлекет кісіге айтпаушы ма еді? Өзі татар болса да қазақ сөзіне қиянат жасамайтын марқұм Машқар Гумеров бұл тіркесті сәтті қолданады: «Сөйлесе – сөзі түйеден түскендей, – деп қал­ды терісі тарылып» («Қазақ әдеби тілінің сөздігі», Алматы, 2011 жыл, 14 том, 469-бет). Кейбіреу «Өмір өзегін» қойып, ми өзегіне түсіпті.
Бәрінен бұрын рухи әлімжеттік етіп, буалдыр бағыт-бағдарына сай келмесе, жойдасыз жойымпаздық жасайтын әміршіл-әкімшіл жүйенің дәурені жүріп тұрғанда халық әндері қидаланып, қиылып көп зардап шекті. Сол мысықтілеу пейіл әлі жалғасып келе жатқандай, Мағжан Жұмабаевтың «Дайди-дауын» әлі де ха­лық әні ретінде Димаш (Дінмұхаммед) Құдайберген орындап жүр.
Хат жаздым қалам алып Сізге, еркем,
Жүзің бар он төртінші Айдай көркем.
Есіме сен түскенде, беу, қарағым,
Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.

Шыныңмен менен, достым, қалғаның ба,
Мойныңа айырылысуды алғаның ба?
Екеуміз айырылмастай болып едік,
Қайтейін уәдеңнің жалғанына.
Тек орындаушы өзімбілемдікке салып, сәл өзгертіпті. «Болып едіктің» орнына «Тату едік» дейді екен.
Әрқашанда әділдіктің туы желбіреп, салтанат құрғаны игі. Дүниежүзіне дабысы, дақпырты мен даңқы енді-енді жайыла бастаған қазақ жас оғланының бұны алдағы кезде мұқият ескере жүргені дұрыс. Кімде кімге, ал М.Жұмабаевқа мүлде обал жасауға болмайды. Тағы бір талапкер «Сұм өмір абақты ғой саналығаны» «Бұл дүние дозақ екен саналыға», – деп түзеткені қалай? (Т.Нұрматұлы «Қ.Ү. 2018 жыл 29 қараша). Қаншама ақындығы асқынып бара жатса да, Мағжанға «ауыз салуы» тіпті лайық емес, әрине. Сонда үзіндіні көшіруге де салғырт қарағаны ма?
Ана бір жолы жазғыштың бірі Г.Н.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі», – дейтін лебізін А.В.Затаевичке телігеніне бас шайқап, қоя салып едім. Болмайды екен. Бұндайлар жанды жегідей жеп, жүгенсіздік дерті жайлап барады. Бұл не?
Мәселені терең зерттемей, байыбына бармай, зерделемей, жиып-тергенін екшемей, маманданбай, немкетті жаза салу­дың салдары. Ақыры қолға қалам алған соң түйткілдерді түйіндеп, темірден түйін түйгендей етіп, біліктілік көрсету кімге болса да – арман, соның аласармағаны абзал.
Мына заманда қараптан қарап жүріп жау тауып алу оңай. Кімге (халқына ма, жеке тобырға ма?) өкпелегені белгісіз, елінен жырақ Америкаға кетіп, күн кешіп жатқан жазушы М.Мағауин кейінгі кезде қазақ елінің басына Қара аспан төндіріп, әдеби ортадағы тұлғаларға сырттай баға бере бастапты. Ол қазақшаны білмейді деген сөз емес. Шөп те бүр мен пәрік гүлін төккенше ағаштардай қалың жапырақ жаймайды. У.Уитменнің «Листья трав» кітабын тәржімалауға М.Мақатаевқа бергізгені үшін, өзіне сүйсініп, тәптіштеп жазады. Пәрік пен жапырақтың айырмасы бар емес пе?
Мен мәтінтанушы емеспін. Әйткенмен, ауызға келген түкірікті қайтадан мәкүрік еткім келмейді. Қазақ даласы мен тауларына әнұрандай болып естілетін (Қасым Аманжоловтың қаламы сәл тиді дейтін) Мәдидің «Қарқаралысындағы» «Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай» деген жол өз орнында еместей көрінеді де тұрады маған. Сонша сұлу саз шығарған Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағының талғамы таяз деуге қимаймын. Ол тілді шұбарлап, «Сайгак» деген орыс сөзін қоспаған болуы мүмкін. Бәлкім, әуелден «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай» болған шығар. М.Бәпиұлы – ақыл азабын көп тартып, қайғы-қасірет шегіп, үнемі саяқ күн кешкен әнші. Мамандар аздап ойланып, ақиқат айнасына қараса қайтеді?
Билік «жер көлемі көп, қазынамыз қи­сапсыз, Зәузәтқорымыз текті», – деп әлемге симай, дарақыланып жыртылады. Жер мен елдің байлығын төгіп-шашып, сайда саны жоқ саммиттер, күмәнді кездесулер өткізе бергенше, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұйытқы болып, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, т.б. мемлекеттер басшыларын ұйыс­тырып, басын қосып, осы елдер мәде­ниет қайраткерлеріне (әдебиетшілер, суретшілер, сазгерлер…) Ыстыкөл (Шолпан-атаға жақын) не Алакөл жағасынан өнержай ашып берсе, шіркін! Нұрлы із сонда қалмай ма?
Бұл көптен бері мазалап жүрген көкейкесті мәселе ойласу ретінде қозғалып отыр. Пікір қосыңыз. Оның айып-шамы жоқ шығар.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір