Ғаббас Қабышұлының тоғызтомдығы
06.08.2019
821
0

«Көрнекті қаламгер Ғаббас ҚАБЫШ­ҰЛЫНЫҢ «Әдебиет айдынында» деп аталған бұл тоғызтомдығына енгізілген шығармалары жанрына қарай екшеліп, әрқайсысына жеке ат қойылған.

«Қолы­ма қалам алғаннан бергі 60 жылда жазған­да­рым­ның бұл таңдап алынғандары жазушылық еңбегімнің қорытындысы іспетті… «Көңілімнің көгінде» – сағыныш сазым десем, деректі хикаяттарым – сезім сапырылысым», – деді автор», – депті баспа дәстүрлі түсінік-дерегінде («ТоғанайТ» баспасы. Алматы. Таңдамалының редакторы – жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы).
Тоғызтомдықтың жалпы атауы «Әдебиет айдынында» болғанмен, әрбір кітаптың беташарында (титул-бетінде) жанрына қарай жеке аттары бар. 1-кітабы – «Хикаяттар». Онда Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың әкесі, ұжымшар ұстасы Құрманбайдың «халық жауы» деген жаламен сотталып, Магаданда өткізген тауқыметті жылдары «Тарғыл тірлік» хикаятында баян етілген. Ал «Жанпида» хикаяты Семей жеріне 1949 жылы орналастырылған атом бомбаларын сынау полигонын жабу күресін ашық, батыл бастап, ақырында көпшіліктің қолдауымен мақсатына жеткен Кешірім Бозтаев (облыстық партия комитетінің 1-хатшысы) туралы сыр шерткен. Әзіл-сықақ әңгімелері топтастырылған 2-3 кітаптары «Күлкім – қымбат бір мүлкім» деп аталыпты. 4-кітабы – мақалалар жинағы, «Қаламым – қаруым». Ондағы: «Тарихқа қиянат», «Өтірік өшер емес», «Бар мен жоқ», «Бізде Олжас Сүлейменов нешеу?», «Ашаршылықтың «астары» мен «тысы» секілді мақалалар автор қаламына тән шыншылдықпен жазылған. 5-кітабы хаттары мен сұхбаттарын («Арғы-бергі ой-пікірім») жинақтаған.
Кезінде ыстық ілтипатты қарым-қатнаста болған, өкінішке қарай, бүгінде ортамызда жоқ аға-інілерін, құрдас дос-жолдастарын (75 ақын-жазушы) сағынған сезімге толы 6-7 кітаптары «Көңілімнің көгінде» деп аталған. Тарихи тұлға Сәбеңді – Сәбит Мұқановты іздеумен басталған естеліктері автордың құрдас досы, әйгілі әзіл-сықақшы, қарымды қаламгер Үмбе­кеңнің – Үмбетбай Уайдаұлының: «Ғаббе!» – дейтін қоңыр үнін енді ести алмасына сенгісі келмеген өкінішпен аяқталыпты.
Тоғызтомдықтың соңғы екі кітабы «Өзгеден – өзімізге» деп аталыпты. Әлемге әйгілі: А.Чехов, Н.Гоголь, М.Салтыков-Щедрин, У.Теккерей, Б.Нушич… шығарма­ларынан таңдап жасалған аудармаларының сүйектілері – Әзиз Несиннің «Футболдың сұлтаны» және Жюль Верннің «Патша шабарманы» (Кенесарыны астарлап кейіпкер, прототип, еткен) романдары.
Ойының өнегелі орнықтылығымен, қаламының жүйріктігімен баршаға танымал қарт жазушымыз Ғаббас Қабышұлының бұл ерекше құнды жинағы қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған, ешқашан ескірмей­тін еңбек дей аламын.
Жанар АДЫРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір