ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСУ
12.06.2019
916
0

Жуырда Алматыдағы Жазушылар кітапханасында осы мекеменің меңгерушісі Елена Ағайсаның бастамасымен, сән және дизайн колледжінің (ұстаз – Гүлзия Ауқашева) ұйымдастыруы­мен, Алматы көпсалалы колледжінің қатысуымен жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қамидың шығармашылығына арналған «Жазушының жан әлемі» атты оқырманмен жүздесу отырысы өтті.

Арнайы дайындалған колледж студенттері жазушының «Көк қақпа» хикаятынан үзінділер оқып, шағын сахналық қойылымдар жасады. Сондай-ақ, алпыстың асқарына шығып отырған жазушы шығармашылығы туралы оқырмандармен бірге белгілі қаламгер Мақсат Тәжімұрат, жазушылар Асқар Сәбит, Әбділдабек Салықбай, режиссер Қалила Умаров пікірлерін айтты. Жоламан Құжиманов, Еркін Шүкіман әннен шашу шашты.
Нұрлан Қами оқырмандардың алуан сауалдарына жауап берді.
Осыған дейін жазушының «Кездесу», «Көк қақпа», «Хан Мөде», «Қар адамы» сияқты прозалық жинақтары, Шыңғыс Айтматовтан аударған «Кассандра таңбасы» және «Тау құлаған» кітаптары баспадан шыққан еді. Жазушының мерейтойлық жүздесуі барысында «Мереке» баспасынан шыққан «Беймезгіл» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Әсерлі де есте қаларлық жүздесу отырысын ақын Әбубәкір Қайран жүргізіп отырды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір