АБАЙ – ТӨБЕ БИ
17.06.2019
1616
0

Жақында Абай мемлекеттік қорық-музейінің бір топ қызметкері Татарстанға ғылыми жұмыстармен барып келді. Татарстанға ұйымдастырылған бұл сапар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Сапар барысында Абайдың би болып сайланғандығын көрсететін 1885 жылғы құнды құжат табылыпты.
Н.И.Лобачевский атындағы Қазан мемлекет­тік университетінің кітапханасында Абайдың қоғам жұмысына араласқан қызметтері жайлы құжат көзге түседі. Бұл 1885 жылы Қарамола жеріндегі съезде қабылданған араб тіліндегі «Қарапайым қазақтарға арналған Кодекс» Бірінші құқықтық құжаттың түпнұсқасы екен. Абай қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаеваның айтуын­ша: «Қарамолада барлығы Абайды съезд төр­ағасы етіп сайлайды. Абай үш күн ішінде заңға байланысты мақалалар жазады. Құжат 1885 жылы мамырда қабылданып, бір жыл өткен соң Қазан қаласындағы Император университетінің баспаханасынан шығарылады.
Абай демократ ретінде қарапайым қазақтардың өмірін жеңілдету мәселесі бойынша көптеген ұсыныстарын енгізген».
Жалпы, музейде кириллица үлгісіндегі машинкаға басылған көшірмесі бұрыннан болған екен. Ал, табылған түпнұсқа дала заңдарын зерттеуге жаңа мүмкіндік берері сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір