Цифрлы университет – сапалы аграрлық білімнің негізі
23.08.2019
1487
0

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик

Заман талабына сай, бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында жаңа міндеттер тұр. Ол – әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы ауылшаруашылық өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы еңбек өнімділігін 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру. Осы міндеттерді шешуде ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіру, ауыл шаруашылығының жер, су, адам ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл инфрақұрылымын жаңарту, салаға инвестиция тарту, мемлекет тарапынан қолдауды күшейту секілді АӨК алдында тұрған ауқымды мәселелерді қарастыру қажет.

Әлемдік білім, ғылым кеңістігіне ену

90 жылдық даму тарихы бар Қа­зақ ұлттық аграрлық универ­ситетінің бүгінгі ұстанымы – мемлекетке жүк артпай, автономиялық басқару негізінде халықаралық байланыстарды күшейте отырып, елдің агроөнеркәсіптік ке­шенінде сұранысқа ие жаңа буын мамандарын дайындау. Осы мақсатта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары тиімді менеджмент қолдану арқылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялануда.
Оқу орнымыз 2001 жылы Ұлттық университет статусын иеленген уақыттан бастап, дәстүрлі білім, ғылым, өндіріс интеграциясы үрдісін қолға алды. «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, оның құрамына жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибелік стансалар, ірі агроқұрылымдар кірді. Университет Қазақстан-Америкалық «Extension» ақпараттық-кон­сал­тинг орталығы, Фермерлердің жоғары мектебі және «Агробизнес және құқық» халықаралық институты арқылы фермерлік шаруашылықтармен белсенді қарым-қатынас жасай бастады. Білім алушылардың тәжірибеден өтуі үшін әр аймақта оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар құрылды. Аграрлық білім берудің «мектеп-колледж-университет» үздіксіз жүйесін қамтамасыз ететін «өмір бойы оқыту» қағидасына не­гіз­делген «Агро білім беру» ха­лықаралық қауымдастығы жә­не Кіші академия ашылып, Халықаралық ғылыми-білім беру консорциумы жұмысы жолға қойылды.
Университет 15 халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдардың белсенді мүшесі болып, ТМД елдеріндегі Жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары кеңесіне төрағалық ете бастады. «Centеr of Excellence» академиялық ұтқырлықты дамытудың модельдік орталығы, Халықаралық пәнаралық мектеп (KIIS) құрылды. Агроөнеркәсіптік кешенге маман дайындаудың барлық бағыттары бойынша Халықаралық қысқы және жазғы мектептердің жұмысы дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді.
2010 жылы университетке инновацияға бағытталған жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Осы жылы еліміздегі университеттер ішінде алғашқы болып, жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде ғылыми ор­та­лықтар мен жоғары оқу орындарының 13 халықаралық сарапшысымен бірлесіп, Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін бастадық. Трансформацияны бастамай тұрып біз әлемдегі белгілі зерттеу университеттері, сонымен қатар INRA (Франция), INTA (Аргентина), EMBRAPA (Бразилия) секілді әлемдегі 34 озық агротехнологиялық кешендер мен ғылыми орталықтармен ты­ғыз байланыс орнатып, тәжірибе­лерін зерттедік. Нәти­же­сінде халықаралық стандарттарға сәйкес, 96 білім беру бағдарламасы бойынша 217 жаңа білім беру траекториялары әзірленді. Еуропа, Азия және АҚШ-тың жетекші серіктес оқу орындарымен қос диплом беру бойынша 12 бағдарлама енгізілді. Университет ұлттық жоғары оқу орны ретінде Қазақстанның 20 университетімен магистратура және докторантура бағдарламаларын бірлесіп дайындауды жүйелі жолға қойды. Білім беру бағдарламаларының барлығы халықаралық аккредиттеуден өткен.
ҚазҰАУ зерттеу университе­тіне трансформациялану нәти­же­лері ҚР Үкіметінде, ҚР Пар­ла­мент Мәжілісінде, Ауыл шаруа­шы­лығы, Білім және ғылым министр­ліктерінде және халықпен кездесулерде баяндалды.
2015 жылы ҚР Үкіметінің Қау­лысымен «Қазақ ұлттық аг­рар­лық университеті» ҚР БҒМ қарамағынан ҚР Ауыл шар­уа­шы­лығы министрлігіне өтті. Осы жылы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, оның құрамына үш аграрлық жоғары оқу орны, 23 ҒЗИ, 14 тәжірибелік станса, білімді тарату және коммерцияландыру орталықтары енді.
2016 жылы Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситеті Шаруашылық жүргізу құ­қы­ғындағы республикалық мем­лекеттік кәсіпорыннан Ком­мер­циялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) болып қайта құрылды. Бұл университетке академиялық еркіндік алуға, автономияға кө­шуге және мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік тетіктерін пай­далана отырып, өзін-өзі қар­жыландыру қағидаларын іске асыруға мүмкіндік берді. Акционерлік қоғам өз қызметін тиімді жүргізу мақсатында қар­жы тартып, өз акцияларын шы­ғарады. Басты артықшылық – қызметтен түскен таза кіріс акционерлер арасында бөлінбей, тек университеттің дамуы үшін пайдаланылады.
Осы жылы университетте отандық аграрлық секторға жаңа білім мен технологияларды трансферттеу және Қазақстанның жағдайына бейімдеу мақсатында Агротехнологиялық хаб – аг­ро­­өнер­кәсіптік кешендегі ин­новациялық технологиялардың Ха­лықаралық зерттеу институ­ты ашылды. Агрохабтың қыз­меті әлемнің белді жо­ғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тығыз ынтымақ­тастықты дамытуға ықпал етуде. Агрохаб құрамына 6 ғылыми-зерттеу институты, 8 халықаралық инновациялық орталық және 31 зерттеу зертханасы кіреді. Олар: Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, Тұрақты даму орта­лығы, «Тағам өнімдерінің тех­но­логиясы мен сапасы» ор­талығы, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Ситуациялық (Digital) орталық, Инновациялық жылыжай, Агротехнопарк (бизнес-инкубатор, стартап – жобалар және т.б.). Осындай дамыған инфрақұрылым соңғы төрт жылда университет ғалымдарына АШМ, БҒМ, БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша 2 млрд. теңгеге жуық со­ма­ға 300 ғылыми жобаны орындауға, серіктестермен бір­лесіп 3 млрд. теңгеден астам сомаға 50 ғылыми жобаны коммерцияландыруға мүмкіндік берді. Ғылыми-зерттеу жұмыс нәтижелерінің 48% өндіріске енгізілді. Университеттің ғылыми жобалары ҚР БҒМ коммерцияландыру кеңсесінің байқауында 116 млн. теңге көлемінде ұтып алды.
ИИДМБ аясында 1,1 млрд. теңгеге 4 инновациялық ғылыми-білім беру зертханасы құрылды. 2019 жылы 1,9 млрд. теңге сомаға өсімдіктердің микроклоналдық көбею зертханасы, сүт бойынша референттік зертхана құрылады, сонымен қатар Digital орталығы мен Қазақстан-Беларусь аг­роин­женерлік инновациялық орталығы толық жабдықталады. Зертхана мен орталықтар еліміздің АӨК өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Мысалы, өсімдіктердің микроклоналдық көбею зертханасы Қазақстандағы алма ағаштарының бактериалдық күйікке қарсы төзімді сорттарын шығаруға оңтайлы жағдай туғызады. Осы жерде айта кету керек, аталған жоба бойын­ша біз АҚШ-тың Корнель уни­верситетімен бірге ғылыми жұ­мыстар жүргізіп келеміз. Осы жұмыстың нәтижесінде Алматы облысында Есік дендропаркі аясында Ұлттық «сиверс» алмасы орталығы құрылуда. Жаңадан ашылатын сүт өнімдері сапасының референттік зертханасы сүт және сүт өнімдері сапасының ондаған көрсеткіштерін жылдам анықтауға мүмкіндік бере­ді. Себебі, қазіргі уақытта Қа­зақс­танда 50-69% мал басы, мал шаруашылығы өнімдердің 72% – үй шаруашылықтарында өндіріледі. Сонымен қатар, жыл сайын Қазақстанға 600 мың тоннадан астам сүт және сүт өнімдері, оның ішінде халық тұтынатын қоюландырылған тәтті сүттің 80% импортталады.

Жаңа буын маманын дайындаудың жаңа бағыттары

Қазіргі уақытта университеттегі Digital орталығында ауыл шаруа­шылығының бүгінгі жағдайы туралы барлық деректер шоғырландырылып, GIS технологияларының көмегімен көлемді деректерді талдаудың жұмыстары жеңілдетілді. Бүгінгі күні осы орталық Huawei компаниясымен тығыс жұмыс жүр­гізуде, атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы кәсіп­кер­лерге цифрлық технологияларды қолдану жағынан нақты көмек көрсетуде.
Ауданы 845 га құрайтын «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы негізінде Агроте­хно­паркті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Технопарк базасында жүргізілген барлық жұмыстар Digital орталығында өңделіп, тиімді шешімдер қа­былданады.
Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – Су ресурстарын тиімді пайдалану. Адамзаттың ортақ мәселесіне ай­нал­ған су тапшылығы мен тұщы су көздерінің мәселесі қоршаған орта мен адамзаттың дамуына, соның ішінде демографиялық, әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етеді. Әлемде 261 су алабы трансшекаралық болып табылады. Соңғы 50 жыл ішінде су проблемаларынан туындаған 500-ден аса қақтығыстар болып, кейбір елдерде әскери іс-қимылдар орын алған.
Осы мәселелерге орай, 2017 жылы университетте Азия даму банкінің қолдауымен су шаруа­шылығы саласында білікті мамандар дайындау мақсатында халықаралық Орталық (Су хабы) құрылды. 70 мемлекеттің Су орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан Су хабындағы 14 зерттеу зертханада университет ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесіп су ресурстарын тиімді басқару мәселелерін кешенді зерттеуде.
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде жер және су ре­сурс­тарын тиімді басқару мақ­сатында АҚШ Ауыл шар­уашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын зерттеу қызметі және Мичиган штатының уни­верситетімен Жер және Кли­маттық хабтар ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоғары оқу орнын ғылыми-зерттеу университеті ретінде дамытуда жіберілген қателіктер мен қиындықтарды талдау, бағалау барысында табыс факторлары – ғылыми таланттарды шоғырландыру, ресурстармен қамтамасыз ету және тиімді менеджментті енгізу қа­жет­тігін түсіндік. Университет­те корпоративтік басқаруды да­мыту «адамдар-үрдістер-технологиялар» тиімді және икемді моделін құруға бағытталған.
Бірінші аспект – адамдар. Былтырдан бері университетте адам ресурстарын дамыту бас­қармасы (HR) жұмыс жасайды. Қызметкерлердің құзіреттілік кри­терийлері мен қызмет нәтижелерін бағалау тәсілдері қайта қаралды. Ғылыми жобаларды орындаушы, агроқұрылымдарда консалтингтік қызмет көрсетуші қызметтері енгізілді. Шетелдік ғалымдар, ҒЗИ және өндіріс өкілдері уни­верситеттің оқытушы-про­фессор­лар құрамының 20%-ын құрайды. Кафедра меңгеру­шілерінің 57% – жас PhD докторлар.
Цифрлы трансформация­лау шеңберінде университет басқарудың бірыңғай эко­жүйе­сін қалыптастыру, заманауи оқу үрдісін құру деген екі негізгі бағытты анықтады. Оқу орнының жақын арада іске асыратын міндеттері – бизнес-үрдістерді автоматтандыру және менеджменттің тиімді жаңа деңгейіне көтерілу.
Мемлекет жүктеген міндет­терді ескере отырып, университет бүгінгі күні 2023 жылға дейін «Әлемдік деңгейдегі университет» құру Тұжырымдамасын әзірлеп, іске асыруда. Бұл бағытта шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесі зерттелді. Университетіміз өзінің инновациялық даму жолында әлемдегі аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланды) тәжірибесіне сүйенеді. Сапалы білім беру үшін университеттің оқу-білім-ғылым инфрақұрылымы заманға сай жаңартылуда.
Қазіргі уақытта ҚазҰАУ Вагенинген университетімен «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Азық-түлік технологиясы» оқу бағдарламалары бойынша студенттерді дайындауда ортақ келісімге келді. Әр бағдарламаға 50 студенттен қабылдап, өз елімізден сыртқа шықпай-ақ, сапалы білім беру жоспарлануда. Осы бағытта бірлесіп жасаған жұмыстар жыл сайын 100 студентті халықаралық стандартқа және еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті маман етіп дайындауға мүмкіндік береді. Осындай жұмыстар Огайо штаты (АҚШ) университетімен де жүргізіледі. Биылғы оқу жылында эксперимент ретінде осы бағарлама бойынша 100 студентті қабылдап ағылшын тілінде оқытпақпыз.

Заманауи білім алуда ұлттық тәрбиенің маңызы зор

Біздің мақсатымыз – әр студентке заманауи білім беріп қана қоймай, оларды кәсіби маман ретінде дайындап, Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын тұлға ретінде қалыптастыру. Өйткені, заманауи білім алуда ұлттық тәрбиенің маңызы зор.Бүгінде оқу орнымызда 90%-дан астам білім алушылар – еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауыл жастары. Университеттегі барлық «пул» жобалар студенттерімізге бағытталғандықтан, олар барлық мамандықтар бойынша 2-курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру мақсатында бизнес-жоспар жасайды. Оқу-өндірістік тәжірибеден өту мерзімі 8 айға дейін ұзартылды. Оқу бітірген түлектеріміз тек диплом иесі болып қана қоймай, өзінің бизнес-жобасын өндіріске ұсына алады.
Қазіргі кезеңде университеттегі оқу-ғылыми бағыт пен тәрбие жұмысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты маз­мұны терең мақаласындағы тұжы­рым­дамаларды негізге ала отырып, қайтадан қарастырылды.
Өткен жылы университет Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында бірінші болып «Назарбаев бі­лім және ғылым орталығын» ашты. Орталықтың басты мақ­­саты – жастардың бойын­да патриоттық және саяси мәде­ниетті қалыптастыруға бағытталған білім және тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру арқылы талантты және креативті жастарға қолдау көрсету және олардың әлеуетін арттыру. Орталық «Менің Президентім», «Менің университетім», «Елбасы кітапханасы», «Таза Планета», «Достық» студенттік ассамблеясы деп аталатын бес залдан тұрады. Сонымен қатар, университетте ұлдарға арналған «Қарыз бен Парыз», қыз балаларға арналған «Әдеп» клубы өнеге ошағына айналып отыр.
2004 жылдан бері универ­ситетімізде Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гумани­тарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істейді. Оқу орнындағы барлық тәрбиелік іс-шаралар мен сан-салалы шы­ғармашылық бірлестіктер мен үйірмелер осы институт аясына шоғырланған. Сонымен қатар университеттегі «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы ұлттық мәдениет пен төл тарихымызды жастар арасында кеңінен насихаттауға үлкен әсерін тигізуде.
Университет бүгінде Қазақс­тан­ның озық ЖОО-ларын бірік­тірет­ін Академиялық адалдық Лигасы құрамының мүшесі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз жұмыс жүргізу нәтижесінде оқу орнымызда жемқорлыққа қарсы технологиялар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, «Саналы ұрпақ», «Адалдық» алаңдары және «Парасат орталығы» ашылуда.
Қазіргі уақытта оқу орнымызда қабылданған «Цифрлық университет» бағдарламасының негізінде ҚазҰАУ ресми сайтында студенттердің жатақханаға орналасуының ашықтығын қамта­масыз ететін «Электрондық Студенттер үйі» порталы іске қосылды. Студенттер үйінен орын алғысы келген білімгер сол жерде өтініш толтырып, өзінің кезегін бақылап, берілген өтініштер мен қанша бос орын бар екенін бақылап, көре алады.
Жоғары денгейдегі оқу орны болу үшін, ең алдымен, білім сапасын арттыру қажет, одан кейін, университеттің материалдық-техникалық базасы инновациялық талаптарға сай болуы тиіс. Сол себепті, университет басшылығы оқытушы-профессорлар құрамын аттестациялаудың бұрынғы процедураларынан бас тартып, олар­дың қызметін бағалаудың жаңа нысанын енгізу туралы шешім қабылдады. Шетелдік сарапшылар шақырылып, олармен бірге жаңа бағалау әдістемесі әзір­леніп, оқытушыларды аттестациялауда қызмет нәтижелерін көпвекторлы бағалаудың тәуелсіз тәсілі қолданылды: өзін-өзі бағалау, кафедра меңгерушісінің берген бағасы, сарапшылар мен студенттердің бағасы негізге алынды.
Аттестациялау процесі авто­мат­тандырылған. Комиссия мүшелері дауыс беру кезінде QR-кодтарды қолданатын арнайы бағдарламаны пайдаланды. Аттестациялық комиссия мүшелері онлайн режимінде қызметкердің қорытынды балл­дарын көріп, қызметкерге қатысты тиісті шешім, ұсыныстар шығарды, яғни оқытушыларды білгілі бір санаттарға (акцентті, дамушы топ және алтын қор) жатқызып отырды.
Университеттің цифрлық трансформациясын жетілдірудегі келесі жобасы – диагностика. 15 тәуелсіз сарапшы корпоративті басқару жүйесінің диагностикасын жасады, сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметін коммерциалиязациялау мүмкіндіктерін бағалады.
Корпоративті басқару тиім­ділі­гін арттырудағы мақсат – ЖОО инвесторлар мен шетелдік әріптестерді тарту үшін университет жұмысының ашықтығын жақ­сарту; ЖОО қаржылық және басқа да қызметтерінің ашықтығы; менеджерлер жұмысын бақылаудың ішкі механизмдерін анықтау; ҚазҰАУ Стратегиясын коммерциаландыру мен цифрландыруға қарай бұру.
Цифрлық университет құру – агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды тиімді қолдана білетін, ауыл шаруашылық сала­сының дамуына оң ықпал жасай алатын, бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары мамандарды дайындауға жол ашады. Университеттің цифрлық трансформациясын іске асыру бизнес-үрдістерді автоматтандыруға, операциялық шығындар мен операциялық тәуекелдерді төмен­детуге, адам әсері факторларын азайтуға мүмкіндік береді.
Университет QS рейтингінде 651-орынға, 9 халықаралық рейтингте алдыңғы қатарға көтерілді. Алдағы мақсат – 2023 жылы QS-300 рейтингісіне еніп, әлемдік деңгейдегі университет дәрежесіне ие болу. Осындай жаңа бағыттағы ауқымды іс-шаралар нәтижесінде университет әлемдік білім кеңістігінде танымалдылығы артып, беделі арта түсті. Жаңа оқу жылының қыркүйек айында Қытай елінде өтетін кездесуде мемлекеттік делегация құрамында университет пен Huawei компаниясы және қазан айының соңында Нидерланды Корольдігінде жоспарланған кездесуде Вагенинген университеті арасында жаңа келісім-шарт жасасып, Меморандумға қол қойылады.
Тиімді менеджментті негізге ала отырып қолға алынған осындай іс-шаралардың нәтижесінде университет қысқа мерзімде өз ресурстарын шоғырландырып, еліміздің аграрлық секторының бәскеге қабілеттілігінің артуы мен инновациялық дамуына тікелей әсер ете алатын жаңа білім беру, ғылыми-инновациялық қызметтің өзегіне айналып үлгерді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір