Студенттік шақтағы қилы-қилы сәттер
12.07.2019
966
0

Темірхан МЕДЕТБЕК

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

(Cоңы. Басы өткен сандарда)

Тар қапастағы әсер

…Сонымен бізді Сейфуллин көшесі мен Ташкент көшелерінің (қазіргі Райымбек) қиылысындағы түрмеге алып барды. Барған бойда, жалаңдаған шаштараз есіл шашымызды сыпырды да тастады. Тоқырайып шыға келдік. Содан кейін милиционер бір камераны ашты да, ішке кіргізіп жіберді. Оң жағында да, сол жағында да астыңғы-үстіңгі ярусы бар камера екен. Есіктен кірген бойда көзге түсетін оң жағындағы екі яруста кілең орыстар, сол жағындағы яруста көбінесе қазақтар және басқа ұлт өкілдері жайғасыпты…
…Енді қаншама жылдар өткеннен кейін қарап отырсам, ол кез интернациализмнің әбден үстемдік құрып алған кезі ғой. Сол интернациализмді достық пен ынтымаққа ұйытушы құрал етіп алған орыс империясы басқа ұлттарды бүтіндей ассимиляцияға ұшыратып, орыстандырмақ болғаны айдай ақиқат болатын. Бірақ бұл саясат ішінара болмаса, толығымен іске аса қоймады. Өз ұлтының қанын да, жанын да бойына сіңіріп өскен адам, достық пен ынтымақ идеяларын қолдаса да, орыстануға мүлде құлай жығыла қойған жоқ. Әрине, әсіресе, қазақтар арасында орыстану процесі кеңінен жүрді. Бірақ бүкіл қазақты түгел иландыра алмады. Дегенмен біздің халық орыстанудың зардабын тартудай-ақ тартты. Несін жасырамыз, оның зардабын әлі күнге тартып келеміз. Ресей интернациализмді алға тартып, достық пен ынтымақты сылтау етіп, қаншама ұлт­тар мен ұлыстарды жұтып қойды. Әлі де жұтуда. Зардабын тартқандары қаншама. Қазір де біз, қазақтар, соның әкелген зардабынан емделіп қана жүрген жоқпыз, оның тікелей ықпалын, құрсау-қуатын сезініп келеміз. Балаларымыз, немерелеріміз, тіпті қазақ мектебінде оқи жүріп, бір-бірімен орысша сөйлеседі…
Әрине, интернациализм – өте үлкен ұғым. Халықтарды бір-бірімен ынтымақ­тастыруға күш салатын идеяны кім жек көреді. Бірақ ол, біржақты, яғни империя­ның үстемдігінің қаруы боп кетсе, онда ол белгілі бір ұлтты апатты жағдайға ұрын­ды­рады. Бүгінде қаладағы көптеген қазақ балалары, неге екенін білмеймін, әйтеуір қазақ болғысы келмейді. Оның үстіне 500-600 мыңдай балаларымыз орыс мектептерінде оқиды. Қазақ мектептерінде оқып жүргендердің өзін жөнді қазақ ете алмай жүргенде, орыс мектептеріндегілерді қалай қазақ етпексің… Бұрын қазақ тілі орыс тілінің қыспағынан шыға алмай діңкелеп еді, енді оған ағылшын тілі қосылып, қазақ тілін мүлде тығырыққа тіреп қойды. Апыр- ай, енді осындай да саясат бола ма?!..
Түрмеге қайта оралайық. Міне, кеңес өкіметі кезіндегі түрмедегі интернациализмнің сықпыты осындай. Ұлт-ұлт болып бөлініп жатыр. Біз ішке ендік те, аңтарылып тұрып қалдық. Бір кезде сол жақ шекесінің оң жағына дейін терең жарақаттың орны бар қазақ жігіті «жақындаңдар», – деді. Біз соған қарай жүрдік. Көзі өткір. Пішіні бөлек. Біз жай-жапсарымызды айттық. «Е, онда өзді-өздерің төбелеспей дұрыс шаруа бітірген екенсіңдер, мына жерге жатыңдар», – деп, өзіне жақын орын беріп, сонан кейін «сендер әрірек ығысыңдар», – деп, біреулерге бұйрық айтқандай қадап айтты…
Сол кездегі жағдайымды бүгінде есіме түсіріп отырсам, түрмедегілерді адам емес, мал деп біледі екен. Бақылаушылар үшін кез келген адамды, мейлі, кім болсын, желкесінен түйіп, май құйрықтан теуіп жіберу – үйреншікті әдет. Тағы да ешқандай жазықсыз, құр ермекке. Ең сұмдығы, есіктен кіре берген ауызда параша деген нән ыдыс бар. Кіші дәретіңді сонда жасайсың. Сұмдық қой. Әйтеуір, күндізгі жұмыстары ауыр болған жоқ. Шағын бір жылқы заводына барып, жылқылардың астын тазалаймыз, жаңартып шөп саламыз, кейбіреулеріне жайдақ мініп ап, үлкен ауланы аралап жүреміз. Немесе, машиналардан азық-түлік түсіреміз. Бел қайысып, балтыр сыздайтын жұмыс жоқ. Шапай ол кезде милиционерлердің біразымен тіл табысып, әмпей-жәмпей жақсы боп алған. Соның арқасы ма, жоқ әлде, камерадағы орынның тығыздығынан ба, әйтеуір бізді он күннің ішінде түрмеден босатты. Босаған бойда, жатақханаға барып, бір шаруамен Алматыда қалып қойған балалар арқылы біздің студенттердің штабының қай жерде екенін біліп, оларға «бізді көрдік деп ешкімге айтпаңдар», – деп, әбден тиянақтап, «алдымен жуынып-шайынып алайық та, жолға шығайық», – деп, Жетісу ауылындағы Шапайдың үйіне бардық. Шешесі Шапайдың түрін көріп шошып кетті. Шошымай қайтсын, Шапайдың көзінің асты көгерген, шашы алынып басы тоқырайып қалған. Менің де түрімнің оңып тұрғаны шамалы. Шешесі байғұс, Шапайды бауырына басып жылап жіберді. Ара-арасында, өксігін баса алмай солқылдап тұрып: «Немене, түрмеден шыққансыңдар ма?» – деп қояды. Шапай болса: «Мама, бәрі жақсы, көріп тұрсың ғой, аманбыз. Сен қорқатындай жамандық жоқ, бір жағдайлар болып қалды, оның бәрінен құтылдық. Шайыңды берші, жақсылап тұрып бәрін айтып береміз», – деді.
…Шай ішіп отырғанда Шапай бар әңгімені жіпке тізгендей етіп түгел айтып шықты. «Енді институттарың біліп қоймай тұрғанда целиналарыңа тезірек барыңдар», – деп жатыр байғұс ана.

Ана естелігі

Сонан кейін жас кезінде басынан өткен бір хикаятты бастады. Сонау жер түбіндегі Маңғыстауда туып-өскен екен. Ел іші екі жарылып бүлініп, аласапыран болып жатқанда, ешқандай той-томалақсыз тұрмысқа шығады. Содан бірде олай төңкеріліп, бірде былай төңкеріліп жатқан қым-қиғаш дүниенің ішінде жүреді ғой. Тау-тас пен сай-саланың арасын кезіп кеткен. Әйтеуір күйеуі Жұбаныш қайда барса, бұл кісі де сонда жүріпті. Ақыры бұларды қолға түсіріп, көп тергеп-тексеріп жатпастан жер аударуға үкім етеді. Күйеулерінің қолдарына кісен салып елу-алпыстай ер-азаматтарды сар даланың үстімен айдайды да кетеді. Балалары бар әйелдер елде қалып қояды да, әлі құрсақ көтермеген он-он бестей әйел күйеулерінің соңынан еріп кете барады. Күйеулері «қалыңдар», – десе де, оларды айдап бара жатқан әскерилер «қайтыңдар» десе де, қайтпайды. Атты әскерилер мылтықтың дүмімен итеріп, қамшыларымен жон арқадан тілсе де, бәрібір күйеулерінің соңынан қалмай ілесе береді. Олардан қалмай, отыз-қырық адымдай жерде жүріп отырады. Күн күйіп тұр. Аптап ыстық. Алдарында ілбіп басып келе жатқан күйеулерінің халы тіпті қиын. Қолдарындағы кісен білектерін қиып, етін жалбыратып жауыр етіп тастаған. Лезде-ақ жаралары құрттап кеткен. Құрт жеген жер шыдатпай кететін болса керек, дауыстарын ышқына шығарып құрт басқан жараларын тістерімен қарш-қарш шайнап жібереді екен. Ауыздарынан қан, көздерінен жас ағып, кейбіреулері тіпті қатты қиналып дауыс шығаратын көрінеді. «Әйтеуір қаншама жер жүріп бір теміржолға жеттік те, біздерді мал таситын вагонға мінгізіп, күз түсе бастағанда бізді және тағы екі-үш адамды осы жерге түсіріп тастады. Келгеннен кейін бірер жылда-ақ қатарға қосылып кеттік. Содан жүрегім шайлығып қалған ғой. Мына бала еркек кіндіктен жалғыз. Осы шаңырақтың иесі. Оны құлатпай ұстап тұру үшін бұл өзін сақтау керек қой», – деп, қайран шеше кемсеңдеп көзіне жас алды…

(Толық нұсқасын газеттің №28 3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір