АЛАҚАНЫ ТЕРЛЕП ЖҮРЕТІНДЕРДЕН ЖИІРКЕНЕМІН
«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»
Сұраған Рахметұлы:
The Proust Questionnaire (Пруст сауалнамасы) – бұл адамның жеке өмірі туралы сауалнама. Оның атауы мен қазіргі танымалдылығы сұхбат нысаны ретінде француз жазушысы Марсель Прусттың жауаптарымен байланысты болып, әлемге кең таралған. Адамның ішкі дүниесін ақтаратын осы бір тағылымды сауалнама әдеби ортада күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Біз «Пруст сауалнамасы» үлгісін ұстана отырып, арамызда жүрген ақын-жазушылардың, өнер иелерінің ішкі «менін» ашуға тырыстық. Біз дайындаған сауалдардың ішінде Прусттық стильдегі сұрақтар мен «Қазақ әдебиетінің» өз сауалдары да бар. Аталған сауалнаманың кезекті қонағы – ақын Сұраған Рахметұлы.
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Өзіңді дұрыс тану. Өзгені бағалау. Мейірім мен сезіну. Әр адам өз сауалының жауабына ие. Өзгенің де кез келген күрделі сұрағына өз тарапынан жауап қатқанда, адамның қасиеті де айқындалады-ау…
– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
– Табандылық. Тауқыметке мойынсал болып жығылмау. Ақиқатшылдық.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Қонған бақыттың ұшуы барын, тайған бақтың қайыры барын түйсіну керек екен.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің «Хайуанаттар бағы» (1945) саяси памфлетіндегі Джонс! Мұнда адамға мінездеме беретін тұсын керемет қиыстырған.
– Ең басты кемшілігіңіз не?
– Сақ болам деп опық жейтін тұстарым болар…
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бір өкініштісі, қолым босай бермейді. Босасам болды, кітаптарымды парақтаймын. Одан бөлек, бос уақытта Қараөткелге тартып кету әдетке айналған.
– Өмірге екінші рет келсеңіз кім болуды қалар едіңіз?
– Көп балалы жесір ана болсам!? Егер хайуан болсам, жылқы болар едім!
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Кемел, нақты Тәуелсіз Қазақ елінде өмір кешу – арман.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Метаұғымға қарай бет алған пендеміз.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Бейкісәпірліктің алдында осалдыққа жол берген кезім болуы мүмкін.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Өз санасына қатал, қағылез талап қоятын адамға мұндайдың қажеті жоқ
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Өзі жүретін «ақылды» кигіз үй.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Алақаны терлеп жүретіндерден.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Ана сүтіне шомылып өмір сүрген бір диктатор болған! Сол!
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Сатқын қашанда – сатқын.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Өте жиі…
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды…»
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Мейірімділік жоқ.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Бұл сұрақ – қайшылықты сұрақ! Текті оқырманның жауабы қажет.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Пәктік басым, ізденісі мен білімі ішкі түйсігіне сәйкес келмейтіндер бар.