Сеул университеті қолдаған бастама
24.10.2015
1650
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінде медициналық қызмет көрсету деңгейін сапалы әрі жаңа деңгейге көтеретін халықаралық медициналық кластері құрылатын болады. ҚазҰУ мен Сеул Ұлттық универ­ситетінің жанындағы Пунданг госпиталі арасында жасалған келісім бойынша 500 орындық клиника салу жөніндегі бірлескен университеттік меморандумға қол қойылды.

Сеул Ұлттық университеті Оңтүстік Корея еліндегі ең ірі оқу орындарының бірі және Азия мен әлемдегі ең үздік университеттер арасында алдыңғы қа­тарда. Бірнеше жылдан бері бұл жоғары оқу орны ҚазҰУ-дың басты серіктесі.
Серіктестік қарым-қатынастар аясында ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов пен Пунданг госпиталінің президенті Ли Чоль Хи мырза жоғарыда аталған ме­мо­ран­думға қол қойды.
Оңтүстік Корея бүгінде IT технология­лар бойынша көшбасшы ғана емес, медициналық туризм саласында да ал­дың­ғы қатарда. Жуырда Оңтүстік Корея мамандары мен медициналық кластерін құруда мол тәжірибесі бар Сеул Ұлттық университетінің қатысуымен Дубайда заманауи медицинаның соңғы талаптарына сай жасалған жоба бойынша ме­ди­циналық клиника салынды.
Сеул Ұлттық университетінің прези­ден­ті Сун Нагин бастаған Корей деле­гация­сының ҚазҰУ-ға кезекті сапары жоғары оқу орындары арасында орнаған сенімділік пен достастықтың дәлелі болса керек. Бүгінде серіктестік аясында клиниканың құрылыстары үшін арнайы мамандар бірлесе отырып даярлануда. Барлық жобалар мем­ле­кет­тік-жекеше серіктестік қағидасы бойынша жүзеге асырылуда.
Медициналық диагностика орталы­ғын ашу – Оңтүстік Корея серіктестерінің жобаны іске асырудағы бірінші қадамы болды. Ол кампус аумағындағы 2400 шаршы метр жерді алып жатқан студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығында орналасқан.
Мамандардың пікірі бойынша, Қа­зақ­станда жоғары медициналық көмек алып, кәсіби диагностиканы енгізу үшін азаматтарды заманауи технологиялық орталықпен қамтамасыз ету – жобаның басты мақсаты болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір