БӘРІНЕ ӘУЕЗОВ ЕКЕУіМІЗ КІНӘЛІМІЗ…
03.07.2019
1097
2

Газетіміздің өткен сандарында (№24-25) классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ Совет әдебиетінің қазіргі жайы мен міндеттері туралы» атты 1959 жылы жазушылардың IV съезінде жасаған баяндамасының бастапқы жағын берген едік. Бүгін сол баяндаманың бір бөлімін ықшамдап ұсынып отырмыз. Мұнда классик жазушы Совет одағының әдебиетке жасаған қысымын ашық айтпай, оны қолдаған сыңай таныта отырып, әдеби мәселелерді кеңірек талқылайды. Әсіресе, тарихи шығармалардың көп жазылуының қай тұстан басталғанын, әдебиеттің заманмен үндес болуы қажеттігін айта келіп, Мұқанов пен Әуезовті, тіпті өзін де сынайды. Кей сөйлемдерінен шарасыздық та байқалатын секілді. Дегенмен, бұл тақырып – тек өткенді жырлау, тарихи тұлғалар туралы роман, әңгіме, повесть, поэма жазу – әдебиетіміздің әлі де өзекті мәселесінің бірі десек те болады…

Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің даму жолында елеулі кемшіліктер мен ескеретін олқылықтар бар екенін айтты. Бұл шынайы партиялық риясыз қамқорлық пен жанашыр­дың айтар кеңесі болды. Республи­камыздың партия газеттері «Со­циа­листік Қазақстан» мен «Ка­­­зах­­станская правда» осы нұсқау­ларға дереу үн қосты.
Бұл айтылған нұсқаулар біздің «Қазақ әдебиеті» газетінің де рухын көтеріп, жігерін өсіргенін ерекше атап өтуді міндет деп санаймын. Бұл газет содан кейін бірсыпыра ақын-жазушыларымыздың шы­ғармаларындағы кем-кетікке әділ де тура бірнеше сын мақалалар жариялады. Газетіміз келешекте де осы партиялық сара жолдан таймас деп сенемін.
…Ал Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сын таққан кемшіліктеріміз қайсы еді? Ол біздің республикамыздағы театр­лар мен көркемөнер орында­рының репертуарында, жалпы әдебие­тімізде әлі күнге ескі тақы­рыптың басым екенін, ескі тақырыпқа жазылған шығармалар­дың сапалырақ болып шығуы осы олқылықты онан әрі тереңдете түсетінін айтты. Орталық Комитет мәдениет пен әдебиет саласында жүрген кейбір қайраткерлердің, өздері тілесін, тілемесін, жаңа тақырыпқа бет бұруға кедергі жасарлық сыңайы бар екенін айтты.
Ал әдебиетіміздің қомы ескі тақырыпқа қарай творчестволық ізденудің қай кезеңінде, қай кезін­де ауды? Оған берер жауабым – сом шығарманың, үлкен көлемнің жолын іздеген кезде ауды демекпін. Меніңше, біздің әдебиетіміз жөнінде де, тіпті басқа әдебиеттер жөнінде айтар сөздің әділі осы болуы керек.
…Бәлкім, осы күні ерсі көрінуі де мүмкін, бірақ ескі тақырыпқа ауытқуды осыдан отыз жыл бұрын өзіміздің ардақты Сәбит Мұқанов бастап, кезінде шу көтерген «Сұлушашын» жазып тастап еді, «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, ізінше осы тақырыптас, осы тектес поэмалар қойдай өрді де, патриар­халдық-феодалдық замандағы қазақ әйелдерінің күндік күйі жырлана бастады. Иса Байзақовтың «Құралай сұлуы» мен «Ақбөпесі», Сәкен Сейфуллиннің «Көкше­тауы», Ілияс Жансүгіров­тың «Күй», «Күйші», «Құлагері» шықты да, он жыл бойына поэ­зия­мыздың өресі осылармен өлше­нетін болды. Бұларға ере шыққан бір топ жас ақын он шақты поэма жазып еді, олары тым өрескел, бейпілдеу болып кетті. Сәбит Мұқановтың өз басы ескі тақырыптан іле жеріп, енді қайтып оралмастай, іргесін ашып, безіп кетті. Бірақ «Айтқан сөз – атқан оқ» дегендей, айтылар сөз айтылып, істелер іс істеліп қалды. Нысана нұсқалып, бағыт белгіленген соң, амал қайсы? Теріс тепкінің тегеурінінің күшті болғаны сондай, тіпті жаңашылдың жаңа­шылымын деп жүрген ақындардың бағзы біреулері ескі тақырыппен екі арадағы көне көпірді әлі күнге өртей алмай жүр. Өртеу былай тұрсын, әр саңылаулына бір түйір киіз тығып, жамап-жасқап та әуре. Ол аз болса, осыны қойсаң қайтеді, совет заманының оқушысы ескі ауылдың адамы емес, мәдениеті өскен, талғампаз қауым мұндай шығарманы қабылдамайды, – десең, аузын ашып таң қалады.

Драматургиядағы ескіге құштарлық қайдан басталды?

Драматургия саласында да бұған баяғы аға жазушылар – Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіре­повтің өзі айыпты. Бұл айтқаным қалжың емес, кейінгіге содыры тиген шындықтың өзі осы. Еркіндікке бой ұрып, мекер өмірде мерт болған ерте заманның өр ұлы мен ерке қызын мадақтауға бұл екеуі де аз еңбек сіңірген жоқ. Сөй­тіп, қазақ театрларының жаңа дами бастаған жас драма, опера көркем­өнеріміздің тағдыры ширек ғасыр бойынша көрер көзге Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Айман – Шолпан», «Қобыланды батыр», «Қал­қаман – Мамыр», «Бекет батыры­ның», Ғабит Мүсі­репов­тің «Қыз Жібек», «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқтысының» шылауында болғаны мәлім. Бір топ жас бұларға да ере шығып, Сағыр Камалов «Ер Тарғынды», Әбділдә Тәжібаев «Жомарттың кілемін», «Біз қазақпызды», «Көтерілген күмбезді», Шахмет Хұсайынов «Алдар көсені», Әлжаппар Әбішев «Қамбарды», Мұсатай Ақынжанов «Алтын сақаны» жазды.
Шынында, бұл мәдениеттің жаңа дами бастаған дәуірінде қашсаң да, құтыла алмайтын тарихи заңдылық еді. Біріншіден, сонау отызыншы жылдары ескілікпен екі арамыз тап қазіргідей алшақ емес еді. Ескілік етегін жинап, тайып тұру былай тұрсын, қайта тамыры терең, азу тісі балғадай, қабырғасы бүтін тұрған шағында халықтың рухани қазынасын исі жаңаның бәріне қарсы жұмсай бастаған соң, біз сол асыл қаруды жұлып алып, сүртіп, тазартып, жаңартып, халықтың өз қолына ұстатуға ұм­тылдық. Екіншіден, өз қадірін білетін, өз басын сыйлайтын ха­лық­тардың бірде-бірі өзінің азаматтық, мәдени тарихын жасамай тұра алмақ емес. Үшіншіден, халықтың бойына сіңген көне сюжет, драматургияның ірі түрле­рін игеру жөнінде жазушыға жеңіл­дік беретіні былай тұрсын, тіпті халықтың өзін театр мәдениетіне жақындатуға себепші де болды. Ғасырлар бойы шырмап келген надандықтың шеңгелінен, дін мен ғұрыптың алуан түнек торынан еңбекшілерді айырып ала қою о бір кезде оңайға түспейтін еді. Оның үстіне, ескі тақырыпқа жалаң, бір беткей бой ұрылған жоқ, ескі тақырып пен жаңа тақырып арбаса, таласа бірге жүрді. Сонда безбеннің жаңалық жағы анағұр­лым салмақтырақ, басымырақ тартты. Мысалы, қазақ жазушы­лары­ның 25-30 жыл ішінде жазған 150 драмалық шығармасының 15-і ғана ескі тақырыпқа жазылған пьесалар. Бірақ, не керек, жазу­шының жүрегінен жылы нұр ала алмаған жаңа тақырып совет жұрт­шылығының да жүрегін жылыта алмады. Біздің бұл күнәміз – кешірілмес күнә. Жаңа пьеса сах­наға шықса, санымызды ша­па­лақтап қуанып жүрдік те, сахна­дан тайса, қабақ шытпадық. Демек, заман тақырыбына жазыл­ған жаңа пьесаға керегінше көмек көрсете алмадық та, бір қайнауы ішіндегі шала піскен шығарманы сахнаға шығаруға себепкер болдық. Сөй­тіп, пьеса баянсыз болды да, театр репертуарға зәруліктен арыла алмады. Жазушының жүрегінің жылы нәрі тамған, әдемі сөзбен әсіреленген, сырланған, боялған ескі тақырыпқа жазылған пьеса сахнада ұзақ тұрақтаған себебі осыдан екені өзінен өзі-ақ белгілі.
Осындай көп жылдар бойына созылған жосықсыз практиканың салдарынан ескі тақырыпқа жазылған шығармалар анағұрлым сапалы болып келді де, біз кешегі өткен онкүндікке апарған он төрт спектакльдің санатына жаңа тақырыпқа жазылған үш пьесаны әзер енгіздік: бұл үшеуі – Николай Ановтың «Мұрагерлері», Әбділдә Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман иесі», Қанабек Байсейітовтің либ­реттосы бойынша қойылған «Достық жолы» балеті.

Ғафу Қайырбеков Алтынсарин туралы поэма жазыпты

Бұл жағдай драматургиямыз­дағы ескі тақырыптың сапа жағынан салмақтырақ болуы былай тұрсын, тіпті сан жағынан да басым болып кеткенін көрсетеді. Оған себеп – тәжірибесі мол, көрнекті мосқал жазушыларымыз ескі тақырыпқа күшті көбірек салғандығы болған сияқты. Безбеннің жаңа тақырып жағын­дағы басына схематикалық, ұсақ, поэзиялық қасиеті шамалы, идеялық көркемдігі тайыз шығар­малар көп түскен тәрізді. Біздің сыншыларымыз ескі тақырыпқа жазылған пьесалардағы кейіпкер­лердің толық тұлғалы болып шыққанын жиі сөз етіп жүреді. Бірақ сондай толық тұлғалы кейіп­керлер жаңа тақырыпта жазылған пьесаларымызда көп пе? Жоқ, көп емес. Өйткені ол образдардың толып жатқан олқы жақтары бар, өмірбаянының әр кезеңдерінен алынған шала-жансар жайлары көп, омырауға тағылған ордендері болғанымен, табиғилық, наным­дылық шамалы. Тіпті даңқы жер жарған халық батыры Аманкелді Имановтың образын жасауға бес автор қатынасып (оның бірі – мен), республика театрларының бәрі жабыла қолға алса да, әлі күнге толық тұлғасын не поэзияда, не драматургияда жасап шығара алмай келеміз.
Біздің прозамызда ең басты орында тарихи романдар тұрғаны баршамызға мәлім. Тарихи роман­дардың сан жағынан аз екендігін айтып жатудың қажеті жоқ, бірақ олардың қасиеті – көркемдік сапасында, шебер тілінде. Олар – тәжірибесі мол, қаламы ысылған шебер жазушы­лар­дың қолынан шыққан шығармалар. Демек, жаңа заман тақырыбына көп жазып жүргендер – қаламы ұшталып бол­маған, тәжірбиесі аз, жас жазушылар. Аға жазушылардың ішінен жаңа тақырыпқа жабысып айырылмай келе жатқан жалғыз Ғаби­ден Мұстафин екені өтірік емес.
Егер жазушы немесе композитор баяғыда өтіп кеткен заманның тақырыбын алса, сол ескі заманды ойлап, соның қамында болатыны, ақыл-ойы, «өткен күндердің» шеңберінен шыға алмайтыны табиғи нәрсе екені рас. Осы пікір­дің дұрыстығын дәлелдеу үшін, біздің басты жазушылары­мыздың бірсыпырасы ұзақ уақыт бойына ескі тақырыппен айналысып жү­ріп, кей кездерде жаңа тақырып­тарға қол қойғанын, бұл салада адал да ұқыпты еңбек еткенін, бірақ оларынан мәнді шығарма шықпағанын айта кетуді міндетім деп санаймын. Бұл сәтте олар өмірден қол үзіп, ескіліктің шырмауы аяқтарына оралғы болғаны мәлім.
Соңғы кездерде ескі тақырыпқа тіпті жас кадрларымыздың өзі, белсенді жанр болып танылатын поэзия саласында жүрген жазушы­ла­рымыздың кейбіреулері ауыт­қып, бұрынғы олқылықты онан сайын тереңдете түскен сияқты. 1958 жылы жарыққа шыққан 8 поэманың алтауының тақырыбы – ескілік. Поэзиямызды нығайту жолында бірсыпыра еңбек сіңірген ақынымыз Хамит Ерғалиев Құр­манғазы туралы дастанының бірін­ші кітабын, өзінің айтуына қара­ғанда, жеті жыл бойы жазыпты. Енді екінші кітабын жазып жатқан көрінеді. Бұл дастанның жарыққа шыққан бірінші кітабы жуырда қатты да әділ сынға ұшырап, дас­танды негізінен қайта қарап шығу керек деген пікір айтылды.
Өте жас ақындарымыздың бірі Ғафу Қайырбеков Ыбырай Алтынсарин туралы поэма жазды. Бұл поэма нашар шыққан шығарма емес, тіпті талантты шығарма деуге болады, бірақ автордың сылдыр сөзді қуып кеткендігі сонша, сын айтқан азаматтар шығарманың қазіргі көлемін кемінде екі есе қысқартуды талап етіп жүр. Осы пікірге мен де қосыламын.

(Жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР2
Қажы мұқамбет қаракедей 15.07.2019 | 01:22

Жаратылыс — табиғат
Басқарады Оны хақиқат
Хақ дегенің Алла аты
Тағдыр Оның тариқат
Хикмет атты құндылық
Құрандағы барша аят
Кейбір неме есіріп
Көрді қыңыр маслихат
Құрды кегеңессымақты
Өзін санай жалғыз хақ
Үре берді шошқадай
Қабанбайды жоқсынап
Тентек есі кеш келді
Өзін-өзі кеп сынап
Зиялы боп жүргендер
Болғансиды бейтарап
Алданса да мартудан
Елді жүрді шапқылар
Өшті алып бұлардан
Сынау керек қаттырақ
Итаршылар əйтпесе
Елге жүрер бассымақ
Орыс ,Қытай адай боп
АҚШты жүр қосқылап
Жөнделмесе ал енді
Басталар ау ыңқылап

Қажы мұқамбет қаракедей 15.07.2019 | 01:35


Орыс,Қытай аздай ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір