СТУДЕНТТІК ШАҚТАҒЫ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ СӘТТЕР
03.07.2019
1173
0

Темірхан МЕДЕТБЕК

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

…Екінші курстамыз. Студенттік өмірдің қайнаған ортасында жүрміз. Әлгінде айтып өткендей, ұлтымыздың рухани түлеп, еңсесін көтеруге орасан үлес қосқан алпысыншы жылдардың қақ ортасындамыз. Әрине, ол жылдардың ықпал-құдіретін ол кезде дәл қазіргідей сезіне қойған жоқпыз. Бірақ ойымыз кеңіп, бойымыз тіктеліп келе жатқанын іштей түйсінетінбіз. Әйтеуір, ол кезде қай жаққа қарасаң да, үзіліссіз ірілі-уақты оқиғалар болып жататын… Сол оқиғалардың қай-қайсысынан да қалып қойғымыз келмейді. Мүмкіндігінше, үлгеріп те жүрдік.

(Басы өткен сандарда)

Көтердім кірдің тасын…

…Мен ол кезде спортқа да ден қойғам. Алдында екі-үш күн ауыр атлетикаға барғам. Кір тастарын, штангаларды көтеріп көргем. Штангаға барып жүргенімді білген, жоғары курста оқитын жерлес Есқара деген палуан жігіт: «Қара темірмен алысқанша, жігіттер­мен алыспайсың ба, күреске қатыс!» – дегені. Содан күреске келдім. Менің күреске ауысып кеткенімді естіген ауыр атлетика жаттықтырушысы артымнан қуып кеп, ал кеп үгіттесін. «Мен сені үш жылдың ішінде, Совет Одағының демей-ақ қояйын, бірақ Қазақстанның чемпионы етем», – деп үгіттесін. Бірақ, не болғанда да, Есқара айтқандай қара темірмен емес, жігіттермен алысқым келді. Бара-бара спортпен шын айналысқан адам бар күш-қуатын ғана емес, бүкіл уақытын сарп етуі керек екен. Ондай уақыт менде қайдан болсын. Анадан да, мынадан да қалғым келмейтін кез ғой… Содан мен оған үздік-создық қатысып жүріп, мүлдем қол үзіп кеттім. Ол бірақ кейінірек болды. Бұл кез күрестің қызығынан әлі суымаған кезім еді…
…Менің студент кезімде штангамен, күреспен айналысқанымды білетін Жұматай құрдасым әзіл шығарған. «Қазақта ең көрнекті ақын – Бақтыгерей, ең күшті ақын – Темірхан» деп. Әзілдің астары мынау: Бақтыгерейдің басы үлкен, алыстан көрінеді. Көрнекті дегені сол. Ал мені күшті дегені, сол штанга, күреске қатысқанымды меңзегені.

Шолпанмен солай жолықтым

…Бір күні кезекті жаттығудан бір топ жігіт дабырласып шығып, жатақханаға қарай келе жаттық. Қарсы алдымыздан жеңіл көк пальтосы бар бір қыздың шыға келгені. Қарсы жолығып өтіп жатқан қыздар көп қой, бірақ мына қыз менің көзіме, неге екенін білмеймін, оттай басылды. Қасымда бірінші курстың студенті, шапшаң сөйлеп, шапшаң жүретін өте бір елгезек Шапай деген жігіт келе жатқан, ол бірден: «Оу, Шолпан, қайда кеттің?» – деп, жауабын күтпестен бірден маған бұрылып: «Танысып қойыңдар, мына қыз бізбен бірге оқитын Шолпан», – деп, сонан кейін «мына жігіт Темірхан», – деді. Біз тек бас изестік те өте шықтық. Сол-сол екен, ол қыздың бейнесі көз алдымнан кетсейші. Әрі-бері жүріп, шыдай алмастан, Шапайға барып, оның қай бөлмеде тұраты­нын біліп алдым. Ол, «ә, ішіңе от түсті ме?» дегендей қулана жымыңдайды. Әбден мазам кетіп, дегбірім қашты. Бөлмесіне жетіп баруға әлденеден қаймығам… Есігін ашып, мені көріп қайта­дан тарс еткізіп жауып қойса қайтпекпін… Енді тек жолын торуылдауға шықтым. Көрдім де. Бір топ қыздың ортасында кетіп бара жатыр екен. Атын атап шақыруға батылым жетпеді. Әйтеуір, бір рет қарсы кеп қалдым-ау. Қолынан ептеп ұстап кідірттім де, сәлемдесіп сөзге тартқан болдым. Әрине, қазір не айтқаным есімде жоқ. Сөзімнің соңында киноға шақырғаным есімде. Сонан кейін есімде қалғаны, Шолпанның бас тартпағаны. Біздің, Шолпан екеуміздің алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді.
Ол кезде, әрине, алдымызда сан асу, сан тарау тармақтарға таралған, қиындығы шаш етектен, қызығы мен шыжығы аралас, арпалыс пен күрестен тұратын, бәрін де бірге күтіп ап, бірге көтерген ұзақ та үлкен ғұмыр жатқанын білген жоқпыз. Ол кезде біз, негізінен, сол баяғы студенттік кештерге, кино, театрларға барып, кітапханада отырамыз. Шолпан шетел әдебиетінен тәп-тәуір хабардар болып шықты. «Пушкин» кітапханасында Шолпанның қасында отырып Виктор Гюгоның «Собор Парижской богоматери» деген романын оқып шыққаным есімде. Керемет түсіндім деп айта алмаймын, бірақ рухын сезіндім. Шетел әдебиетін оқуға деген ықылас арта түсті.
Әрине, өлең де жазам. Ол менің басты міндетім болып алған. Кейбір жалықтырып жіберетін лекцияларда аудиторияның ең соңында отырып ап ойға келген өлеңнің қаңқа-нұсқасын жазып қоям. Кейіннен жөндеп, әрлеп, қалың дәптерге көшірем. Әр жер, әр жерлерде өлеңдерім шығып тұрады. Студенттер арасында атым әжептәуір айтыла бастаған.

Жұмекен ағамның «Лениншіл жасқа» шақыруы

Бұл кезде Әбіш ағам Мәдениет министр­лігіне ауысып, «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі боп Жұмекен ағам барған. Бір күні әлгі қалың өлең дәптерімді Жұмекен ағаға алып бардым. Дәптерді алып қап, «үш-төрт күннен кейін келіп кет» деген. Айтқан мезгілінен кешікпей жетіп бардым. «Әй, Балабас, – деді сәлемдесер-сәлемдеспестен Жұмекен ағам. – Өлеңдеріңді осы «Лениншіл жас» газетінің әдеби басқосуында талқыласақ қайтеді?» Мен аңтарылып тұрып қалдым. Аңтарылмай қайтейін, әдебиет табалды­рығын енді аттаған жасқа бұл үлкен оқиға еді. «Талқылауға ұсынатын өлеңдерді өзім реттеп қоям, Әбу ақсақалдан бастап бір топ ақындарды шақырам, сен де көп топырлатпай, достарыңмен мынандай күні келерсің». Келдік. Жұрт кезек-кезегімен сөйлеп жатыр. Жақсы сөздер. Бойға қуат, ойға суат құятын сөздер. Ең бастысы, Шолпан да қатысып отырды. Жан-жағына риза көңілмен қарап қояды. Көңілім көкке өрлеп кетті. Көп ұзамай «Лениншіл жастың» жарты бетін алып жатқан өлеңдерім шықты. Әрине, бұл екінші курстың студенті үшін аз олжа емес еді. Әсіресе, «Лениншіл жас» газетінің Бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамның ұстанымына таңғалам. Екінші курста оқитын сарыауыз баланың өлеңдерін республикалық баспасөз бетіне шығарудың не қажеті бар демегеніне таңғалмай қайтерсің! Енді менің есімім КазПИ-ді ғана емес, КазМУ-ді де аралап кетті.

Лениннің туған күнінде «Өгіз туралы өлең» оқыды

КазМУ демекші, онда да әдеби кештер болса, оған да барып тұрамыз. Бір күні университетте В.И.Лениннің туған күніне арналған әдеби кеш болады дегеннен кейін бардық. Ол кешті мен Кеңшіліксіз көз алдыма келтіре алмаймын. Сондықтан Кеңшілік туралы айта кету жөн.
Танысып-біліскен алғашқы студенттік жылдары екеуміз бөлек-бөлек екі оқу орнында оқи жүріп, соншалықты аралас-құралас болып кетпесек те, арамызды суытпай, кәдімгідей қатысып тұрдық. Реті келгенде кейде бірге қыдырып, бірге сусындап та қайтатынбыз… Бүгінді ертең ұмытып қалатын қазіргідей емес, бала кездегі, жастық шақтағы оқиғалар, сазға басылған іздей жадыңда мәңгілік сақталып қалады ғой. Сондықтан олардың біразы бүгінде көмескі тарта бастаса да, әлі көз алдымда.

Темірхан мен Шолпанның студенттік шағы

…Кешті арқалы ақын Ғафу Қайырбеков пен бипаз да биязы мінезді Сұлтанғали Садырбаев жүргізіп отырды. Алдымен аға ақындар, сонан кейін жастар бірінен кейін бірі өлең оқып жатты. Бір кезде кезек Кеңшілікке де келді. Сол-сол екен, қызық басталды да кетті. Кеңкең шықты да сол заман үшін ұлы көсеміміз, данышпандардың данышпаны, бұл жарық дүниеде теңдесі жоқ кемеңгер Владимир Ильич Лениннің туған күнінде «Өгіз туралы өлеңді» бастап кеп жіберді. Алғашқыда төрдегілер де, залда отырған төмендегілер де абдырап қалды. Тек өлеңнің екінші шумағындағы:
Жаздың бір жолы қиын шағында,
Ырдуан арба ыңырсығанда,
Үргелек шіркей үйір боп қонып
Өгіздің ылғал құйымшағына, –
деген жолдар оқылғанда ғана төрдегі Ғафекең мен Сұлтекең селт ете қалып, алдымен бір-біріне, содан кейін залдағы жұртқа қарап, не істерлерін білмей, көздері алақтап кетті. Енді қайтсін, ол заман үшін, дүниежүзі пролетариатының туған күнінде мұндай өлең оқу В.И.Лениннің жалтыр басына сала құлаш дойыр қамшымен шіреніп тұрып тартып-тартып жібергенмен бірдей ғой. Қайтпек керек? Ал мінбедегі Кеңшілік болса, айнала дүниенің бәрін ұмытып, көзін тарс жұмып алып, қолын оңды-солды сермеп, өлеңді төпеп тұр:
Сірке кірпіктің қарашығы аунап,
Қарайды өгіз дала, шығанға…
Шабына бір кез шынашақтай жәндік
Албаты тиіп аласұрғанда,
Шыдамды жануар шалқайып барып,
Шолақтау мүйізі қайқайып барып,
Молақтай құйрық шабына тиіп,
Науадай бітім найқалып барып,
Жұлқынған кезде шалқайып қалып,
Жөнелді өгіз тайпалып алып.
Алдымен Ғафекең есін тез жиып алды да: «Әй, Кеңшілік, тоқтат мына өлеңді! Қайда тұрғаныңды білесің бе, өзің?! Тоқтат дедім ғой мен саған! Тоқтат!» – деп айқай салды. Сұлтекең де іле-шала орнынан тұрып, «Кеңшілік жолдас, тоқтатыңыз… Мұның­ыз ұят қой», – деп жатыр. Оған тоқтайтын Кеңшілік пе, қайта көптен күткен төбелестің ен ортасына енді кірген­дей одан сайын құты­рынып кеткен. Қол сермеулі, көз жұмулы.
Қайырылмай тартып құлаған бізге,
Жөнелді өгіз қыр, адыр, түзге.
Әбдіра арба аударылғанда,
Шатқаяқтап барып құлады өгіз де.
Төрдегі екі ағамыз үстел тоқпақтап, айқайлап жатыр. Зал іші ду-ду, гу- гу… Ақыры өлең де бітті-ау. Әй, сондағы Кеңші­ліктің мінбеден түсіп келе жатқанын көрсең?! Айнала жұртқа шалқайып бір қарап, қай­қаңдап барып орнына отырды. Мәз. Ағала­рының ысқырғанына пысқырған да жоқ.

Жастар Мұқановты сынап еді

…Әдеби өмірге мүмкіндігімше қатысып жүрдім. Әр жер, әр жерде кездесулер, талқылаулар болып тұрады. Барып тұрам. Түрлі қақтығысты пікірлерді де, сабырға шақырған пайымды пікірлерді де тыңдай­мыз. Кейбіреулеріне қазақ әдебиетінің марқасқалары мен ақсақалдары – С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер қатысады. Оларды көріп бір марқайсақ, сөздерін тыңдап екі марқаямыз.
Ол кездегі еркіндік, әсіресе, жастардың үлкендерге өздерін мойындата білуі үлкен бір жеңіс деуге болады. Мәселен, Сәбит Мұқанов өзінің бір кезекті поэмасын Комсомолдың Орталық комитетінің жанындағы әдеби бірлестікке талқылауға берді. Сонда жастардың бетің бар, жүзің бар демей сөйлегендерін-ай. Сәбиттей үлкен адамның сақалын да, шығармасын да сыйламай, іреп тұрып сойып салды. Бір таңдан­ғаным, Сәбит ақсақал көп әбіржіген жоқ. Жастардың сынының біразымен келісетінін айтып, оны өңдей түсуге уәде берді.
Сол талқылау, кездесулерде, спектакль мен киноларда көбіне-көп Шолпан екеуміз жүреміз. Пікірлерімізді айтып таласып та қаламыз. Біріміз-бірімізсіз жүре алмайтындай жағдайға жеттік. Әлденеге келісе алмай тоңтеріс боп, екі-үш күн көрмей қалсақ, қайтадан сағына бастаймыз…

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір