ДАРЫН
05.06.2019
960
0

Жер жаралғалы, ғалымдардың есебінше, 3,8 миллиард жыл өтті. Ғасырлардан ғасырларға, замандардан замандарға жалғасқан салқар көштің легі толастамады. Егер жобамен ойлап қарасақ, жер дегеніміз – қабірге толы сандыққа ұқсайды. Ай, жұлдыз, құйрықты жұлдыз, зауза, ғаламшарлар – бәрі-бәрі, әрбір адам көкірегіне «Кімнен?» «Неге?» «Не үшін?» секілді сауал түймелерін қадаған-ды. Біздің заманымыздан бұрынғы 1,4 миллион жыл бұрын адамдар от жағуды үйренсе, 500 000 жыл бұрын саналы адам пайда болды. Елу мың жыл бұрын адамдар теңізге шығуды бастаса, 35 000 жыл бұрын суретшілік өнер етек алды. Б.з.б. 528 жылы Будда ілімі тараса, Б.з.б. 525 жылы Пифагордың математикалық мектебі құрылды. Б.з.б. 479 жылдары Конфуций ілімі өріс­теп, 1399 жылы адамзатты өзін тануға шақырған дана бала Сократ көз жұмды. Әр ғасырға Тәңір тағала жоғарғы саналы тұлғаларды нәби етіп жіберді. Олар теңбілкөк табиғат сырын «пенде тіліне аударды». Жарық күнде шам алып жүріп адам іздеді. Бірі бөшкеде күн көріп, бірі надандардың қолымен аяусыз отқа жағылды. Бірінің үстіне түйенің жемтігі төгіліп, бірі «көктегі күнге, жердегі еліне мейірі қанбастан» жарық жалғанмен қош айтысты.

Әлқисса, «әрбір адам дүниеге дарынды болып келеді. Оның алдында екі жол сайрап жатады. Бірі – кең, даңғыл жол. Екіншісі – жалғыз аяқ, сүрлеу. Көбісі, әрине, кең әрі кедергісіз даңғыл жол, шаңдақ жолға түседі. Бұл – тобыр. Ал, мыңнан, миллионнан бірі сүрлеу, жалғыз аяқ, бұралаңы көп, қиын да қыстау жолға түседі. Бұл – дарын».
Григориян жыл санауы бойынша, 1969 жылы 19 мамыр күні, Хижра жыл санауы бойынша, 1384 жылдың джумәдүл әууәл айының 19 жұлдызында қарапайым еңбек адамының отбасында бір сәби дүниеге келді. Бала ақжарқын, ақжүрек, жайдары болып өсті. Өлеңқұмар өзге балалардай ол да Шахановқа еліктеді. Әкесінің тапсырмасымен Қадыр Мырза-Әлінің барша жырын жаттап алғысы келді. Жаздың қысқа түндерінде, күздің жаңбыр төккен кештерінде өмір жайлы, ғалам жайлы ойға батты. Оның бозжігіт шағы мемлекеті ала-құла, рухани құндылықтар талауға түскен уақытқа тап келді. Бұл кезең талай дарынды жастықтың жасыл бағында көп сейілдетпей ерте есейтті. Алматыға оқуға түсті. Үйленді. Тұрмыс тауқыметін тартты. Перзентті болды. Көкірек көзі кеңістікті шолды. Ол өзіне лайықты емес жұмыспен өзін тұншықтырып тастағысы келмеді. Барларда әлдебір жақынымен, жастармен пікір алысты. Әлдебір кісіге тесіле қарады. Әлдебір жанға қиын тұста қолұшын берді. Жоқ, мәселе мұнда емес. Онда да емес.
Ол бар болғаны жер бетіне дарынды болып туды. Содан да болар, өзі келген кең сарайдың құпиясын білмекке талпынды. Ағаштар, қызарған гүл, толған ай – бәрі көбейту кестесіндей күрделі ұғымдар екенін, астарында мың-миллион талшықтар барын түйсігімен сезінді. Ғаламды танымаққа ұмтылған тілек оны өзіне әкелді. Өзін зерттей бастады. Һәр тұғырдан жанын іздеді, жолын іздеді.

ДАРЫН МЕН ҚОҒАМ

Қоғам мен дарын – әу бастан кері аттас ұғымдар. Қоғам – көп, дарын – жалғыз. Мыңмен жалғыз. Содан да Абай хакім:
Не пайда бар, мың надан
Сыртын көріп таңдансын.
Одан-дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың, – деді.
Иә, қоғам кешіреді, бірақ ұмыта алмайды. Әрі өзгесін былай қойғанда, адамдар ежелден өзінен ақылдыны суқаны сүймейді. Рас. Неге? Солай. Дүниеге келген дарын адам қолымен жасалған қағидаттарға өзін сендіре алмады. Бойұсынғысы келмеді. Құрмаға табынып, қарны ашса, жемісті өзі жеп қоятын бәдәуи пенделер үні жылпостыққа, арды артқыға ысыруға бейім еді. Көздер қиғаш ымға құмар, құлақтар мүкіс. Дарынның «қателігі» сол –«болмашы» құбылыстарды күліп отырып-ақ жылдам байқай алуында. Және нәзік жанына әрбірі тікен болып қадалуында. Ол шығармашылыққа жүрегің мен рухыңның тек бір ғана бөлшегін және оның өзін азғана уақытқа беретін болсаң, онда шексіздікпен жалғасу мүлде мүмкін емес екендігін білді. Егер кімде-кім өз бойындағы құдіретті күшті сыртқа шығарғысы келсе, ол оған толықтай берілуі тиіс екенін, өзін соған құрбан етуі керектігін сана көзімен ұғынды. Дарын өз жолын тұтасымен білмесе де, мақсатын таныды. Бойындағы тұнған өнерді «қырманға» салу – бұл адамның өз болмысына қарсы шығу, Құдай зердесіне берген мақсатты орындамай, күнәға бату деп түсінді. Ол «күш қаншалықты зор болса, оның көрініс табуы соншалықты қарапайым болатындығын» түйсінді. Өзінен өзге дауыс шығармады. Гиперион айтқандай, «ғұламалыққа бір берілсең, ол өмірдің өзі сенің мойныңа салып қойған барлық шынжырды жұлып түсерін» сезді. Содан да болар, тазалық оның ең басты қаруына айналды.

РУХТЫҢ ҚҰПИЯ МАЗАСЫЗДЫҒЫ

Денедегі қуат толқыны дауылды ойлармен есіп те, көшіп те тұрады. Ол күш абстрактылы ой шеңберіне де, философиялық қорапқа да салынбайды. Інжілде әр затқа бір қасиет берілетінін, егер ол зат сол қасиетінен айныса, ештеңе де болмай қалатынын, құнсызданатынын айтады. Біздің кейіпкерімізге жазу қасиеті берілді. Оның рухы ұсақ-түйек жұмыстарға бейімсіз, тіпті, қабілетсіз болды. Өз әлсіздігін кезі келсе тазалығымен, ізденімпаз болмысымен жеңіп отырды. Жазусыз, оқусыз өткен күні өзін құмырсқадан әлсіз, жусаннан аласа қауқарсыз пенде сезінді. Оның міндеті жақсы сөздерді желілеп тізбектеу емес, мәнге ұмтылу, түпкі мәнге қол созу болатын.
Басыма кеп,
Жылап тұрар үш адам.
Өлмейдi олар,
Мен өлдi деп құсадан.
Шындық үшiн,
Мен кесiлген тiлдеймiн.
Үшiншiсi,
Кiм екенiн бiлмеймiн.
Дарын поэзияны мақсұт тұтты деп ойламаймын. Жоқ! Оның тілегі басқа. Басқа күш. Басқа ой. Егер ол өзінің мол қуатын тек поэзияға арнаса, онда өзге бір дүмпу болар ма еді… Алайда ол сыншылыққа, әдебиетшiлікке, ғалымдыққа, мәдениеттанушылыққа (саналы түрде емес) бет бұрды. Жан-жақты ойлады. Жан-жақты тақырыптарды қаузады. Тарихтың түп қойнауына сүңгіп, түркілік қанды қалам ұшымен оятуға тырысты. Даңқы Еуропаға дейін жетіп, тұяғының дүбірі төрткүл дүниені тітіренткен түп аталарымыздың арманын, аңсарын зерттеді. Балама мәндерді ашты. Жалаң ұлтшылдыққа, жалаң өнер тудырушыларға жаны қасарды. Ай қараңғылығында шамсыз жүрген пенделерге таң қалды. Содан болар, ол бірде: «Әдебиет ауылын тарихи философияға тiсi батпайтын, Тәңiрiнiң өзiн көшеде тiрi кездестiре қалса, тепкiлеп кететiн дiлi дүмбiлез «дарындар» қаптай бастады. Өлең былай тұрсын, прозаның өзiнiң ой жүгiртер алаңы тым тарылып кеттi…Әдебиет тек өткендi жазу емес, белгiлi бiр дәрежеде болашақты болжаудың да құралы екендiгi ұмытылып қала бердi.
Тарихи оқиғаларға параллель жүргiзу, жеке адам түсiнiгiнiң қатпарларына саяхат жасау, кеңiстiк пен уақытта еркiн қозғалу сынды әлемдiк әдебиеттiң ең соңғы әдiс-тәсiлдерiнен мақұрым қалған қазақ тiл өнерi ендiгi жерде құр жалаң қызыл сөздiлiкке айналып бара жатқандай», – деп ашынады. Күйзеледі. Дүрдараз «өнер иелері» үшін қамығады. Тұңғиыққа бастар жолды сілтей отырып: «Сөз тану – Тәңiрi тану. Ежелгi Бабылдың кезiнде-ақ сөздiң жасалу жолдарына, трансценденталдық түпкi мәнiне, iшкi энергиялық қуатына назар аударыла басталғандығы байқалады. Сөз тасасынан Тәңiрi сығалайды, соны көре бiлуiң керек», – дейді. Расында, «тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?»

ДҰҒАЙ

Әлем әдебиетінің биік бір тұлғасы Стендальдың сөзі есімде. «Менің даңқым 1900 жылдар шамасында ғана шыға бастайды». Расында, жазушы даңқы сол жылдары күрт лаулап, әлем оқырмандарына жете таныс бола бастады.
Ал біздің кейіпкеріміз ше?!
2015 жыл. Біз Дарын қабірінің басында тұрдық. Құран бағыштадық. Қабір жолға жақын, маңы жазық қырға ұласқан. Жол үстінде көліктер зыр қағып өтіп жатты. Дарын терең ұйқыда. Ол енді ешкімді құшақтай алмайды. Нөпір болып келген біздей жастарды құшақ жая қарсы алмайды. Кітап та оқи алмайды. Ең ғажабы, біз оны оқи аламыз.

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір