МЕЙІРІМ
02.04.2026
226
0

Әдетте адам адамға дос, бауыр деп жатамыз. Жақсы ниет қой. «Көңіл көңілден су ішеді» дейді қазақта. Сол көңілдің бір атым насыбайдан қалатынын да айтып кеткен бұрынғылар. Бір байқағаным, біздерге ең керегі мейірім екен. Кейде жетіспей жататыны да сол жылылық сияқты. Мен осындай ізгі қасиеттерді өзімнің ата-анамнан көрдім, солардың бойынан байқадым. Бәлкім, бұл солардың тұстастарына тән қасиет те шығар. Дегенмен, үлкендеріміз өмірден өтіп, өзіміз де солардың ізін басуға қараған шақта көз алдыма, көңіл көкжиегіме әке-шешеміздің ізгілікті істері, кең пейілі мен дарқан мінездері жиі оралады. Біз де солардай бола алдық па деген ойлар жиі мазалайды сондайда.

Әкенің күші, ананың сүті

Қазіргі Атырау облысындағы Миялы ауылы — ежелден біздің ата-бабамыздың қонысы. Кезінде атамыз Қалмағанбет осында туып-өскен. Ал әкем Қуанышкерей Гурьевтің іргесіндегі балық зауыты болған Еркінқалада дүние есігін ашқан. Соғыстан кейін сонда жұмыс істеген.
Біздің кейінгі тұрағымыз Қызылқоға ауданының өзіндік тарихы бар. Негізінде, ауданды алғаш құру туралы шешім 1928 жылы қабылданған, бірақ кейін Доссор ауданына қосылып, одан 1944 жылы майданға азық-түлік пен киім-кешек дайындау мақсатында қайта құрылады. Енді көршілес бірнеше ауданның шаруашылықтары осы өңірге біріктіріледі. Жері құнарлы болғандықтан мал шаруа­шылығын өркендету көзделеді. Аудан орталықтары бастапқыда Қызылқоғада, сосын Қарабауда болып, 1959 жылдан Миялыға тұрақтайды.
Миялыда әуелгіде кішігірім қолдан соққан үйлер көп еді, бастапқыда сонда тұрдық, бес-алты жыл шамасында жаңа типтегі үйлер, басқа да ғимараттар салына бастады. Қысқасы, біздің әке-шешеміздің құрдастары Қызылқоға ауданын көтеруге жаппай кіріседі.
1959 жыл шамасында әкем Еркінқаладан атамекеніміз Қызылқоғаға келіп, осында анаммен бас қосады. Анам дүниеге тоғыз бала әкелді. Әкем –құрылысшы, жаңа аудан орталығы Миялының көрке­йіп-өсуіне барынша қызмет атқарған адам. Осында құрылыс-монтаж басқармасында жұмыс істейді. Ал анамыз бастапқыда дүкенші болды, сосын қонақүйде қызмет атқарған. Замандастарының, көзкөргендердің айтуынша, әке-шешеміз еңбегімен елге сыйлы, құрметті жандар болған. Олар біздің қатарымыздан қалмай өсіп-өнуімізге, білім алуымызға жағдай жасады. Өкініштісі, әкеміз соғыс жарақаты зардабынан өмірден ертерек өтті. Үйдің үлкені – мен әлі кәмелетке толмаған едім. Сол кезде анамыз өзінің жігер-күшін бойына тастүйін жиып алып, үйелмелі-сүйемелді тоғыз перзентін соңына ертіп, алапат ағысқа қарсы қаймықпастан ұмтылған еді. Миялыдағы біз үшін ең қасиетті орда өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Аяпберген Науанұлы негізін қалаған «Аяпбергенннің ақ школы» атауымен тарихта қалған екі сыныптық мектептен бастау алған Н.Крупская атындағы орта мектеп еді. Қазіргі уақытта бұл білім ордасы Алаш қозғалысының қайраткері ұстаз-ғалым Халел Досмұхамедұлының атында.
Сондай-ақ Миялыда 2007 жылы ашылған мектеп-гимназияға Исатай-Махамбеттің ерлігін дәріптеген ақын Ығылман Шөреков есімі берілді. Бұдан басқа көрнекті қаламгер Берқайыр Аманшин атындағы қазақ орта мектебі де жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Бәріміз сол Н.Крупская атындағы мектептен түлеп ұштық. Әкенің күшімен, ананың сүтімен жетіліп, білім нәрімен сусындап, үлкен өмір жолына бет алдық.

Тоғысқан тағдырлар

Бала кезімізде ауылда басқа ұлт өкілдері болмайтын. Болса да бірен-саран кездесетін. Қайдан келгенін кім білсін, алпысыншы жылдары Миялыда Виктор Алексеев деген орыс пайда болған. Оны жақсы білетініміз, менің әкеммен құрылыста бірге жұмыс істеді. Тағдырдың жазуы шығар, ол өзінен жасы үлкендеу Лилия Ангеловамен бас қосады. Лилия апамыз ауылдағы шағын қонақүйде біздің шешемізбен бірге еңбек етті. Айта кетерлігі, олардың үй болып кетуіне де біздің ата-анамыз қамқор болып, шағын шаңырағының тіктелуіне кәдімгідей көмегін жасады.
Осы жайлардың әсері ме, әлде әке-шешеміздің адам баласын жанына жақын тартып жүретін бауырмалдығынан ба, бұл кісілер бізге бірге туған жандардай болып кетті. Кейін білгеніміздей, Виктор Алексеев 1940 жылы Ульянов облысының Крюковка селосында туған екен. Ал оның зайыбы Лилия Ангелованың туған жері — Одесса облысының Благоево селосы. Олардың қазақ жеріне қалай келгені, не себептен тұрақтап қалғаны біз үшін белгісіз күйінде қала берді.
Өкінішке қарай, олардың алғашқы перзенті шетінеп кетеді де, 1970 жылы дүние есігін ашқан Виталий есімді нәресте көз қуаныштарына айналады. Осылайша, тағдыр теперішін көріп, туған жерінен, өскен ортасынан шалғайдағы қазақ ауылында бас біріктірген екеудің алдында жақсы өмір есігін ашқандай болған сәт еді бұл. Алайда өмірдің өз жазуы болатын шығар, оның бәрін кім болжап біліпті? Виктор ағамыз 1974 жылы ойламаған жерден көлік апатынан қайтыс болып кетті. Сол кезде ауылдың бүкіл адамдары жиналып, оны ақырғы сапарына барлық құрмет-реттерін жасап шығарып салды. Лилия апамыз шешеміздің үйретуімен азаматына «бізді қайда тастап кеттің?» дегендей жоқтауын айтып, ерінің артын күтіп, барлық рәсімін жасап, марқұмның басына құлыптас қойылды.
Шынында да, Виктор Алексеев өзінің отыз төрт жылдық ғұмырында Қызылқоға өңірінің, оның ішінде Миялы ауылының өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңіріп еді, біраз әлеуметтік, тұрмыстық ғимарат­тардың құрылысы соның қолынан өткенін ауылдастарымыз күні кешеге дейін айтып отыратын. Ал менің әкем Қуанышкерей үшін ол туған інісіндей болып кетіп еді. Құрылыста қатар жұмыс істеді, қандай шаруада да әкеміз оған сенетін, тиянақтылығын, шеберлігін айтып отыратын ылғи да.
Виталик кішкентайынан ауылдағы «Балдырған» балабақшасында тәрбиеленді, одан кейін Н.К.Крупская атындағы орта мектепте білім алды. Қазақ балаларының ортасында қазақы тәрбиемен өсті. Содан кейін Алматыға барып, училищеге оқуға түсіп, ары қарай армияға аттанды, әскери борышын өтеп келді. Виталик Белоруссияның Борисов ауданына қарасты Печи деп аталатын жерінде жауынгерлік сапта болды.
Алматыда жүргенінде ел назарын аударған метро құрылысын салуға қатысты. Өзінің дәнекерлеуші мамандығымен адал еңбек етті. Сол жақта жүріп Алматы облысы, Шелек ауданының Татьяна есімді қызымен тілек қосып, отау құрды.
Виталик кішкентайынан бауырымыз секілді ортамызда өскендіктен, оның еңбектегі жетістіктеріне, өмірдегі оңды өзгерістеріне біз де қуанып, ізгі тілегімізді білдіріп отырдық. Ол 1993 жылы отбасымен ауылға оралып, анасының қасына келеді. Сол жылы тұңғышы Виктор, 1994 жылы қызы Анджела дүние есігін ашты.
Өкінішке қарай, Виталик ұл-қызын өсіріп, енді қанатын жайып, өркендеп, өсіп келе жатқанында, отыз бес жасында жүрек дертінен өмірден өтті. Бұл жағдай бәрімізге де ауыр тиді, оның ішінде кішкентайынан әлпештеп өсірген анасы Лилия апамыз қатты қайғырды. Содан 2010 жылға дейін ол келін-немерелерімен бірге тұрды. Бірер жылдан соң Виталиктің жолдасы Татьяна еліне қайтып кетті. Сол жақтан Анджела қайғылы жағдайда қайтыс болып, бұл әулетке қайғы үстіне қайғы жамылды.
Бәріміз де Лилияны апа деп кеткенбіз. Апамызды ауылда жалғыз қалдыра алмай, 2012 жылы Ақтөбеге көшіріп алдық. Бұған, ең алдымен, анамыз себепші болды. Шынында да, ол екеуі мына өмірде апалы-сіңлілі іспетті болып өмір сүрді.
Бастапқыда Лилия апамызды Сәтбаев көшесіндегі көп қабатты үйдегі пәтерге орналастырғанбыз. Ыстық-салқын суы келіп тұр, жағдайы қолайлы деп ойлағанбыз. Бірақ ол онда көп тұрғысы келмеді, анамыздың қасына келді. Ол кісі де соны дұрыс көрді. Сөйтіп, екеуі бірігіп шайларын ішіп, өткен-кеткен әңгімелерін айтып, елден келген кісілермен кездесіп, бір жасап қалғандай болып, мәз-мейрам күйде отыратын. Бұған біз де қуанатынбыз. Екеуінің жақсы көретін дәмдерін әрқайсымыз жеткізіп беріп, қалаған киім-кешектерін кигізіп, көңілдері көтерілгенін қалайтынбыз.
Анамыз Жұмаш Ділмағамбетқызы туралы бірер ауыз сөз айта кетейін. Ол 1930 жылы Индер ауданы, Есбол ауылында дүниеге келген. Алғыр, шыдамды, қайсар жан еді, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын. «Махамбет бабаның ұрпағымын!» деп ылғи да алға ұмтылып, бізді де жігерлендіріп, қайрат беріп отыратын.
Анамыздың көп жақсылығы еске түседі. Миялыда тұрғанымызда сонау Грозныйдан, Махачкаладан шешендер, дағыстандар келіп, құрылыс жұмыстарын жүргізетін, басқа да кәсіптермен шұғылданатын. Сондайда олар жергілікті қонақүйге тұрақтайды. Сырттан келгендерге жергілікті биліктен бастап, ауылдың бұзық балаларына дейін көз алартқысы келеді ғой. Сондайда шешем: «Бұлар да мұсылманның балалары ғой, еңбек етуге келген, тиіспеңдер», – деп қорғаштап, қолдан келген көмегін жасап жүретін. Олардың барлығы да анамызды құрметтеді, тіпті бірде інім Бауыржанды жазғы каникулда Грозныйға алып кетіп, қыдыртып, киіндіріп әкелгені де есімде. Ол аз десеңіз, анам өмірден өткен соң, бір топ шешен ағайын ат арытып келіп, дұғаларын бағыштап кетті…
…Анам өмірден өткенде Лилия апамыз қатты қайғырып жылады. Тіпті орнынан тұрмай жатып қалды. Бір жылдан соң өзі де анамыздың қасына барды. Армандайтын еді, оның қасына бару қайда деп…
Қаны бөлек болса да, бірге туған бауырдай болып кеткен сол екі асыл адам бүгінде Ақтөбенің іргесіндегі Бестамақ бейітінде қатар жатыр мәңгі тыныштық тауып. Жандары жаннатта болғай…

Өмір жалғасы

Лилия апаның немересі Виктор 2007 жылы тоғызыншы сыныпты бітіріп, Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы колледж­ге оқуға түсіп, құрылысшы-архитектор мамандығын алып шықты. Атасына тартқан, қолы алтын құрылысшы. Өзінің қалаған кәсібін атқарып, еңбегінің жемісін көре бастаған тұста Мәртөк ауданы, Хлебодар ауылынан сөз байласып жүрген Әйгерім атты қызға құда түсіп, той жасап, келін түсірдік. Олардың отбасында Әмина, Санжар атты екі перзент дүниеге келді. Әмина бір жасқа толған кезде бәріміз бірігіп той жасап, оған Виктор ауылдан әкесінің құрдастарын шақырды.
Осы арада мынадай жайды ерекше атап өткім келеді, Лилия апамыз өмірден өтер алдында немересі Виктордың болашақ тағдырына алаңдап, оны менің кіші қарындасым Айжанға аманаттап кеткен екен. Шынында да, Айжан қарындасым мен күйеу балам Асқар бұл аманатқа қия­нат жасаған жоқ.
Виктор үйленерде өздері құда түсіп барды. Виктордың өзі бұрыннан олардың қолында тұрып, «папа-мама» деп атайтын. Қазіргі уақытта Әмина мен Санжар Асқар мен Айжанды «ата-әже» дейді. Бұған біз де сүйіспеншілікпен қараймыз.
Виктор жастайынан әдебиетке құштар болды. Қазақша кітаптарды үзбей оқыды. Беріректе Абай оқуларына қатысып, алдына жан салмай, облыс әкімінің қолынан сыйлыққа ноутбук алғаны бар. Бүгінде өз отбасын құрып, болашаққа берік қадам басқан Виктор біздің әулеттің бір бөлшегі іспетті.
* * *
…Қанша есейдік дегенімізбен, бала үшін ананың орны бөлек қой. Әлі күнге дейін анамды аңсаймын. Сондайда оның ыстық алақаны, жүрегінің мол мейірім-шапағаты, адамдарға жасаған жақсылығы мынау дүниені қаншалықты кеңейтіп, айналаға жарық сәуле шашқанын сезінгендей боламын.
Ойыма өлең жолдары оралады, санама сәуле түскендей болып, көкірегіме өзгеше бір ыстық нұр құйылады.
«Жайым жақсы, болғанымен күтімім,
Келтіре алмай кейбір істің ұтырын…
Қиналғанда көңіліммен сезінем,
Жан анамның жүрегінің лүпілін!

Мына өмірдің болады ма не дері,
Болжау қиын ертеңіңді себебі.
Бәрі өтеді, өшпейтіні — сыйластық,
Бұл тірлікте мейірім екен керегі…»
Қарапайым ғұмыр кешкен аяулы анам Жұмаш Ділмағамбетқызы өзінің осындай мейірімімен бәріміздің көңілімізге ешқайда көшпейтін көктем орнатып кеткен екен…

Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір