​ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ
07.08.2019
893
0

Мемлекет басшысы Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Құжатта Ата Заңның 44-бабы 20-тармақшасына сай ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылсын делінген. Осы жарлыққа сай 1 ай ішінде Президент әкімшілігі саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдерімен Кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша консультациялар өткізіп, тиісті ережені енгізуі тиіс.
Аталған кеңестің алғашқы отырысы алдағы тамызда өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.
Президент кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, ұйымның құрамына саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері кірген. Олар белгілі бір тәртіпке сәйкес іріктеліп алынған. «Кеңестің құрамын анықтау үшін соңғы бір айда консультациялар өткізілген болатын. Сол консультацияларда айтылған пікірлерді жүйелеп, осындай шешімге келдік. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген қоғам белсенділері, нақты бір сала бойынша шұғылданып, нәтижелі еңбек еткен әр сала мамандары кірді.
Олар қоғамның барлық сала­сынан іріктелді. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қа­лыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар», — деді ол.
Кеңес отырысы жылына үш рет өтеді. Олар еліміздегі либеализмнің дамуына және қоғамдық сұрақтарды талқылап, елдің елдігі, ұлт болашағы үшін маңызды болған шешімдерге тікелей ат салысады. Ұлттық кеңестің өкілдері халықтың пікірін, әртүрлі топтардың ойларын билікке жеткізіп, өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.
44 адамнан тұратын құрамда жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Дәурен Қуат та бар.
Ұлттық қоғамдық кеңес – алдағы уақытта еліміздің өркендеуіне, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне, барлық саланың жан-жақты дамуына, мемлекеттің нығаюына күш салып, ашық қоғам құруға үлес қосады деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір