Егіз бұрым ба, тоғыз бұрым ба?
Әбдінағым Көшеров
Қазіргі күні өнердегі қазақилықты дәріптеушілер құжаттарға қарамай, тікелей ұлттық «мүддеге» ауысты. Болсын-болмасын мықтыларды тек қазаққа теліп, басқа ұлттың бетке ұстар тарихи тұлғаларымен қатар олардың киім киіс, шаш, сақал, мұрт қою ерекшеліктерін өзімізге «тели» бастады. Мысалы, ұртқа ғана мұрт қою, еркектің шашын әйелдердің шашындай желкеден төмен салбырату секілді.
Бірақ біздер, қазақтар тарихи құжаттардан асып кете алмайтынымызды еске сақтауымыз керек! Қазақтың қасиетті ұлттық тарихын жазып кеткен басқа ұлттың сонау өткен ғасырлардағы, яғни адамзаттың ықыласы мен көңілі таза кездегі өкілдерін сыйлауымыз һәм оларды мұқият тыңдауымыз керек.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, қазақ болмысын зерттеп, соңына «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» деген керемет еңбек қалдырған инженер-капитан Иван Григорьевич Андреевті қазақтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеп жүргендер білуге тиіс деп ойлаймын.
Иван Григорьевичтің қазақ еліне, қазақ ұлтына қалдырған пайдалы еңбегі мол. Оның өмірінің едәуір бөлігі қазақ даласында өткен.
И.Андреев 1797 жылдың 4 қарашасында отставкаға майор шенімен шығып, өмірінің соңына дейін, 27 жыл бойы қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүріне үңіле, маңайдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын шұқшия зерттеп, ғылыми еңбектер жазады.
Мен, И.Андреевті және оның қазақ тарихы үшін өте құнды «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» деген еңбегін көзі ашық адамдардың барлығы да біледі-ау деп ойлайтынмын. Керісінше, оны білмейтіндер өте көп екен. Оның қазіргі Ертіс бойындағы қазақ қалаларын салуға қатысқанын, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, яғни Абылай хан, Сәмеке хан, Ханқожа хан, Әбілпейіз хандардың заманында солтүстік-шығыс қазақ жерінде өмір сүргенін айтсаңыз ғана таңырқай:
«Ол не депті?» – дейтіндер бар.
Сол кітаптан бірер үзінді келтірейік. «…девицы в одеянии имеют сходства с женщинами, а только разнятся от оных тем, что волосы заплетают кос в семь, или в девять; по томуж украшенные носят аракчивы, а иногда и совсем головы не закрывают. Во нравах обходительны и ласковы; стыда имеют мало. Ездят верхом по большей части на иноходцах…» Енді «О женщинах» деген тақырыпшадан үзінді келтірейін: «Женщины имеют некоторые довольную красоту; но как народ азиатский, смешанный из разных племен, более калмыковат; телом плотны, к воспитанию детей весьма способны. Волосы по большей части имеют черные и длинные, заплетают в две косы и навешивают для украшения на кольцах шелковые большие кисти, которые достают почти до полу; а по ним нижут маржаном, разными корольками и серебреными бляшками, и разных видов бляшками из белых раковин, которые достают от ташкенцов. И такие же украшения имеют на нагрудниках… некоторые носят в носу маленькое серебреное колечко…»
Әне, Дешті-Қыпшақ заманынан бастап Иван Андреев нақты білетін, яғни Орыс қазақ жерін толық және түпкілікті басып алмай тұрған заманда қазақ қыздарының киімдері мен шаштары қандай болғанын көзге шұқып тұрып көрсетіп берген. Бұл кез нағыз біздің қазіргі «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» бастап «Біржан салға» дейінгі, «Қазақ хандығынан» бастап «Жамбылға» дейінгі тарихи киноларымыздың көрсетіп жатқан кезеңі.
Ал енді Андреев: «Қазақтың қыздары сол заманда шаштарын жеті немесе тоғыз бұрымға өріп жүрген, қос бұрымды әйелдері мұрындарына күміс сырға салған», – деп жазып кетсе де, тарихи кино түсіруші режиссерлер мен продюссерлер, мүсіншілер мен суретшілер бойжеткен қыздарға қос бұрым тағуын қоймай жүр. Қазақ әйелдерінің мұрындарына күміс сырға салатындарын да көрсетпейді. Андреев айтқандай, қос бұрымды тек әйелдер ғана өретін болған…
(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)