Тобырлық психологияның көрінісі
Кейінгі жылдары науқаншылық мәселесіне зиялы азаматтар көңіл бөле бастады. Өйткені, науқаншылдық әдет мемлекеттік дәрежеде ғана емес, күнделікті тіршілігімізде де жаппай белең алып кетті, көңіл бөлмеске, дабыл қақпасқа әдді қалмай барады. Кеңес заманында Маркстік, Лениндік идеологияның негізінде халықты шектен тыс ұрандатуға тәрбиелеп жіберді. Адамдардың санасын ертең болады, бүрсігүні болады деген үмітке алдандыруды үйреніп алдық. Бұл бүгінгі күннен гөрі ертеңгі күннің жарқын болғаны маңызды деген философияға негізделген идеологияның көрінісі. Бұл идеология әлі де толық жойыла қойған жоқ.
Ілияс Әйтімбет,
әлеуметтанушы
Ғылымда күнделікті тіршілік философиясы деген ұғым бар. Осы ұғым Батыс елдерінде жақсы зерттелген. ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап, Батыс философтары адамдардың күнделікті тіршілігіндегі нақты өмірді сезіне білуі, әр сәтін қадірлеуі деген бағытта көп жұмыс істеді. Қазіргі дамыған елдердің философиясының негізінде де осы ұғым бар. Өкінішке қарай бізде теориялық негізде де, идеологиялық тұрғыдан да бұл ұғым жіті қарастырылған жоқ. Сондықтан ұраншылдық, яки бір айтулы күнді жапа-тармағай атап өтеміз де, оның күнделікті тіршілікпен, адамдардың рухани деңгейімен байланысын елей қоймаймыз. Меніңше, бұл үлкен ағымның көрінісі. Бұл ағым, яғни науқаншылдық айтулы даталарды атап өтуден басқа, той жасау, ас беру деген сияқты тұрмыстық ғұрыптарымызға да әсер етіп кетті. Қарапайым халық той өткізу өздеріне керек болмаса да, қалың ел өткізетін болған соң солардан қалмай той жасауды жөн санайды. Мемлекеттік дәрежедегі айтулы даталарды атап өткенде айтылатын патриоттық сезім, Отан алдындағы адалдық немесе тойларда айтылатын ағайын арасындағы сыйластық біздің күнделікті өмірімізде қолданылатын қағидаларға айналғанда ғана алға жылжимыз. Ол үшін біздегі тарих, әлеуметтану, философия секілді қоғамтану ғылымдары осы мәселені жүйелі түрде қарастыруы керек. Қазір журналистер де, идеологиялық қызметкерлер де осы науқандық шараның соңында жүреді. Бұл мәселенің екінші жағы адамның өзін-өзі басқаруы, сол арқылы ұжымдық жұмыс атқаруға бейімделуі. Бізде қазір ұжымдық басқару жүйесінің жоқ екені анық көрінеді. Біздегі басқару жүйесі тек биліктен, яғни жоғарыдан төмен қарай жүйеленген. Ал адамдар арасындағы бір деңгейдегі қарым-қатынасты реттеуге ешқандай ықылас жоқ. Мәселен, қаланың кейбір аудандарындағы подъездер қоқысқа толы болады. Оның сол көшеде немесе сол үйде тұратын адамдарға түк қатысы жоқ сияқты. Адамдар басып өтіп кете береді. Қала сыртындағы үлкен-үлкен үйлердің дуалының сыртындағы қоқыстар да дуал ішіндегі адамдарға қатыссыз секілді. Алда-жалда осы мәселені шешем деген белсенді адамдар болса, олардың сөзін ешкім құлағына да ілмейді. Себебі, олардың айтқаны рухани тұрғыдан дұрыс болғанмен, биліктің шешімінсіз іс қозғалмайды. Дәл осы жайт адамдардың жаттану процесіне әкеп соғуда. Адамдар өздерінің ішкі дүниесінен өздері жаттанып, өздерінің ішкі құндылықтарынан айырылып қалған. Сондықтан ұрандату, науқаншылық дегеніңіз адамдардың күнделікті тіршілігіндегі, шынайы қарым-қатынасындағы мәдениетті, құрметті қалыптастыра алмайды. Ол тобырлық психологияның көрінісі. Френсис Фукияманың, Американы күшті мемлекет етіп отырған адамдардың белсенділігі, оның негізінде жатқан азаматтық қоғам және бір деңгейдегі қарым-қатынастың мықтылығы, деген сөзі бар. Америкада адамдардың арасындағы мәселелерді шешуге белсене араласып, қоғамдық қатынастарды реттеп отыратын көптеген ұйымдар бар. Және олар жеке адамдардың бастамасымен құрылып, мәселе шешімін тапқан соң тарап кете береді. Адамдардың өзін-өзі басқаруына, өзінің құқығын қорғауына жағдай жасалған.
Қазақ даласындағы қоғамдық қарым-қатынастар да әдет-ғұрыпқа сіңіп, біте қайнасып кеткен рухани құндылықтармен реттелген. Ата-бабаларымыз көркем сөйлеп қана қоймаған, көркем өмір сүре білген. Олар моральдық қағидаларды тұрмысына, салтына, ырым-тыйымдарына сіңіре білген. Ал қазір күнделікті тіршілік ешкімге керегі жоқ. Ал науқаншылыққа ерген бірді-екілі азаматтар шын мәнінде қоғамның дамуына қызмет етуді көздей ме, әлде сол белсенділігінің арқасында билікке жеткісі келе ме, ол арасын ажыратып болмайсыз. Негізінде жеке азаматтар құндылығы мен мемлекеттік құндылық тұтасып жатуы керек. Егер мемлекет өз азаматтарын құрметтесе, адамдар да мемлекетті құрметтеуге дағдыланады. Әсіре ұраншылдық пен науқаншылдық адамның қоғамға деген көзқарасын бұзады.