МЕЙІРІМ ДЕЙТІН ҰЛЫ КҮШ…
14.05.2019
1005
0

Өзі оқыған шығармалардағы жағымды кейіпкерлерге еліктеп өспеген бала жоқ шығар, сірә?! Мені, әсіресе, сол игі жақсылардың жүрген жолында қаріп-қасер жандарға ғана емес, ұшқан құс, жүгірген аңдарға да қайырымдылық көрсетуі ерекше таңғалдыратын. Ізгілік дейтін ұлы қасиет кітаптың сөзінде ғана емес, өмірдің өзінде де барына сенетінмін. Ал, қазір ше?.. Ал, қазір адамзат дүниесін түбі неге апарып соғары белгісіз қорқынышты қатыгездік билеп алғандай. Әу баста махаббатпен жаралған сіз бен біздің бойымыздан «жер бетінде нәсілдетіп тұрған… мейірім мен рақым» жоғалып барады…

Сіз де оларды білесіз…

Шіркін-ай, бояуларға тіл бітіре алар қас талант иесі болсам, өле-өлгенше ой қуатым мен сезімімнің нәрін бір ғана суретке жұмсар ем. Адам ата мен Хауа ананың бүгінгі ұрпақтары оны көргенше асық боп, жер-жерден ағылып келер еді. Оларды мұнда Даниярдың іңкәр жүрегінен төгіліп, шартарапқа жайылған махаббат әні жетелеп әкеледі. Алғаш жеткендері менің ол туындымнан қашанғы адал серігін, қимас жақынын көргеніне риясыз қуанып, бақыттан асып-тасады. Енді біреулерге адамдық мәнін іздеп шарқ ұрған ауыр да азапты сапарында нақ асылға жолыққанын шымырлай жөнелген жүректері сездірер. Ал, мына бір оқшау топтағылар өмірдің бәзбір өткелінде елеусіз қалдырған, жоғалтып алған мөп-мөлдір аяулылары есіне түсіп, ағыл-тегіл жылар да… Құдайым-ау, анау қақ төрде тұрған Жамандықтың жамандығына жақсылықпен ғана жауап беретін Жақсылық емес пе?! Ал, адам баласын айдаһардың қанды шеңгелінен құтқарып қалған ежелгі тілекшіміз – ақ тамақ қарлығаш шырқау көкте қанат қағып барады. Жерге бір тамшы жаңбыр жаумай, қуаңшылықтан күйзелген ел-жұртына асығып, тау арқалаған алып батыр Толағай да осында. Улы, қараңғы орманнан жол таппай адасқан тайпаластарын жерұйық мекенге жеткізу үшін жүрегін кеудесінен жұлып алып, шамшырақ еткен ержүрек Данко. Шаңырақтай мүйізіне өзі бауырына басқан адамзаттың қос перзентін қонақтата құйғытып бара жатқан қасиетті Бұғы-ана. Ал, анау көк шөптің үстінде түр-түсі әртүрлі болғанымен, татулықтары жарасқан бауырмал бір топ өрен – «бір атаның балалары» асыр салып ойнап жүр. Мынау – бала да болса, құлдықта кемсітілгендердің қайғы-қасіретін жан-жүрегімен сезіне білген сезімтал Гекльберри. Қар ханшайымының құрсауынан жүрегі мұзға айналған досы Кайды ажырату үшін небір мехнат шеккен қайсар Герда. Раушан гүлінің жайқала өсуі үшін күн сайын арамшөптерді жұлудан шаршамайтын жақсылықсүйгіш Кішкентай ханзада. Адамжегіштердің талауына түсірмей, арашалап алған шәкірт-серігі Жұмаға кітап оқуды үйретіп, Құдай жолын танытқан батыл да мейірбан Робинзон Крузо. Сергий әкейге өзі еш сезбестен іс-әрекетімен Құдайды сүю деген – адамға деген махаббат екенін ұқтырған қарапайым Праскофья. Бұлардан бөлек, алғаш қолыма кітап алғаннан жақсы аттарына қанық жайсаңдар қаншама. Қонағына астындағы жалғыз атын сойып беріп, қанағатпен қарын тойғызатын жомарт ыржия күліп, құшағын ашады. Жауына да рақымшылық танытар мәрт мінезді ер, әне, ат үстінде асқақ отыр. Тарыққанды қанатының астына алып, қорған болған парасатты ел ағалары. Қанша жайса да, дастарқаны еш ортаймайтын ақжарқын ел аналары. «Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» дейтін абзал әкелер мен шешелер. Ата-ана алдындағы перзенттік борышын арманының асқарына балайтын адал ұл-қыздар. «Шығарда жанымыз ғана бөлек» дескен ұлы серттеріне берік нағыз достар. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде түйір дәнді бөлісіп жеген кеңпейіл ағайындар, көршілер, ауылдастар. Ізгілік салтанат құруы үшін бастарын өлімге байлаған дара қаһармандар… Салқар көш мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бірінің ізін бірі басып келе жатқандары әлі де жетерлік. Өйткені, жақсылық – гауһар тас секілді сан қырлы. Бірақ, зәмзәм суындай сарқылмастан мөлдіреп шыға келер бәрінің киелі бастауы бір. Ол – мейірімділік атты ұлы күш…

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір