МАУСЫМ
26.06.2019
1304
0

Есенғали Раушанов

«Жаз болса жарқыраған
көлдiң бетi,
Көгерiп толқындайды
алыс шетi.
Дiрiлдеп толқын басқан
мөлдiр суын,
Шайқайды жас баладай
желдiң лебi».
Халық әнi «Япыр-ай»


«Начинается пора преестных облаков».
И.Бунин

Табиғатта әнсiз, жырсыз мезгiл болмайды. Жыл он екi айдың қай-қайсының да өзiне тән әуенi, өзiне тән бояуы, оны айтасыз мiнезi бар. Бұл – дау тудырмас ақиқат. Дегенмен, ұзақты күн бiр тынбай он екi перне, қос ішектi безiлдетiп күй төккен дәулескер домбырашының да бiр уақ маңдай терiн сүртiп, мамыражай қалыпқа түсiп, демалатын сәтi болады емес пе. Өнерпаз табиғаттың сондай бiр саябыр табар мезгiлiн көргiңiз келсе, маусым айындағы орман-тоғайға келiңiз.

Он екi айды он екi ағайынды жiгiтке теңеп, әрқайсысына ат қойып, айдар таққымыз келдi делiк. Маусымды қалған он бiр ағайынынан бөлiп алып, «Сенiң атың – Үндемес» десек, артық айтқандық емес пе екен?! Бұл кезде үш ай бойы үздiк-создық керуен тартып келетiн қанатты достарымыздың бәрi де келiп болады. Ең соңғы лекте оралатын сарғалдақтың мысықша мияулағанын немесе ит тұмсығы өтпес қалың жыныстың арасынан көкектiң шақырғаны құлаққа бiртүрлi тосын естiлуi кәдiк. Неге десеңiз, кеше ғана кең тоғайды керемет әуендерiмен басына көтерiп шулап жатқан құстар үнi бүгiнде пышақ кескендей сап тыйылған. Тiптi, түнi бойы жағы сембей, қырық құбылта ән салатын бұлбұлдың даусы да естiлмейдi, ана беткей мен мына беткейдiң арасын әнмен жалғаған қарасайрақтың да қарасы көрiнбейдi. Таңшымшық қайда? Нау­рызек ше? Өзiм деп келген тоғайың бiртүрлi үнсiз қарсы алады.
– Шықпай-ақ қойсын «ағам»
деп алдан,
Қалмаған көңiл бұл кiмнен.
Басқасы мейлi-ау, саған
не болған
Бала күнгi дос, бүлдiрген, –
деген назды қай құсқа бағыш­тасақ екен?!
Алда-жалда тауға шыға қал­саңыз, таң алдында ұшпа шыңның бауырынан ұлардың үнiн ғана естуiңiз мүмкiн, ауық-ауық жалт етiп тауқұдiрет ұшып өтедi.
Маусымның «үндемес» аталатын себебi – бұл құстардың ұябасар мезгiлi. «Құдай Тағала адам баласына жер бетiндегi тiршiлiк атау­лыдан бөле-жара, арнап-атап ерекше сый бердi, ол – адамның ақыл-ойы, санасы», – дейдi екен ескi сопылардың рисалаларында. Рас. Бiрақ, сол ақыл мен сананың құстарда жоғына кiм кепiл бола алар екен?! Ұябасар мезгiл басталысымен олардың аталықтары «еркек тоқты – құрбандық» дегендей ұясын қорғаштап, маңына айбат шегiп, айнала ұшып жүре­дi. Бәлкiм, бұл олардың ең бақы­тты сәттерi болар. Күнiмен, түнi­мен ұяға жем тасиды. Сарыауыздары сұмдық ашқарақ. Қазақ қарыны ашқанын немесе қаны кеуiп шөлдегенiн «балапандай шүйкiлдедiм-ау» деген теңеумен бiлдiредi. Ойын, думан, қызықтың бәрiнен баз кешедi. «Көгалды қуып гөлайттаған» (Абай) шақтар алыста қалды. Аталық құстың ең басты өнерi – әншiлiгi болса (аналық құстар, әдетте ән салмайды), ол болашақ ұрпақ қамы үшiн бұл уақытта өнерiн де «құрбан» етедi. Көнедi ол үнсiздiкке. Қиналса да көнедi. Бұл – серiнi семсерiнен, сұлуды сырғасынан, жүйрiктi шабысынан айырғанмен бiрдей емес пе, тәңiрiм-ау? Ал ендi осыдан кейiн құсты ақылсыз не санасыз деуге қалай аузың барады?
Табиғатта адам таң қалатын нәр­селер көп. Әдетте, қай-қай құстардың да еркегi ерекше сәндi, түрлi-түстi қауырсындары көз жауын алып, алыстан көрiнедi, ал мекиенi болса бетегеден биiк, жу­саннан аласа, сұрғылт, сұрық­сыздау боп келедi. Түрiк ғалымы Харун Яхья мұның себебiн аталық құстардың қауiп-қатерге бiрiншi боп бас тiгуге жаралғанын яки жоғарыда айтқан «еркек тоқты – құрбандық» деген принциппен өмiр сүретiнiн жазады. Құстардың бұл қасиетi атақты Альфред Брэм, Э.С.Томпсон, Иван Тургенев, Виталий Бианки, М.Пришвиндердi де таң қалдырған.
«Қанатыңмен қорғай жүр» дейтiн ана тiлегi осындайда ойға түседi. Сөйтiп ұяны аталық қорғай­ды, аталық құстарды Құдай қорғап жүргей-дағы.
Құстардың ұясы – өзiнше бiр әлем. Бұл әлеммен алғаш ­ сәтi де осы маусым айында түспек. Бұған дейiнгi мамырда ұя салатын құстар аз, бұдан кейiнгi шiлдеде құс ұясы, көбiнесе көшкен жұрт, ескi қоныс. Сол ұялардың кейбiреуiне тоқтала кетелiк.
Виталий Бианки құс ұялары туралы «Лесная газета» кiтабында былай деп жазады:
«Ең кiшкентай ұя – сарыбас шымшықтың ұясы. «Оймақтай» деген теңеу осы ұяға лайық шығар.
Ең қарапайым ұя – жылқышы мен тентекқұстың ұясы, бұл екеуi көп еңбектенбей-ақ құмды жаймалап, жұмыртқасын туа бередi.
Ең әдемi ұя – сарықас торғай­дың ұясы. Ол ұясын қайыңның бұтағына iлiп тоқиды.
Ең жәйлi ұя – ұзынқұйрық сарышымшықтың ұясы».
Сол ұяларға үңiлiп көрсек ше?
Кәдiмгi қарлығаш ұясын көбiне үйдiң маңдайшасына салатыны белгiлi. Оның жұмыртқасы 5-тен аспайды. Ұзынқанат қарлығаш болса, 2-4 жұмыртқа табады. Бәбiсек 10-13 жұмыртқа, көкқарға 2-7 жұмыртқа, тентекқұс 2 жұмыртқа, ементұмсық 2-7 жұмыртқа, құралай 3-7 жұмыртқа табады. Көптеген құстар жылына екi рет балапан өргiзедi.
Адамдардың мұнысына рахмет – жазда аң аулауға қатаң тыйым салынады. Құс балапанын, қоңыр аң лақ-қодығын өргiзгенше аңшы бiткен қу нәпсiсiн тежейдi. Ал бұрынғы замандарда мұндай заң болмаған көрiнедi. Мысалы, орыс жазушысы И.Тургеновтiң «Аңшының жазбалары» атты шығармасын қарап отырсаңыз («Малиновая вода», «Бежин луг», «Косьян с красивой мечи», «Бирюк», т.б.), шiлденiң ми қайнатар шіліңгірінде де мылтығын асынып, дала кезiп, аң атып жүрген орыстарды көремiз. Қазақ та қалыспаған секiлдi. Абай жаз туралы өлеңiнде:
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бiр бөлек
Су жағалап қутыңдап, –
дейдi.
Дегенмен, маусымды «үндемес ай» деп шорт кескен тағы да дұрыс емес секiлдi. Кәрi еменнiң немесе «тесiк өкпе» қарағайдың тұсынан өтiп бара жатқанда әлсiз бiр дыбыс­ты құлағыңыз шалуы әбден мүмкiн. Бұл – ашқарақ балапандардың тамақ сұрап «қылқылдағаны» немесе тал бесiк-ұясын тарсынып, ұшып кетуге ұмтылғаны. Демек, өмiр жалғасуда. Ат тұяғын тай басып, алға қарай, алыс жақтарға қарай талпынғаны. Өмiр сүрудiң қандай ғажап ләззат екенiн бiлсеңiз ғой, шiркiн.
Бұрынғы қазақтың қара өлеңi:
Маусым-мамыр ендеше
маусым-мамыр,
Ел қонады жайлауға
абыр-сабыр, –
дейдi.
Әлбетте, бұны Атырау-Алтай арасын алып жатқан байтақ даланың қай бұрышына да тән «абыр-сабыр» десек қателесемiз. Мәселеңки, оңтүстiк, оңтүстiк батыстың қазағы егiнiн егiп боп, жайлауға көшетiнi жас төлiн өргiзiп, шөбiн орып, шөмелесiн үйiп, мәз-мейрам боп жатса, солтүстiк, орталық өңiрлерде жаз ендi-ендi кемелiне келiп, керторысына мiне бастайды. Алтайдың табиғаты мүлде басқа. Алатау, Талас Алатауы, Қаратаудың емшiлерi дәрiлiк шөптерiн жиып-терiп, кептiрiп алса, Алтайдың шөпшiлерi әлi тауға шыққан жоқ.
Ал енді жыл он екi айдың әрқайсысының өзiне тән бояуын түстеп көрсек ше? Оңтүстiктің қазағы маусымның түсi қызыл күрең дер едi, ал Алтай елi, Қытай қазағы болса, «жасыл шапан маусым-ай, сағындырған дау­сын-ай, сәулем» деп әндеткен. Мұның-дағы себебiне үңiлсеңiз, табиғат-ананың таңқалдырар тамаша қасиеттерiне тап боласыз. Гүлдiң, шөптiң, ағаштың жылына бiр келетiн той-думан кезi – маусым айы. Бiрақ, соңғы жылдары табиғат та сан құбылып, өз «жұмыс кестесiн» бұзып алып жүр. Әдетте, маусымның ең басты ерекшелiгi – бұл айдың ортасында (нақтырақ айтсақ, он бесi, он алтысында) итмұрын (шиповник) гүлдейтiн. Халық күнпарақтарының қай-қайсысы да бiрiнiң аузына бірі түкiрiп қойғандай, осы жәйттi қайталағанмен, биыл итмұрын он бес-жиырма күн ерте гүлдедi, долана (боярышник) да солай. Бұл – өткен мамыр айының көз аштырмас жауынды-шашынды салқын келгенiне қарамастан болған жәйт. Жолжелкен мен шәйқурай (зверобой) пiсiп тұр, бақ-бақ басы да ерте толды, гүлкекiрек (остролодочник) тiптi бiтiк өсiптi. Келесi шiлде айын украиндықтар «липiнь» дейдi. Онысы бұл айда липа – жөке ағашы гүлдейдi дегенi. Ал бiздiң Алматыда жөке гүлдегелi қашан. Осы айдың аяғына шейiн, бұйырса, тауға бiткен жөкелер де гүлдеп бiтер деген үмiт бар. Әдетте биiкке бiткен өсiмдiктер етектегi егiске қарағанда бiр-екi жұма кеш пiсетiнi әлiмсақтан белгiлi. Қарағай мен шырша биылдыққа тұңғыш рет дән байлады. Жасминдi қазақша «жұпар» не «ақжұпар» деймiз. Төлеген Айбергеновтің:
Ақжұпар аңқып, бұрқырап
азон тараған,
Барсың сен жаздың жаңбырында
аппақ бораған, –
дейтiн өлеңiндегi ақжұпар, сол жасмин. Ол да биыл ерте гүлдеп кеттi. Исi де ерекше болды.
Бұрынғының адамдары жоғарыда айтқанымыздай жаздың басталуын итмұрынның гүлдеген күнiнен бастаса, фенологтар шәңкiш (калина) гүлдеген күндi жаздың алғашқы күнi деп есептеген. Биыл кешегi қалың жаңбырдың ара-арасында екеуi де гүлдеп кеттi, бiрақ қара нөсердiң астында бүрсең қаққан орман-тоғайға жаз келдi деп қалай айтуға болады?! Ал астрономдар маусымның яки жаздың келуiн жаңа айдың 20-22 жұлдызынан бастап санаған. «Үндеместiң айы», «тыныштықтың айы» десек те, маусымның да жуас қашаған боп жындысүрейленiп алатын кездерi бар. 1998 жылғы 21 маусымдағы қара дауыл халық шаруашылығына қанша зиян келтiрдi; 1904 жылғы 29 маусымда тұрған қатты жел жүз жылдық емендердi томарымен қопарып, үйлердiң тас-талқанын шығарған; 1934 жылы 20 маусымда Iле Алатауында бiр тәулiкте 90,2 миллиметр жаңбыр жауған; Есентай тасып секундына 31 текше метр су ағызғаны туралы тарихи мәлiметтер қағазға түскен.
1979 жылы 19 маусымда Орта Талғар өзенi арнасынан асып, жолындағы үй-жәй, қора-қопсы­ларды жұлып әкеткенiн бiлемiз. Сел тасқынының күштiлiгi сонша, үйлердiң iргетасына шейiн қопара ағызып, ондаған шақырымдарға апарып тастаған.
Құдай бетiн аулақ қылсын, 1887 жылғы Верныйдағы 9-10 баллдық жер сiлкiнiсi де осы маусым айында тiркелген болатын.
Десек те өз басым осы айды «қазақтың айы» дер едiм. Неге десеңiз, асып та, тасып та кетпейдi, жуан орта, жуас Ай. Аңызақ аптабы да жоқ, соқпасы да жоқ, бiрқалыпты, орнықты Ай.
Күннiң ұзарғаны кәдiмгiдей-ақ бiлiнедi.
Таңертеңгiлiк шөп басына тұнған шық қатар-қатар тiзiлген түйiршек лағылдардай жылтырайды. Халық емiнде аяқтың ауруы, балтырдың сыздауы қойсын деп, таңғы шықты жалаңаяқ кешетiн болған, үлкен кiсiлер көзiн шел қаптаса, осы шықпен жуған, асқазан ауруын емдегенде таңғы шықты уысына толтырып ашқарынға да iшкен. Әсiресе, түймедақ пен бедеге тұнған шықты таң алагеуiмде бақырмен жинап жүретiн ешмiлердi талай көрдiк. Олардың пайымдауынша, түнгi шықты – бақ-бақ басынан, таңғы шықты Ай жаңарғанда iшкен пайдалы көрiнедi. Шық бұл айда мол түссе, егiн бiтiк өседi деп есептейдi.
Халық емi демекшi, маусымда жер-дүние тегiс гүлдеп бiтедi дегенмен, пiсiп жетiлетiндерi сирек, ерте пiсетiн шөптер қатарында қазақтың атам заманнан жақсы көретiн қымыздығы мен рауғашы бар. Қымыздықтың қасиетiн көне дүние ақыны Вергилий жырлаған, қарт тарихтың атасы Плиний (үлкенi) жазған. Әбу-Әли-Ибн Сина болса өзiнiң «Дәрігерлiк iлiмнiң ұстындары» атты еңбегiнде емдiк қасиеттерiн тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазды. Калий, фосфор, кальций, магний, мыс, мырыш, натрийлермен қатар бор, никель, титан, молибдендей микроэлементтерге, А, В, В2, С, К, РР витаминдерi осы бiр сiз бен біз күнде көрiп жүретiн кiшкентай қымыздықтың бойынан молдап табылатынына сенудiң өзi қиын. Дегенмен, әңгiменiң расы осы.
Орыстардың ескi жазбаларында маусымның аяғында «күн тұсалады». Мұны бiздiң қазақ «шiлденiң күнi – шiл адым» дейдi. Бiрақ, шiлдеге әлi ерте. Десек те, астрономия ғылымының деректерi осы кезде Жердiң Күндi айналу жылдамдығы бәсеңдейтiнiн жоққа шығармайды. Орыстар демекшi, бұл айдың көне славян тiлiнде екi-үш аты бар. Бiрiншi аты – «червень». Онысы – кәдiмгi қызыл құрт. Ертеде орман елi осы құртты жинап-терiп, күдерi, былғары бояйтын қанкүрең бояу алған көрiнедi. Сол қызыл құрт осы айда өсiп жетiледi. Екiншi аты – «изок». Мұнысы – айта беретiн шырылдауық шегiртке. Шегiртке де осы кезде шырылдай бастайды. Әлбетте, халықтық наным-сенiмдердiң бәрi бiрдей шындыққа жанаса бермейдi. Бiз әңгiмелеп отырған славян халықтарының өте ерте кездегi яки дiн кiрмей тұрған дәуiрлердегi нанымы бойынша, маусым – су перiлерiнiң айы, суға барған жас жiгiттер мен қыздарды албасты басады деп қорыққан. Албасты да, су перiсi де елдiң зәре-құтын алып, түнге салым үйден аттап шығармағаны туралы деректер бар. Олардан қорғану үшiн көйлегiне ине түйреуiш қадап, кейiн келе мойнына айқыш таққан.
Славян халықтары мифология­сында папоротник туралы аңыз әдемi әрi күлкiлi. «Самарқанның көк тасы жылына бiр мәрте еридi екен» дегендей, олар да папоротниктi жылына бiр мәрте, нақты айтсақ, осы маусым айының 24 жаңасына қараған түнi гүлдейдi деп сенген. Сол түнi ұйықтап қалмау үшiн ортаға алау жағып, қыз-бозбала әрлi-берлi секiрiп, би билеп, ойын-сауық құрған. Бiздiң ақсүйек iздеп, жұп-жұп боп түнге сiңiп, «жоғалып» кететiнiмiз секiлдi орыстар, украиндықтар, беларустар «ғаламат қазынаға бастайтын қасиеттi гүл – папоротниктi» iздейтiн болған. Күлкiлi дейтiн себебiмiз – попоротник ешқашан гүлдемейдi, оның гүлдеуiне биологиялық негiз жоқ.
Тағы бiр танымал өсiмдiк – қоңырау гүл. Ол Алматының тау-тасын айтпағанда қала iшiнде, жол жиектерiне де өсе бередi. Төрт-бес жапырақты көгiлдiр гүл. Сыртқы пiшiнi төңкерiлген қоңырауға ұқсайды. Әбу-Әли ибн Сина ол туралы: «Көгiлдiр қоңырау гүлдердi терiп әкелiп кептiр де, кешке шәй ғып демдеп iш», – деп кеңес бередi. Титiмдей ғана сүйкiмдi гүлшенiң өн бойынан аскорбин, флавонид, антимикроб, суыққа қарсы микроэлементтердiң талайы табылады. Оны ертеде қазақтар бастың сақинасы ұстаса, баспасы көтерiлiп, тамағы iссе, буындары сырқыраса пайдаланған. Ит қауып алған кiсiнiң жарасын осы қоңыраугүлдiң жапырағымен таңған. Құста – сарышымшық, өсiмдiкте – қоңыраугүл адамдарға үйiр. Кiсi аяғы баспайтын кең беткейлердiң топырағы қанша құнарлы болса да, ондай жерде қоңыраугүл өспейдi.
Қазақтың ескi мақалында айтылғандай, жақсысын айтып, жаманын таяп қойсақ, бұл айда емдiк шөптермен бiрге улы өсiмдiктер де гүлдейдi. «Алтын бар жерде жылан бар» демекшi, әдемi гүлдiң бәрi пайдалы емес. Улы өсiмдiктер туралы бiз бұрынғы мақалаларымызда да айтқанбыз. Бұл жолы – уқорғасынға ғана тоқтала кетелiк. Қазақ кейде оны «бәрпi» деп те атайды. «Ботаниктердiң атасы» аталған Теофист оны «аконий» деп атаған, осы атау оның ғылыми атына айналған көрiнедi. Аңызға сенсек, Акона қаласының маңында тозақ үңгiрi бопты. Оның есiгiн үш басты Шербер төбет күзетедi екен. Геракл батыр тозаққа түсiп, үшбасты иттi желкесiнен қысып ұстап, сыртқа алып шығады. Тар қапас, тас қараңғыда өмiр сүрiп үйренген Шербер ит жарқыраған күнге көзi қарығып, аузынан сiлекейi ағып, өліп кетедi. Сол иттiң сiлекейi тамған жерге осы аконит өсiп шығыпты дейдi. Ол өте улы өсiмдiк. Әсiресе, бiр-бiрiне жалғаса бiтетiн бунақ-бунақ тамыры қауiптi. Тамырынан емдiк дәрi жасамақ болған дүмше емшiлердiң талайы уланып, көп жағдайда өлiп қалғаны туралы деректер бар.
Уқорғасынның бойы адамның тiзесiнен сәл асады, көкшiл гүлдерi осы маусымда ашылады, аршаның арасында, өзен жағалауында өседi.
Жер бетiнде 10 мыңға тақау улы өсiмдiктер бар екен. Бiздiң даламызда соның қаншасы өседi екен – бұл әлi нақты жауабы жоқ сұрақ. Олардың қауiптiлiгi сонда, сыртқы түрi әдемi де бейкүнә гүлдерге ұқсайды. Қазақ «бiлмеген у жейдi» деп осындайда айтқан болса керек. Мысалы, күймескүл сұңғақ бойлы сұлу гүл, утамырдың иісi жас сәбiздiң иісiне ұқсайды, убалдырғанның жапырағы, кәдiмгi күнделiктi асқа пайдаланып жүрген ақжелкеннiң (петрушка) жапырағынан аумайды. Аңызға сенсек, өлiм жазасына кесiлген көне грек ойшылы Сократ жаңағы айтқан утамырдың сөлiн iшiп, тiл тартпай кеткен.
Абайдың бұл айға деген iзет-құрметi мына өлеңнен байқалмай ма?
Жаздыгүн шiлде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсiп толғанда;
Күркiреп жатқан өзенге,
Көшiп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйiрi шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап.
Абайдың алдындағы Қазтуған жырауды тыңдап көрелiк:
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менiң ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бiр тоқты,
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе
таптырмас,
Балығы көлге жылқы
жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежiдегi адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менiң Едiлiм,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сiздерге
Менен қалған мынау Едiл жұрт!..
Бiздiң пайымдауымызша, бұл да жаздың суретi.
Бұл айды Л.Толстой, И.Бунин, А.Куприн, М.Пришвиндер өте жақ­сы көрген. К.Паутовский, И.Бунин туралы очеркiнде: «Оның жаз айы туралы жазбалары қашан да сағынышқа толы. Мысалы, мына бiр сөзге назар аударыңызшы: «Бақ гүлдеп болды, жасыл желекке оранды, күн ұзақ бұлбұл сайрап, күнұзақ терезелердiң желдеткiштерi ашық тұрды».
Ал М.Пришвин болса, бұл ай туралы: «Кеше ғана құтырынған көктемгi су тасқынының орнында бүгiн гүл тасқыны», – деп жазады.
Алексей Саврасов, Иван Шишкин, Алексей Венецианов, Орал Таңсықбаев, Әбiлхан Қастеевтер бұл мезгiлді өз шығармаларына асқан сүйiспеншiлiкпен арқау еткен. Бүгiнгi мақалаға өрнек болсын деп И.Шишкиннiң бiр-екi суретiн жариялап отырмыз.
Бiздiң қазақ «айдың жаманы жоқ» деп жаңа айда жарылқауды, ескi айды есiркеудi тiлейдi. Санасын қайдағы бiр болмаған, болмайтын наным-сенiм, жосық-жо­ралғылармен тұмшаламаған екi ха­лық болса, бiрi – бiздермiз. Сол үшiн ата-бабаларымызға тағы да тағзым.
Маусымнан 5 күн, шiлдеден 30 күн, тамыздан тағы 5 күн, 40 күн шiлде келедi ертең. Ол ендi басқа әңгiме…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір