Алматыда көшесі бар Мұстайдың…
12.07.2019
863
0

Бауырлас башқұрт халқының мақтаны, даңқты ақын, жазушы, драматург Мұстай Кәрімнің биыл жүз жылдығы. Атаулы күнге орай Алматы қаласынан белгілі қаламгердің атына көше берілді. Көшенің салтанатты ашылуына Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, қаламгердің немересі Темірболат Кәрімов және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара соңы «Мұстай Кәрім – 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет жүргізген конференцияда екі елдің ғалымдары, қаламгерлері, өзге де танымал тұлғалар М.Кәрім туралы баяндамалары мен толғамды ойларын ортаға салды.


Кәрім Мұстай Сәфиұлы
(1919-2005)

Башқұрт ақыны, жазушы, драматург Мұстай Кәрім 1919 жылы 20 қазанда Башқұрт республикасында дүниеге келді.
1941 жылы К.А.Тимирязев атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген. Соғысқа қатысып, елін қорғаған аға лейтенант ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
1930 жылдардың ортасынан бастап жаза бастаған қаламгердің «Отряд тронулся» атты тұңғыш жинағы 1938 жылы, «Весенние голоса» атты екінші жинағы 1941 жылы жарық көрді. Жалпы саны 100-ден астам өлеңдер мен прозалық жинақтары, 10-нан аса драмалық шығармалары, оның ішінде «Черные воды», «Возвращение», «Европа-Азия», «Времена» атты поэмалары, «Страна Айгуль», «Похищение девушки», «В ночь лунного затмения», «Салават. Семь сновидений сквозь явь», «Не бросай огонь, Прометей!» атты пьесалары, «Радость нашего дома», «Таганок», «Помилование» және т.б. повестері жарық көрген. 40-тан аса өлеңдері мен «Радость нашего дома», «Таганок», «Долгое-долгое детство» атты еңбектері қазақ тіліне аударылған.
Мұстай Кәрім КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Башқұрт Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы, Ресей СФСР Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы болды. Ресей СФСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Президиум төрағасының орынбасары, Башқұрт автономды КСР Жоғары Кеңесінің депутаты қызметтерін атқарған. Көп жылдар бойы Башқұрт бейбітшілік комитетінің төрағасы, КСРО Министр­лер Кеңесінің жанындағы Ленин және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі, Башқұртстан Респуб­ликасы Президенттік Кеңесінің мүшесі болған.
Ол Башқұрт автономды КСР халық ақыны, Социалистік Еңбек Ері, Ресей СФСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Башқұртстан Ғылым академиясының құрметті академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, әдебиет және өнер саласындағы М.А.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.
Мұстай Кәрім атында Мәскеуде, Уфада, Алматыда көшелер бар. Сондай-ақ, 2019 жылы 15 мамырда пошта маркасы шығарылып, 31 мамырда Мұстай Кәрім есімі Уфа қаласының халықаралық әуежайына берілді.
2013 жылы балалары Мұстай Кәрім атындағы қор құрды. Қордың негізгі мақсаты – башқұрт тілі мен әдебиетіне қолдау көрсету.


Абай даңғылы мен Шаляпин даңғылының ортасында жатқан ұзын көше енді Мұстай Кәрімнің есімімен аталады. Башқұрт қаламгері аяулы Алматыда сан мәрте болды, қазақтың атақты ақын-жазушыларымен талай рет жүздесті, сырласты. Көшенің салтанатты ашылуында және ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылған ой-пікір, естеліктерден үзінділер ұсынамыз.

Иманғали Тасмағамбетов,
Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
– Сүре сөз бен орамды ойдың қадірін білетін халқымыз үшін де, сол халықтың рухани өлшемі – бүгін осы ортада отырған жазушылар қауымы үшін де, Мұстай Кәрімнің алаш руханиятындағы орны зор. Бұл ретте, Елбасымыздың: «Мұстай Кәрім тек өз Отанында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше сүйіспеншілікке ие ақын», – деген сөзі, оның биік тұлғалық мәртебесі мен мәдени тұғырын көрсетеді.
Қаламгердің 100 жылдық мерейтойы Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен елі­мізде лайықты деңгейде аталып өтуде. Өмірін бүкіл түркі жұртына ортақ мәде­ниет пен әдебиетке арнап, елмен елді жақындастырған тұлғаға Алматыдан көше беріліп, құрмет көрсетіліп жатыр. Алыстағы Башқұрт елінен арнайы делегация келді.
Кезінде әйгілі Гёте: «Дүниенің өзегіне түскен жарықшақ ең алдымен ақынның жүрегінен өтеді» деген. Расында да, қай заман, қай елде де ақынның бейғам болған сәттері аз. Оған осы Мұстай Кәрімнің ерлігі мен еңбегі араласқан аласапыран ғұмыры, туған халқының бай-қуатты, туған даласының әруақты болғанын қалаған адуынды шығармашылығы куә. Басқасын былай қойғанда, өмірдегі досы, әдебиеттегі серігі – Әбу Сәрсенбаевтың: «…Ол әрқашан да жыр тағдырын ел тағдырына байланыстыратын еді, кемелденген сайын бұл көзқарасын да айқындай түсті. Жырдың өмірбаяны елдің өмірбаянымен қабысқанда ғана ұлы күшке айналатындығын дәлелдеді», – деген пікірі дәлел.
Сондықтан да Мұстай Кәрімнің мерейі бір ғана башқұрт жұртының емес, күллі түркінің аспанында жасай бермек.

Бақытжан Сағынтаев,
Алматы қаласының әкімі:
– Еліміздің рухани ордасы – Алматыда ерекше тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Түркі дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының классик ақыны, жазушы, драматург Мұстай Кәрімнің есіміне көше берілді. Мұстай Кәрімді қазақ халқы өз жазушым, төл перзентім деп біледі. Есімін ерекше құрмет тұтады. Қазақ, орыс тілдеріне аударылған шығармалары барлық кітапханаларымызда тұр.

 

Ақтоты Райымқұлова,
ҚР Мәдениет және спорт министрі:
– Екі елдің ортақ перзенті, күллі түркі халқына ортақ тұлға – Мұстай Кәрім кез келген құрметке лайық. Өз елінің асыл перзенті соғыста ауыр жарақаттанса да, ақ қағазы мен қылқаламын тастаған жоқ. Туындыларымен бүкіл халықты ерлікке шақырды. Мұстай Кәрімнің шығармалары бейбітшілікке, азаматтыққа, елдікке үндейді. Ол – әлемге әйгілі қаламгер.

Сәбит Досанов,
Халық жазушысы:
– Мейір шапағаты мол Алла мені әр елдің паспортына айналған ұлылармен, елі мақтан еткен алыптар легімен сырлас, дос етті. Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, Расул Ғамзатов сынды ұлылармен дәмдес, сырлас болдым. Бұл тағдырдың маған берген ерекше бақыты және жауапкершілігі деп білем. Мұстай Кәрім өткен ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттің алтын дәуірінің бірегей перзенті. Ол ғажап шығармаларымен әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алды. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жүзден астам кітабы қазақ оқырмандарына жетті. Біз соған қуанамыз. Ақынның құрметіне ұлымның атын Мұстай деп қойдым.

Темірболат Кәрімов,
М.Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, қаламгердің немересі:
– Бүгін біздің отбасымыз үшін маңызды әрі қуанышты күн. Мұстай Кәрім Қазақстанды, қазақ елін ерекше сүйіп өтті. Содан ба екен, қазақ достары өте көп болатын. Солардың қатарында Сәбит Мұқанов, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Шерхан Мұртаза секілді ірі тұлғалар бар еді. Бұл кісілер атаммен дос болып қана қоймай, шығармаларын қазақ тіліне аударуға барынша ат салысты. Бауырлас қазақ халқына, осы елдегі барша оқырмандарына зор алғыс айтам.

 

Әбу Сәрсенбаев:
– Біздер, бұған дейін бір-біріміздің өмірде бар-жоғымызды білмеген, бірімізді-біріміз оқымаған екі ақын, алғашқы күндерден бастап-ақ өзгелерден гөрі бір-бірімізді аса жақын сезініп, ортақ тақырып, ортақ тіл табыстық. Дұрысын айтсам, біздің бұлай тез ұғысуымызға, жаңа досымның жатты жақын етерлік ашық-жарқын, жайдары мінезі, адамды еріксіз баурайтын мейірімді қылығы, кіршіксіз адамгершілігі, жан-дүниесін түгел ашып беретін шынайы сұлу күлкісі себепкер болды. Осылай әрі байсалды, әрі ерке мінезді жас офицер тек менің ғана емес, алуан тілдегі жеті редакция коллективінің ортақ сүйіктісіне айналды. Біз оның фамилиясын да, офицерлік дәрежесін де ұмыт қалдырып, тек «Мұстай», тіпті «Біздің Мұстай» деп-ақ атайтын болдық.
Соғыстан соңғы жылдар ол өзінің ешкімді қайталамайтын даралығын өрістете отырып, жыл санап жаңа белеске көтеріліп, жаңа қырынан көрінумен болды. Анығырақ айтқанда, ол үлкен дарын екенін танытты. Ол әрқашан да жыр тағдырын ел тағдырына байланыстырар еді, кемелденген сайын бұл көзқарасын да айқындай түсті. Жырдың өмірбаяны елдің өмірбаянымен қабысқанда ғана ұлы күшке айналатындығын дәлелдеді.

Сырбай Мәуленов:
Ешкімге Мұстай ірілік жасаған жоқ,
Екінің бірімен кетеді дос адам боп,
Құмар емес сөз алуға.
Сөйлеп кетсе, ол өзі – құстай шешен.
Бүкіл Башкирия тұрады көз алдында Мұстай десе.
Мұстайға қарайсың қызығып.
Қарапайым:
Жүрісі,
Тұрысы да,
Шығады сыпайы сызылып
Дыбысы да.
Ашуы
Ауға түскен балыққа ұқсап,
Сыртқа шықпай, қалады тіл ұшында.
Қалған емес ешкім де
Қабақ шытқан Мұстайдың көзін көріп,
Ұрысады өз кейіпкерлерімен кеш-түнде
Отырғанда өзімен-өзі болып.
Жырлайды күндерді күңірентіп
Өзінің жазу кабинетінде.
Тыңдайды табиғат Мұстайдың үнін елігіп
Елжіреп ақ ниетіне.
Артылып жатса да
Атақ-абыройы
Болады оның-дағы ауыр ойы.
Адам ғой,
Ол да кейде өзгереді,
Секілді Орал таудың ауа райы.
Тұрса да алдында бар сыбағалар,
Ақын ғой көздері бар жылап алар,
Біледі
Шаттықтың,
Қайғының
Ұстай бәрін.
Міне, сондай адам біздің дос —
Мұстай Кәрім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір