Құм астында тоқтады ма құмсағат?
08.05.2019
3176
0

Газетіміздің поштасына әр өңірден келетін хаттардың ішінде өлеңдерін жіберіп, редакциядан бірер жырын жариялап беруін аса ыждағатпен сұрайтын авторлар аз емес. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, шынайы да қарапайым жырлардың бір парасын екшеп алып, оқырманға ұсынуды құп көрдік.


Әуелай ОСПАНОВА

Қызылда құм

Құм көшеді, оған бөгет кім болар?
Құм көшеді… сыңсып ұшар тырналар.
Сусып жатқан, сырғып аққан төбенің
Сағымдары қолын бұлғап мұндалар.

Бір қызығы, құмда қалмас із деген,
Жұғыспайтын құм-тағдыр бар жүздеген.
Құмдағының табиғаты бөлекше,
Құмдағының тамырлары тым терең.

Жел үрлесе көшке ілескен жосылып,
Сырлы әуенге көріп пе едің қосылып?
Шағылдардың сағынышын тыңдаймын,
Құм құрсаған төбелерде отырып.

Құмға барсаң, табаныңмен табын, ұқ,
Маңдайыңды күнге сүйгіз сағынып.
Қасиет бар Қызылдың сол құмында,
Түйіршігін моншақ еткен тағынып.

Табиғаты қаталдықпен сынаған,
Арыстанды-Қарабасқа шыдаған.
Суырса да құмын шашау шығармай,
Қызылда құм, құмда тірлік тұр аман.

Оқсызтөбе

Бабалардан бізге қалған мұрадай,
Қанша ғасыр тұрды екен құламай?
Оқсызтөбе көз тартады алыстан,
Ашық аспан астындағы мұражай.

Ғасырлардан кім жасырды тұмшалап,
Құм астында тоқтады ма құмсағат?
Жібек жолы жатыр үнсіз көсіліп,
Минут санап, сағат санап, жыл санап…

Весидж аты қалған екен жазбада,
Ғажайыбын сақтап тұр ма қазбаға?
Туған жердің әр төбесі қымбат-ақ,
Шайырлардың сағынышын қозғаған.

Отырардай ол да қала төбесі,
Қиранды еткен өткен уақыт жебесі.
Өз жұмбағын өзі білер бұл қамал,
Құмға бөккен жәдігерлер көбесі.

Сыны бөлек, сыры ерек Оқсызым,
Құм астында тым тереңдеп кетті ізің.
Зерделейтін өнегесін өткеннің,
Сенде өткен әр күніне қош қызың.


Баян БҰЛҒАҚБАЕВА

БАЛАУСА ЖЫР

Балауса жыр қаз-қаз басса баладай,
Қуантады, қуанамын анадай.
Бақытсыз боп қалар ма ем өмірде,
Кетер болсаң артыңа жалт қарамай.

Бағбанмын мен, аялаған гүл бағын,
Ұлан жазда жаңбыр әнін тыңдадым.
Жек көреді тірлігінде қай бағбан,
Өз бағының жеміс беріп тұрғанын.

САҒЫНЫШ

Тоңдыратын секілді бір алыс жақтың суығы,
Шақырғандай келші, кел деп туған жердің тұнығы.
Шарқ ұрады, жас жүрегім көкірегіме сыймайды,
Ауылымның, бауырымның қашықтығы қинайды.

Қайтадан бір қағып қалдым өткен күндер есігін,
Естігендей болдым сонда жан құрбымның есімін.
Көздерімнен тамып жатты мөлдіреген тамшылар,
Сағынышты жаулап алған күш жоқ менде жасырар.


Ырысбек ЖАНБОЛАТ

Сені ойлаймын сезім толқып,
Аңсау деген – асау арман. 
Жүрек шіркін бұлқынады, 
Сағынышын баса алмаған.

Асау арман, ыстық сезім,
Бойда тасып тұмса күшпен. 
Айта аласың «сүйем» деген
Сөзді терең іңкәрлікпен.

Көрмей ғашық болдым ғажап, 
Кезіккендей дастандарда. 
Бұл құдірет қандай сезім, 
Бастар бізді асқарларға?

Сенерсің де, сенбессің де,
Бойды билер сезім тылсым.
Сүйген жүрек – ол кінәсіз,
Сүймесе ол, күрсінбесін. 

* * *

Мен сені ойлап отырмын,
Сағыныш тулап кеудемде. 
Махаббат – мөлдір ақ
арман,
Жүректің мұңын емдеуде.

Мен сені ойлап отырмын,
Көкейде толған сан сұрақ,
Тұрсаң да жерде қол созым,
Құша алман сені мен бірақ.

Мен сені ойлап отырмын,
Өзіммен-өзім сырласып. 
Ақ ұлпа дала аппақ қар,
Самалы сыңсып мұңдасып.

Мен сені ойлап отырмын,
Қасыма келіп қалардай. 
Жамылып түннің жамалын,
Жанарың от боп жанардай.

Келсеңші, халім тым мүшкіл,
Сезімнің шертіп шер-мұңын. 
Кешкем жоқ әлі дәл мұндай,
Ғашықтық дертін мен бұрын.

* * *

Іздесең мені табарсың, 
Ғарыштың кезіп әлемін. 
Құс жолы тұрар жол сілтеп,
Құстардан айтып сәлемін.

Іздесең мені табарсың,
Ағарып атқан ақ таңнан. 
Сағыныш болып ән қалар, 
Санаңда жыр боп жатталған.

Іздесең мені табарсың,
Жайнаған жасыл бақтардан. 
Самалы сыңсып дала үні,
Құпия сырын ақтарған.

Іздесең мені табарсың, 
Көгімде Күн мен Ай болып. 
Айдынын аңсар аққудай,
Толқынын тербеп жай қонып.

Іздесең мені табарсың,
Бүр атып бейуақ жүректе. 
Аңсаған жүрек мұң кешер,
Түсіре көрме түнекке.


Роллан Кеңесхан

БЕЙМАЗА

Мен ойыммен теңселемін беймаза өмір ішінде,
Қиялымдай тербетілген құс ұйқылы түсімде.
Әлдекімді ардақтаймын, әлдекімді аңсаймын,
Өз-өзімді кінәлаймын және соным үшін де.

Білмен тіпті, еркім түгіл ғаламнан да тысқары,
Жанарымда ырғалады оның көңіл құстары.
Тағдырластар тағдырынан бейуақытта үзілген,
Енді бірге иленбейтін пәк сезімнің пұшпағы.

Тағдырыңды жазғырма тек, сен ол үшін жылама,
Шын сүйгендер молалары.. бүгін бір-бір мұнара.
Сендік іңкәр сағыныштың самалы да жетеді,
Өле-өлгенше бір өзіңді қосу үшін дұғама.

Алакеуім іңір шақта тап болғанмын күйге осы,
Абайсызда ағытылып жанымның бар түймесі.
Әлдекімді арашалап, әлдекімді ардақтап,
Құс жолында теңселеді жүрегімнің күймесі.

ҚҰПИЯ

Таңырқап қарсы алар таңдардың
Қызығы жоқ бүгін.
Қос сезім қол қойған арманның,
Жоғалттық оттығын.

Кеш қалдық махаббат көшінен,
Ал, мүмкін, асықтық…
Мен бәрін сен үшін кешірем,
Мөп-мөлдір ғашықтық!

Бір сәтте шықпайсың ойымнан,
Ұмыту – ағаттық.
Сен мөрсің – сақтауға қойылған,
Кеуделік сағатты.

Сағыныш тұмарым емес пе ең,
Сары күз – егізім.
Мекендеп алыпты елестер,
Көңілдің теңізін.

Жол тауып шығармыз біз қайдан,
Біз деген – күз бен мен.
Кеше түн оңаша ізгі ойдан,
Бақытқа із көргем.
Із көргем ҚҰПИЯ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір