АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ: ақылдасайық, айтайық, талқылайық…
09.08.2019
1919
0

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамытумен қатар еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгерлер бас қосады. Біз осы айтулы шара қарсаңыңда ақын-жазушыларымызды әңгімеге тарттық.


1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе, қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ мәселелері бар?


Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

«ӘЛЕМДІК ӘДЕБИЕТШІЛЕР АССОЦИАЦИЯСЫ КЕРЕК»

1. «Азия қаламгерлерінің I форумы» деп аты айтып тұрғандай, Азия халықтарының әдебиетіне арналып өткелі отырған алғашқы форум барысында нақты тақырыпты ұсынудан гөрі, келесі форумдарда қандай тақырыптарды бекіту керектігін қарастыруымыз қажет. Дәл осы форумда Азия елдері жазушыларының ортақ мүдделері мен мәселелері жайлы сөз қозғай отырып, «Оны қалай шешу керек, қалай бірігуіміз керек, ол үшін не істегеніміз жөн?» деген сауалдардың төңірегінде ортақ мәмілеге келген дұрыс. Алдын-ала нақты ұсыныс жасау қиын. Әрі оны біреу қолдауы мүмкін, біреу қолдамауы мүмкін. Бұл – бірінші жағдай.
Екіншіден, Азия құрлығында тұрып жатқан қаламгерлерге арналған бұл форум аясына нақты кімдер, қай елдер кіреді? Түркі әлемін енгіземіз бе, жоқ, әлде Индонезия, Үндістан, Қытай, Жапония секілді елдер де қамтыла ма? Егер кейінгі аталған елдерден де қаламгерлер келетін болса, біздің тақырыптарымыз өзі шартарапқа шашырап та кетуі мүмкін. Себебі, әрбірінің менталитеті әртүрлі. Одан бөлек, Қытай әдебиеті, Жапон әдебиеті, Үндістан әдебиеті әлемдік кеңістікте ертеден-ақ танылып қалған. Олардың алға қояр мақсаты да мүлде бөлек.
Тілге тиек болып отырған аумақтағы халықтардың әдеби, мәдени байланысы әзірге ғылыми негізде қолға алынған жоқ. Барып-келу, мәжілістер өткізу немесе өнер қайраткерлерінің сол өңірлерде өнер көрсетіп қайтуы, кейбір басқосулар – осының бәрі тек шолақ-шолақ әңгімелер сияқты болып қалып жатыр. Бұл төңіректе ой қозғағанда, әдеби қатынастан бөлек, саясатпен ұштасқан мәселелердің де қылаң беретіні сөзсіз. Осы тұрғыдан қарағанда, «Өзімізге етене жақын Түркі тілдес халықтардың, Шығыс халықтарының арасында ертеректе қандай байланыстар болған? Қандай байланыстар болуы керек? Елдегі әртүрлі саяси шиеленістер қалай шешіліп жатыр? Әдебиет саясатқа үн қата ма, қатпай ма?» деген сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл алғашқы форум Анықтаушы форум болуы керек. Әр елден келген өкілдер тарапынан Азия қаламгерлерінің ортақ мүддесін танытатын ойлар ортаға салынып, жүйеленсе, бәріміз үшін пайдалысы сол болмақ.
2. 2017 жылы Лондонда менің 75 жылдығыма орай театр фестивалі өтіп, кітабымның тұсауы кесілген болатын. Сонда Лордтар палатасында сөйлеген сөзімде: «Әрине, Еуропа өз алдына дамыған өркениетті елдердің шоғырына айналды. Бірақ олардың мәдениетінің түп қазығы, тамыры Шығыста жатыр. Оны бертін келе өздері де мойындады. Сондықтан Еуропаға, Азияға ортақ үлкен бір ассоциация құрғанымыз жөн», – деп айтқаным бар. Бұл жолы да осы ұсынысты алға тартамын. Халықаралық деңгейдегі, тұрақты жұмыс істейтін біріккен бір ассоцация керек. Одан қорқудың қажеті жоқ. Осы ұйымның іргесі қаланып, кең қанат жаюына әр мемлекет шын ниетімен атсалысып, қоғамдағы әдебиеттің рөлін арттыруға жұмыла әрекет жасауы тиіс. Бүгінгі таңда техниканың, технологияның қарыштап дамуы адамзатты әдебиеттен алыстатып барады. Тіпті қазір жастардың арасында «Бізге Достоевскийдің де, Бальзактың да, Акутагаваның да, Толстойдың да қажеті жоқ. Адам жанын терең тану үшін ұлы классиктерді оқып жатуға мүмкіндігіміз жоқ. Біз ол үшін туған жоқпыз. Дәл қазір экшндер мен детектив жанрындағы дүниелер әлдеқайда қызығырақ», – деген мәндегі «адам шошырлық» пікірлер белең алуда. Әлемдегі бейбітшіліктің шайқалуы да – адамдардың рухани құлдырауының салдары. Әдебиетті, көркем шығарманы оқымаған адамның жүрегі қатайып кетуі де бек мүмкін. Тұрақты бейбітшіліктің негізі – рухани байлықта, әдебиетте. Ал қазір әдебиетімізді таныту үшін жақсы кітап жазып қою – жеткіліксіз, айғайлап сөйлеудің де пайдасы жоқ. Егер ассоциация құратын болсақ, Азия елдерінің орталықтарында әдебиетті кеңінен насихаттауға, халықтардың бір-бірін эстетикалық тұрғыда тануына, бір-біріне деген достық пейілдерінің ұлғаюына жол ашылар еді.
3. Қазір қазақ әдебиеті бұрынғыдай емес, танылуға талпынып келе жатыр ғой. Түркияда, өзге де елдерде кітаптарымыз жарық көруде. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту» деген мемлекеттік бағдарлама көп іске қозғау болды. Нәтижесінде, қазақ шығармалары әлемнің алты тіліне аударылып, кітап болып шықты. Бұл, әрине, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктер. Алайда Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орнын нақты еншілеуге әлі ерте.
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі мен кемшілігін саралауға өз алдына бөлек форум өткізу керек. Кемшілік жайлы сөз қозғап, тұтас әдебиетке, бүкіл қаламгерлерге баға беру әбестік болар. Әр жазушы өзін Толстойдан кеммін деп есептемейді, әр жазушы өзін Әуезовтен жаман жазам деп ойламайды. Мұхтар Әуезов айтқандай, «толыспаған Толстойлар мен шалағай Шекс­пирлер», грамофондар қазір көбейіп бара жатыр.
Бүгінгі әдебиеттің жетістігі туралы айтқанда, шығармалардың қытай, испан тілдеріне аударылғанын атап өту керек шығар. Ал осы аударылған дүниелер ол жақтағы оқырманның, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жатыр ма? «Қазақ әдебиетінде осындай ақын бар екен, мынадай мықты прозаик бар екен», – деп тамсанып жатқан жұрт бар ма? Сол елдердің әдеби басылымдарында қазақ әдебиеті жайлы мақалалар шықты ма? Міне, бұл сұрақтар тағы бір мәселенің ұшын шығарады.
5. Соғысты да бастайтын – сөз. Бейбітшілікті орнататын да – сөз. Ұлы мәртебелі сөздің құдіреті күшті. Әрбір жазушының, ең нашар деген жазушының да, кем дегенде, мың оқырманы бар. Егер де әлем жазушыларының санын мыңға көбейтсек, қанша болады? Бұл – әлем жазушылары біріксе, қазіргі БҰҰ-ның әскерінен де, НАТО-ның әскерінен де әлдеқайда қуатты күшке ие сөзбен қаруланған әскер болар еді деген сөз. Бұл қуатты күштің алмайтын қамалы болмас еді. Қасиетті кітаптарда да сөздің қасиеті туралы көп айтылған. Біз осы Сөздің құдіретіне әлі күнге дейін жеткілікті түрде мән бермей келеміз. Мұның бір себебі – әр адам өзін ұлы тұлға ретінде тым асыра бағалайды. Олай бағалағанына мен қарсы емеспін, қарапайым адам жоқ. Бірақ бұл – жеке адамның эгоизміне, астамшылығына ұласпау керек. Бір халық бір халықтан артық деген ұғымға мен қосылмаймын. Достық, адамгершілік, туыстық, тепе-теңдік ұғымдары – бүкіл адамзатқа ортақ. Әлем әдебиетінің де, жекелеген халықтар әдебиетінің де ортақ мәселесі осы төңіректе. Адами құндылықтарды басты нысанаға ала отырып, көркем шығармалар көпшілікті соғыс­тан, дүрбелеңнен ада болуға, адамгершілікке үндеуі керек.


Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:

«ӨЗГЕ ТІЛГЕ ҚАНДАЙ ШЫҒАРМАЛАР АУДАРЫЛЫП ЖАТЫР?»

1. Кеңес Одағы тарқағаннан кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заман орнады. Одан бұрын Орталық Азияда тұратын халықтар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын. Ертеректе Әнуар Әлімжанов ұйымдастырған «Азия-Африка жазушылары конференциясының» аясында көптеген шығармалар өзге тілдерге аударылып, жеке-жеке кітап болып шыққан. Мемлекетаралық қатынастардың нығаюына бірден-бір сеп болатын мұндай бастамалардың маңызы зор. Қалай болғанда да, Жазушылар одағының жаңа төрағасы Ұлықбек Есдәулетов көптен бері ұмытылуға айналған шараны қайта жандандыру жолында біршама істерді қолға алып, шапқылап жүр. Ұлт руханияты үшін бұл игілік істің берері өлшеусіз. Қа­зір, шындығын айтқанда, ірге­міздегі қырғыз бен өзбектің, әзір­байжанның қандай ақын-жазу­шылары бар екендігінен бейхабар болып қалдық. Форумның ең басты бағыты да әр елден жиналған қаламгерлердің бір-бірімен жүз көрісіп, сөйлесуіне, танысып-білісуіне бағытталғаны жөн.
Ары қарай шығармашылық байланыс орнап, шығармалардың аударылу барысы да өз жүйесіне келтіріледі деп ойлаймын. Ұлттар арасындағы достықтың, әдеби-мәдени байланыстың ұлғаюына дәнекер болатын жол да осы шаруа­лардың негізінде қаланбақ. Азын-аулақ «шығын» кетер, бәл­кім. Бірақ сол қаржының рухани тұрғыдағы қайтарымы өлшеусіз болатынына сенем.
2. Егер сөз тисе, Қазақстанда бастау алған осы форум өзге елдерде де жалғасын тапса, оған делегат болып кімдердің баратыны алдын-ала ойластырылса, деген ұсыныс айтар едім.
Тағы бір айтатын нәрсе, одақ құрамында сегіз жүзге жуық қаламгер бар, олардың бәрін бірдей аудару мүмкін емес қой. Дау туып кетпеу үшін, өзге тілдерге қандай шығармалардың аударылатынын елеп-екшейтін, сауатты түрде сүзгіден өткізетін арнайы бір комиссияның құрылғаны жөн секілді.
3. Әлем әдебиетін оқып жүрміз ғой. Прозасымен де, поэзиясымен де таныспыз. Әдебиетте де әртүрлі кезеңде түрлі-түрлі ағымдар пайда болып жатады. Бұл – заңды құбылыс. Дегенмен әлдебір түсініксіздеу көріністер беріліп, ол «измдерге» телінеді. Мен оны ұға алмаймын, ұққым келмейді. Менің түсінігім бо­йынша, әдебиетте тек қана өмірдің шындығы айтылу керек. Ол қалай жазылады, қандай тәсілмен жазылады, оның бәрі өз алдына жеке әңгіме. Ең бастысы, көркем шығармада тіршіліктің түйткілді мәселелері қозғала отырып, бола­шаққа, келешекке бағдар боларлық ойлар өзек болғаны жөн.
Әдебиет – идеологияға серпін беретін күш. Сондықтан, өзге салаларға қарағанда, әдебиеттің көтерер жүгі де ауыр.
Қазақ әдебиетінің дүние­жүзілік кеңістіктегі алар орны еш ұлттан кем емес. Тек, жарнамасы жоқ. Жарнама болмағандықтан, әдебиет алға баса алмайды, бас­қа тілдерге аударыла алмайды, басқа елдерді мойындату да қиын. Заманында Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары орыс әдебиеті арқылы, аз да болса, жарнамаланып барып әлемге танылды. Беріректе Дулат Исабековтің спектаклі Лондон төрінде сахналанды. Бұл да – төл әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Егер қазақ туындылары дәл өз деңгейін, қал­пын, көркемдік қуатын сақ­тай отырып тәржімаланса, әлем әдебиетінің ең мықты деген­дерімен шамалас болар еді.
Бүгінгі қазақ әдебиеті – өз буына өзі қайнап, өз қазанының ішінде жатқан кейіпте. Әйтпесе, қазіргі жас ақын-жазушылардың арыны өте мықты. Бұл балалар қаламақы алмайды, кітап шығару да олар үшін өте күрделі. Бірақ баспасөз беттеріндегі дүниелеріне көз салсақ, кереметтей буын қа­лып­тасып келе жатқанына көзіміз жетеді. Оқта-текте айтылып қалатын «Әдеби агент» деген нәрсе бар. Марқұм Рақымжан Отарбаев шығармашылық жолында мұның игілігін де көрді. Біріншіден, Рақымжан секілді мықты жазушы болу керек. Екін­шіден, әдеби туындының таралуына, жарнамалық өрісін кеңейте білуге бейім болу да – уақыт талабы.

4. Айтып өткендей, әде­бие­тіміздің қай тармағы болса да, жақсы деңгейде. Әсіресе, мойындау керек, жастардың екпіні қатты қазір. Бұл – көңіл қуантатын жағдай.
Ал, кемшілігі дегенде, ойға оралатыны – сын мәселесі. Біздің кезімізде ақын-жазушылар бір-бірін сойып сынап жататын. Мүмкін сәл-сәл ренжитін шығар, бірақ сын айтты деп жауласып кеткен ешкім жоқ. Сол сынның дұрыстығына бәрі сенетін, көнетін, мойындайтын. Нәтиже шығаруға тырысатын. Сын – әдебиеттің қамшысы, алға жылжытып отыратын айдаушысы.
Қазір біреуге біреу бір ауыз сын айтудан қалып барады. Жазып жүрген Амангелді Кеңшілікұлы, Айгүл Кемелбаева секілді бірлі-жарым азаматтар бар. Бірақ ащы да болcа, шындықты айтатын сыни көзқарастар ақсап тұр.

5. Әр мемлекеттің өз жазушылары, өз классиктері бар. Әр­бірі өзіне, ұлттық сипатына тән ерекшеліктермен жазады. Бәріне ортақ тақырып та, ортақ мәселе де – адамзат тарихын жазу. Шығарма желісінде қай дәуір, қай кезең сипатталса да, сол кездің өмір шындығы мен ақиқаты айқын көрсетілу керек.
Кеңес Одағы тұсында да, бүгінгі заманда да әдебиетте шындықты айту, билік күштерін сынау жоқ­тың қасы болып тұр. Өмірімізге дендеп еніп алған коррупция, жемқорлық, парақорлық дегендер әдебиетке де өз салқынын тигізіп жатыр. Одан да жаманы, қай саланы болмасын, жағымпаздық жайлап алды. Жағымпаздық орын алған жерде ақиқат алыстайды. Ал мұның бәрі көркем шығармада көрініс тапса, жазушының да жеңісі сол болмақ.


Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:

«ӘУЕСҚОЙ ЖАЗУШЫЛАР КӨБЕЙІП КЕТТІ…»

1. Қандай елде болмасын, қандай саяси формацияны айтпаңыз, қоғамның ақиқатқа тән келбетін жеріне жеткізіп айта алатын рухани құдіреттің ең биігі – Әдебиет. Өйткені ол ой мен сөздің еркіндігімен өмір сүреді және сол арқылы кез келген өктем құбылыстармен халық үшін тиімсіз жағдайларда келісімге келе бермеудің қажеттілігін еске салады. Оның құндылығы осында. Қоғамдағы, адамдар арасындағы кез келген жағдайға сергектік таныта білу – жазушылардың басты міндеті. Билікке бейберекет тас лақтыруға бейім болғаннан гөрі, қоршаған ортадағы бейғамдыққа, ұранбайшылыққа, жалғандыққа оппозициялық көзқараста болып, ойы мен пікірін, сөзін тиісті орындарға жеткізе алатындай пәрменге ие болғанда, құл-құтандық психологиядан ада болғанда, қандай үлкен күш болмасын, қаламгер қауыммен санасатын болады. Яғни билік жазушыларға құлақ түру керек. Билік халық пен жазарман қауымның жанайқайын, ашынғандағы ащы даусын «Дос жылатып айтады» деген мәнде ұғатын болса, біздің дамуымыздың, өркениетті қоғамға аяқ басуымыздың алғышарттары қаланар еді.
Ертеде хандарымыз аузы дуалы билеріміздің келелі кеңесіне жүгініп отырды. Ел басындағы шындықты айта алатын алдаспандай өткірліктері үшін, сол шырылдаған шындықты жеткізудегі асқан парасаттылықтары үшін хандар асып туғандардың қадіріне жете білді. Алақандарында ұстады. Ел-жұрттың бірлігін сақтау жолындағы әрекеттерді бірлесіп ой елегінен өткізіп, бірлесе отырып шешті. Бұл – бүгінгі замандағы билік пен жазушыға өнеге болатын қасиет. Форум аясында қозғалуға тиісті тақырыптың бірі де – осы деп есептеймін. Билік пен қаламгер арасында үйлесім болу керек. Сол жоқ болып тұр ғой бізде. Қазір қарапайым адамдарға да белсенділік жетіспейді, кез келген нәрсеге қолын соғып, басын изеп шығып кете береді. Билік жүз сексен градусқа өзгеру керек. Әдебиетті ұлттық идеологияның ұшар биігіне жақындатпай, рухани жаңғыруымыздың өзі «Ала жаздай ән салып, селкілде де билей бердің» берекесіз көрінісіне айналып кетері сөзсіз.
2. Әуелі адам жанының жұмбағы мен құбылыстарын көркемдікті басты қару ете отырып, тереңдеп зерттеуді ұсынар едім.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын мәселе, өзге елдерді қайдам, біздің елде әдебиетте де әуесқойлық қаптап келеді. «Әуесқой әнші», «әуесқой композитор» дегенді білеміз, ал «әуесқой жазушы» дегенді естімеген едік. Әдебиеттің абыройын кетіріп, оқырманның, жұрттың көңілін қалдырып жүргендер, осы – әуесқойлар. Солардың арасында Жазушылар одағына түрлі-түрлі жолмен мүшелікке өтіп кеткендер де бар. Парадокс деу керек, өзі жазудан, шынайы жазушылықтан алшақ бола тұра, «Жазушылар одағының мүшесі» болып жүргендер көп. Ендеше, одақты осы әуесқойлардан тазарту мәселесі де күн тәртібіне қойылуға тиіс.
3. Егемендік алып, Қазақ болып әлемге енді-енді танылып жатқан жоқпыз ба? Сондықтан әдебиетімізді өзгелермен салыстырып айтуға әлі ертерек. Шындығын айтқанда, жер бетінде қазақ деген ұлт барын білмейтін халықтар да бар. Соған қарамастан, дүниежүзілік кеңістіктегі әдебиетіміздің орнын Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев және басқалар арқылы айшықтауға болар. Мұхтар Әуезовтің ғасырдың басында жазған «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні» секілді әңгімелері, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – әлемдік әдебиеттің сұранымына лайық. Егер әдебиетіміз сол кезеңнен бастап, осы шығармалардың жүйесімен, жазылу жолымен кете бергенде, бүгінгі шыққан биігіміз де мүлде басқа болар еді. Өкінішке қарай, шығармашылық барысы басқа арнаға бұрылып кетті де, қызыл идеологияның құрбанына айналды.
4. Әдебиетімізге Мұхтар Әуезов көркемдік сипат дарытты, Әбдіжәміл Нұрпейісов оны «Қан мен терінде» кеңейтіп көрсете алды. Ал Әбіш Кекілбаев әдеби әлемімізді кемелдендіре түсті. Осы секілді дәл өзінің уақытына сай серпілістер болды. Алайда, бертін келе, «Абай жолына» ұқсатып эпикалық кең тыныстағы қалың романдар жазамыз деп ойлап, жаза алмай ақсатып алғандар да бар. Ілияс Есенберлиндер тарихи тақырыпқа терең бойлады. Дегенмен қазақ тарихының тереңіне үңілгенде айтылмай, жазылмай жатқан құндылықтардың әлдеқайда көп екеніне көзіміз жете түседі.
Қазіргі кезде қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатын қалыптастыруға деген талпыныстар бар. Көп емес, бірақ кей шығармаларда батыстық әдеби-мәдени элементтер де бой көрсетіп қалады. Мұны жетістікке балау керек. Тек, меніңше, әрқилы «измдерді» қолдану кезінде көбіміз, әсіресе, талантты жастарымыз өмір сабақтарын айналып өтіп жатыр. Бұл, сірә, тәжірибенің аздығынан немесе өмір сабақтарынсыз әдебиеттің құны бола қоймайтынын елемейтіндіктен орын алып жатқан кемшілік шығар…
5. Адамзаттың тарихында жарық дүниеге талай ұлттар келіп, талай ұрпақтар алмасты. Небір қанды шайқастар өтті. Түрлі биліктер мен қағанаттар, империялар пайда болды. Осының бәрін ой елегінен өткізгенде, адам баласы осынау жарық дүниеде, жалпақ әлемде өз құзырындағы әрекеттердің бәрін жасап келеді. Небір адам төзгісіз соғыстар орын алды. Сондай-ақ, мейірімнің де күшінің зор екенін танытатын оқиғалар көп. Соның бәрінде ұлттар мен ұлыстар болсын, жекелеген адамдар болсын, еркіндікке, азаттыққа жанкештілікпен ұмтылу арқылы бір нәрсені көздейді. Ол – бақытты өмір сүру. Адамзат тұтас күйінде бақытты болу үшін не істеу керек? Осының әлеуметтік себебін, «бақыт» ұғымының өлшемін іздеп, ойластырған кезде, жазған кезде, жазушының да бір миссиясы орындалғандай болады. Яғни әлем әдебиетінің ортақ проблемасы, ортақ тақырыбы, ол – адам және адамзаттың мақсат-мүддесі.

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір