Азия жазушыларының форумы: ақылдасайық, айтайық, талқылайық…
21.08.2019
1425
0

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өтетіні туралы бұрын да хабарлағанбыз.
Бұл форум елорда төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Азия елдерінің рухани-мәдени ықпалдастығын арттыруға, сөз өнерінің киесі мен жүйесін нақтылап, Адамзатты бейбітшілікке, ізгілікке үндеп, адам болмысының сан қатпарын зерделеп, ертеңгі күнге сенімін оятуға ынталы сөз зергерлері бас қосатын алқалы жиында қандай мәселелер ортаға салынғаны жөн? «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын» айтқан Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымына берік бүгінгі қазақ ақын-жазушылары қандай тақырыпта әңгіме өрбітеді? Қазақ әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бұтағы, демек, бұл басқосуда айтылар сөз бен ортаға тасталар ойдың салмағы ауыр екендігі де шындық. Әдебиеттегі жаңа тенденциялар, ағымдар, көзқарастар мен эстетикалық талғамның бағыт-бағдарын сарапқа салу уақыт талабы десек те болады. Біз бірнеше сұрақ бойынша, әдебиетіміздің әр буын өкілдерінің ой-пікірлерін білген едік.


«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе, қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?


Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын:

«Романның күні өтпейді»

1-2. Алғашқы екі сауалға ор­тақ ойымды айтсам, «Азия қалам­герлерінің I форумы» – бәріміз үшін көптен күткен үлкен оқиға болғалы тұр. Бұл бастаманың рухани маңызы өте зор. Көп жылдардан бері біздің шетелдермен, әсіресе, Азия елдерімен әдеби байланысымыз жадау, жұтаң күйге түскен еді. Қай ел­дің қандай бағытта жұмыс іс­теп жатқанынан бейхабар болып қалдық. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашатын алғашқы форумнан күтеріміз көп. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, әрқилы деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бі­тімімізді айшықтасақ, келе­шектегі келелі істерге айқын бас­палдақ қаланар еді.

3. Қазақ әдебиеті – іргелі де ауқымды әдебиет. Бұған дейін қазақ шығармаларының өзге тілге аударылуы түйткілді мәселе болып келді. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында қазір көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Нәтижелі бастамалардың да бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қаламгерлеріміздің шығармалары ағылшын, араб, испан, тағы басқа тілдерге аударылып, оқыр­ман­дар­ға жол тартты. Бұл – қазақ әде­биетінің жаңа бір белеске шық­қанының айқын дәлелі. «Азия қаламгерлерінің I форумында да» мәдениетіміздің игілігі жолындағы тың ойлар ортаға салынып, әдебиетіміздің көкжиегі кеңейеді деп сенем. Азия халықтарының әдеби-мәдени байланысын ны­ғайтатын ең негізгі тетік – аудармада. Ұлттар арасындағы ынты­мақтастық нығайып, ты­ныш­тық пен бейбітшілік тұрақты болу үшін әдебиеттің маңызы зор. Сондықтан аударма саласына көп көңіл бөлініп, көркем шығарманың көркемдігіне нұқсан келтірмей тәржімалайтын мамандарды арнайы дайындау да күн тәртібіне қойылу керек деп ойлаймын.

4. Қазақ әдебиетінің жетістігі өте көп. Ол турасында арнайы тоқталып айтқан жөн. Белгілі бір кезең аралығында тоқырауға ұшырағанымыз да белгілі. Жазушыларымыз сол тоқыраудың құрсауынан шығып, жаңа заманға лайықты жаңашыл бағыттағы туындыларды өмірге әкелуге талпынуда. Алайда қазіргі әдебиетімізде ірі көлемдегі прозалық шығарма­лардың аздығы көңілге кірбін ұялатады. Әңгімелеріміз бар, хикаяттарымыз да жазылып жатыр. Поэзиямыз да қанатын кеңге жайып, жақсы дамуда. Бірақ осы заманның көрінісін дөп басып, келбетін айқын танытатын ірі жанрдағы дүниелердің тууы ақсап тұр. Романдар жазылуы керек. «Романның күні өткен», – деп жүргендер бар. Ол – бос әңгіме. Романның күні өтпейді. Керісінше, нағыз дәуірлейтін тұсы енді келді деуге болады.

5. Әлем әдебиеті әртүрлі ба­ғыт-бағдармен дамуда. Ал осынау кең құлаштағы әлем әдебиетінің де, жекелеген ұлттар әдебиетінің де ең негізгі ортақ мәселесі – адам мәселесі. Жер-жерде тағдыр-талайы әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, адамдар мекен етіп жатыр. Бір елде адамдар өз жерінде тұрақтай алмай, мигрант ретінде өзге елге босып кетті, ашаршылық пен жоқшылықтың мехнатын тартып жатқан елдер бар. Сөз еркіндігі мен ой еркіндігінен шектелген ұлттар қаншама. Адамзат ешқашан жетілген қоғамда өмір сүрген емес. Адам бар жерде, тіршілік бар жерде үлкенді-кішілі мәселелер де түгесіле қоймайды. Ал осы қоғамның айнасы, ол – әде­биет. Шым-шытырыққа толы қоғамды ізгілендіретін де – әдебиет. Сондықтан әдебиетті дамытуға бағытталар іс-шаралар­дың толастамағаны жөн.


Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

«Ұлы Абайды әлем тілдеріне аудару керек»

1. Әдебиет – саясат! Бірақ, саясат – әдебиет емес. Сондықтан мұндай аса ірі мәдени оқиғада біздің тәуелсіз еліміздің өз ұс­та­нымы болуға тиісті. Бұл фо­румдағы мәселе, айналып кел­генде, күллі адамзаттық ұғым­дардың ауқымында көрініс табады деп ойлаймын.

2. Ұлы Абайдың мұрасын бүкіл Азия елдерінің тіліне аударуды алға қояр едім. Себебі, біз Батысқа да, Шығысқа да Абайдың биігінде қарап тұр­мыз. Абай – Қазақ! Абайды таныған ел Қазақты да таниды.

3. Білсе, Әуезовті білер… Осы форум осындай олқы­лық­тардың орнын жапса, қанеки. ( Жақын жатқан үш-төрт мем­лекетті қоспағанда.)

4. Әдебиетке жалпы баға беру қиын шығар. Үлкен әдебиетті түптеп келгенде, ұлылар тудырады. Біз әлі кешегі алыптардың санаулы ғана алтын тұяқтары ойнақ салған жазықтыққа көз суа­рып отырмыз. Сондықтан да жетістіктеріміздің басым салмағы «бұрынғы» ағала­рымызға тиесілі. Біз солардай сүйекті дүние жаза алдық па?..

5. Бір үлкен проблема – соң­ғы ширек ғасырда қазақ әдебиетінің Әлемге есігі тарс жабылып қап еді. Осы мәселе соңғы уақытта билік тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен өз шешімін тапқандай болып жатыр. Аз уақытта қаншама қазақ қаламгерлерінің шығар­ма­лары әлемнің айтулы алты елінің тіліне аударылып кітап боп жарық көрді. Бұл – өте құп­тарлық қуанышты оқиға. Әлем және қазақ әдебиетінің ең не­гіз­гі ортақ мәселесі ол – бірін-бірі түсінісуі. Мына айтулы форум осы мәселенің ұйытқысы емес пе?!


Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы:

«Әдебиет белгілі бір топтың ойынына айналып барады»

1. Әлем әдебиетінің ақын-жазушыларымен ортақ байланыс орнату мәселесін көтеру керек. Өкінішке қарай, біз бүгін алыс шет елді былай қойғанда, мына тұрған өзбек, қырғыз ағайындардың сөз өнерінде қандай жаңалық болып жатқанынан бейхабармыз.

2. Шығармашылық әлеуетін толық жүзеге асыру үшін жыл сайын талантты қаламгерлерге мемлекет тарапынан грант беріп тұру туралы ұсыныс айтар едім.

3.  Өзге елдер түгіл, біз қазір бір-біріміздің не жазып жүргенімізді оқымаймыз. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары сатылымға түспейді. Азия елдері де қазақта қандай ақын-жазушылардың бар екенін білмейді деп ойлаймын. Біліп жатса – қуаныштымын.

4. Қазақ әдебиетінің соң­ғы жиырма-отыз жылдағы жетістігі – кез келген тақы­рып­ты батыл жазатын болдық. Ал сол тақырыптарды игеру мен көркемдік шеберлікпен беру тәсіліміз – көңіл көншітпейді.

5.  Әлемде де, бізде де қазір әдебиет жалпы жұрттың жанына аса әсер ете қоймайтын, көпшілік түсінбейтін – белгілі бір топтың ойынына айналып барады.


Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын:

«Орталық азия елдері әдеби байланысты күшейту керек»

1. Азия форумында біраз шетелдік қаламгерлер келеді деп отыр. Мен осы форумды пайдаланып қазақ әдебиетін дұрыстап насихаттап алуымыз керек деп ойлаймын. Бұл – болашақ үшін пайдалы. Оң әсер деген қашанда қажетті нәрсе. Бастысы, форумда тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетін кеңестік идеологиялық әдебиеттен бас тартқан, жаңа тынысқа, жаңа баяндау шеберлігіне ие, өнер эстетикасында әлемдік әдебиетпен үндес әдебиет ре­тінде көрнектілендіруіміз керек. Ең кемі, соған бағыт алып бара жатқанымызды ұғын­дыр­сақ деймін. Әдебиет – тіл мен ұлттық дүниетанымның үндестігін қалыптастыратын орта. Модернистік таным, талғам үстемдік алған бүгінгі таңда жаңа қазақ әдебиеті қазақтың бейнелеу тілін жаңартып, ұлттық пайым, қасиет, рух, болмыстың заман ауқымына сай түлеуіне мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Қытай прозасы Кеңес әдебиетінің дәстүрінен қалай шықты? Жапондар Батыс әдебиетінің аяқ алысынан қалып қоймай, қалай ілесе алды? Араб елдері әдебиетінің бүгінгі күрделі геосаяси жағдайды бейнелеудегі ерекшелігі қандай? Батыс пен Шығыстың көпірі болып келген түрік ағайындар соңғы жиырма жылда қарқынды белең алған исламдық факторды қалай бейнелеуде? Осы секілді тақырыптар қозғалып жатса, форумның өз деңгейінде сәтті өткені деп білемін.

2. Форумда сөз тие қалса, не айтатыным туралы дәл қазір бірдеңе дей алмаймын. Себебі, ол туралы ойланған жоқпын.

3. Жаһандану заманында орын алып жатқан күрделі саяси, мәдениеттік сипаттағы теке-тірестерге қарамастан, әдебиет баяғысындай жалпы адамзаттық түсіністік пен үндестікке, гуманизмге жол ашатын рухани құндылық болып отыр. Орталық Азия әдебиеті өз тарихында саф өнерге тән өзгеше мүмкіндікпен адамзат жаратқан рухани қорға үлкен үлес қосқанын білеміз. Бүгінгі қазақ әдебиеті осы бастау-көзден нәр ала отырып, тың белеске көтерілуге мүдделі. Біздің алдымызда алдымен «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап беру мәселесі тұр. Біз Шығыс әдебиетіне жатамыз ба, әлде, Батыс әдебиетіне жатамыз ба? Біздің әдебиетіміз модернистік ойлаудың шеңберінде ме, әлде оның сыртында ма? Дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен кеңестік идеологиялық әдебиеттен нені алып, нені қалдырдық? – деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Бұл – осы форумға келетін елдердің әдебиетіне ортақ сұрақ. Форумда әдебиеті біршама дамыған Жапон, Қытай, Түрік, т.б. елдер әдебиетте жеткен жетістігі негізінде, нақты мысалдармен жоғарыдағы сұрақтарға жауап беріп қалуы мүмкін. Форумның маңыздылығы осында болмақ. Біз оны әдебиетіміздің дамуы мен жаңаруына аяқ алысын саралауға, жүрер жолымызды мүмкіндігінше түзеуге пайдаланар едік.

4-5. Әдебиеттегі ортақ проб­лемала өзара байланыс пен сапалы аударма мәселесіне барып саяды. Тәжірибеге сүйенсек, өзара тығыз байланыстағы елдердің, айталық, еуропалық елдердің әдебиеті жүйелі дамыған. Бірін-бірі біліп, дер кезінде хабардар болып, уақытында үндесіп отырғандықтан, олардың әдебиеті де, әдебиет айдыны мен кітап нарығы да бүгінгі талапқа сай келетін деңгейде жұмыс істеп тұр. Салыстырып айтар болсақ, басқаны айтпағанда, Орталық Азия елдері арасында мәдениет пен әдебиеттегі байланыс жоқтың қасы. Әдебиетті дамытамыз десек, әдебиеттің тынысын кеңітіп, өрісін ашып, үлкен нарыққа апаратын орта жасауға күш салуымыз керек. Ол үшін Орталық Азия елдері бір-бірімен әдеби байланыс­ты күшейтіп, қарым-қатынасты молайтып, ықпалдастықты арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Бұл – аудару мәселесіне барып тіреледі. Соны мықтап қолға алу керек. Аударма қашанда маңызды. Бүгінгі қазақ әдебиетінің бір осал тұсы – аудармада ойсырап тұруы. Аударма жоқ болған соң, әдебиетімізге қатысты зерттеу де жоқ деген сөз. Зерттеу-сын болмаған жерде тоқырау, өзіңді көзсіз көтеру, өзгені кемсіту басталады. Әлемдік әдебиеттің соңғы елу жылдағы жетістігі дәл қазіргі қазақ әдебиеті үшін күңгірт нәрсе. Осы жағы жеткіліксіз болғаннан кейін, біз өзге мен өзіміздің арамыздағы ортақтық пен парықты дұрыс саралай алмай келеміз. Өзімізді де, өзгені де лайықты бағалай алмаудамыз. Сондықтан осы форумда Түркия мен Орталық Азия елдерінің жазушылары ұйымдасып, өзара байланыс пен аударма мәселесін шешудің нақты жолдарын қарастыра алса, үлкен жетістік болар еді. Айталық, тұрақты әдеби байланысқа есік ашылса, тұрақты түрде кітап аударылатын болса, бірлескен әдеби-аударма журнал шығару қолға алынса және жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылса, оң болар еді.


Ерлан ЖҮНІС, ақын:

«Қара өлең – баламасы жоқ құбылыс»

1. Қазақ әдебиетінің өткен тарихына көз салсақ, бабаларымыздың ықылым заманнан еуразиялық алып әдеби-мәдени  кеңістікте өмір сүргенін көреміз. Кейін мұның ауқымы тарылды. Мәдени курс өзгерді. Біз бұдан ұтқан жоқпыз. «Азия қаламгерлерінің I форумы» сол ұлы дәстүрлерге қайта жол ашады деп сенеміз. Сол мыңжылдық тарихы бар байланыстарды, рухани көпірлерді қайта орнату бағытында диалог болғанын қалар едік.

2. Азия жас қаламгер­лерінің Әдеби ұйымы құрылса, оның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасса деген ұсынысым бар.

3. Қазақтың қара өлеңі – мазмұндық форматы жағынан әлем әдебиетінде баламасы жоқ құбылыс. Алғашқы екі жолы – дерексіз (абстрактылы), үшінші жолы – мағына ұясы, соңғы жол – түйіндеуші. Біз осыны жапон хайкуы, парсы рубаяты деңгейінде насихаттай алуы­мыз керек деп ойлаймын. Ғазал анасы бәйіт болса, қазақ өлеңінің анасы – қара өлең.

4. Жетістігі – қазақ әдебиеті жаңа бір эволюциялық даму кезеңіне өтті, кемшілігі – шынайы аудармашысын әлі таба алмауы.

5. Әлем және қазақ әдебие­тіне ортақ проблемалар сол форумда анық көрінеді деп ойлаймын.


Мерей ҚАРТ, ақын:

«Жастар шығармашылығына көп көңіл бөлінсе…»

1. «Азия қаламгерлерінің I форумында» әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, келешегі жөнінде кеңінен сөз қозғалып, әсіресе, жастар поэ­зиясына, жастар прозасына көп көңіл бөлінсе деген тілек бар. Азия елдеріндегі жастар әдеби тұрғыда бір-бірімен еркін араласа алса, әдебиеттің болашағы үшін тың серпіліс болар еді.
2. Форумда ұсыныс ретін­де аударма мәселесінің дұрыс жолға қойылуын айтар едім. Азия қаламгерлері бір-бірінің шығармаларын оқып, түсіну үшін, түйсіну үшін сапалы аудармалар мен сауатты аудармашылардың санын көбейту керек. Түп негізі тереңнен бастау алатын Азия халықтарының әдеби әлемі – қазынаға толы. Бір-біріміздің әдеби, тарихи болмысымызға үңілу арқылы, өзара ымыраластығымыз бен достығымыз ұлғаяр еді. Көркем шығармаларымыздағы көркемдіктің аясы кеңейіп, жаңашылдыққа деген бетбұрыс пайда болар еді. Бұл игіліктердің қай ұлт үшін де маңызы зор.

3. Біздің әдебиетіміздің Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік кеңістіктегі алар орны зор. Сол қасиеті мен қадірін нығарлау үшін, айқын таныту үшін тағы да аударманың биік деңгейде болғаны жөн.

4. Әдебиетіміздің жетістігі өте көп. Ал кемшілігі мен әлем әдебиетімен ұштасатын мәселесін айтқанда, сөз тағы да сол аудармаға келіп тіреледі.

Әзірлегендер Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА, Думан ТЕРЛІКБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір