Көктем мерекесі қарсаңында Одақ маңы әдеттегіден тыс көңілді күйге бөленіп, гүлге оранып кетер еді. Бір-бір қаламгердің тылына айналған, қаламгер қанаттанса – шабыт сыйлаған, жабырқаса – көңіл-қошын аулаған аяулылар ойсыраған орталарға көрік берер еді. Біз көзін көрген-көрмеген небір әдебиет алыптарының отын жаққан, түтінін түтеткен апалар легі – әдебиеттің келіндері бастаған көш бұл мереке қарсаңында сондай салтанатты, сондай мейірімді, сондай айбатты ғой, шіркін! Қай уақыттан сыр суыртпақтасаң да жаңылмай, ескі шежіреден әңгіме үлестіре жөнелер әжелер қатарын толықтырған, алды тоқсанға жуықтап, соңы елуден асып бара жатқан апайлар, қаламын серік еткен ақын-жазушы қыз-келіншектер бірден екінші қабатқа көтеріліп келе жататын…
Іздейтіні – Ибада апай. Сабырлы да салмақты қалпынан айнымайтын Ибада апайдың дәл осы мереке қарсаңында бүр жарған теректей құлпырып, жазушы жарларымен емен-жарқын араласып, сырласып жүретіні көз алдыңнан кетер ме?! Әншейінде салмақты, сұсты апайға мұндай мереке қарсаңында қалай еркелей кетсең де, қалай қалжыңдай жөнелсең де – рұқсат. Ұлы той алдындағы абыр-сабырда келін-кепшіктің жұмысын қадағалап, ер-азаматтардың тілеуін тілеп отырар айбатты әжелер болушы еді ғой. Ибада апай – міне, сондай бір кісілікті келбетті көз алдыңа әкелетін. Жазушылар одағының терезесінен жел кеулеп кетсе де, тіпті жарығы бей-берекет жанып қалса да – өз үйіндей жаны ашып қарайтын жан да – осы апай-тұғын. Одақтың табалдырығын аттай қалған әрбір жанға дейін жанашырлықпен қарап үйренген апайдың әншейіндегі сабырлы жүзіне осындай мерекелерде күлкі жиі үйірілетін. Әрине, апай жай күндері де жымия біледі ғой, бірақ біздерді үлкен кісінің сұсы көбірек басатыны бар-тын. Осылайша көктем мерекесі қарсаңында Ибада апайдың кабинетінен басталатын күміс күлкі, жарасымды әзіл, нәрлі әңгіме үлкен кештерге жалғасып жататын.
О, бұл мереке кезінде әжелер мен апалардың да әжім торлаған жүздерінен мейірім үстіне жылылық үстеліп, бәрімізді бауырларына басып тұрғандай күй кешетінбіз. Ибада апайдың айналасында жүріп әжейлердің қаншасымен таныстық, қаншасының дәмді әңгімесін тыңдадық десеңізші! Сол апайдың кабинетінен басталатын әңгіме үлкен-үлкен дастархандарда жалғасын тауып жататын. Ал ол әңгімелердің татымы қандай! Талай жазушы жарының жүректерінде жазылып қала берген естеліктер Ибада апайдың кабинетінде «шашылып түскен моншақтай» «жарқырап» жататын. Бұл шақ біз үшін таусылмайтындай, аяқталмайтындай еді-ау, шіркін!..
Санасы сергек бұл әжелеріміз тек мереке қарсаңында ғана емес, әр тынысты күндері, өз отағасының шығармашылықтағы отаны болған Жазушылар одағының ғимаратында сағына бас қосысатын. Тұлғалы ақын-жазушыларымыздың шынайы қолдаушысы болған олар Ибада апайдың кабинеті маңынан жиі ұшырасатын. Әрине, кейде сырласып шер тарқату үшін, кейде мерейтой қарсаңында шешілмей жатқан кейбір мәселелердің түйіні тарқауы үшін Одақ жаққа бір соқпай кетпейтін олардың Ибада апай бас штабы еді ғой.
Ибада апайдың жанында жүріп біз Жұбағаңның – Жұбан Молдағалиевтің үйіндегі София апамен, Ғафу Қайырбековтің жары – Бәдеш апамен, Қалижан Бекхожиннің жары – Заида апамен, Сафуан Шәймерденовтің жары – Бағдат апамен, Зейнолла Қабдоловтың жары – Сәуле апамен, Тұманбай Молдағалиевтың жары – Күлтай апамен, Жұмекен Нәжімеденовтің жары – Нәсіп апамен, Сағи Жиенбаевтың жары – Уәзипа апамен, Нүкеш Бәдіғұловтың жары, әрі Ибада апайдың құрбысы Роза апамен… таныстық. Бұл кабинеттен басталған таныстық кейін жазушы жарларының үйінде жалғасты, апайдың кабинетінен тыс та, жазушы жарларының Ибада апайды соншалықты сыйлайтыны, соншалықты қадірлейтінін ұққан едік.
Иә, ол кісінің кабинеті атақты жазушылардың жарларынан бастап, қолына енді қалам ұстаған қыз-келіншектерден арылмайтын; бірі келіп, бірі кетіп жататын. Түрлі әңгімелер айтып, небір сырлар шертіліп тұрар әдебиет келіндерінің кішігірім ортасы еді…
Біз көрген, біз таныған Ибада апай қазір қасымызда жүрген қаламгер қауымның әрқайсысымен де бауырындай сыйласып, досындай сырласып өтті. Жазушы қауымды бөлек қойған күннің өзінде, Одақ қызметкерлерінің де бары мен нары Ибада апай еді ғой. Үлкен үйдің үлкен бір кісісіндей, үлкен анасындай әрқайсысымыздың жайымызға алаңдап-ақ отыратын бір мінезі байқалатын. Әрине, сабырлы әрі салқын қалпы аздап сұс бергенімен, жақын тартып сөйлесе қалған күнде, жаныңды жадыратып жіберер бір сиқыры бар еді. Есеп-қисаптың маңында жүргенімен, ғұмырының көбі қалам ұстағандармен бірге өткен соң ба, газетте шыққан материалдарымыз жайлы да пікірін кездесе қалған сәтте ерекше ілтипатпен айтып өтетін. Үлкен қамқорлықпен пікір білдіріп отыратын. «Жазушылар одағында бұрындары қызмет еткен ғой», – деп, байырғының жайына да алаңдап отырғанын көз көрді. Бұрынды ұмытпаған апай, бүгінді қайтып ұмыта қойсын?! Жазушылар одағының әрбір қызметкерінің – мейлі шығармашыл адам болсын, мейлі өзге қызметкері болсын – не істеп, не қойып жүргені апайдың жадында еді, көңілінің бір түкпірінде жататын.
Бірде, ұзақтау уақыт материалдарымыз газет бетінен байқалмай қалыпты. Онымыз өзіміздің ойымызға кіріп-шықпайды, әрине. Одаққа беттеп келе жатқан Ибада апайды көріп, амандаса бастап едім: «Соңғы кездері еш мақала жазбай кеттің ғой. Көңіл-күйің жоқ па? Әлдекімге ренжіп жүрсің бе?», – деді амандық-саулықтан соң, жай ғана. Әрине, ыңғайсызданып қалдық. Газет бетіне материал бермей жүргеніміздің себебі – көңіл-күй жоқтық емес, жалқаулық екенін қалай мойындамақсың? Қызылағашты су басқанда жазған шағын жазбамыздан соң да, арнайы жолығып: «Өте дұрыс жазыпсың. Шындықты жаза беру керек. Бұл жазғаныңа біреулер бүгін ренжитін де шығар. Бірақ дұрыс сөзді жазар кезде біреудің көңіл-күйіне емес, өзіңнің ұстанымыңа көбірек қара, өз жазбаңа адал бол», – дегені бар еді. Апай өмірден өткенінше бізге де, жалпы Одақ қызметкерлеріне де жанашыр қалпынан еш айныған емес.
Жазушылар одағының қуанышына өзгелерден көбірек сүйінген шығар, бұл жердің кем-кетігіне өзгелерден көбірек күйінген шығар, әйтеуір шығармашыл қауымның қолтаңбасы анық байқалар бұл мекенге қаламгерлерден кем еңбектенген жоқ.
Былтырғы күзде Ибада апайды соңғы сапарына шығарып салуға келген жазушы жарларынан бастап, кешегі жас әріптестеріне дейін егілмеген жан болмады. Апайдың соңғы сапарда сөз алған, қазіргі күні ол да жүзін бақиға бұрған марқұм Сәуле Қабдолова апамыз сонда былай деп сөз толғады: «Жазушылар одағына барсақ, алдымен Ибаданы іздейтін едік. Жазушы жарлары үшін Ибаданың орны бөлек. Ол бәрімізге ортақ адам болды. Және аты айтып тұрғандай, әрі ибалы, әрі инабатты еді. Мен ғана емес, мен сияқты достары, замандастарының барлығы Ибада жайлы толғанғанда тек жақсылықтарды еске аларына иманым кәміл».
Иә, осы күнгі Ибада апай туралы әңгімелер тек жақсылықтарды ғана еске түсіреді. Тіптен, кей күндергі еркелігіміз бен бұлалығымыз үшін апайдың алдында кінәмізді мойындап, қипақтап қалатын тұстарымыз да жоқ емес-ау!
Әсіресе, осы күні Ибада апайдың кабинетінен басталар жақсы-жақсы әңгімелер жайлы ойлағанда, өзі жақсы кісінің маңынан тек жақсы кісілер табылғанын ұққандаймыз…
Ибада апайдың кабинетінен басталған әңгімелер сондай жылы, сондай мейірімді еді-ау, шіркін!..